37-бап. Қосымша білім беру 1. Балаларға қосымша білім беру олардың түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын білім беру ұйымдарында және мектептен тыс ұйымдарда жүзеге асырылады. 2. Ересектерге (он сегiз жасқа толған адамдарға) бiлiм беру қоғамда болып жатқан әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстерге сәйкес бiлiм мен дағдылардың қосымша көлемiн алу үшiн олардың өмiр бойы бiлiм алу қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған. 3. Кадрлардың біліктілігін арттыру қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, біліктілікті арттыру институттарында, өндірісте және "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту кезінде жүзеге асырылады. 4. Бiлiм беру ұйымдары басшы кадрларының, педагогтерінің бiлiктiлiгiн арттыру үш жылда бір реттен сиретпей және ғылыми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда бiр реттен сиретпей жүзеге асырылады. 6. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жас шектеулері ескеріле отырып, тағылымдамадан өту үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясын алуға арналған конкурсқа қатысуға құқылы.
38-бап. Білім алушылардың кәсіптік практикасы 1. Білім алушылардың кәсіптік практикасы кадрлар даярлайтын білім беру бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады. 2. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады. 3. Кәсіптік практиканы өткізу үшін білім беру ұйымдары шарттық негізде практиканың базасы ретінде кәсіпорындарды (ұйымдарды) айқындайды, олармен практиканы өткізудің келісілген бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерін бекітеді. 4. Кәсіптік практикаға кететін шығындар білім беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын кәсіпорындарда (ұйымдарда) көзделеді және жасасылған шарттармен айқындалады. 5. Практиканың базалары болып табылатын кәсіпорындармен (ұйымдармен) шарттар білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізуге арналған шарттардың үлгілік нысаны негізінде жасасылады. 6. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқудың екінші курсынан бастап кәсіптік практикадан өту міндетті. Кәсіптік практиканың мазмұны мен базасы мамандықтың бейіні мен білім беру бағдарламасының мазмұнына сәйкес айқындалады. 7. Осы баптың талаптары әскери, арнаулы оқу орындарында білім алушылардың кәсіптік практикасына қолданылмайды.