Қазақстан Республикасының Жер кодексi 1-бап



бет4/58
Дата24.11.2022
өлшемі0,92 Mb.
#52296
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58
19-1-бап. Арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің құзыреті
Ескерту. 19-1-бап алып тасталды - ҚР 2011.07.21 № 470-IV (2012.04.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бөлiм. Жерге меншік құқығы, жер пайдалану құқығы және жерге өзге де заттық құқықтар

3-тарау. Жерге меншік құқығы



20-бап. Жерге меншiк құқығының түрлерi
1. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
2. Меншiк құқығының субъектiлерi:
республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы;
осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады.
21-бап. Меншiк құқығының мазмұны
1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар.
2. Жердiң меншiк иесi ретiндегi мемлекеттiң құқықтарын осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген өз құзыретiне сәйкес мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi осы Koдексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген негiздерде, шарттар мен шектерде меншiк иeci құқығын жүзеге асыра алады.
22-бап. Жер учаскесiне меншiк құқығының туындауы
1. Жер учаскесiне меншiк құқығы:
1) меншiк құқығын табыстау;
2) меншiк құқығын беру;
3) меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.
2. Меншiк құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.
3. Жер учаскесiне меншiк құқығы:
1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.
23-бап. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелерiне меншiгi

1. Осы Кодекске сәйкес жеке меншiкте болмайтын жер учаскелерiн қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке берiлуi мүмкiн. 


1-1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді. 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптарын халықтың қандай да бір ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) тұрғызу құқығынсыз, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және шөп шабу үшін пайдалануына жол беріледі. 
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншiгiнде шаруа немесе фермер қожалығын, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ үйлердi (құрылыстарды, ғимapaттарды) oлардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) мен олардың кешендерiн салуға берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.
Шаруа немесе фермер қожалығын, жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бақ шаруашылығы және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде меншiк құқығы, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 66-бабының нормаларына сәйкес иелiктен шығарылуға немесе қайта ресiмделуге жатады. 
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.
4. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн. 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі болмайды. 
Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады. 
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушылары (акционерлері, мүшелері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғасы кірген кезде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімдеуге немесе иеліктен шығаруға жатады. 
Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.05.2021 № 39-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы

ЗҚАИ-ның ескертпесі!


1-тармақтың бірінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.11.2015 № 389-V Заңымен (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі, осы Заңның қолданысқа енгізілуі 31.12.2026 дейін тоқтатыла тұрады).
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
1-тармақтың бірінші бөлігінің бұл редакциясы 31.12.2026 дейін қолданыста болады - ҚР 30.06.2016 № 5-VI Заңымен. 
1. Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және шарттарда Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн. 
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жеке меншікке беруге жол берілмейді. 
Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды. 
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушылары (акционерлері, мүшелері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы кірген кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығы, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады. 
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының қатысушысы (акционері, мүшесі) болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік құқығы, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады. 
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді. 
Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік немесе жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады. 
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.11.2015 № 389-V Заңымен (01.07.2016 бастап қолданысқа енгізіледі, осы Заңның қолданысқа енгізілуі 31.12.2026 дейін тоқтатыла тұрады).
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2-тармақтың қолданысы 31.12.2026 дейін тоқтатыла тұрады - ҚР 30.06.2016 № 5-VI Заңымен.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншік құқығын табыстыру ақылы негiзде жүргiзiледi.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін және орман өсіруді жүргiзу үшiн жер учаскесiне (жер учаскелерiне) жеке меншiк құқығының табысталуына мүдделi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың: 
1) жер учаскесiне жеке меншiк құқығын жер учаскесiнiң осы Кодекстiң 10 және 11-баптарына сәйкес анықталатын кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен сатып алуына;
2) жер учаскесiне жеке меншiк құқығын оның кадастрлық (бағалау) құнына қарай айқындалатын жеңiлдiктi бағамен сатып алуына болады.
Бұл ретте әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер бойынша жер учаскелерiне жеңiлдiктi бағаның мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскесiне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учаскелерi нормаларының шегiнде жеке меншiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне айналады. 
Аталған тұлғалардың жер учаскесiне жеке меншiк құқығын iске асыруы осы баптың 3-тармағында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. 
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
3-тармақтың қолданысы 31.12.2026 дейін тоқтатыла тұрады - ҚР 30.06.2016 № 5-VI Заңымен.
3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның:
осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жер учаскесiмен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез келген түрiн жасасуға құқығы бар;
осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жеңілдікті бағамен сатып алынған жер учаскесімен мәміле жасасуды шектеу мерзімі өткеннен кейін, жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған мәмілелердің кез келген түрін жасасуға
құқығы бар, шектеу мерзімі жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын әрбір он процент төмендету үшін екі жылды құрайды. Бұл шектеу жер учаскесін кепілге салуға қолданылмайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
4-тармақтың қолданысы 31.12.2026 дейін тоқтатыла тұрады - ҚР 30.06.2016 № 5-VI Заңымен.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жер учаскелерiн сатып алған кезде оның сомасын төлеу осы Кодекстің 49-бабында белгіленген тәртіппен төлеу мерзiмiн ұзарту арқылы жүргiзiлуi мүмкiн. 
5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің меншік иесі болып табылатын адамның Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде азаматтығы тоқтатылған кезден бастап үш ай ішінде жер учаскесі иеліктен шығарылуға не жергілікті атқарушы органның келісуімен осы учаскенің мемлекеттен (меншік иесінен) сатып алынған жер учаскесі бағасы төлене отырып, мемлекеттік меншiкке қайтарылуға тиіс. 
6. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағы шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, және шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша жер пайдалану құқығымен беріледі. 
7. Осы баптың 1-тармағының нормалары орман өсіру мақсаттары үшін берілген (берілетін) жер учаскелеріне қатысты да қолданылады. 
Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2016 N 5-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.05.2021 № 39-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

25-бап. Жеке меншiк құқығын iске асыру
1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң меншiк иесi мемлекеттiк органдардың қандай да бiр рұқсатын алмай, жер учаскесiн өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады.
2. Меншiк иесi өзiнiң жер учаскесiне қатысты оның нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген мәмiлелердi жасасуға құқылы.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi аталған құқықтарды осы Кодекстiң ережелерiн ескере отырып iске асырады.
Жер учаскесiне меншiк құқығы басқа адамға мәмiле жасалған кездегi барлық ауыртпалықтарымен берiледi.
3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi оның нысаналы мақсатын өзгертпей, жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарттың негiзiнде оны уақытша пайдалануға беруге құқылы. Жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарт жалдау шарты (жалға алушымен) немесе өтеусiз пайдалану туралы шарт (өтеусiз пайдаланушымен) нысанында жасалады.
Жер учаскесі және (немесе) оның бір бөлігі ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылыстар және (немесе) тіреуіштер салу үшін жалға берілген кезде бүкіл жер учаскесі үшін де, оның бір бөлігі үшін де нысаналы мақсатын өзгерту талап етілмейді.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2020 № 355-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
26-бап. Жерге мемлекеттiк меншiк

1. Мемлекеттiк билiк органдарына, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берiлген, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, сауықтыру және тарихи-мәдени мақсаттағы, орман және су қорларының, елдi мекендер жерiндегi ортақ пайдаланудағы, босалқы жер қорындағы, оның iшiнде арнайы жер қорының жер учаскелерi, жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ жеке меншiкке берiлмеген шалғайдағы жайылымдар мен басқа да жерлер мемлекеттiк меншiкте болады. 


2. Мынадай жер учаскелерi:
қорғаныс және мемлекеттiк қауiпсiздiк, мемлекеттiк меншiктегi қорғаныс өнеркәсiбi қажеттерiне; Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қорғау және күзету үшiн тұрғызылған инженерлiк-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттерiне арналған жер учаскелерi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
осы Кодекстiң 128-бабының 4-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, орман қорының жерi;
осы Кодекстiң 133-бабының 2-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, су қорының жерi;
магистральдық теміржол желiлерi; 
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылған ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары салынған жер учаскелерін қоспағанда, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары; 
жеке меншiк құқығындағы үйлер мен ғимараттардың және оларға қызмет көрсетуге қажеттi жер учаскелерiн қоспағанда, елдi мекендердегi ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайды. 
Жердің қандай да бір санатқа тиесілігі жерді аймақтарға бөлуге сәйкес нысаналы мақсатына және рұқсат етілген пайдаланылуына қарай айқындалады. 
3. Азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың бөлек меншiгiне және жер пайдалануына: 
тұрғын халықтың мұқтажына пайдаланылатын және соған арналған, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдық елді мекендер шекарасы шегіндегі шабындық алқаптар;
ортақ пайдаланудағы жолдар, оның iшiнде шаруашылықаралық және мекенаралық маңызы бар, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы жер учаскелерiне өтуге арналған жолдар;
жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар бiрлесiп пайдаланатын суландыру құрылыстары (суландыру каналдары, суағарлар, құдықтар, суат пункттерi) орналасқан жер учаскелерi берiлмейдi.
Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 7-1) тармақшасында көрсетілген жайылым алқаптары жеке меншікке және жер пайдалануға берілмейді және жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халық мұқтажына ғана пайдаланылады. 
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, магистральдық темiржолдарды, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын және магистральдық құбыржолдарды, байланысты, жер қойнауын пайдалануды, энергетиканы дамыту үшін белгiленген тәртiппен резервке қойылған, сондай-ақ бекiтiлген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес әкiмшiлiк және әлеуметтiк маңызы бар объектiлер (әуежайлар, әуеайлақтар, вокзалдар, станциялар, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар, мемлекеттiк органдардың әкiмшiлiк ғимараттары, ауруханалар, мектептер, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, парктер, бульварлар, гүлзарлар және қоғамдық пайдаланудағы басқа да объектiлер) салуға арналған жер учаскелерi резервке қойылған мақсаттарда жер учаскелерін игеру басталғанға дейін жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығымен басқа мақсаттар үшiн берiлуi мүмкiн. 
Осы тармақтың бірінші бөлігінде санамаланған мақсаттар үшін белгіленген тәртіппен резервке қойылған жер учаскелері басқа мақсаттар үшін жеке меншікке берілмейді. 
5. Егер осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi жеке меншiкте бола алатын жағдайда, оларды азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берiлмейдi.
Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.04 N 166, 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

27-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығын iске асыру
Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскелерi:
1) жеке меншiкке сатылуы немесе өтеусiз берiлуi;
1-1) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталының (меншігінің) төлеміне берілуі;
2) тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi;
3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда iске асырылуы мүмкiн.
Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279; 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет