Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
70-бап. Кепiлдеме белгілеуге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату 1. Теріс қылық немесе адамға өлім немесе денсаулығына залал келтірумен байланысты емес, жасалғаны үшін осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті баптарында немесе баптарының бөліктерінде айыппұл салу түріндегі жаза көзделген кiшiгiрiм немесе орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адамды сот кепілдеме белгілей отырып қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. 2. Кепiлдеме белгілеу кепiлдеме беруге өтініш жасайтын жеке тұлғаның екі еселенгенге тең мөлшерде, ал заңды тұлғаның - жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген айыппұлдың он еселенген ең жоғары мөлшерінде кепіл енгізуден тұрады. 3. Кепiлдеме мерзімі: а) теріс қылық жасалған кезде - алты айдан бір жылға дейін; б) кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасалған кезде - бір жылдан екі жылға дейін; в) орташа ауырлықтағы қылмыс жасалған кезде - екі жылдан бес жылға дейін белгіленеді. 4. Егер қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам кепілдеме кезеңі ішінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаған болса, кепілдеме мерзімі өткеннен кейін кепіл кепілгерге қайтарылады. 5. Егер кепілдеме кезеңі ішінде адам жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот қылмыстық құқық бұзушылықтан босату туралы шешімді бұзады және үкімдердің жиынтығы жөнінде жаза тағайындау қағидалары бойынша оған жаза тағайындайды. Бұл ретте кепіл мемлекеттің кірісіне алынады. 6. Осы баптың ережелері сыбайлас жемқорлық қылмысын, террористік қылмысты, экстремистік қылмысты, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмысты, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмысты жасаған адамдарға қолданылмайды 71-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату 1. Қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi бар әрекет жасаған адамды, егер iстi сот қараған кезде жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауiптi емес деп танылса, сотпен қылмыстық жауаптылықтан босатылуына жатады. 2. Бiрiншi рет теріс қылық немесе кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейiнгi мүлтiксiз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауiптi деп есептеле алмайтындығы белгiленсе, соттың қылмыстық жауаптылықтан босатуына жатады.