Қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің асқар шыңы ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы болды. Бұл қозғалыстың басында қазақ зиялылары тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1917 жылғы Ресейде басталған революция қазақ зиялыларының өз халқының құқықтарын қорғау жолындағы қызметін жандандыра түсті.
1917 жылы ақпанда Ресейде буржуазиялық-демократиялық революция болып, монархия құлатылды. Петроградтағы оқиғалар туралы хабарды қазақ халқы, ұлттық-демократиялық қозғалыстың басшылары қуанышпен қарсы алды.
Қазақтар патша билігінің құлатылуын құптап, оны өздерінің ғасырлар бойы жүргізген күресінің нәтижесі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысында алға тартқан мақсаттарының орындалуы деп білді.
1917 жылғы Ақпан революциясы патша өкіметінің геноцид саясатын тежеді, ұлт саясаты саласында бостандықты, халықтардың теңдігін қолдайтынын мәлімдеді. Сөйте тұра ол шет аймақтардың халқына ұлттық-аймақтық өзін-өзі билеу құқығын беруден тартынды, отаршылдық басқару органдарын жоймады.
«Алаш партиясы» 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І Жалпықазақ съезінде құрылды. Партия 1917 жылы 5 қазанда «Алаш» деп аталды. «Алаш» партиясының облыстық ұйымдары қазан айында құрылды. Партияның бағдарламасының жобасы 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарық көрді. Бағдарлама 10 пункттен тұрды (мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік және сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім, жер мәселесі).
Партия жетекшісі Ә. Бөкейханов болды, партияны құруға А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, М. Шоқай, Ж. Ақбаев, Ш. Құдайбердиев, Х. Ғаббасов, М. Тынышбаев және т.б. алаш зиялылары атсалысты.
Олардың мақсаты қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, өз алдына ұлттық автономия құру болды. Үш жүз партиясы 1917 жылы қараша айында Омбы қаласында құрылды. Төрағасы – Мұқан Әйтпенов, ал орталық комитет құрамына Көлбай Тоғысов, Ысқақ Қабенов кірді.
Үш жүздің бағдарламалық тезистері шашыраңқы болды. Онда еңбекшілердің талаптарын ескеретін пункттер: қазақ шаруаларына жер беру, отырықшы өмір салтына ауысу, мектеп ашу, тұрғындар арасына білім тарату т.б. енгізілді. Бұған қоса Үш жүз заңдар жинағын құқық пен шариғатты негізге ала отырып құруды ұсынды. Құранның қатал пункттерін алып тастап, оның некеге, отбасына, мұраға қатыстыларын қалдыру керек деп жазды. Үш жүз 1917 жылы екіге бөлінді, «Үш жүз» партиясының солшыл қанатын К. Тоғысов басқарды. К. Тоғысовтың басшылыққа келуімен «Үш жүз» партиясының саяси бағдары өзгерді. Партия Кеңес өкіметіне сенім білдірді.
Алаш пен Үш жүз партияларының бағдарламаларында айырмашылықтар болды. Алаш партиясының сипаты – ұлттық партия, олар қазақ халқын ешқандай тапқа, топқа жіктемей ұлт мүддесін ойлады. Үш жүз партиясының сипаты – социалистік партия, олар еңбекші халықтың мүддесін қолдап, Кеңес өкіметін қолдады. Әлеуметтік құрамы: Омбының қала кедейлерін, шеберлерді, жәмшіктерді, бақташыларды біріктірді.