16.Оғыздардың этникалық тарихы Оғыздар (ежелгі түркіше – оғуз; қазақша – оғыз) —— орта ғасырларда Орталық Азияда өмір сүрген түркі тілдес тайпалар. Оғыздар атауын бірқатар зерттеушілер алғашқыда «тайпалар», «тайпалар бірлестігі» деген ұғымды білдірген деп есептеді.
Оғыздар жайлы деректер түрлі жазба ескерткіштерде, шежіреде, жыр, аңыз әңгіме үлгілерінде ғұз, оғыз деген атаулармен ертеде орта ғасырлардан басталғаны белгілі. Оғыз атауының ұлыстық, тайпалық этнонимге айналуы түркі халықтарына ортақ «Оғызнама» жырындағы басты кейіпкер Оғыз қаған есімімен тікелей байланысты. Жырда ол барша түркі ру-тайпаларының арғы атасы етіп көрсетіледі. Уақыт өте келе оның есімі этностық атау мағынасына айналған.
7 ғасырдың басында Түркі қағандығы құрамында тоғыз оғыз одағы пайда болды. Орхон руна жазуында Шығыс Түркі қағандығы (6 – 8 ғасырлар) құрамына кірген Оғыздар тайпалары Шығыс Моңғолияны мекендегендігі айтылады. Н.Я. Бичурин өзінің «Ерте кездері Орта Азияны қоныстанған халықтар жөніндегі мәліметтер» жинағында «Шығыс Түркі қағандығы кезінде Ашина ұрпағының «түркі» атымен (қайта аталып) оғыз-түркі тайпа одағының әкімшілік бірлігі болды» деп жазады.
Оғыздар шамамен 8 ғасырдың орта шенінде Жетісудан Қаратау бөктері мен Сырдарияның төменгі ағысы алқаптарына жылжи бастаған. Қырғыздар шабуылынан 840 жылы Ұйғыр қағандығы ыдырап, оған тәуелді түркі-оғыздар қарлұқтармен болған қақтығыс нәтижесінде 9 ғасырда батысқа қарай ығысты. 9 – 10 ғасырларда Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағында Оғыздар этносы бірте-бірте қалыптасып орнықты. Оғыздардың этностық құрамына Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларын мекендеген ежелгі этностық топтар (негізінен, түркіленгендер) мен Жетісу, Сібірдің көшпелі және жартылай көшпелі рулары мен тайпалары енді. Оғыздар бірнеше тайпаға, тайпалар руларға бөлінді.
Махмұт Қашқаридың (11 ғасыр) деректерінде оғыздардың алғашқы 24 тайпадан, кейін 22 тайпадан құралғаны айтылады. Олар: қынық, қайығ, байундур, йуа-йыуа, салғур, афшар, бәктілі, бугдуз, байат, йаз-ғыр, аймур, қарабөлук, алқабөлук, ігдір, урәгір-йурәгір, тутырқа, улайундлуғ, тугәр-тігер, бажанақ, чувулдар, чәбич, чаруқлуғ. Жетекші руы – қынық. Оғыздар бұзұқ (бузук), ұшұқ (учук) болып екіге бөлінді. Олар тиісінше оғыздар әскерлерінің оң және сол қанаттарына кірді. Осы топтардың әрқайсысы теңдей екі топқа бөлінген 24 тайпадан құралды.
9 ғасырдың соңы мен 10 ғасырдың ортасында Арал теңізі, Каспий теңізі және Сырдарияның төменгі алқаптарында Оғыз мемлекеті құрылды. Мемлекет орталық Янгикент (Жаңакент) қаласы болды. Махмұт Қашқари оғыздардың Сабран (Сауран), Сіткун (Сүткент), Суғнақ (Сығанақ), Қарнақ, т.б. қалалары болғандығын айтады.
11 ғасырдың ортасында шығыстан келген қыпшақтар оғыздар мемлекетін талқандады. Оғыздардың бір бөлігі батысқа кетіп, оңтүстік орыс далаларына қоныс тепті. Салжұқтар басқарған басқа бір бөлігі алдыңғы Азия елдерін жаулап алды. Оғыздардың солтүстік-батыстағы бөліктері бертін келе Еділдің төменгі бойындағы татарлармен, оңтүстік Оралдағы башқұрттармен сіңісіп кетті.
Сырдария, Арал алқаптары мен Солтүстік Каспий маңын мекендеген Оғыз тайпалары қазақ тарихында айтарлықтай із қалдырған. Оғыздардың 11-13 ғасырларда Кавказ бен Кіші Азияға өтіп кеткен оңтүстік тобы әзірбайжан, түрік, гагауз халықтарының этногенезінде маңызды рөл атқарды. .[1][2][3]