Білім. Тоқырау жылдары қазақ мектептерінің жағдайы ауыр болып қала берді. Қазақ тілінің қолданыс қызметі шектеліп, тұрмыс аясынан аспауы білім беру саласына кері ықпал етті.1970 жылдар ішінде ірі агрокешендер құрылып, "болашағы жоқ" елді мекенеер қараусыз калғанда олардағы жүздеген мектептер жабыла бастады. Олардың бәрі дерлік қазақ тілінде оқытатын, көпшілігі шағын комплектілі мектептер болды. 1950-970 жылдар ішінде сабақ орыс тілінде оқытылатын мектептердің саны 1,5 мыңға артқанда, қазақ мектептерінің саны кеміп, 3 891-ден 2 577-ге түсті.
Ғылым. 1960-1970 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы КСРО-дағы ірі ғылыми орталықтардың біріне айналды. Жекелеген ғалымдар мен топтар өндірістік мәні бар салаларда жетістіктерге қол жеткізді. 1970 жылдар ішінде құқықтық ғылымда бағыттар пайда болып, заң актілерін белгілеу жұмыстарына қатысты. Отырарда және басқа өңірлерде қазба жұмыстарын жүргізген археологтар едәуір табыстарға қол жеткізді. Тұтастай алғанда тоқырау жылдарында қоғамдық ғылымдар қатты зардап шекті.Ғалымдар ғылыми еңбектерін әкімшілік сызып берген шеңбер көлемінде ғана жазатын болды. Ол кезде ғылыми еңбектерді бағалау мен оның авторларына ғылыми дәреже беру тек Мәскеуде ғана шешілетін. Бұл жағдай қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында тек Орталықта отырған идеологтардың қолайына жағатын еңбектердің ғана жарыққа шығуын қамтамасыз етті. Сонымен қоса, жергілікті ұлт өкілдері арасынан шыққан ғалымдардың сандық мөлшеріне де шек қойылды. Қоғамтанушы ғалымдардың кемелденген социализм жағдайында қазақ халқының өзге ұлттармен барынша жақындасып, коммунизмнен бақыт табатынын дәлелдеген трактаттарында ғылыми зерттеуден гөрі насихат басым түсіп жатты. Қазақ халкының өз жерінде ұлттық азшылыққа ұшырап, экономиканың басты саласы - қала өнеркәсібінен аулақтап қалғаны, демографиялық дамуда баланстың бұзылуы, ұлттық дәстүрдің тозуы, ұлттық мәдениеттің кұлдырауы сияқты мәселелердің бәрі нақты ғылыми тұрғыдан талданбады.Ғылым академиясына қарасты Философия және құқық институты бола тұра, әлеуметтік психология, эстетика, кибернетика, социология, демография ғылымдарының түрлі салалары бойынша халыққа қажетті зерттеулер жүргізілмеді. Қазақ халқының ұлт ретінде ыдырау жолына түсуінің сырына үңілу талабы жасалмады.Әсіресе Қазақстан тарихы қатты бұрмаланды. Тарихшылар тек Кеңес заманының жетістіктерін зерттеуге жұмылдырылды. Соның салдарынан көпшілік санасында Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы тек көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған, мәдениетке тек Кеңес билігі тұсында ғана қол жеткізді деген ұғым қалыптасты. Өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының мемлекеттік қайраткерлерінің - хандары мен билерінің, ел қорғаған қолбасылары мен батырларының есімдері ұмытыла бастады. Тәуелсіздік үшін күрескен қайраткерлер буржуазияшыл-ұлтшыл ретінде сипатталды. Кеңес билігі тұсындағы ауыр нәубеттердің сырын ашуға бағытталған зерттеулер жүргізуге тыйым салынды.
Әдебиет. Қазақстан жеріне шет жұрттықтарды мейілінше көп әкелуге қарамастан, 1960 жылдары жергілікті ұлт өкілдері қоныстанған ауылдарда қазақша тілдік орта сақталып келген еді. Осы жағдай қазақ әдебиетіне жастардың әлі де болса ынтызарын аударып, әдебиетте соны серпін туғызды. Әдебиет көкжиегінде жыл сайын ондаған тың есімдер пайда болып, жыл сайын жаңа романдар, повестер, поэмалар жарық көріп жатты.Республика жазушыларының ішінен қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, танымал сөз шебері Ғабит Мүсірепов сол кездегі ең жоғары Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. «Қан мен тер» трилогиясының авторы Ә.Нұрпейісов, майталман акын, көптеген эпикалық поэмалардың авторы Жұбан Молдағалиев КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды.Ілияс Есенберлин романдары бұқара арасында кең танымал болды. Аса ауыр қуғын-сүргіннен кейінгі кезеңнің өзінде, таптық идеологияның өктемдігі жағдайында жазушының хан Кенесары Қасымұлы туралы тарихи шындықты ашып жазуы әдебиет тарихындағы батыл қадам еді. Шығармаларын орыс тілінде және екі тілде бірдей жазатын қазақ жазушыларының шоғыры дүниеге келді. Олардың көрнектілері Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов, Б.Момышұлы болды. Әнуар Әлімжанов тарихи романдары арқылы бұқараның санасына асқақ отаншылдык сезім ұялата білді. Әсіресе оның Әбу Насыр әл-Фараби туралы жазған "Ұстаздың оралуы" романының маңызы зор болды. Бұл шығармасы үшін автор Дж.Неру атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Б.Момышұлының соғыс такырыбына жазған шығармалары оқырман көңілінен шықты. Ұлттық мәдениеттің келешегіне қатты алаңдайтын қайраткерлер отаншылдык сезімдерін оқырманына жеткізу үшін небір көркемдік айла-тәсілдерді қолданды. Қазақ халқының басынан өткерген ауыр кезеңдерді бейнелеп, бірегей жеке тұлғаларды кейіптеген Т.Ахтанов, Қ. Жұмаділов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, т.б. шығармалары қазақ оқырмандарының көңілінен шықты.
Өнер. Бұл кезеңде классикалық музыка жанрында сазгерлер Е.Рахмадиев, Ғ. Жұбанова, К. Күмісбеков, ұйғыр сазгері Қ.Қожамияров өнімді еңбек етті. Әнші Ә.Дінішев есімі әлемге өйгілі болды. Нұрғиса Тілендиев этнографиялық оркестр құрып, ұлттық сарындағы аспапты музыканы уағыздаумен ұштастырды. Дос-Мұқасан ансамблі, Р.Рымбаева, Н.Есқалиева сынды әншілер халықаралық сайыстар лауреаты атағына ие болып, көптеген шетелдерге танылды. Ш.Аймановтың "Атаманның ақыры", С.Қожықовтың "Қыз Жібек" фильмдері халық арасында ілтипатпен қабылданған, шын мөніндегі көркем таспалар болатын. Бұл жылдары қазақша кино-драматургияның тапшылығынан, қолда бар репертуардьң тақырып ауқымының тарлығынан орта қол қойылымдар шығып жатты. Цензурадан өтпей, көпшілікке жолдама ала алмай қалған қойылымдар да болды.Өндірістік мәні бар салаларда ішінара қол жеткен табыстар болғанына қарамастан,Қазақстан ғылымының даму барысында тоқырау көрінісі айқын байқалды.Қоғамдық-әлеуметтік ғылымдар идеологиялық тығырыққа тірелді. Көркем өнерде жекелеген авторлар құнды шығармалар бергенімен,қазақ тілінің рухани өмірдегі жағдайы өзгерістер қажеттігін байқатты.Тоқырау жылдарының идеологиясы ұлы державалық шовнистік бағытымен ерекшеленді.
3. Антропологиялық сипаттамасы: