Қазақстан тарихы бойынша түсіндірме жазба


«Қайта құру» жылдарындағы Қазақстанның саяси жағдайына талдау жасаңыз



бет73/93
Дата17.02.2022
өлшемі1,1 Mb.
#25739
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   93
2. «Қайта құру» жылдарындағы Қазақстанның саяси жағдайына талдау жасаңыз.

1985 жылы наурызда КОКП-ның басшылығына М. С. Горбачев бастаған, қалыптағыдан өзгеше ойлап, жаңаша әрекет ететін топ келді. Қайта құру мен қоғамды демократияландыру үрдісіндегі қадам 1987 жылы жасалды. М.Горбачев Кеңес қоғамы дамуының негізгі кезеңдеріне талдау жасады. Бұл жолы сталинизмнің жан түршігерлік қылмысты әрекеттері жайында ашық айтылды.



Кадр саясаты. 1986 жылғы Алматы толқулары сол кездегі билік иелерінің күш қолдануымен аяусыз басылып тасталса да, халықтың санасына түскен демократия саңылауын мүлдем өшіре алмады, оның әділетті қоғам құруға деген құлшынысын тежей алмады. Қазақстанның жаңа басшысы Г.Колбин шын мәңінде генерал-губернатор миссиясын атқарды, билік басына келгеннен кейін ол республика кадрларының жоғарғы легін тазалаудан өткізді.1989 жылдын маусымында Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Н.Назарбаев келді. Жаңа басшылық алдында бір қатар жауапты шараларды іске асыру міндеті тұрды. Ең алдымен халықты «қазақ ұлтшылдығы» деген айыпты атақтан арашалауға күш салынды.

Тіл саясатының жаңаша жүргізілуі. 1987 жылы Қазақстан КП ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қазақ және орыс тілдері туралы қаулылары шықты. Мұнын нәтижесі тілдер туралы арнайы заңның қабылдануына түрткі болды. «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы Қазақ КСР-нің заңы» 1989 жылдың қыркүйегінде қабылданды. Бұл құжатта егеменді Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі- қазақ тілі деп көрсетілді. Орыс тілі республикадағы ұлтаралық қатынас тілі болып жарияланды. Бұл заң қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны одан әрі дамыту ісіне кең жол ашты.

Қайта оралған есімдер. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1930-1950 жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған қазақ зиялыларының бір тобы ақталды.Олар- көрнекті ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931), жазушы әрі ғалым Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931), жазушы, педагог Міржақып Дулатұлы (1885-1935), тіл, әдебиет, саясат, ғылым, журналистика салаларында мол қалдырған Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937), атақты ақын, белгілі саясатшы, педагог Мағжан Жұмабаев (1893-1938) т.б.Кеңес билігі жылдарында әр түрлі жаламен айдалып, сотталып кеткен кеткен қоғам және мәдениет қайраткерлерінің бұған дейін ақталмағандарының өзі жүздеп саналатын. Осы кезден бастап баспасөз бетінде аса көрнекті қоғам және мәдениет қайраткерлері Әлихан Бөкейханов,Мұхамеджан Тынышбаев, Халал Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Құдайберген Жұбановтардың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты шындықтар айтылған материалдар көптеп жариялана бастады. Осыдан бастап большевиктік лаңкестік құрбандарын ақтау, олардың қоғамдық қызметін саралап, баға беру, Қазақстан тарихында алатын орнын анықтау түгелімен ұлт зиялыларының, қазақ халқының өз қолына көшті.

Қазақстандағы саяси жағдай.1980 жылдардың екінші жатысында КСРО-да және өзге социалистік елдерде түбегейлі өзгерістер болып жатты.1989 жылдың соңғы айларында ГДР-де, Румынияда,Чехословакияда, Болгарияда болған саяси толқындар елдердегі тоталитарлық режімдерді жойып, демократиялық өкіметтер орнатты.1989 жылы жаңадан сайланған КСРО халақ депутаттарының I съезінде саяси, эканомикалық-әлеуметтік және рухани даму салаларындағы көптеген көлеңкелі жақтардың беті ашылды. Демократиялық қоғам құру үшін одақтас республикалардың құқықтық жағдайын қайта құру мәселелері көтерілді. КСРО-да болып жатқан оқиғалар Қазақстанда демократия үшін күрестің одан әрі өрлеуіне,бұқараның саяси белсенділігінің артуына тікелей ықпал етті.1989 жылдың күзінде Қазақстанның Жоғарғы және жергілікті кеңестерінің сайлауы өтті. Бұл сайлауда алғаш рет балама кандидаттар дауысқа түсті.Олардың арасында пәрменді іс жүргізуге қабілетті, ынталы адамдар бар еді. 1990 жылдары партияның барлық іске араласуына шек қойыла бастады. Кеңестер алғаш рет өзінің төл ісіне – заң шығарумен айналысуға, мемлекеттің даму үрдісіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, шешімдер қабылдауға отырды. Біртіндеп кәсіподақтар мен комсомол ұйымдары да өз еріктерімен әрекеттенуге көше бастады.Қоғамдық-саяси бірлестіктердің құрыла бастауы. Адамдардың өзінің жүрек қалауымен қоғамдық-саяси бірлестіктер құрып, ұйымдасқан әрекет арқылы алдына қойған мақсаттарына жетуге мүмкіндік алуы республикада демократиялық ұстанымдарды енгізу үрдісіндегі маңызды қадамдардың бірі болды. 1980 жылдардың соңында Қазақстанда да түрлі қозғалыстар мен саяси бірлестіктер пайда бола бастады. Олардың ішіндегі алдына ізгі мақсаттар қойған ең ірілерінің бірі –«Невада-Семей» антиядролық экологиялық қозғалысы болды.1989 жылдың 28 ақпанында Алматыда бой көтерген бұл қозғалыстың ұйымдастырушысы және идеялық жетекшісі-белгілі ақын,қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды.Қозғалыс халыққа аса үлкен қасірет әкелген Семейдегі ядролық сынақ полигоның жаптыру міндетін алдына қойды.Сонымен қоса бұл саяси ұйым "5-5" формуласы бойынша әлемдегі аса ірі полигондардың бәрін жою,әскери мақсаттағы-ядролық соғыс қаупін ыдырату сияқты ғаламдық мәселелерді көтерді. 1990 жылдың жазында «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Қозғалыс алдына аса үлкен саяси-әлеуметтік мақсаттар қойды. Қазақстанның егеменді ел болуы, КСРО-дан бөлініп, өз алдына жеке мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа енуі-қозғалысты ұйымдастырушылардың көкейкесті арманы еді. «Славян» қоғамы Қазақстанда тұратын славян текті жұрттар өкілдерінің мүдделерін қорғау ниетін көздеп құрылды. Қазақстандық немістердің «Видергебурд» (қайта өрлеу) ұйымы құрылды.Украин, татар, корей , тағы басқа халықтардың тарихи-мәдени ұйымдары сол ұлт өкілдері жинақы қоныстанған елді мекендерді қамтып, алдарына қойған саяси-ағартушылық мақсаттарын орындауға кірісті.1990 жылдың соңына таман Қазақстандағы саясаттанған қоғамдық бірлестіктердің саны жүзден асып кетті. 1991 жылдың маусымында «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы заң» қабылданды. Республикада шын мәніндегі пікір алуандығы көрініс беретін, көппартиялық саяси құрылымның негізі қалана бастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   93




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет