ҰЛТТЫҚ ИДЕЯМЫЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ! Елбасының бұл жолғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат. Бір мүдде. Бір болашақ» Жолдауында маңызды мәселелер көптеп көтерілді. Жолдаудың әр бөлімінде нақты бағыттар мен айқын мақсаттар көрініп тұр. Бұған дейін «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданғаны мәлім. Онда әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу басты мақсат етіп қойылған. Ал осы Жолдауда сол мақсатқа жетудің жолдары мен механизмдері, түрлі иірімдері мен тетіктері көрсетілген. Себебі, дамыған 30 елдің қатарына қосылу өте қиын әрі асқан жауапкершілікпен еңбек етуді талап ететін міндет.
Жолдауда Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел идеясын көтерді. Онда Мәңгілік Елдің егемендігін тұғырлы ету мәселесіне назар аударды. Мемлекетіміздің болашағын дұрыс бағдарлап, қазіргі замандағы даму үрдістерінен қалып қоймай, әлемдегі өзіміздің лайықты орнымызды иеленуге тиіспіз. Енді бұдан былай тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді сәт сайын нығайта беруіміз керек. Идеологиялық жұмыстарды жетілдіріп, халқымызды Мәңгілік Ел идеясына жұмылдыруымыз қажет. Негізі, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі басты мақсатымыз – Мәңгілік Ел құру болатын. Мемлекет басшысы бұл Жолдауында ол мақсатқа жетудің жолдары мен тетіктерін көрсетіп, кезеңдерін белгілеп берді. Енді Үкімет пен Парламент палаталары, сондай-ақ, басқа да қоғамдық ұйымдардың бәрі осы Мәңгілік Ел идеясының қасынан табылып, кемел келешек жолына жұмылуы керек. Осы орайда бұл идеяны іске асыруда, оқушылар жүрегіне жарқын болашағымызға деген зор сенім мен елімізге деген шексіз сүйіспеншілік орнатуда білім ордаларының маңызы үлкен, жауапкершілігі жоғары екенін біздер ұстаздар қауымы сезініп отырмыз.
21 ғасырдағы дамыған ел дегеніміз: белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар екені даусыз.Ол үшін бірегей білім беру жүйесі мен денсаулық саласының жұмысын жақсарту қажет. Осы орайда замануи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну аса қажет екеніне көз жеткізген Елбасымыздың жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек деген ойы, біріншіден, біздерге, Зияткерлік мектептерге, сондай-ақ біздердің жеткен жетістіктерімізге деген зор сенім, екіншіден, үлкен талап екенін түсініп отырмыз. Себебі біздерде Зияткерлік мектептерде жинақталған озық ойлар мен тәжірибені еліміздің мектептеріне тарату жүгі тұр.
«Елбасы жыл сайынғы жолдауын негізінен жастарға арнайды. Себебін осы жолғы жолдауда «Оны («Қазақстан – 2050» стратегиясын) жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер» деп түсіндіріп кеткен болатын. Жастар арасындағы патриоттық сезімді қалыптастырудың бірден-бір жолы – мемлекеттік тіл екені белгілі. Жолдауда «Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! » деген Президент сөзі көңілімізге қуаныш ұялатты. Қазақстанның болашағын тәрбиелеп отырған біз, ұстаздар, Елбасының айтқандарын назарға ала отырып, сапалы жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінде барлыққажетті жағдайлар жасалып отыр.
«Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. «Қазақстан-2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол», - деп қорытындылады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Біз осыған кәміл сенеміз және де еліміздің өсіп-өркендеуіне бар күш жігерімізді саламыз.