Дәрістің жоспары:1.Повестің жанрлық дамуы.
2.Ғабит Мүсіреповтің озық туындылары «Кездеспей кеткен бір бейне», «Ұлпан» повестеріне тоқталу.
3. Халық тарихының қилы-қилы кезеңдері мен тарихи оқиғалар жайлы жазылған шығармаларға тоқталу.
4.Бұл дәуірдегі әдебиетке ауыл өмірін жырлай келген жастардың шығармаларына тоқталу.
5. Қазіргі қазақ повесінің сәтті ізденістері.
Бұл дәуірдегі қазақ прозасының бір сала жетістіктерін повестің жанрлық дамуынан да көруге болады. Көркем прозаның көлемді үлгілерінің бірі – повесть бұл кезде сан жағынан да көп жазылып, бірталай әдеби-эстетикалық жүкті арқалады, көркем творчествоға еркіндік көзімен қарауға алпысыншы жылдардың басында басталған бет-бұрыс, алдымен, осы жанрда молырақ көрініп, кейін жалғасын тапты. Ол бұрынғы жаппай баяндаудан, шұбалаң қылықтан арылып, жинақтап айтуға, көркемдікке жетіле түсті.
Бұл жылдары қазақ повестерінің тәуір үлгілерін Ғабит Мүсірепов жасады. Оның «Кездеспей кеткен бір бейне» (1967), «Ұлпан» (1974) повестері қазақ әдебиетінің осы жанрдағы озық туындылары саналады. Алдыңғы повестің басты кейіпкері – Сәкен Сейфуллин, белгілі революционер, ақын, Кеңес өкіметін орнатушы қайраткерлердің бірі. Алайда Кеңес дәуірінің шындығын фон есебінде пайдаланғанмен, жазушы оны мадақтап жатпайды. Ол, негізінен, кейіпкердің рухани өміріне, характеріне көңіл бөледі. Ол адамды ардақтауға, оның азаттығы жолындағы күресі идеясына берік Еркебұланның біртұтас характерін сомдаған. Еркебұлан бойындағы сезім сұлулығы, арманның асқақтығы, оның жан дүниесінің мөлдірлігі мейлінше ұтымды суреттеледі. Ғабиттің повесін «поэма» деп атауы да оның сыршыл, лириктік сыпатынан туған болу керек. Шынында да, шығарма прозамен жазылған жырдай, ақындық албырт сезім мен жүрек сырын бейнелейді. Оның күрескерлігі мен ақындығы қос өрімдей үзілмей, бірін-бірі толықтырып отырады. Еркебұланның Ақлимаға кездесуі, көрген түстей жарқ етіп, қайта жолығыспауы – ақын аңсаған алыс арманның, өшпес махаббаттың, өмір сұлулығының символындай елестейді.
Ал, «Ұлпан» арқылы жазушы біздің қазақ әйелінің тарихи тағдыры жайлы ұғымымызды жаңартты. Халық сүйіспеншілігіне бөленіп, елдің анасы болған, күрескер қазақ әйелінің кесек бейнесін жасады. Тарихта болған Ұлпанды көркем бейнеге айналдыруда жазушы өмірдің шындығын сәл көтере түсер, өз ортасынан оқшау шыққан адам екенін танытар романтикалық бояулар қосады. Қарапайым қазақ қызының ісі де, қылығы да бір көргеннен кесек танылады. Оны алдымен Есеней көреді. Сондықтан да ол қосылғаннан кейін Ұлпанның бетінен қақпай, ерік береді. Өр мінезді әйел Есеней атына да кір келтірмей, тіршілікті өз ырқымен құрады. Оның қайырымдылығы, ашықтығы, ел-жұртпен жарасымдылығы атын тез шығарады. Ұлпан қылығын баладай қызықтап, Есеней құптайды. Есеней-Ұлпан бейнелері, солай бірін бірі толықтырып көтеріледі. Осылай етекбасты әйел тағдыры мен Ұлпан ортасындағы тартыс Ұлпан пайдасына шешіледі.
Ұлпан өмірінің трагедиямен аяқталуы да заңды. Беймезгіл заманның пәлеқор саясаты Ұлпан үйіне Торсан боп кіреді де, оның байлығын да, беделін де өзіне пайдаланып кетеді. Біжікен өлімі Ұлпанның сахнадан ысырылуын тездетеді. Сөйтіп, қоғам мен адам арасындағы қайшылық Ұлпанды жеңумен шешіледі. Әділетсіз заманда басқаша шешім болуы да мүмкін емес еді.
Повестің стилі байсалды, өмір шындығын кең қамтып, асықпай суреттеуге құрылған.
Тарихқа қызығушылық, сол негізде халық тарихының қилы-қилы кезеңдері мен тарихи оқиғалардың қоғам, адам өміріндегі орны, рөлі жайлы ойлану жас қаламгерлер тарапынан да көбірек байқалды. Ә.Кекілбаевтың «Ханшадария хикаясы», «Күй», А.Сүлейменовтің «Бесатар», Н.Әбутәлиевтің «Қайран Нарын», Қ.Мұхамбетқалиевтің «Ежелгі дұшпан» сияқты повестері көшпелі халықтың қаһармандық салты мен рухани биік өмірін романтикалық бояулармен жаңғыртуға арналды. Әбіш повестері халық жадында сақталған көне сюжеттер мен аңыздарды көбірек бағдар тұтады. Содан бүгінгі заман үшін қажетті жаңа мазмұн іздейді. Сол мазмұн арқылы жалпы адам баласының мәдени-эстетикалық, философиялық ой-пікіріне қосар жаңалық барына назар аударады. Бұл кешегі кеңестік идеологияның қазақтарда, жалпы көшпелі елде социалистік революцияға дейін тарих болған жоқ деген ұғымына, белгілі дәрежеде, жауап болып табылады. Көшпенділер өмірінің бүгін ұмытыла бастаған өмір санатына, этнографиялық детальдарға мән бере қарайды. Оларды адам жанының иірімін ашуға пайдаланады. Күйші Абылдың өнерімен қазақ-түрікпен жаулаушылығын тоқтатып, оларды достыққа, бірлікке үндеуі бүгін осылайша жаңа естіледі. «Ханшадария хикаясында» Гүрбелжін ханшаның өзіне қызығып, сол үшін таңғұттарды қырған, ең соңында күйеуі Шидүргінің басын алған әмірші Шыңғысты төсекте өлтіруі зұлымдық пен қара күштің махаббат, адалдық алдында дәрменсіз екенін дәлелдеуге құрылады.
А.Сүлейменов сюжетті адамдар арасындағы психологиялық тартысқа негіздеп дамытады. Онда 1916 жылғы көтеріліске қатысушы Төрехан мен оның ұлы Сәруардың патшаның жазалаушы отрядының қолына түсуі суреттеледі. Кек алу үшін Төреханның жақтастары орыс офицері Иноземцевті қолға түсіреді. Оны Төреханмен айырбастамақ болады. Бірақ отряд бастығы Крейгель Төрехан мен баласын атып тастайды, айырбас идеясы іске аспай қалады. Осы бір қарапайым сюжет арқылы жазушы кейіпкерлер тағдырын шытырман иірімге салып, өмір үшін арпалыста көрсетеді. Іске аспаған арманның ащы шындығын қинала суреттейді. Ол психологиялық проза үлгісінде жазылған.
Ал, «Ежелгі дұшпан» белгілі Махамбет ақынның Баймағанбет Сұлтанмен қақтығысына құрылған. Повесть аты да Махамбеттің Баймағанбетке айтқан атақты жырынан («Ежелгі дұшпан ел болмас») алынған. Жалпыға мәлім осы тартысты жазушы басқа қырынан келіп шешеді. Соңына жансыз салып, Махамбетті өлтірткен Баймағамбет ақыры дұшпансыз тыныш өмір сүруге көшеді. Оған бұл «тыныш» емес, қайта «мазасыз» өмір боп көрінеді. Талас-тартысы жоқ, қызығы жоқ, күресер теңі жоқ тіршіліктің өзі оған қызықсыз көрінеді. Мұның өзі өмірдегі тартыс тепе-теңдікке құрылғанын, оның бұзылуы өмірді мағынасыздандырады деген ойға саяды.
Бұл дәуірдегі қазақ повесінің басым көпшілігі бүгінгі заман тақырыбына, замандастардың бейнесін жасауға арналған. Олардың да белгілі тарихи ізі бар. Алыс тарих болмаса да, біз өткен Кеңестік дәуір шындығын бүгінгі күннің биігінен таразылап көрсетеді. Бұл тұрғыда С.Шаймерденов повестерінің ерекше маңызы бар. Бұл жылдары ол «Жыл құсы» (1969), «Марғау» (1975), «Мәжнүн тал» (1978) атты повестерімен қазақ прозасына елеулі жаңа ойлар, көркемдік таным әкелді. «Жыл құсы» повесінде даланың еркін өскен ұлы Битабардың бейнесін мейлінше әдемі жасаған. Өмір ауылдағы қатынастарды ыдыратып, елдің бәрін қалаға, өндіріске қуа бастаған тұста өндіріске жұмысқа барған ол өз танымынан жат ортаға көндіге алмай, ауылына қайтады. Кең далада еркін өсіп, күші мен қолына сенген ол ешкімге тәуелді болуды қаламайды. Өз ортасының олпы-солпысын, бірбеткей доғалдығын сақтап өскен адамның қыр баласы екені бірден танылады. Мұнда жазушы көшпелі Қазақтың революцияға дайындықсыз келіп, оны қабылдаудың қиындыққа түскенін бүкпесіз аңғартады.
Ал, «Марғау» повесінде жазушы Лезбай қойшының «Марғау» дейтін иті арқылы үй-ішілік тартысты, сол үй маңындағы адамдардың қарым-қатынасын шебер суреттейді. Адамды, оның тіршілігін ашудың мұндай жолы әдебиетке жат құбылыс емес. Сафуан осы дәстүрді дамыта отырып, Лезбай–Ұмсындық–Қарғабек қатынастарын Марғаудың көзімен ашады, Қарғабектің алаяқтығын шенейді. Онда иттің түйсік-бітімі, күйініш-сүйініші нанымды берілген. «Мәжнүн тал» повесінде Сафуан лирик жазушы ретінде көрінеді. Ол туған даланың табиғатын адам сезімімен, оның ұлылық, әсемдік туралы ұғымымен байланыстырады. Суретші Бағланның шығармашылық шабытты табиғат көркінен, Әспет қыз бейнесінен алуға ұмтылысы осыны аңғартады. Бағлан мен Әспет кездескен Мәжнүн тал – қазақ даласының аруақты мекеніндей әсер қалдырады.
Сафуан повестері оның жазушылық өнерге деген биік талғамын, өмір сыры жайлы толғанысын бейнелейді. Ол осы дәуірде бұл жанрдың көркемдік баюына, тақырыптық тереңдеуіне, лириктік сыпатына мол үлес қосты.
Бұл дәуірдегі жанр жүгін көп атқарған жастар болды. Олардың көбі әдебиетке ауыл өмірін жырлай келді. Ал ауыл деген, қанша дегенмен, біздің ұлттық ұямыз ғой, сондықтан ауыл өмірін, оның адамдарын жазу арқылы жас таланттар өзінің өскен ортасын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тұтастай алғанда, ұлттық тұлғасын ашуды мақсат етеді, ұлттық ұғым-түсінікті, ұлттық психологияны кең түсіндіреді. Бұл тұрғыда М.Мағауиннің «Тазының өлімі», «Қара қыз», С.Мұратбековтің «Жабайы алма», «Жусан иісі», О.Бөкеевтің «Қар қызы», «Сайтан көпір», Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау», Д.Исабековтің «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекші», Т.Әбдіковтің «Ақиқат», «Әке», Т.Нұрмағамбетовтың «Қош бол ата», «Тұнық су» т. б. повестері ауыл өмірі мен ауыл адамдарының характерін жаңа қырынан аша білуімен, идеялық-көркемдік ізденістерімен бағалы. Оларда ұлттық психологияның биік көрінісі болған, «даланың иісі бұрқырап» (С.Жиенбаев) жүрген ауыл қарттарының кесек бейнелері жасалады. Тоқсанбай («Дермене»), Қажымқұл («Тіршілік»), Сейсен («Әке»), тағы басқалар тек адамгершілік пен имандылықтың ғана тұтқасы емес, күн санап жастары қалаға кетіп ұмытыла бастаған ана тіліміздің де қамқоры, ұлттық сананың мектебі болып көрінеді. Оралхан повестерінің қайсар мінезді кейіпкерлерін де ауыл, таудың боранды қатал табиғаты тәрбиелеген. Сайынның жабайы алма жеп, жусан иісін бойына сіңіріп өскен балалары да ауыл перзенттері. Мұндай ұлттық тұлға жасау проблемасы жоғарыдағы повестердің көбінде-ақ жақсы шешілген. Мұхтардың Айгүлі мен Қазысы, Сайынның Аяны мен Қанаты, Әбіштің Еңсебі, Төленнің Сайлауы мен Болаты, тағы басқалар өзіндік мінез-құлқымен ерекшеленген. Олардың бойында жалпы адамға тән мінез бен қылық бар. Өмірден үйренеді, қате басады, сабақ алады. Образ диалектикасы дегеніміз осы. Ал, бұрынғы дәуірде жастар бойынан талап етілетін идеологиялық ұстамдылық, үгітшілдік, дидактизм оларға жат. Бұл жас авторлардың үйреншікті дағдыдан, стандарттан бойын аулақ салып, саясатшы емес, суреткер есебінде өсіп, қалыптасқанының белгісі.
Қоғамның әділетсіз қыспағына түскен адамдар тағдырына үңілуде Д.Исабековтің сәтті ізденістері байқалады. Оның повестерінде тағдыры ауыр адамдар көбірек суреттеледі. Соған қарамастан оларды рухына тән оптимизм көтеріп, тіршілік етуге ұмтылдырады. Бұл, әсіресе, «Сүйекші» повесіндегі Тұңғыш бейнесінен танылады.
Ауыл мен қала өмірін суреттеді деп шартты түрде бөлінгенмен, бұлардың арасында алшақтық жоқ. Қала жастары да ауылдан шыққан, бірақ оқу бітіріп қалада қалып, соның ғұрпын бойына сіңірген адамдар. Мұндай тақырыптағы шығармалар ауылда көбірек көрінетін ұлттық белгілердің қала адамдары бойында азайып бара жатқанына назар аударады. Қ.Мұхамедқалиевтің "Ескі достарынан" мұны анық көреміз. Повестің басты кейіпкері қалада оқу бітіріп ауылға кеткен Нұралқан жеті жылдан соң қалаға келіп, ескі достарын іздейді. Ол студенттік ақкөңіл, адал достықтың уақыттың тежеуіне түсіп өзгере бастағанын көреді. Сөйтіп, достарымен алаңсыз демалам деп келген Нұралхан ойына ой жамап қайтады. Неге бұлай? Достық қайда? Жазушы осы арқылы әңгімені моральдық-этикалық тұрғыға бұрады.
Қала мен ауылдың ара қатынасы, байланыс Т.Нұрмағамбетовтің «Тұнық су» повесінде де жап-жақсы көрініс тапқан. Жазушы реализмі айғайсыз, жұпыны шындыққа құрылады. Ол характер ашар детальдарды орынды пайдаланады. Табиғат пен адамның байланысы, ел сүю, жер сүю сезімдері повесте кейіпкерлердің психологиялық күйімен астаса шешім табады.
Өмір қандай күрделі жан-жақты болса, әдебиет ізденістерінің проблемасы да, тақырыптық ауқымы да кең. Бұл қазақ повестерінің әр алуан түрінен байқалады. Адам тағдырын негізгі нысана етіп ала отырып, әдебиет оның адамгершілік жолындағы күресінің маңызды жақтарын зерттеуде. Өмір дамуы біркелкі еместігін, оның көп проблемалығын біз Қ.Жұмаділовтің «Саржайлау» (1998) повесінен танимыз. Шындықты романға тән эпикалық суреттермен бейнелеуге құрылған бұл повесте ауыл шаруашылығын өркендету жолындағы ескі ұғым мен жаңашыл идея тартысы сөз болады. Жердің құнарына қарамай, барлық совхозды бірдей егін егуге зорлаған идеяға қарсы жаңа пікір бой көтеріп, жері қуаң ауылдарды таза мал шаруашылығына мамандандыруды ұсынады. Ал, ауыл басшысы жоғарыдан алған нұсқауды орындаудан аса алмайды. Ауылдың колхоз, совхозға бірігіп, нұсқаумен өмір сүрген кезіндегі мұндай тартыстың бүгін күні өткені де байқалады.
Қазақ повестерінің бір алуаны соғыс туралы естеліктерге құрылған. Бұл тақырыптағы туындылар соғыс кезінің ауыртпалығын басынан кешкен әйелдің (К.Қазыбаевтың «Құпия» повесі), алыс ауылда сол кездің қиыншылығына куә болған баланың (Д.Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесі), еңбек армиясының қатарында болған азаматтың (О.Бөкеевтің «Бәрі де майдан» повесі) әңгімелері түрінде жазылған. Бұлардың бәрі де алыстағы қазақ ауылының жоқшылық пен аштық жайлаған кейпін шебер суреттеп, аянышты тағдырларды ашады. Оралхан кейіпкері еңбек армиясындағы қызметтің ауырлығын айтып, оны бүгін жеңіс тойына шақырмағанына өкпелейді. Соғыстың адам басына салған ауыр зардаптары Қ.Найманбаевтың «Көкем екеуміз» атты повесіне де негіз болған. Мұнда панасыз мүгедек Құрман мен жетім бала Нұртастың туысуы екеуінің арасындағы жылы қарым-қатынас әдемі суреттелген.
Адамның адамгершілік қасиеттерін анықтауда, оның рухани байлығын биік азаматтық тұрғыдан түсіндіруде махаббат тақырыбының да өзіндік маңызы бар. Бұл тақырыптағы повестер адамның ескірмейтін, тозбайтын сезім байлығын жаңа жағдайларға байланыстыра зерттейді, одан адамды өмірге құлшындыратын, алға сүйрейтін өршіл идея іздейді.
М. Мағауиннің «Мәңгілік күй» атты повесі екі хикаядан тұрады. Бірі – жолаушылап жүріп, аэропортта кездескен жазушы, композитор, суретші үшеуінің алғашқы махаббаты жайлы сырлары да, екіншісі – күйеуі сотталған жас әйелге кездескен шофердің әңгімесі. Екі хикаяға ортақ идея -махаббаттың мәңгілік күйі. Бірақ Мұхтар әр хикаяны өзінше дамытып, тың мазмұн береді. Жазушы мен суретшінің алғашқы махаббаты жүректе сөнбеген жалынға, арманға айналып, олардың шығармашылығына, әсемдікті тануына дем беріп жүрсе, композитор сүйген әйеліне үйленіп, "арманына" жетеді. Алайда сүйгені – сырты алдамшы, іші «аждаһа» боп шығады. Екінші хикаяда Мұхтар махаббатты қорғай алатын, ол үшін өзін де құрбан етуге әзір азаматтың тұлғасын ашады.
Б.Мұқаев «Жедел жәрдем» повесінде адасып қалған алғашқы махаббатын қайта тапқан адамның жан тазалығын суреттесе, О.Бөкеев «Мынау аппақ дүние» повесінде жас жігіттің тұңғыш сезім күйін, дүниенің бәрін әппақ тұтып, «бозбалашылықтың боз атына» мініп жүрген көңіл күйін ашады.
Ал, А.Мекебаевтің «Жар жағалаған қыз» повесінің кейіпкері Мұңлық алданған, намысы тапталған қыз. Оның ылғи жар жағалап жүруі – жоғалған махаббатын іздеуі. Повесть адамгершілік мәселесін шын махаббат жолында құрбандыққа шалынған қыз тақырыбы арқылы қозғайды.
Бұл айтылғандар, бір тақырыптағы шығармалардың өзі, өмірдегі сияқты, әрқилы жолмен дамып, түрліше аяқталып, шешіліп жататынын көрсетеді. Оның бәрі, түптеп келгенде, өмір шындығын танудың, түсінудің жолдары.
Шындықты тану мен оны көркем бейнелеудің әр түрлі жолдарын іздестіру соңғы жылдардағы әдеби процестің елеулі ерекшелігі болып табылады. Сондай жайдың бірі – шындықты шартты оқиғалар мен аңыздық сюжеттер негізінде ашып, сол арқылы адам өмірінің өзекті мәселелерін қозғау, ұқсас жайларды суреттеу негізінде жалпы адамға тән гуманизмді көрсету. Шындықты танудың бұл жолы адам тіршілігінің әлеуметтік, адамгершілік негіздерін тануға жол ашады, өмірді аллегориялық бейнелермен толықтырады. М.Сқақбаевтың соңғы жылдары жазған шығармаларында осы сыпат танылады. Жазушы "Ұят туралы аңыз" повесін аңыздық сюжетке құрған. Оның негізіне адам баласын үнемі толғандырып келген зұлымдық пен адалдықтың күресі алынған. Ертегілік оқиғаларға нақты адамдық бейне араласады. Ол суреттеген Тәңірі періштелер Шапағат пен Кесепат та аңыздық күйден көркем бейнеге айналған. Повесте жалпы адамдық проблемаларды гуманистік тұрғыдан шешуге ұмтылыс бар.
«Ғажайып бала» повесінде Марал өмірде сирек кездесетін құбылысты – ғажайып баланың өмірін сөз етеді. Сонымен бірге ғажайып баланың маңындағы адамдар қарым-қатынасының күрделілігін ашады. Адамдық әлсіздіктер бірін-бірі қағып-соғып, мұқатып, ақыры ғажайып баладан айырып тынады.
Қазіргі қазақ повесінің сәтті ізденістері К.Сегізбаевтың «Жылдың ең қысқа күндері», Ж.Түменбаевтың «Ауыл шетіндегі үй», т. б. шығармаларда көрінеді.
Бұл айтылғандар әр түрлі көркемдік ізденістерді бастан кеше отырып, қазақ прозашыларының эпикалық дәстүрді байытуда табысты қызмет істеп келе жатқанын байқатады. Ең бастысы – қазіргі қазақ повесі өмірдің өзекті мәселелерін зерттеп, адамды тануға ұмтылыс үстінде, осы негізде стильдік жағынан да байып жетілуде, әлемдік әдебиет үлгілерін бойына сіңіруде. Халықтың кешегі, тарихын ой көзімен шолып, тарих сабағының көркем суретін тануда Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесі ерекше атауды керек етеді. Мұнда елмен, жермен байланысты адам сезімі, оның ауыр тағдыры суреттеледі. Тоталитарлық жүйенің тәртібіне шыдамай елден кеткен Балзия қартайғанда немересін жетектеп елге оралады. Өзі жете алмаса да, жас Аманайын туған топырағына жеткізіп, шекарадан өткізеді. Балзия өмірінің өткен шақтарын еске алу арқылы жазушы отызыншы жылдардың азапты шындығын ашады. Балзияның жастығын, адал махаббатын таптық күрестің құрбандығы етіп, жат елден пана табуы – адамның шындықты іздеу жолы, тарих жолы кейінгіге сабақ ретінде ұғылады.
70-80-жылдарда әңгіме жанры да өркендеу жолында болғаны даусыз. Үлкен проза мен драматургияда жұмыс істеп жүрген Ғабит Мүсірепов анда-санда әңгімеге бір соғып қоятын әдетімен, бұл жылдары «Қарлы жаңбыр астында», «Атақты әнші Майра» атты әңгімелер жазды. Бұларда өзінің аға замандастары М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, М.Уәлиқызы сияқты әдебиет пен өнер қайраткерлерін еске алып, олармен араласқан тұстағы кейбір өмір штрихтарын суреттеді. Сол арқылы ағаларының көркем бейнесін танытуға үлес қосты. Төкен Әлімқүлов та Махамбет, Ақан сері, Тәттімбет, Ықлас, Сүгір, Сәкен Сейфуллин өмірінен әңгімелер жазып, өнер иелеріне тән жан сырын, сезім сұлулығын көркем бейнеледі. Бұл жылдардағы әңгіменің ауыр салмағын, негізінен, жастар көтерді. Олардың ішінде алдыңғы дәуірде әдебиетке келіп, біраз тәжірибе жинап қалған Ш.Мұртаза, Ә.Тарази, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, М.Сүндетовтермен қатар жас ұрпақ өкілдері Ә.Сараев, О.Бөкеев, С.Елубаев, О.Сәрсенбаев, I.Жақанов, Д.Исабеков, Т.Нұрмағамбетов, Т.Әбдіков, Т.Тілеуханов, С.Санбаев, М.Қабанбаев, сияқты талантты топ бар еді. Осы екі буынның күшімен көркем әңгіме тақырыптық–көркемдік жағынан біраз байып, адам характерін ашуда ілгері басқандығын танытты. Бұрынғыдай тақырыбын саудаламай, ішкі мүмкіншіліктерін кең жария етті, лирикалық, психологиялық үлгілерді дамытты. Бұған С.Елубаевтың «Ойсыл қара» (1972), Д.Исабековтің «Қара шаңырақ» (1973), О.Бөкеевтің «Ән салады шағылдар» (1978), Т.Әбдіковтің «Ақиқат» (1974), Т.Нұрмағамбетовтің «Қош бол, ата» (1972), «Тұнық су» (1980), О.Сәрсенбаевтың «Уәде» (1985), І.Жақановтың «Қазақ вальсі» (1983), Т.Тілеухановтың «Біздің әкелеріміз» (1984), М. Сқақбаевтың «Көңіл жұбанышы» (1988), К.Сегізбаевтың «Қыстың ең қысқа күндері» (1978), т.б. жинақтар дәлел бола алады. Бұларда адамдық мінез-құлықтың ерекшеліктері, олардың арасындағы қарым-қатынас, соларды түсіну арқылы өмір тану мәселелері кең қойылады. Сезім жылылықпен суреттеледі. Мысалы, Д.Исабековтің «Қара шаңырағы» – әкенің шаңырағы. Осы шаңырақ астындағы адамдардың, әсіресе, әке мен баланың сезімін жазушы аса құрметпен көрсетеді. Солардың арасындағы түсініспестік те ұзаққа созылмайды. Баладан «алам» деп үйренбеген, оны көргеніне мәз боп отыратын ата-ана қара шаңырақтың қасиетті иелері боп танылады.
Оралхан әңгімелерін Ораш деген жас жігіттің естеліктеріне құрып, көп нәрсені соның түйсінуімен, әсерімен береді. Ол Арай деген қызбен кездескенін, оның аянышты өлімін еске алады, ауыл адамдарының еңбекқорлығын («Апамның астауы»), Тортайдың кітапқұмарлығын («Тортай мінер ақ боз ат») қызық тұтады. С.Елубаев әңгімелері жан-жануарларды суреттеуімен қызықты. Т.Нұрмағанбетов әңгімелері бала өмірін, оның психологиясын шебер аша білуімен, жастардың өмір тануына көмектесер детальдық шындығымен ерекшеленеді.
Адамдар арасындағы қарым-қатынастың, өмірдің қайшылықты құбылыстарының күрделі шындығын ашуда Т.Әбдіковтің, О.Сәрсенбаевтың, М.Сқақбаевтың, Т.Тілеухановтың, К.Сегізбаевтың әңгімелері көрнекті орын алады. Т.Әбдіковтың «Оң қолы» – психологиялық әңгіме. Өмірге құштар, бірақ ауру қыздың тағдырын шеберлікпен бейнелейді. Т.Тілеуханов ер адамның қызметін істеп,еркек орнында жүріп үйренген Еңліктің әйелдік сезімі оянуын әдемі ашады. К.Сегізбаев «Аяқталмай қалған әңгімесінде» дағдылы ғашықтық хикаясын реттей келіп, махаббат үшін күресу керектігі жайлы ой түйеді. Ал, К.Сәрсенбаев басына іс түскен кезде айныған достықтың алдамшылығын еске алады.
Достарыңызбен бөлісу: |