3 – тақырып жүктерді тасымалдаудың ережелері Жүктің автомобиль тасымалы шарттарын жасасу, өзгерту және бұзу тәртібі
Тасымалдаушылар жасалған шарттардың негізінде жүктерді тасымалдауды жүзеге асырады және тасымалдауға қатысты қосымша қызметтерді орындайды.
Жүкті автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзіне жүк жөнелтуші сеніп тапсырған жүкті, оны тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелі пунктіне жеткізуге және оны жүкті алуға уәкілетті тұлғаға (жүк алушыға) беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүкті тасымалдағаны үшін ақы төлеуге міндеттенеді. Жүкті тасымалдау шарты 1-қосымшаға сәйкес тауар-көлік жүкқұжатын жасау арқылы ресімделеді.
Жүкті автомобиль көлігімен тасымалдауға арналған шарт тасымалдаушы мен жүк жөнелтушінің арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне , "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына , сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жасалады.
Жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау шартты тараптарының бірі екінші тарапқа шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныспен, осындай өтініш үшін негіз болатын себептерді көрсету арқылы хабарласуы мүмкін. Шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныс алған адресат келіп түскен ұсынысты онкүндік мерзімде қарауы және ұсыныстың қабылданғаны туралы, не оның қабылданбағаны туралы хабарлама жіберуі тиіс.
Тараптар шарттың талаптарын өзгерту туралы немесе оны бұзу туралы келісімге қол жеткізген кезде, шартты өзгерту немесе бұзу туралы келісім де шарттың нысанында жасалады.
Жүктерді тасымалдауға қабылдау тәртібі
Жүктерді жүк жөнелтушіден қабылдауды тасымалдаушы тауар-көлік жүкқұжаты мен жүкке ілеспе құжаттардың негізінде жүзеге асырады. Жүк жөнелтуші автомобиль тиелуге келгенге дейін жүкті тасымалдауға дайындауы (ыдысқа салу, буып-түю, жүк жөнелтушілер бойынша топтау), тауар-көлік жүкқұжаты мен ілеспе құжаттарды, ал қажет жағдайда, жүктер тиелетін орынға өту құқығына арналған рұқсат қағазын дайындауы тиіс.
Жүкті жүк жөнелтуші буылып-түйілген, ыдысқа салынған, пломбаланған, таңбаланған түрде, санын, тура салмағын (көлемін) көрсетіп тапсырады.
Тасымалдауға тапсырылатын жүктің орамасында бүтіндігін бұзушылықтар немесе жүктің зақымдалған іздері (аққан, жыртылған, майысқан жерлер және тағы басқа) болмауы тиіс.
Ыдысты қажет ететін жүктер, оларды тасымалдау кезінде жоғалудан, жетіспеуден, бұзылудан және зақымдалудан сақтау үшін тасымалдауға мемлекеттік стандарттарға немесе техникалық шарттарға сәйкес келетін, олардың толық сақталуын қамтамасыз ететін жарамды ыдыспен ұсынылуы тиіс.
Жүктерді пломбалау тәртібі
Бір жүк алушыға баратын тиелген жабық жүк автомобильдерін, тіркемелерді, автокөлік құралдарының жеке секцияларын, контейнерлерді және цистерналарды жүк жөнелтуші пломбалауы тиіс, ал жәшіктердегі, қораптардағы және басқа ыдыстағы майда даралы тауарларды пломбаланбаған автокөлік құралымен немесе контейнерлермен тасымалдау кезінде пломбалануы немесе бандерольденуі тиіс.
Жүкті пломбалау кезінде тауар-көлік жүкқұжатында пломбаның бар екенін көрсетіп белгі жасалады.
Бірнеше мекен-жай бойынша тасымалданатын жүктің сақталуын қамтамасыз ету үшін фургон-шанақтың ішіне тасымалдаушы шанақты жеке пломбаланатын секцияларға бөлуге мүмкіндік беретін қоршаулар орнатуы мүмкін.
Пломбалар:
1) фургондарда немесе автокөлік құралдың секцияларында - барлық есіктерге бір пломбадан;
2) контейнерлерде - есіктерге бір пломбадан;
3) цистерналарда - люктің қақпағы мен құйып алу саңылауына бір пломбадан;
4) жүк орнында - бірден төрт пломбаға дейін жиектеу жолақтарының немесе басқа байлау материалдарының түйіскен нүктелеріне ілінеді.
Жүктерді тиеу және түсіру.
Жүктерді тиеу және түсіру пункттеріне қойылатын талаптар
Егер шартта өзгеше көрсетілмесе, жүктерді автокөлік құралына тиеуді, жүктерді бекітуді, жабуды және байлауды - жүк жөнелтуші, ал жүктерді түсіруді, бекіткіштер мен жапқыштарды алуды жүк алушы жүргізуі тиіс.
Жүк жөнелтуші мен жүк алушы тиісінше автокөлік құралының ернеулерін және цистерналардың люктерін ашу мен жабуды, цистерналардың люктеріне шлангаларды салу мен алуды, шлангаларды бұрау мен ағытуды жүргізеді.
Жүк жөнелтушінің (жүк алушының) бақылау-өткізу пункттерінде брезентті алып жүкті тексеру және тексеруден кейін жүктерді жабу, цистерналардың люктерін ашу және жабу және тағы басқа жүргізілген жағдайларда, көрсетілген операциялар жүк жөнелтушінің (жүк алушының) күшімен орындалады.
Тасымал құжаттарын ресімдеу
Жүктерді тасымалдау тауар-көлік жүкқұжатымен ресімделуі тиіс, ал үйіп (бос) тасымалданатын жүктердің кейбір түрлерін тасымалдаған жағдайларда, өлшеу актісімен немесе таразыға тарту актісімен ресімделуі мүмкін.
Автокөлік құралдарды уақыттық тариф бойынша төлеу арқылы пайдалану (автокөлік құралының жұмысына ақы төлеу бір жұмыс күні (ауысым) ішіндегі сағаттық есеппен жасалады) автокөлік құралдың жүрісін және жүк жөнелтушінің (жүк алушының) қарамағында болған уақытын, жүргізушінің түскі үзіліс уақытын шегеріп жолдама парақта N 4-п нысаны бойынша жазумен ресімделеді (5-қосымша).
Автокөлік құралдарды, олардың жұмысын кесімді тариф бойынша төлеу арқылы пайдалану (автокөлік құралының жұмысына ақы төлеу тасымалданған тонналар үшін жасалады) жүк жөнелтушінің (жүк алушының) жолдама параққа N 4-с нысан бойынша жазуымен ресімделеді (6-қосымша).
Кесімді және уақыттық тарифтер бойынша жолдама парақтарды ресімдеу тәртібі осы Ереженің 86-88-тармақтарында келтірілген.
Жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тасымалдауға берілген жүкке төрт данада жасалған тауар-көлік жүкқұжатын ұсынады, ол негізгі тасымал құжаты болып табылады және ол бойынша жүк жөнелтуші осы жүкті есептен шығарады және жүк алушы оны іске жаратады.
Тауар-көлік жүкқұжатын толтыру осы Ереженің 80-84-тармақтарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдауға арналған тауар-көлік жүкқұжатын жүк жөнелтуші әрбір жүк алушының атына, мынадай деректемелерді: жүк алушының атауын, жүктің атауын, тасымалданатын жүктің санын, салмағын, салмақты анықтау тәсілін (таразыға тарту, трафарет, стандарт, өлшеу бойынша), орама түрін, тиеу және түсіру тәсілін, автокөлік құралдың тиелуге берілген уақыты мен тиеліп біткен уақытын, тұрып қалған уақытын толтыру арқылы жасайды.
Жүктерді басқа мекен-жайға жіберу
Жүк жөнелтуші жүкті, оны жүк алушыға беретін сәтке дейін басқа мекен-жайға жіберуі мүмкін. Жүк алушы жүкті тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша қабылдаудан бас тартқан жағдайларда, жүк жөнелтуші оны басқа жүк алушыға жіберуі мүмкін.
Жүк жөнелтушінің тасымалдаушыға жүкті басқа мекен-жайға жіберу туралы ұйғарымында мынадай деректер болуы тиіс:
1) бірінші тапсырыстың және тауар-көлік жүкқұжатының нөмірлері;
2) бастапқы бару мекен-жайы;
3) бастапқы жүк алушының атауы;
4) жаңа бару мекен-жайы;
5) жаңа жүк алушының атауы;
6) басқа мекен-жайға жіберу себептері.
Жүк жөнелтушінің басқа мекен-жайға жіберу туралы ұйғарымы жазбаша түрде ресімделуі тиіс және факсимильдік байланыспен берілуі мүмкін, егер шартта өзгеше көзделмесе.
Жүк жөнелтушінің жүктерді басқа мекен-жайға жіберу туралы ұйғарымы бір тауар-көлік жүкқұжаты бойынша бара жатқан барлық жүк жөнелтіміне ғана қолданылады.
Егер жүк жөнелтушінің жүктерді басқа мекен-жайға жіберу туралы ұйғарымын орындау мүмкін болмаса, тасымалдаушы бұл туралы жүк жөнелтушіні хабардар етеді. Бұл жағдайда тасымалдаушы жүкті жүк жөнелтушіге қайтарады. Жүкті басқа мекен-жайға жіберуге байланысты барлық қосымша шығыстарды жүк жөнелтуші көтереді.
Тасымалдаушы жүк жөнелтушінің басқа мекен-жайға жіберу туралы тасымалдау ақысын ұлғайтатын ұйғарымын орындауға қабылдаған кезде, жүк жөнелтуші қосымша алып жүру ақысын енгізеді және тасымалдаушының басқа мекен-жайға жіберуге байланысты барлық шығыстарын өтейді.
4 - тақырып. Таралық-даналық жүктерді тасымалдау.
Жүктердің тасымалдауға жарамдылығы көбіне олардың буып-түйілуіне – қаптамасына байланысты. Қаптама дегеніміз – бұл тасымалдау ыдыстарының, сондай-ақ қосалқы буып-түю құралдарының жиынтығы.
Тиеу-түсіру жұмыстарының барысында өнімге, оның тасымалдануы мен сақталуына сыртқы факторлардың мынадай негізгі үш тобы – механикалық, климаттық және экологиялық факторлар әсер етеді. Жүктердің қаптамасы осы факторлардың әсерін ескере отырып таңдалуы тиіс. Қаптама өзінің негізгі қызметімен қатар, тиеу-түсіру, қойма жұмыстарының орындалу ыңғайлылығын, жүкті көп қабатқа қатарлап жинау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |