Қазақстан Республикасының



бет35/78
Дата31.12.2021
өлшемі1 Mb.
#21941
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   78
Байланысты:
«ХХ . 60жж кейінгі дебиет(1960-2000жж.)»

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. I. Есенберлиннің тарих беттеріне арнаған

«Қаһар» (1969) романы не туралы?.

2. І. Есенберлиннің тарихи тақырыпқа жазған соңғы

шығармасы қалай аталады, шығарма не жайлы?

3. Қазақ-Ресей қарым-қатынастарын суреттейтін

шығарманың атау және жазылу себебі не?

4. Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын

суреттейтін шығарманың авторы кім ?



Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 38, 40, 41, 45, 51,58,

62, 63.


23,24 Дәріс Кеңестік дәуірде жарық көрген қазақ романдары.

Дәрістің мақсаты:Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірінде жарық көрген

романдардың негізгі проблемасын түсіндіру.



Тірек сөздер: Соғыс, «Шырағың сөнбесін», «Ызғар», «Жігер», «Жаңғырық».

Дәрістің жоспары: 1. Соғыс кезіндегі ел өмірі шындығы суреттелетін Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» (1981) романы жайлы.

2. Тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс қазақ ауылындағы жаңғырығы Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романында сөз болады.

3. Соғыс кезінің шындығын Н.Ғабдуллин де «Жігер» (1983) романына арқау еткен.

4. Қ.Қазыбаевтың «Ызғар», Ш.Мұртазаның «Қара маржан» романдарына тоқталу.

5. Қазіргі қазақ романдарындағы проблемалық сипаттарға шолу жасау.

Бірқатар қазақ романына кешегі өткен соғыс пен соғыс кезіндегі ел өмірінің шындығы негіз болды. Соғыстағы адамды оның дәуірімен, өмір сүрген ортасының шындығымен қат-қабат байланыста көрсету – бұл тақырыптағы романдардың негізгі проблемасы. Адам тағдырына әлеуметтік және адамгершілік тұрғыдан қарау және оның философиялық сырын ұғыну ғана соғыстың шындығын түсіндіреді, адамның өмір мен өлім шекарасында өзімен өзі кездесуін аша алады. Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» (1981) романы соғыс шындығы арқылы көрінетін адамдық қасиеттерді бекіте түсетін осындай шығармалардың бірі. Жазушы мұнда соғыс алапатын суреттей отырып, адамның өзі үшін, тіршілік үшін күресін көрсетеді. Қамқа әжесінің «Шырағың сөнбесін» деген екі сөзде «отың өшпесін», «өмірің, ұрпағың жалғаса берсін» деген мағына барын роман кейіпкері Нәзира соғыс үстінде ұғынады. Қанша қиындық көрсе де, екіқабат жас әйел осы сөзді есіне алады.

Роман оқиғасы соғыстың өзінде емес, майдан мен елдің шекарасында өтеді. Кейіпкерлері әскери адамдар емес, елге қайтарылған офицерлердің әйелдері, бала-шағасы. Соғыс басталып кеткенде елге көшірілген адамдардың көрген, бастан кешкен қиындықтары арқылы жазушы оларды соғыспен бетпе-бет кездестіреді. Соғыстың өзі емес, ұшқыны, түскен жау бомбасының өзі талай елді жалмап, елге жеткізбей жатқанын көреді. Жайшылықта әскери адамдардың күнделікті тіршілігіне көмектесуден басқаны білмеген әйелдердің өлмеу үшін күресі осылай басталады.

Оқиға Нәзираның естелігі арқылы дамиды. Қазақ ауылынан бірінші рет Қасымбекке еріп, ұзап шыққан қазақ әйелі әлі бұйығы, нәзік, көп нәрсені көріп үлгермеген. Өзі жүкті әйел соғыс басталған соң елге қайтады. Жолшыбай жау бомбасы түсіп, вагон өртенеді, көпір бұзылады. Адамдар кейін қарай жаяу шұбырады, немістердің қоршауында бет-бетімен тарау, т. б. Нәзираның тағдыры, көрген қиыншылығы осы жағдайда өрістейді. Ол үлкен өмір мектебін өтеді. Соғыстың біреулерді айырып жатқанын, біреулерді жаңадан кездестіріп табыстырып жатқанын көреді, өлім де түрлі-түрлі болады екен. Нәзира тағдыры арқылы Тахауи осы шындықты жұмсартпай, шынайы суреттейді. Ол осыны жеңе білген адам рухының биіктігіне ден қояды. Ол адамды қайғылы оқиғалар легінде шебер ашады.

Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» (1961) романының тақырыбы – соғыстың өзі емес, оның алыс қазақ ауылындағы жаңғырығы. Соғыстың оған қатысушылар үшін ғана емес, тылдағы ел үшін де үлкен апат, дүрбелең болғанын, сол тұстағы жоқшылық, қысаңшылдық өмірді жазушы кең суреттейді. Сол арқылы соғыс кезінде майданмен тең сынға түскен ел бейнесі, ел намысын қорғаған жандардың адамдық кейпі жайлы мәселе қозғайды.

Роман оқиғасы алыстағы қазақ ауылында өтеді. Ауылдың бас көтерер азаматтары әскерге алынған. Ауыл шаруашылығы жұмысын атқару әйелдер мен жас балалардың мойнына түскен. Тұрмыс жүдеу, әрі жетіспейді. Осы жағдайда адамдар қандай күйде болды? Жазушыны осы толғандырады. Біреулер ел, майдан мүддесіне адал қызмет етіп, азаматтардың аман оралуына тілектес боп жүр, біреулер жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, тіршіліктің оңай жолына ұмтылады. Соғысқа жарамды ерлер әскерге алынғанда, оған жарамсыз боп қалғандар енді кісімсініп, бала-шағаға билік жасағысы келеді. Ауылдың байлығына, қоғам мүлкіне солар ие боп шығады. Осы тектес проблемаларды Бердібек нақты бейнелер арқылы ашып, соғыстың адамға, адамдыққа сынақ болғанын көрсетеді. Өз кейіпкерлерін адамдықтың тезіне салып өлшейді.

Романның өзіндік әп-әдемі формасы бар. Ондағы оқиғалар Еркіннің әңгімесі арқылы өрбиді. Романның үш дәптері (әр бөлімі бір-бір дәптер) оның өмірінің үш кезеңі ретінде алынып, негізгі сюжет Еркіннің қоғамдық ортадағы тіршілік-тартысын бейнелейді. Басқа адамдар онымен қақтығыста, әр түрлі жағдайда кездесу арқылы танылады. Жазушы ашқан өмір шындығы мен адамдар тағдыры нанымдылығымен бағалы. Роман кейіпкерлерімен де, стильдік, суреткерлік ерекшеліктерімен де ешкімді қайталамайды, өзіндік өнерін танытады.

Соғыс кезінің шындығын Н.Ғабдуллин де «Жігер» (1983) романына арқау еткен. Мұнда «Айнакөл» атты колхоз еңбеккерлерінің сол кездегі қиыншылықтағы өмірі, ерлік еңбегі көрсетіледі. Мәуия атты келіншек екіқабат күйінде күйеуі Сейтақты әскерге аттандырған екен. Ол босанған күні күйеуінен қара қағаз келеді. Қатты қайғыны Мәуия қайсарлықпен көтереді. Ешкімнің ырқына көнбей колхоз жұмысына қатысады. Сейтақтың інісі Мәжен жараланып елге оралады. Оның әйелі Сәруар бір жігітпен жеңіл жүріске түсіп кетеді. Мәжен бұл жағдайда қатты күйзеліске түседі. Ақыры отбасы ыдырайды. Жазушы соғыс апаты адамдар тағдырына қалай әсер етіп, сынға алып жатқанын суреттей отырып, адамдардың көбі жігер танытып, сол сыннан аброймен өткенін ашады. Онда адамдық борыш пен осал мінез, ар мен намыс, намыссыздық тартысқа түседі. Нығымет кейіпкерлерін осындай тартыстың легінде, олардың бойындағы психологиялық жайларды аша бейнелейді.

Осы үлгідегі тартыс пен ұқсас оқиғаларды Қ.Қазыбаевтың «Ызғар» романынан да көреміз.

Қазақ романы ішінде біздің замандастарымыздың бейнесін олардың өндіріс орындарында істеп жүрген мамандығымен, ондағы өзіндік қарым-қатынастары арқылы көрсетуді де мақсат еткен шығармалар аз емес. Өндіріс – Қазақстанның экономикасын көтеріп, кен орындарын игеру, онда жаңа қалалар тұрғызу сияқты үлкен жұмыстардың орталығы. Онда істейтін еңбек адамдарының да өмірі, проблемасы бар. З.Қабдоловтың «Жалын» (1970), Ш.Мұртазаның «Қара маржан» (1976), М.Сәрсекеевтің «Жаңғырық» (1979), А.Жақсыбаевтың «Егес» (1975), «Қорған» (1991), «Бөгет» (1981), Р.Сейсенбаевтың «Өмір сүргің келсе» (1978) атты романдары осындай мәселелерді қозғайды. Бұл романдарда тартыс негізінен өндірістік проблемалардың төңірегінде өрбиді. Жаңа типті іскер маман адамдар сол тартыс арқылы ашылады, өседі. Олардың адалдығы, адамгершілік қасиеттері танылады. Мысалы, «Жаңғырық» романында зауытта сынаққа қойылған металл қорытатын электротермия пеші жарылысқа ұшырағаны сөз болады. Зауытқа шығын келеді, кісі өлімі де болады. Мерзімі бітпеген бұл пешті министрлік пен зауыт басшылары соның алдында ғана асығыс өндіріске қабылдатып, пеш авторларын мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Сынақ мерзімі бітпей қабылдауға қарсы болған цех бастығы Таубаевты демалысқа жібереді. Жарылыстан кейін себептерін ашып әуре болмай-ақ, басшылық пешті «дұрыс пайдалана білмеген» жұмысшыны жазалауға кіріседі. Әуелде «адал тексеріңдер» деп нұсқау берген министр де, комиссия бастығы да, түптеп келгенде, шындықты айтуға бармайды. Осындай тартысты шындықты цех бастығы Таубаев қана айта алады. Роман тартысында адамның адалдығы үшін күрес бар. Ол мансапқорлыққа, даңқ құмарлыққа қарсы қойылады.

Ш.Мұртазаның «Қара маржан» романының кейіпкерлері Нариман мен Жарас – қатар өскен жас инженерлер. Бірақ өз басын көбірек ойлайтын Жарас Нариманды ылғи дұшпан көреді. Сондықтан оның жолын бөгеп алдын орап отырады. Бұл жолы да солай, ол Нариман іске асырмақ болған кен орнындағы жарылысты апатқа (басқа дәрі қолдандыру арқылы) айналдырады. Нариман сүрінгенмен, құламайды. Өйткені шындық жолы берік. Жазушы осы тартыс негізінде рухани күшті адамды жақтайды. Р.Сейсенбаев та «Өмір сүргің келсе» романында іскер, қабілетті, күшті ұйымдастырушы зауыт директоры Бекен Ысқақовтың кесек бейнесін жасауды көздеген. Мұндағы тартыс та осындай ірі тұлғаны көре алмаған адамдардың іші тар, күйкі қызғаншақтығынан туады. Романның жазу үлгісінде кино туындыларына еліктеу байқалады. Суреттеуден гөрі баяндау, іс-әрекет қозғалысына мән беріледі.

А.Жақсыбаев «Егес» романында бүкіл оқиғаны басты кейіпкер Батырбектің маңына топтайды. Оны әр нәрсеге ой көзімен қарайтын қызу қанды инженер етіп көрсетеді. Ол адамдардың енжарлығына төзбейді. Осыған ұқсас мінез «Қорған» романының кейіпкері Жандос басында да бар. Ол ел басқару, шаруашылықты жүргізудегі келеңсіз көріністерге қарсы шығады. Бірақ қолдау таппай күйзеледі. Оны қабылдап, мән-жайды ұғынған адамдардың өзі шындықты түсінгенімен, үйренген дағдыны бұза алмайды. Жазушы Кеңестік ел билеу жүйесіндегі осындай енжарлықты тап баса көрсетеді.

Ахат романдарының бітімі жинақы, ықшам келеді. Жазушы көп сөзді емес. Алайда оларда кейіпкер басындағы психологиялық күйлер терең ашыла бермейді.

Қазіргі қазақ романында проблемалық сипат молайғанын ауыл өміріне арналған шығармалардан көреміз. Өмірде барды тізе бермей, дамудың жаңа кезеңі күтіп тұрған мәселелерге көңіл аудару, адамды сондай жаңалық үшін күресте көрсету бұл жанрдың тәуір үлгілеріне тән. Осындай ауылды өркендетудің саяси-әлеуметтік ойларын түйіп өскен жаңа адамдар бейнесін жасауда К.Ахметбековтің «Ақдала» (1975), М.Сүндетовтің «Қызыл ай» (1978), Д.Досжановтың «Дария» (1976) романдарының елеулі орны бар. Бұларда шаруашылық проблемаларын фон етіп алып, рухани әлемі бай, қоғамдық іске жауапкершілігі мол, адамдық, азаматтық қылықтары көңіл толтыратын кейіпкерлердің жаңа бейнелерін ашуға ұмтылыс бар. К.Ахметбековтің Бекмахановы – қазіргі заман басшыларының соны типі. Шаруашылық басшылары ішінен Таусаровтың да бейнесі жарқын көрінеді. Мағзұм романында Жайық бойындағы ауылдың өскелең бағыты, тіршілігі мен мәдениетінің өсуі, ел дәулетін жасап жатқан адамдар көрсетіледі.

Қазіргі роман тақырыбы жағынан шектеуге келмейтін дәрежеде өсіп келеді. Ә.Таразидың («Тас жарған», «Кен»), Қ.Ысқақовтың («Қара орман», «Тұйық», «Ақсу-жер жаннаты»), Р.Тоқтаровтың («Ертіс мұхитқа құяды», «Жердің үлгісі», «Ғасыр жаны»), Ж.Нәжімеденовтің («Даңқ пен дақпырт»), М.Сүндетовтің («Ескексіз қайық»), Ө.Қанахиннің («Құдырет»), С.Досановтың («Тау жолы») романдары негізінен адам тағдырын нысана етіп, қоғамдық ортаның әрқилы сырын танытуға ұмтылысымен бағалы. Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, Ө.Қанахин адам сезімі мен жан толғанысын, күйзелісін ашуға құмар.

«Құдырет» – отбасылық романдар үлгісімен жазылған. Онда

кейіпкерлердің отбасылық өмірі, махаббаты суреттеледі. Роман оқиғасы әкесі өліп, сүйенішсіз қалған жетім қыздың профессор Бекмырзаның көмегімен оқуға түсуіне, сөйте жүріп өзінен 32 жас үлкен профессорға күйеуге шығуына, әуелде жастықпен ойланбаған қыздың кейін күйеуінен суынып, махаббатын іздеуіне және оның сәтсіз аяқталуына құрылады. Оның басты кейіпкері Гүлнұр – өмірден орнын таппай күйзелген, адал сүйіспеншіліктен күйік тартқан, сөйтіп барып морт сынған қайшылықты бейне. Оның қылығына сын көзімен қарап отырсаң дау түптеп келгенде, айыптай алмайсың, махаббатқа еліткен жазықсыз жанды мүсіркейсің. Жазушы кейіпкерін үлкен психологиялық толғаныста көрсете алған.

Сонымен қатар бүгін көп жазылып жатқан қазақ романынының жетіспеушілігі де осы шығармалардан көрінеді. Олардың көбінде шын романға тән тұтастық, ойлау мен түйіндеудің кеңдігі жетісе бермейді. Роман боларлық үлкен мақсат қойылмай, әр нәрсенің басы бір шалынады Мұны К.Ахметбековтің «Қасірет» (1991) романынан анық байқауға болады. Бір қарағанда онда проблема көп сияқты. Тұрмыстық суреттен басталып, әлеуметтік жайға ауысатын роман көріністерінде ойландырар мәселелер аз емес. Ол қала тіршілігінің кейбір сәттерін қозғайды. Қала үйлерінде ит асырау (бала емес), таңертең сүт кезегіне баратын, үй шаруасын істейтін еркектер, ардагерлер, қазақ мектебіне таң сәріден баласын сүйретіп жүрген ата-ана, т. б. «ШаҺарлы жердің тіршілігінде жүйкеге де, діңкеге де тиетін нәрсе аз емес» дейді автор. Ауылда мал бағу, қиындап кеткені, жайылымдық жерлердің жыртылып тасталғаны, колхоздың құрып кетуі, ауылдағы қазақы дәстүрлердің өрісі тарылып бара жатқаны сөз болады. Осылардың бәрі белгілі бір романдық оқиғаларға, характерлерге сіңсе, бір сәрі. Сондай тұтастық, романға тән ойлау мен кеңдік жетісе бермейді.

С.Досанов шығармасына интелигенция өмірін арқау етеді. Онда таланттылар да, әркімнің алдын орап кететін талантсыз жылпостар да бар. Бірақ соның бәрін жинақтайтын тұтас идея, композициялық тұтастық жоқ.

Бұл романдар, негізінен, сексенінші жылдардың орта кезіне дейін жазылған. Ол – Кеңестік идеологияның күшті кезі, сондықтан оларда суреттелген өмір шындығы негізінен Кеңестік дәуірдің «артықшылығын» мойындауға құрылады. Жаңа адамдар, өмірді жақсарта түсу жолындағы ой-пікірлер – бәрі де сол идеяның төңірегінде қызмет етеді. Социалистік реализм өмір шындығын бір жақты ғана, тек күнгей жағын алып көрсетуді, социализм қоғамдық дамудың ең биігіне жеткен шыңы екенін дәлелдеуді мақсат етті де, сол өмірдің екінші беті – көлеңкелі жағы ескерілмеді. Бұл ұғымға сексенінші жылдардың орта тұсында біздің қоғамымызға кірген – қайта құру идеясы біраз өзгерістер кіргізді. М.Горбачев КОКП XXVII съезіндегі баяндамасында шындықтың жалпылама емес, нақты түсінік екенін, ол жасампаздықпен бірге қоғам дамуының қайшылықтарынан, жеңістермен бірге сәтсіздіктерден де көрінетінін еске салды. Бұл Кеңес қоғамы өткен сәтсіздіктерге, тарих сабағына да көңіл аударуға, оны суреттеуге болады деген сөз еді. Ал, Қазақстан тарихында мұндай сабақтар аз емес-ті. Байларды тәркілеу мен шаруаларды колхозға күштеп кіргізудің зардаптары, аштық пен жоқшылық, 1929, 1937, 1954 жылдардың қазақ зиялыларын қанды қырғынға ұшыратқан зобалаңы, мезгіл-мезгіл ұлт өкілдерін тежеуге салып, ұлтшылдықпен қорқытып отыратын партия саясатының науқандары тарихтың өмірде болмағандай, ұмыт боп келе жатқан беттері болатын. Халықтың ұлттық санасы оянып, ел тәуелсіздігі идеясы күн тәртібіне қойыла бастаған кезінде қазақ қаламгерлері де сол бір жылдардың оқиғаларына бетбұрыс танытты. Осындай игі бір бастаманы Б.Қыдырбекұлының «Алатау» (1986-1991), С.Елубаевтың «Ақ боз үй» (1989) романдарынан көреміз. Балғабек романының екінші кітабында Жетісу бойындағы колхоздастыру шараларының әсіре белсенділікпен жүргізілгенін, салығын төлей алмаған шаруалардың азын-аулақ малын, қолда бар астығын тартып алып, өздерін аш қалдырғанын, көктемде егін егуге көлік болмай, соқаны адам жегіп айдауға жол берілгенін, 1932 жыл аштығының қайғылы оқиғаларын суреттейді. Оқуға қиын, сезімге ауыр тигенмен, қазақ халқы бастан кешкен қайғылы кезеңнің шындығы. Абақ (роман оқиғасы соның аузынан айтылады) өзі көрген осы сұмдықтарды егіле отырып әңгімелейді.

Ал, С. Елубаев ақ боз үй тұрғындарының тағдырын бейнелеу арқылы Кеңестік жаңа өмірге ауысудың ауыр өткен кезеңін – 1929-1932 жылдардың қайғылы оқиғаларын романына арқау етеді. Ақ боз үй иесі Пахраддин бай мен оның бәйбішесі Сырғаның роман басында суреттелетін салтанаты соңында сағымға айналып, олардың аштықтан, ұзақ жолдан титықтап құм басында қалғаны көрінеді. Қаракер құнан мініп, шайқалтып жүрген жас қызы Хансұлу өз үйінің қойшысы Қозыбағарға бұйырып, аяғында басқа жігітпен қашып кетеді. Басында үстіртті мекендеген көшпелі елдің жайма шуақ тыныш күйін суреттеген жазушы кәмпеске басталған соң бүлінгенін, күштеу мен зорлаудың етек алып, елді есінен тандырғанын көркем суретпен ашады. Ел ата-мекенінен қаша бастайды. Пахраддин ауылы Ауғанстанға бет алған жолында ұрыларға тап болып, талан-таражға түсіп, қырылады. Романдағы адамдар тағдыры әр түрлі және қызықты. Сонымен бірге көшпелі мал баққан түйелі елдің салт-дәстүрі, түйе тіршілігінің бұрын көпке таныс емес шындығы тартымды оқылады.

Осы тақырыпы С. Елубаев «Мінажат» (1993) романында жалғастырды.

1993 жылы М.Мағауиннің «Шақан шері» атты кітабы жарық көрді. Оған жазушының ертерек жазылып, басылмай қалған екі романы («Шақан шері» – 1984, «Сары қазақ» – 1991) кірген. Мұның екеуі де тоталитарлық жүйенің адам тағдырын ойыншық көрген кезінің трагедиясын бейнелеуге арналған.

Шақан шері – ел ортасынан бөлініп, адам тағысынан қашып жүргенде, даланың тағысы Жолбарыс оның әйелі мен баласын жейді. Соған кектенген Шақан өмір бойы Жолбарыс атып, оның тұқымын құртады. Аң атаулыдан кек алып, мерейі үстем боп келген ер мінезді Адам патшаның жендеттерінің қолына түседі. Әр түрлі жалаға ілігеді. Түрмеге алынып, Сібірге айдалады. Намысшыл, кекшіл Шақан алысарға дәрмені болмай, дүниеден өтеді. Роман идеясы шартты оқиғаларға құрылғанмен, табиғат әлемінде еркін, ойына келгенін істей алатын адамның қоғам қыспағында әлсіз, сорлы екенін көрсетуге құрылады. Сол арқылы адам қанын судай шашқан кешегі тоталитарлық жүйенің сырын да ұқтырады.

Ал, «Сары қазақ» романында тарихи деректің шындығы бар. Оның кейіпкері Станислав орыс жерінде туады (1895 жылы). 1911 жылы гимназия бітіреді, Петербург университетінде оқиды. Сонда жүріп революциялық оқиғаларға араласады. Қолға түсіп, жер аударылады. Содан қашып қазақ ортасын, Сыпатай байдың ауылын паналайды. Жайлы орын тапқан Станислав Стамбек атанады. Қазақ қызына үйленеді. Сары қазақ атанып, қазақ даласында қала береді. Бұдан кейін болған революциялық толқулар, ақтар мен қызылдардың алма-кезек ел үстінде қылыш ойнатуы, орыс отаршылдығының қазақ даласын дүркіретуі – бәрі сары қазақтың көз алдында өтеді. Ол Кеңес өкіметін көреді. Зорлап колхозға біріктірудің, байларды аластап жер аударудың, халықтың аштан қырылуының куәсі болады. Сыпатай бай Стамбекті ертіп, елсіз, күнсіз бетпақ далаға қашады. Жалғыз үй тыныш өмір кешеді. Уақыт өтеді. Сыпатай да, әйелі де қайтыс болады. Үйге Стамбек ие боп қалады. Бір күні адасқан геологиялық экспедицияның ұшағы ауыл үстіне келіп қонып, Стамбекті қолға түсіреді. Ол жауап үстінде өліп кетеді. Мұнда да отаршыл, тоталитарлық жүйенің қазақ халқына жасаған зорлығын жазушы Стамбек көзімен суреттеп, оған «неге бұлай? өкімет солардыкі емес пе еді?» деген сияқты сұрақ қойғызады. Жазушы қазақтың кең мінезін, бауырмалдығын да осы бейне арқылы таныта алған.

М.Мағауиннің бұл шығармалары қазақ халқы бастан өткен зобалаң жылдардың бейнесін танытуда бағалы орын алады.

Т.Әбдіков «Өліара» романында тоталитарлық жүйенің адамға түскен салмағын ағайынды жігіттер Асқар мен Бәйтеннің тағдыры арқылы ашады.

Осы үлгідегі бірқатар ізденістерді Әкім Таразидің романдарынан көреміз. Әкім шығармаларында көбінесе адам мінезін, оның психологиясын ашуға ұмтылады. Тұрмыс детальдарын нақты беріп, тоғышарлықты, пайдакүнемдікті, көре алмаушылық, қызғаныш сияқты кесепаттарды тауып суреттейді. Оның бас кейіпкері жақсы адам болады да, жалақорлықтан жапа шегеді. Оның Омары («Бұлтқа салған ұясын», 1978) сондай адам болатын. Ал, «Қорқау жұлдызда» (1995) бүкіл тоталитарлық жүйенің бітім болмысын Лима (Сәлима), Тұңғатар бейнелері арқылы көрсеткен. Олар қорқау қоғам туралы ойларын ашық айтады.

Соңғы жылдардың елеулі туындысының бірі – Р.Тоқтаровтың «Таңбалы жарғақтың құпиясы» атты романы. Мұнда да қазақ тарихын, жалпы көшпелілер дәстүрінің жалғасуы заңдылығын көркемдікпен тануға ұмтылыс бар. Роман кейіпкері Ұлысбек көшпенділер өмірін, көне дәуір тарихын археологиялық қазбалар арқылы зерттейді. Сол арқылы дәуірлер байланысын, ерте заманнан бүгінге ауысқан проблемаларды қозғайды. Адамның бас бостандығы, елдік намыс, татулық, бірлік, ар тазалығы үшін күрес сияқты ерте заманда маңызды болған мәселелер әлі де күшін жоймаған. Алауыздық қай қоғамның болса да түбіне жеткен. Өмірдің қымбаттығы, адамның рухани күштілігі – өлмес тақырып. Оны біз сол Ұлысбектің көзінен айырылған тұсында да байқаймыз. Жазушы оған рухани таза емес, сондықтан да күші жоқ Мүлкібайды қарсы қояды. Қоғамдар байланысы туралы жаңаша ойланған романда шұбалаңқылық, кейде оқиға жүйесінен жаңылысып қалушылық та бой көрсетеді.

Мұндай олқылықтар қазақ романы едәуір табысқа жетті дегенмен, оның дамуы мүлтіксіз емес екенін байқатады. Өмір шындығын терең барлап жинақтай білу, көркемдік типтендіру, оқиға таңдау мен талғам, басты кейіпкерлердің кесек, даралығы – қазақ романдарының әлі де алып болмаған биігі. Ойға келгенді айту, көргенді тізе беру, көп сөзділік те кездеседі. Қазақ романы әлі де осы бағытта ізденісін жалғастыруға тиіс.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   78




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет