2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 26-1) тармақшамен толықтырылды
26-1) интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламалары – білім беретін оқу бағдарламаларының тиісті мазмұнды аспектілерін біріктіру негізінде әзірленген білім беретін оқу бағдарламалары;
27) интернатура - медициналық жоғары оқу орындарының білім алушыларын базалық медициналық білім беру шеңберінде бір немесе екі жылдық даярлау нысаны;
28) интернаттық ұйымдар - жатын орны беріле отырып, белгілі бір санаттағы адамдардың білім алу құқығына мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары;
28-1) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары – ата-анасын немесе басқа да заңды өкілдерін анықтағанға дейін үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды, оларды уақтылы орналастыру мүмкін болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, қорғаншылық және қамқоршылық органы балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген кезде ата-анасынан (олардың біреуінен) немесе қамқорлыққа алған басқа адамдардан алып қойған балаларды, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарына жіберілген балаларды қабылдауды және уақытша ұстауды қамтамасыз ететін, білім беру органдарының қарамағындағы ұйым;
29) кәсіптік бағдар - білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер саласында, мамандық пен оқитын орнын еркін және саналы таңдау құқықтарын іске асыруына ақпараттар мен консультациялық көмек беру;
29-1) кәсіптік даярлау – техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандарын даярлау бойынша қысқартылған мерзіммен оқытудың кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыруды көздейтін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бір бөлігі;
30) кәсіптік даярлықты бағалау – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары түлегінің біліктілік (қабілеті) деңгейінің тиісті кәсіптік қызмет түрі шеңберінде жұмысты орындауға сәйкестігі дәрежесін айқындау;
31) 2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
32) 2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
33) кешенді тестілеу - ақпараттық технологиялар қолданылып, бірнеше оқу пәндері бойынша бір мезгілде өткізілетін емтихан нысаны;
34) клиникалық база - жоғары оқу орнының немесе денсаулық сақтау ұйымының жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының базасында жұмыс істейтін, материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейі болатын, ұйымдық-әдістемелік, оқу, емдеу-диагностикалық және ғылыми-зерттеу жұмысының қазіргі заманғы әдістері негізінде дәрігерлерді, ғылыми кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын және медициналық көмектің барлық түрлерін көрсететін клиникасы;
2011.24.10. № 487-ІV ҚР Заңымен 35) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
35) колледж – жалпы орта және техникалық пен кәсіптік білім берудің немесе орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
35-1) кооперативтік оқыту – мемлекеттің, жұмыс берушілердің және оқу орындарының корпоративтік жауапкершілігіне негізделген, кадрларды кәсіптік даярлауды ұйымдастыру нысандарының бірі;
36) кредиттік оқыту технологиясы - білім алушының және оқытушының оқу жұмысының көлемін өлшеудің сәйкестендірілген бірлігі ретінде кредитті пайдалана отырып, білім алушылардың пәндерді оқып зерделеу дәйектілігін таңдауы және дербес жоспарлауы негізіндегі оқыту;
37) қабылдау квотасы - І, ІІ топтағы мүгедектер, жеңілдектер мен кепілдектер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар мен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына кабылдау үшін бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысының, оның ішінде білім беру гранттары көлемінің шекті саны;
37-1) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының «Өркен» білім беру гранты (бұдан әрі – «Өркен» гранты) – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тағайындайтын грант;
37-2) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор – жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның қолдаухаты бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган беретiн ғылыми атақтар;
38) қашықтықтан білім беру технологиясы - білім алушы мен педагог қызметкердің жанама (алыстан ) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту;
38-1) қосымша білім беретін мектептен тыс ұйым – білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу-тәрбие ұйымы;
39) қосымша білім беру – білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту процесі;
40) лицей – оқушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес оларға кең ауқымда және тереңдете жаратылыстану-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін және қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
41) магистр - жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін академиялық дәреже;
Достарыңызбен бөлісу: |