1. С.Датұлы мен К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістергесалыстырмалы талдау жасаңыз.
2. КСРО-ның ыдырауына әсер еткен негізгі себептерді атаңыз және Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялауының тарихи маңызын анықтаңыз.
3. Әмір Темірдің жорықтары мен жаулап алған өңірлерін карта бойынша баяндаңыз.
Жауаптары:
1. С.Датұлы мен К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістергесалыстырмалы талдау жасаңыз.
Ұқсастығы:Сырым Датұлы мен Кенесары Қасымұлы бастаған топтың алдында өмірлік екі мәселені шешу міндеті тұрды:1) ыдырап бара жатқан дәстүрлі қазақ мемлекеттілігін құтқару 2) жер мәселесін шешу. Олар өз күш-жігерлері мен өмірін осы екі мәселені шешуге жұмсады.Екі көтерілістің де басшылары халық тарапынан қолдау тапты. С.Датұлын Кіші жүздегі қазақ руларының барлығы дерлік қолдады. 1786 жылға қарай ол өз маңайына 7 мыңдай көтерілісшілерді жинақтады. Кенесарыны үш жүздің халқы дерлік қолдады, ол қазақ даласындағы көтерілісшілердің ішінде ең көп әскер (20 мың) жинай алды. Екі көтерілісте де отаршылдыққа қарсы күрес аясына саяси бағыттары өзара үйлеспейтін әр түрлі әлеуметтік топтар (сұлтандар, батырлар, билер, ру басылары,қарапайым халық т.б.) тартылды. Алайда Сырым мен Кенесары олардың барлығының мүддесін бір арнаға – отаршылдық жүйеге қарсы тоғыстыра білді.Сырым отаршылдыққа қарсы күрес тәжірибесін Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне(1773-1775жж.) белсене қатысу арқылы жинады десек, Кенесары туған ағасы Саржан Қасымұлы мен әкесі Қасым Абылайұлы бастаған көтеріліске (1825-1836жж.) қатыса жүріп күрес сабағын алды.Сырым Датұлы - дәстүрлі билік жүйесі Хандық Кеңестің (1797ж. Кіші жүзде көтерілісшілерді «тыныштандыру» үшін енді жаңа хан сайланбайтын болды. Кіші жүзді басқару Хандық Кеңеске берілді) қайта орнауына қол жеткізіп, осы арқылы мемлекеттіліктің соңғы нышандарын сақтап қалды. Кенесары Қасымұлы – Қазақ хандығын құрып, мемлекеттілікті қалпына келтірді. Екі көтерілістің жеңілуіне әсер еткен ортақ жайттар болды. С.Датұлы екі жақты күрес жүргізсе (патша үкіметі мен Нұралы хан мен оның төңірегіндегілерге қарсы), К.Қасымұлы патша үкіметі мен Қоқан хандығына қарсы күресті және өзін қолдамаған қырғыздар жеріне басып кірді.Жеке тұлғалық қасиеттерімен ерекше көзге түсті. Сырым батыр, шешен, ақын ретінде танымал болса, Кенесары да батыр, қолбасшы, хан, мемлекет қайраткері ретінде ел есінде қалды.Екеуі де өзге елдің жерінде қаза тапты. Сырым -1802 жылы Хиуа хандығында белгісіз жағдайда көз жұмса, Кенесары -1847 жылы қырғыз жерінде қайғылы жағдайда қаза тапты.Екі көтеріліс те тұтастай алғанда, кейбір қайшылықтарына қарамастан ұлттық сананың өсуіне септігін тигізді. Тәуелсіздікті мұрат етті.
Ерекшелігі: С. Датұлы бастаған көтеріліс қазақ даласындағы ең алғашқы, ең ұзақ (14 жылға созылды) және ХVІІІ ғасырдағы жалғыз көтеріліс болса, К.Қасымұлы көтерілісі қазақ жеріндегі ХІХ ғасырдағы ең ірі көтеріліс болды.С. Датұлы көтерілісі барысында патша үкіметі Кіші жүзде хандық билікті жою әрекетін (1786-1791жж. О.Игельстром реформасы) жасаса, К.Қасымұлы көтерілісіне дейін патша үкіметі Орта, Кіші жүзде хандық билікті жойып үлгерген еді(1822, 1824жж. реформа), сондықтан, Кенесары хандық билік жойылып кеткеннен кейін, мемлекеттілікті қайта қалпына келтіру әрекетін жасады және сол мақсатына уақытша болса да жете алды.
Айырмашылығы:Сырым Датұлы Кіші жүз, байбақты руының басшысы болса, Кенесары хан ұрпағы, Абылай ханның немересі еді. Кенесары Қасымұлы көтерілісінің құрамы көп ұлтты болды. Оған қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, поляк т.б. халықтар қатысты.Сырым Датұлы көтерілісіне негізінен қазақ халқы қатысты.Сырым отаршылдыққа қарсы көтерілістің алғашқы бастаушысы болды, ол көтерілістің әр кезеңінде өз мақсатын өзгертіп отырды (Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келуі, заңды билеуші ханды тақтан тайдыруы, өз бетімен күресті тоқтатуы – осының барлығы қозғалыстың шешуші сәттерінде оның қайшылыққа толы ұстанымда болғанын аңғартады).Кенесары күрес тактикасын өзгертіп отырғанымен,көтерілістің басынан аяғына дейін өз мақсатынан айнымады, аяғына дейін күресті, сол мақсат жолында өз өмірін құрбан етті.