Қазақстанда биологиялық ресурстарды тиімді пайдалану
Баймұхамбет Бахыт
Биологиялық ресурстар дегеніміз не?
Биологиялық ресурстар – тірі табиғат объектілерінде жинақталған адамға қажетті материалдық және рухани байлықты алудың көздері мен алғы шарты. Биологиялық ресурстар өсімдіктер ресурстары және жануарлар әлемінің ресурстары және т.б. болып бөлінеді. Жалпы биологиялық ресурстар биосфераның орта түзуші барлық тірі құрауыштары өндірушілерден, тұтынушылардан және ыдыраушылардан түзіліп, олар сан және мөлшер жағынан жыл сайын өсіп-өніп отырады.
Қазақстан жерінде алуан түрлі жануарлар мен өсімдіктер кездеседі. Республикамыздың флорасы бай және сан алуан. Елімізде өсімдіктердің 400-ден аса, ал дәрілік өсімдіктердің 250-ден аса түрі кездеседі. Сонымен қатар жануарлардың 835 түрі бар. Қазақстанның жануарлар дүниесі барлық палеарктикалық аймақ сияқты пайда болуы мен қалыптасуы жағынан жас. Оның қалыптасуына жануарлардың дамуының жаңа тарихы мен орналасуы, сондай-ақ физикалық-географиялық жағдайлар үлкен рөл атқарған.
Республикада ормандар тек 3,8%-ын алып жатыр. Сонымен қатар орманның жартысы – сексеуілдер. Орманды жерлердің 10%-ы Шығыс Қазақстанда, алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында. Қазақстанның орман қоры 21 млн. гектар, ол жалпы жер көлемінің 3,5 пайызын алады. Орман өндірісте бағалы материал ғана емес, сонымен қатар топырақты эрозиядан сақтау, құм көшкінін тоқтату, суды реттеу, егінді қорғау, атмосфераны шаң-тозаңнан тазартуда оның маңызы зор. Сонымен қатар орман ағаштары қуаңшылық пен аңызақ желден сақтайды.
Табиғат байлығын тиімді пайдаланудың ең негізгі бағыты кешенділік. Кешенді пайдалану – табиғат байлығының барлық тиімді қасиеттерін табиғи ортаға зиян келтірмей пайдалану. Сонымен қатар биологиялық ресурстарды пайдалану кезінде барлық шығындарды максималды түрде азайту қажет. Сонда ғана біз биологиялық ресурстарды барынша тиімді пайдалана аламыз. Біз өз еліміздің табиғат байлығына аса ұқыптылықпен қарап, қолымыздан келгенше қорғауға міндеттіміз.