Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
79-бап. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату 1. Рақымшылық жасау туралы актiнi адамдардың жеке айқындалмаған тобы жөнiнде Қазақстан Республикасының Парламентi шығарады. 2. Қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнiң негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн, не мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан рақымшылық жасау туралы актiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн. Ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар жасағаны, азаптағаны, қылмыстық топ құрамында жасағаны, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін сотталған, сондай-ақ қылмыстардың қауiптi немесе аса қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды. 3. Белгiлi бiр жеке адамға ол жөнiнде айыптау үкiмi заңды күшiне енген жағдайда, сол сияқты шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалған жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтеп отырған не өтеген адамға кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады. 4. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрi өтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы, не мұндай адам жазаның қосымша түрінен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрі өтеуден босатылған адамнан кешiрiм жасау актiсiмен соттылығы алынып тасталуы мүмкiн. 80-бап. Соттылық 1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап соттылықты жою немесе алып тастау кезiне дейiн сотты болған деп есептеледi. Осы Кодекске сәйкес соттылық қылмыстың қайталануын айқындау кезiнде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi. 2. Жазадан босатылған, сондай-ақ теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам соттылығы жоқ деп танылады. 3. Соттылық: а) шартты түрде сотталған адамдар жөнiнде - пробациялық бақылау мерзiмi өтуi бойынша; б) бас бостандығынан айырумен салыстырғанда жазаның неғұрлым жеңiл түрiне сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн бiр жыл өтуi бойынша; в) бас бостандығынан айырумен салыстырғанда жазаның неғұрлым жеңiл түрiне сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өтуi бойынша; г) ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өтуi бойынша; д) аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өтуi бойынша жойылады. 4. Егер сотталған адам заңда белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жазамен ауыстырылса, онда соттылықты жою мерзiмi жазаның нақты өтелген мерзiмiн негiзге ала отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi. 5. Егер соттың үкімі бойынша адамға негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, онда соттылықтың жойылу мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеу кезінен бастап есептеледі. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған жағдайларда, онда соттылықты өтеу мерзімі негізгі жаза түрі өтелген сәттен бастап есептеледі. 6. Адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша сотталған кезде соттылық әрбір қылмыс үшін жеке жойылады, бұл ретте жойылу мерзімі қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаны өтеу кезінен бастап есептеледі. 7. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, сот оның өтiнiшi бойынша соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан соттылықты алып тастай алады. Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қауіпті қайталануы жағдайында жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды. 8. Егер сотталған адам соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн тағы да қылмыс жасаса, соттылықты жою мерзiмi тоқтатылады. Бiрiншi қылмыс бойынша соттылықты жою мерзiмi соңғы қылмысы үшiн негiзгi және қосымша жазаны iс жүзiнде өтегеннен кейiн қайта есептеледi. Бұл жағдайда адам екi қылмыстың ең ауыры үшiн соттылық мерзiмi өткенге дейiн олар үшiн сотталған деп есептеледi. 9. Соттылықты жою немесе алу, өмір бойы тағайындалған жазаның қосымша түрімен белгіленген соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды. 10. Осы баптың үшінші және тоғызыншы бөліктерінің ережелері адамға қатысты қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатын жағдайға да таратылады, бұл ретте, осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер тиісті шешім (қаулы) шығарған сәттен бастап есептеледі.