Қорытынды
Биыл алғаш рет «Сыр сұлуы» күріш сорты 8 гектар алқапқа егілді. Оның әр гектарынан 50 центнер өнім алдық. Ең жоғары көрсеткіш түптену фазасының басында және аяғында азот тыңайтқышымен үстеп қоректендіргенде алынды. Бұл сортты Қазақстанның күріш өсіретін барлық аймағында егуге болады. Ауа райының қолайсыз жағдайы мен топырақ ерекшелігінен қауіптенудің қажеті жоқ. Себебі, сапалы әрі мол өнім алуға толық мүмкіндік бар. Егіс алқабында бұған дейін күріштің «Лидер» деп аталатын сорты егіліп келді. Ақ маржанның екі түрін салыстыратын болсақ, «Сыр сұлуы» сорты мерзімінен ерте піседі.
Қазір бәсекелестік орнаған заман. Тұтынушының талабына сай өнім шығару – бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Қазір күрішке сұраныс көп. Тұтынушы жергілікті базарға келгенде алдымен оның түріне, содан соң тауардың белгісі мен жылтырлығына аса мән береді. Көпшілік өнімнің ұзынша әрі ірі болғанын қалайды. Қала тұрғыны Алтынай Жұмаділова күріштің сапасына қатысты былай дейді:
– Қазір базарға барсақ, күріштің сан түрі самсап тұр. Көбіне «Элита» сортын тұтынамыз. Бірақ, қазір оның сапасы да әртүрлі. Сыртқы қабы мен қағазы бірдей болғанымен, кей жағдайда күріштің құрамы көңіл көншіте бермейді. Сол себепті ең алдымен оның ірі әрі бүтін болғанын қалаймыз, – деді ол.
Тұтынушының талабын ескерген ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары да осындай сұрыптар дайындауға жұмыс жасап келеді. Соңғы шығарылған «Сыр сұлуы» сорты аталған талаптарға сай келеді. Ал егу технологиясына келетін болсақ, Сыр өңірінде суға бастырып егу әдісі кеңінен қолданылады. Оның үстіне қазір күрішке тек астық ретінде қарайтын заман емес. Оның басқа да қасиеттерін ашып, өндірістің басқа да саласына пайдалану мүмкіндігі туып отыр. Мәселен, шет елде оның сыртқы майын алу үшін озық технология ойлап тапқан. Алынған майды машина жөндеу саласына қолданып жүр. Сонымен бірге сабақтарын нығыздап, отын ретінде қолдану арқылы түрлі бұйымдар жасау жолға қойылған. Ал біздің ел әлі мұндай жетістікке жеткен жоқ.
Қазақта «Егінші мәрт, жер жомарт» деген аталы сөз бар. Егер әрбір диқаншы мерзімінде жерін баптай білсе, астығын да молынан қаптай білетіні сөзсіз. Ендеше ырзық несібесін Жер-анадан терген диқаншылардың еңбектері еселене бергей!
Достарыңызбен бөлісу: |