Қазақстан Республикасының Жер кодексi 1-бап


-тарау. Жер пайдалану құқығы



бет5/58
Дата24.11.2022
өлшемі0,92 Mb.
#52296
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58
Байланысты:
kazakstan respublykasynyn zher kodeksi

4-тарау. Жер пайдалану құқығы



28-бап. Жер пайдалану құқығының режимі
Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Осы Кодекске немесе заттық құқықтың мәнiне қайшы келмейтiндiктен, жер пайдалану құқығына меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
29-бап. Жер пайдалану құқығының түрлерi
1. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен шығарылатын немесе шығарылмайтын, өтеулi немесе өтеусiз алынатын болуы мүмкiн.
2. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
30-бап. Жер пайдалану құқығының субъектiлерi
Жер пайдаланушылар:
1) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес;
2) ұлттық және шетелдiк;
3) жеке және заңды тұлғалар;
4) тұрақты және уақытша;
5) бастапқы және кейiнгi болып бөлiнедi.
31-бап. Жер пайдалану құқығының туындауы
1. Жep пайдалану құқығы:
1) жер пайдалану құқығын табыстау;
2) жер пайдалану құқығын беру;
3) жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) арқылы туындайды.
2. Жер пайдалану құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып жүзеге асырылуға тиiс.
3. Жер пайдалану құқығы:
1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.
32-бап. Жер пайдалану құқығын табыстау

1. Жер пайдалану құқығын табыстау тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекеттiң беретiнiн бiлдiредi.


2. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде жер учаскесіне құқық табыстау жөніндегі құзыретке сәйкес жүргізіледі.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өз құзыреті шегінде жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы тиісті шешімі негізінде осындай жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады.
Мемлекеттік әлеуметтік объектілер (мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар, ауруханалар мен емханалар) салу үшін алып қойылған жер учаскелерінде уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын мемлекеттік емес жер пайдаланушыларға беру туралы шарт жасасу үшін оларды, оның ішінде жер учаскелерін сәйкестендіру сипаттамаларын өзгертпей, "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне одан әрі өтеусіз беру негізгі шарт болып табылады.
4. Егер жер учаскесi жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсатты, лицензияны немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт жасасуды талап ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимылдар жасауға арналса, онда осы учаскеге жер пайдалану құқығын беру тиiстi жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсат, лицензия алғаннан немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалғаннан кейін жүргізіледі.
Осы қағида Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісіне сәйкес үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушыға және (немесе) уәкілетті компанияға жер учаскесі құқығын беру жағдайларына қолданылмайды.
Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатқан кезде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес құзыретті орган ұлттық компаниямен жасасатын жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты негізінде сенімгерлік басқарушыға қайта ресімделеді.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға немесе кен іздеушілікке арналған лицензияның болуы, көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты немесе өндіру учаскесінің және өндіру кезеңінің не дайындық кезеңінің бекітіп берілуі көзделетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа толықтыруды немесе осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартын жасасу осы Кодексте көзделген тәртіппен жер учаскесін дереу беру үшін негіз болып табылады.
Ескерту. 32-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.10 № 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 № 275, 2007.07.06 № 279, 2009.07.10 № 180-IV, 2009.07.11 № 183-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.20 № 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 № 470-IV (2012.04.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 271-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi): 07.04.2016 № 487-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

33-бап. Жер пайдалану құқығын беру

1. Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа жер пайдаланушының беретiнiн бiлдiредi.


Жер пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару азаматтық-құқықтық мәмiлелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға беру жалдау немесе жер учаскесiн уақытша өтеусiз пайдалану шартының негiзiнде жүргізіледі.
Жер пайдалану (жалдау) құқығын беру мен оны иелiктен шығаруды уақытша өтеулi жер пайдалану құқығын сатып алған тұлғалар ғана жүргiзе алады.
Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алу:
1) кепiлге беру кезінде, оның ішінде кепіл беруші өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда кепіл ұстаушының кепілге салынған затты сатуы кезінде, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен банкроттық процедурасын өткізу барысында кепіл кредиторының талаптарын қанағаттандыру есебіне кепілге салынған затты беру кезінде, сондай-ақ шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде, акционерлiк қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру кезiнде; 
2) орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иеліктен шығарылатын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесіне; 
3) басқарушы компания жер учаскелерін Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берген кезде; 
3-1) арнайы экономикалық аймақтың немесе республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың қатысушысы не арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының пайдасына мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін инфрақұрылым объектілерімен қоса иеліктен шығарған кезде; 
3-2) салынған мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі мемлекеттік меншікке берілген жағдайда, басқарушы компания жер учаскелерін сонымен бір мезгілде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберіндегі жекеше әріптес болып табылатын арнайы экономикалық аймаққа қатысушыға иеліктен шығарған кезде; 
4) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығы ауысқан кезде; 
5-1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердегі жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған кезде талап етілмейді. 
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердегі жер пайдалану құқығын иеліктен шығару жер пайдалану құқығы берілген кезден бастап бес жыл жалға алу мерзімі өткеннен кейін азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде жүзеге асырылады. 
Бұл ретте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердегі жер пайдалану құқығын иеліктен шығаруды жасаған жер пайдаланушы азаматтық-құқықтық мәміле жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жер учаскесі орналасқан жердегі ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органын хабардар етуге міндетті. 
Хабарлама тиісті азаматтық-құқықтық мәміленің нөмірі мен күні көрсетіле отырып, жазбаша нысанда жіберіледі. 
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердегі жер пайдалану құқығы иеліктен шығарылған кезде уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартын ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде жаңа жер пайдаланушыға орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен бастапқы жалға алу мерзімі өткенге дейінгі мерзімге қайта ресімдейді. 
Жер пайдаланушы ауысқан кезде жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты талаптарының өзгерістері тіркелген кезден бастап туындайды. 
Көрсетілген жағдайларда жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына ие болған жер пайдаланушы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты бойынша жалға берушінің алдында жауапты болады. 
Бұл ретте шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасы азаматының, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасының уақытша өтеулі жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жалпы жиынтық мөлшері осы Кодекстің 50-бабының 4-тармағына сәйкес белгіленген жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерінен аспауға тиіс. 
Көрсетілген мөлшерден асып кеткен жағдайда, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады; 
6) республикалық және (немесе) коммуналдық меншікке өтеусіз берілетін ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) орналасқан жер учаскесіне; 
7) сенімгерлік басқаруға берілетін ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) орналасқан жер учаскесіне; 
8) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құрылыс салушы Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті компанияға құқықты берген кезде талап етілмейді. 
Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару және оны беру кезiнде жер пайдаланушылардың жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өз бетiнше өзгертуге құқығы жоқ.
2. Жер пайдаланушылардың: 
1) ортақ пайдаланудағы;
2) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін берілген; 
3) орман қорының;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
5) қызметтiк жер телiмiнiң;
6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құрылыс салушының уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу үшін уәкілетті компанияға беруін қоспағанда, уақытша өтеусiз және уақытша қысқа мерзiмдi өтеулi жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң; 
7) алып тасталды – ҚР 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
8) су қорының жерiнде жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.
2-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген шектеулер жер пайдаланушылардың орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иеліктен шығарылатын ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) орналасқан және оларды пайдалануға арналған жер учаскесіне жер пайдалану құқығына қатысты жасасатын мәмілелеріне, оның ішінде кепілге салуға, сондай-ақ жер учаскелерін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары, оның ішінде концессия шарты бойынша қорғаныс объектілерін салу, реконструкциялау және пайдалану үшін уақытша өтеусіз пайдалануға беруге қолданылмайды.
3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша жер пайдалануға беруi, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығару осы Кодекстiң 32-бабының 4-тармағында және 37-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасында көзделген нормалардың ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi. 
Ескерту. 33-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.21 № 470-IV (2012.04.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.06.2020 № 341-VI (01.07.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

34-бап. Тұрақты жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен мынадай мемлекеттiк жер пайдаланушыларға:
1) алып тасталды – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2) ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісін жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибе және оқу мақсаттарына;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.
2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдік жер пайдаланушыларға тиесiлi болмайды.
Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279; 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
35-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.
2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы 5 жылға дейiнгi мерзiмге беріледі.
Осы Кодексте көзделген шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жағдайларын қоспағанда, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) болуы мүмкін.
Арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жерлер бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компанияларына арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне беріледі.
Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты орналастыру үшін пайдаланылатын жерлер бойынша уақытша жер пайдалану құқығы республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компанияларына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының индустриялық аймақ құру туралы шешімінде айқындалған мерзімге, бірақ кемінде 20 жылға беріледі.
Елді мекен шегінде объектілер салу үшін пайдаланылатын жерлер бойынша уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы кемінде үш жыл мерзімге беріледі.
3. Уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) шекті мерзімдері осы Кодексте белгіленген уақытша жер пайдалану мерзімдеріне сәйкес жер учаскесiн нысаналы пайдалану ерекшеліктері ескеріле отырып, жалдаушының өтініші негізінде белгiленедi.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ шартты бұзу тәртiбi оның өзiнде көрсетiлген жағдайларда, атқарушы органдардың уақытша жер пайдалану шарттарын бiржақты бұзуына жол берiлмейдi.
5. Жер пайдалану құқығында берілген жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтару жасалған жер учаскесін жалдау шартына немесе уақытша өтеусіз жер пайдалану шартына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
36-бап. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы

1. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен:


шалғайдағы мал шаруашылығы (маусымдық жайылымдар) үшiн;
тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн;
мемлекеттiк жер пайдаланушыларға;
бақша өcipу үшiн;
қызметтiк жер телiмі түрiнде;
ортақ пайдаланылатын жолдарды салу, мемлекеттiк меншiктегi және әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлер, сондай-ақ осы Кодекстің 16-бабы 2-тармағының 4-1) тармақшасына және "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік объектілер (мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар, ауруханалар мен емханалар) құрылысы кезеңiне;
тозған және бүлiнген жерлердi қалпына келтiру кезiнде;
мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының, оның ішінде концессия шартының қолданылу мерзіміне;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды уақытша өтеусiз пайдалануға берген кезде;
ғибадат объектiлерi үшiн;
осы Кoдексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге жағдайларда берiлуi мүмкiн.
2. Уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi, жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмдерi түрiнде және тозған әрi бүлiнген жердi қалпына келтiру үшiн беру жағдайларын қоспағанда, сондай-ақ жер учаскелерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын, оның ішінде концессиялық жобаларды іске асыру үшін беру жағдайларында бес жылдан аспауға тиiс.
Үйлер (үй-жайлар) мен ғимараттарға берiлген жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды, соның iшiнде ғибадат құрылыстарын уақытша өтеусiз пайдалану мерзiмiмен айқындалады.
3. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығындағы жер учаскелерiн иелiктен шығаруға, соның iшiнде оларды кейiнгi жер пайдалануға бepугe жол берiлмейдi.
Ескерту. 36-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.07.05 № 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 31.10.2015 № 380-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

37-бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы

1. Жер учаскесiне уақытша өтеулi (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы азаматтарға, мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға табысталуы мүмкiн. 


2. Өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, ал шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі үшін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингінің нәтижелері де болған кезде, осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар. Уақытша өтеулі жер пайдаланушы (жалға алушы) осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi. 
Жалға алу шартының қолданылу мерзімі өткен соң өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, жаңа мерзімге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында артықшылықты құқығы болады. 
2-1. Алып тасталды - ҚР 04.05.2018 № 151-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған, осы баптың 5-тармағының 3) – 7) тармақшаларында аталғандардан басқа мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн), ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қоспағанда, жалға (қосалқы жалға) немесе уақытша өтеусiз пайдалануға беруге құқылы, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына хабарлай отырып, жер учаскесi меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз, жер учаскесiн жалға беру шартының мерзiмi шегiнде өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға да құқылы.
Аталған жағдайларда, жалдау құқықтарын кепiлге берудi қоспағанда, жер учаскесiнiң жаңа жалға алушысы жалға берушiнiң алдында жер учаскесiн жалдау шарты бойынша жауапты болады. 
4. Жалға берiлетiн жер учаскесiн үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың меншiк иелерi сатып алатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскесiн сату кезiнде осы жер учаскесiн жалға алушының ортақ меншiк құқығындағы үлесiн бөгде тұлғаға сатуы үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен оны сатып алуға басым құқығы болады. 
5. Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы: 
1) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін – Қазақстан Республикасының азаматтарына он жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге; 
2) ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін – шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге; 
3) пайдалы қазбаларды өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану немесе кен іздеушілік жөніндегі операцияларды жүргізу мақсаттары үшін - жер қойнауын пайдаланушыларға жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың бүкіл қолданылу мерзіміне; 
4) сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру үшін - азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға бес жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге; 
5) осы Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген жерді қоспағанда, орман қоры жерінде және босалқы жерде жабайы жануарларды, оның ішінде аңшылық мақсатында өсіру үшін – Қазақстан Республикасының азаматтарына және мемлекеттік емес заңды тұлғаларына он жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге; 
6) орман өсіру мақсаттары үшін – Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге; 
7) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда беріледі. 
5-1. Арнайы экономикалық аймақты немесе республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты орналастыру үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру осы Кодекстің 35-бабы 2-тармағының үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген мерзімге жүзеге асырылады. 
6. Жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін берілген жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығының бір тұлғадан екінші тұлғаға ауысуы негізінде жүргізіледі. 
Бұл ретте облыстың уәкілетті органы уақытша жер пайдалану (жалдау) шартын жер қойнауын пайдалану келісімшартына қосымша келісім немесе жер қойнауын пайдалануға қайта ресімделген лицензия және уақытша жер пайдалану (жалдау) шарты бойынша құқықтар мен міндеттерді жаңа жер қойнауын пайдаланушыға беру туралы шарт негізінде жаңа жер қойнауын пайдаланушыға қайта ресімдейді. 
Ескерту. 37-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116(2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.01.2019 № 215-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.05.2021 № 39-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

38-бап. Кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығы

1. Бастапқы жер пайдаланушы өзiнiң жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығармай, ал өзiне тиесiлi учаскенi (немесе оның бiр бөлiгiн) жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына хабарлай отырып, басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беретiн жағдайларда, кейiнгi жер пайдалану туралы шарттың негiзiнде кейiнгi жер пайдалану туындайды.


Кейiнгi жер пайдаланушы әрдайым уақытша жер пайдаланушы болып табылады, өз құқықтарын басқа жер пайдаланушыларға беруге құқығы болмайды.
2. Жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалануға берген кезде бастапқы және кейiнгi жер пайдаланушылар жер пайдаланушының мемлекет алдындағы мiндеттерiн толық көлемiнде атқарады.
3. Кейiнгi жер пайдалану туралы шарт жалдау шарты немесе уақытша өтeуciз пайдалану туралы шарт нысанында жасалады.
4. Кейiнгi жер пайдаланушы жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шартта белгiленген шарттарды сақтай отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтары мен мiндеттерiн (осы Кодекстiң 64 және 65-баптары) iске асырады.
5. Осы Кодекстiң 41-бабына сәйкес жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен берудi қоспағанда, жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға беруге жол берiлмейдi.
Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

39-бап. Мемлекеттiк жер пайдаланушылардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi

1. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы учаскенiң нысаналы мақсаты мен жер пайдаланушы қызметiнiң жарғыдағы мақсаттарын ескере отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтарын iске асырады.


2. Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға, сондай-ақ кепiлге беруге құқылы емес.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жердi қоспағанда, жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға не кепiлге беруге байланысты жер пайдалану құқығын иелiктен шығару не оны кепiлге беру жағдайларына қолданылмайды.
3. Мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi үйлерден (құрылыстардан, ғимараттардан) кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алуға байланысты жер пайдалану құқығынан өндiрiлiп алынатын жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 78-бабының 3-тармағы), мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi жер пайдалану құқығы кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.
4. Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) белгiленген тәртiппен жалға берген жағдайда, осы Кодекстiң 52-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер бойынша, олармен бiрге аталған мүлiк орналасқан және оны белгiленген нормаларға сәйкес пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесi де жалға берiледi.
Үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) өзiн тиiсiнше жалға бермей тұрып, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiн басқа тұлғаға жалға беруге болмайды.
5. Жер учаскесі қызметтік жер телімі тәртібімен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік, оның ішінде концессия шарттары бойынша қорғаныс объектілерін салу, реконструкциялау және пайдалану үшін берілетін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік жер пайдаланушының өзіне тиесілі жер учаскесін уақытша өтеусіз пайдалануға беруіне жол берілмейді. 
Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176; 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

40-бап. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы
1. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi.
2. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бap азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.
3. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, оған тиесiлi жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарының нормаларына және осы Кодекске сәйкес құқық мирасқорына көшедi.
41-бап. Қызметтiк жер телiмi
1. Қызметтiк жер телiмi ұзақ мерзiмдi уақытша өтеусiз жер пайдаланудың ерекше бiр түрi болып табылады.
2. Қызметтiк жер телiмiне құқығы бар қызметкерлер санаттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
3. Қызметтiк жер телiмi осы телiмге құқығы бар адамдар жұмыс iстейтiн мемлекеттiк заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы жерден бөлiнедi.
4. Қызметтiк жер телiмi қызметтiк тұрғын үйдi күтiп-ұстау, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, шөп шабу, мал жаю, сондай-ақ омарталар орналастыру үшiн берiледi.
5. Қызметтiк жер телiмi кейiнгi уақытша өтеусiз жер пайдалануға жатады және жұмысқа байланысты бөлiнген кезеңге берiледi. Қызметтiк жер телiмiне ауыл шаруашылығы дақылдары егiлген жағдайда, жұмыстан босатылған қызметкердiң қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығы өнiм жинап алынғаннан кейiн тоқтатылады.
6. Қызметтiк жер телiмi:
1) жасы немесе мүгедектiгi бойынша зейнеткерлiкке шыққан соң еңбек қатынастарын тоқтатқан қызметкерлерде;
2) Қарулы Күштер қатарына мiндеттi мерзiмдi қызметке шақырылған немесе оқуға түскен қызметкерлердiң отбасында - бұл қызметкерлердiң мiндеттi қызметте немесе оқу орнында болған бүкiл мерзiмiне;
3) қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты қаза тапқан қызметкерлердiң отбасында: жұмысқа жарамсыз жұбайы мен қарт ата-аналары үшiн - өмiр бойы, балалары үшiн - олар кәмелетке толғанға дейiн сақталады.
7. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес қызметтiк тұрғын үй-жайда тұру құқығы сақталатындығына қарай, қызметтiк тұрғын үйді күтiп-ұстауға арналған учаске түрiндегi қызметтiк жер телiмiне құқық та сақталады.
8. Қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен жер учаскесiн беру қызметкер мен заңды тұлға әкiмшiлiгiнiң арасында жасалатын қызметтiк жер телiмiн беру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
9. Қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығына қатысты қандай да болсын мәмiле жасасуға жол берiлмейдi.
Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет