Бірінші дүниежүзілік соғыс, оның артын ала келген революциялық өзгерістер, бүкіл Кеңес елінің кеңістігін қамтыған азамат соғысы қазақ даласына да орасан зор ауыртпалықтар ала келді. 1916—1921 жылдар арасында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен көшіп кеткендердің саны 200 мың адамға жетті. Бұл сол кезеңдегі қазақ халқының шамамен бестен бір бөлігі еді. Ал 1921— 1922 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын біржолата тұралатып кетті. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын ұлғайтып жіберді. Жаңа ғана орнаған кеңестік билік күйзеліске ұшыраған қоғамның әл-ауқатын жөндеу және жақсарту қамына кірісудің орнына ең алдымен саяси мәселелерді шешуге басымдылық берді. Қоғамдық құрылыстың мұндай сипат алуы 1923 жылы 17—22 наурыз күндері Орынбор қаласында болып өткен Қазақ партия ұйымының III конференциясында анық байқалды. Ресей Коммунистік партиясыОрталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский мен Қазақ үкіметі төрағасының орынбасары А.Вайнштейн өздерінің баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде ендігі уақытта ұлттық мүддеге қатысты мәселелерге басымдылық беруден бас тартып, назарды бұқара халықтың таптық санасын көтеру ісіне бұруды талап етті.
Кіші қазан төңкерісі
1925 жыл Қазақстан халқы үшін саяси жаңалықтармен басталды. Қазақстан құрамына Сырдария және Жетісу облыстарының енуі, Орынбор қаласы мен губерниясының бөлініп шығуына байланысты республиканың әкімшілік құрылымына өзгерістер енгізілді. Ендігі уақытта Қазақ АКСР-і Адай уезі, Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу және Сырдария губернияларынан, Қарақалпақавтономиялық облысынан тұратын болды. Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен астанаОрынбордан Ақмешітке көшірілді. Жаңа астанада 15—19 сәуір күндері өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі қазақ халқының тарихи есімінің патшалык билік тұсында бұрмаланып қырғыз» аталғанын ескеріп, халыққа өз атын қайтарды. Соған байланысты Қырғыз АКСР-і ендігі уақытта Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы аталатын болды. Республиканың жаңа астанасы Ақмешіт каласының аты (бұрынғы Перовск) Қызылорда болып өзгертілді.
Қазақ қоғамына алаш зиялыларының ықпалының артуынан қауіптенген орталық билік республикадағы саяси тәртіпті қатаң бақылауға алу жолына түсті. 1925 жылдың 29 мамырында И.В.Сталин партияның Қазақ Өлкелік Комитетінің бюро мүшелеріне «Ақ жол» газетінің саяси ұстанымына байланысты хатын жолдады. Онда И.Сталин өзінің «Ақ жол» газеті материалдарымен танысып, жарияланған материалдардың мазмұн жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа Шоқай мақалаларымен сабақтас, жақын екенін айта келіп, мұндай сынға кеңестік басылымдарда орын берілуге тиіс емес деген тұжырымын білдіреді.
И.Сталин хатындағы екінші мәселе алаштық зиялылар жөнінде болды. Кеңестік басшы партияда жоқ ұлт зиялыларын саяси жәнеидеологиялық қызметтерден біржола аластатуды ұсынды.