Қазақстанда көшпелі малшаруашылығы және егіншіліктің дамуы. Қолөнер мен кәсіптер



бет2/2
Дата19.06.2022
өлшемі29,07 Kb.
#37083
1   2
Қолөнер мен кәсіптер.
1. Қазақ қолөнері мен кәсібінің бастаулары. Қазақтар көне дәуірден Қазақстан жерін мекендеген ежелгі тайпалар (сақтар, ғұндар, ортағасырлық түркілер, қыпшақтар т.б.) рухани материалдық мәдениетінің тікелей мұрагері. Антрополог, академик О. Смағұлов дәлелдегендей, Қазақстан жеріндегі тұрғындардың негізгі бөлігі төрт мың жыл бойы автохтонды түрде өлкені тұрақты мекендеп келді. Олардың ежелгі мәдениеті қазақ халқының материалдық және рухани мұрасымен тікелей байланысты және сабақтас келеді. Мысалы, сақтардың киізден жасалған бұйымдары қазіргі кездегі үлгілермен үндеседі. Киіз және теріден тігілген шалбар мен етік үлгілері ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы дала тұрғындарында кездеседі. 1969 жылы белгілі археолог К. Ақышев ашқан Есік қорғанындағы қару-жарақтар мен күміс тостаған, ағаш ыдыстар және қыш құмыраларды кейінгі кезеңдегі тұрғындардың күнделікті өмірінен байқай аламыз. Сонау сақ заманынан бері қазақ халқы киіз үй жасауды білді.
Ежелгі заманда мыс, қола, темір балқыту ісі кеңінен дамыды. Академик Ә. Марғұлан тапқан Жезқазған маңындағы кен орындары бұл аумақтың көне металлургия орталықтарының бірі болғанын айғақтайды. Қазақтардың темір ұсталары мен қолөнершілері металл өңдеудің тәсілдерін ежелгі заманнан берік сақтап, дамытып келеді.
2. Жаңа замандағы үй кәсібі мен қолөнердің жағдайы. XVIII ғасыр мен XX ғасырдың басында қазақтардың үй кәсіпшілігі мен қолөнерінде қалыптасқан дәстүр сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. Қазақ қоғамында, негізінен, малшаруашылығы шикізаттарын өңдеп, тұрмысқа қажетті бұйымдар, киім, сәндік әшекейлер жасады. Малшаруашылығы көшпелілер өмірін толық қамтамасыз етіп тұрды.
Көшпелілер тұрмысындағы малдың маңызын Ш. Уәлиханов дәл сипаттайды: «Көшпеліні ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін малының аман болғаны қымбат. Қазақтардың амандасуы «мал-жан аман ба?» деуден басталады».
Мал өсіру күнкөрістің негізгі көзі болғандықтан, малшаруашылығы барынша қалдықсыз өндіріске айналып, экологиялық және эстетикалық мәдениеттің жарқын үлгісі саналды. Мал өнімі ысырап етілмей, барынша қажетке жаратылып, «обал», «күнә» деген ұғымға теңелді. Малдың етін азық етсе, терісінен киім, аяқкиім, әшекейлер, ыдыс-аяқ жасады. Сүйек пен мүйізден халық шеберлері түрлі қобдишалар, музыкалық аспаптар мен үй жиһаздарын көмкерді.
Мал жүнінен және киізден киімнің сан алуан түрін, аяқкиімдер мен тұрмыстық заттарды әзірледі. Үй және жабайы жануарлардың мүйізінен тарақтар жасап, жылқы жалынан мықты берік арқандар ескен. Қойдың тезегін отынға, жылқы тезегін үйдің сыртын сылауға пайдаланды. Төрт түлік сүйектерінен жоғары сапалы қара сабын қайнатылды. Жақсы сұрыпты жүннен кілем мен киіз (сырмақ, текемет, аяққап, тұскиіз, алаша т.б.) дайындалды.
ХІХ ғасырдың соңында ел арасында темір ұсталары үлкен абыройға ие болды. Олар темірден таға, үзеңгі, пышақ, самаурын кернейі, қайшы, орақ, кетпен сияқты құрал- саймандар соқты. Зерттеуші И.Я. Словцов: «Темір ұсталары балта, үзеңгі, ер-тұрман, пышақ жасады… Бұл заттардың сапасы біздегі Ресей бұйымдарынан кем түспейді», – деп қазақ ұсталарының жасаған бұйымдарына жоғары баға берген.
Сандық пен ер-тұрман
Сүйек ұқсататын шеберлерді халық ерекше құрметтеді. Олар тұрмыстық бұйымдарды әсемдеуге мал сүйектерін ( жауырын, қабырға) пайдаланған. Үй жануары мен жабайы аңдар мүйізінен қанжар, қамшы, пышақтың сабы жасалды. Насыбай сақтайтын шақшаға қой мүйізі, ожаудың сабы, тарақ сияқты заттарға ірі қараның сүйегі қолданылған. Төсағаш, асадал, адалбақан, сандық, кебеже сияқты үй жиһаздары түрлі ою-өрнекпен безендірілді.
Тері және былғарыдан жасалған бұйымдар қазақ өмірінде ежелден маңызды орын алды. Теріден киім, аяқкиім, ыдыстар, ат әбзелдері т.б. заттар дайындалды. Бұл кәсіппен, негізінен, ерлер айналысты. Әйелдер мал терісімен қатар, аң терілерінен де түрлі киімдер мен баскиімдерді оюлап, кесте тікті. Жабайы аң терісінен тон (ішік) пішілді. Үй малы терісінен жасалған саба, торсық, мес сияқты ыдыстар күнделікті өмірде кеңінен қолданылды.
Тас қашаушылардың шеберлігі қабір үстінде құлпытастар тұрғызуда көрініс тапты. Бұл өнердің кең таралған аймағы – Батыс Қазақстан өңірі. Аталған аймақта оңай өңделетін тау жыныстарының молынан кездесуі тас өңдеу кәсібінің дамуына әсер етті.
Ағаш өңдеуді кәсіп еткен ұсталар аса жоғары бағаланды. Ағаш ұсталары ер-тоқым, жерағаш, келі-келсап тағы басқа да малшаруашылығы, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысына қажетті ағаш бұйымдар түрлерін жа- сай білді. Олар ағаштан дөңгелек, арба, шана, шығыр, ыдыстардың түрлерін (күбі, астау, шара, тегене, тостаған, ожау т.б.) және үй жиһаздарын жасауға маманданды. Ағаштан жасалған бұйымдарға ұсталар сүйек пен күмістен өрнектеп ою салды. Қайың, қараағаш, үйеңкі ағашынан айыр, тырма, күрек сияқты құрал-саймандар дайындалды.
Қазақтың ыдыс-аяғы көші-қон салтына ыңғайлы, жеңіл, сынбайтын етіп тері және ағаштан әзірленетінін білеміз. Теріден бие саууға арналған ыдыс көнек жасалды. Ағаштан шабылған тегене, шара, ожау, астау сияқты ыдыс түрлері кең тарады.
4. Әйелдер қолөнері. Жаңа заманда әйелдер кәсібі мен қолөнері кеңінен дамыды. Қазақтар қыздарына жастайынан киім, аяқкиім тігуді, кілем және алаша, кесте тоқуды үйретті. Әрбір қазақ әйелі үй кәсіптерінің барлық түрін толық меңгерген. Бұл туралы Құсмұрын округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов: «Жейде, шапан, тон аң терісінен тігіледі. Малақай, шалбар, бешпент, қамзол, тақия – осының барлығын әйелдер өздері дайындайды, сатып алмайды», – деп жазған.
Киім, аяқкиім, үй тұрмыстық заттары әрбір отбасында қажетіне қарай әзірленді. Әйелдер сырмақ, тұскиіз, текемет, кілем түрлерін киізден жасады.
Қазақ кілемдері тоқылу ерекшелігіне қарай түкті және тақыр деп аталды. Кілем тоқуға түйе немесе қой жүні қолданылды.
Кілемді жерге төседі немесе қабырғаға ілді. Сыйлы қонақ күткенде жаңа әдемі кілемдер төселді. Қазақ халқы кілемді сыйға беріп, бәйге жеңімпаздарына тарту етеді. Кілемді кейде қалау дәстүрі бойынша да беретін болған. Бұл халық өмірінде кілемнің маңызы мен бағалылығын көрсетеді.
Кілем тоқу оңай шаруа болмағандықтан, оны бірнеше әйел, қыз-келіншектер бірігіп тоқыған. Ежелгі дәстүр бойынша кілемасар салтын өткізген.
5. Қазақтардың ою-өрнегі. Қой малының халқымыздың өміріндегі алатын орны ерекше болған. Қойды қастерлеудің ғасырлардан жалғасып келе жатқан өзіндік айрықша мәні бар. Қой – далалықтардың негізгі байлық өлшемі есептелінді. Киізден жасалған бұйымдарда қошқармүйіз өрнегі байлық пен молшылықты, дәулет пен еркіндікті білдіретін. Ою- өрнек – қазақ халқының қолөнер саласында кең қолданылып келе жатқан көне өнердің бір түрі. Ою-өрнек арқылы шеберлер халықтың арман-мүддесін, өз ойларын, көңіл күйін жеткізіп отырған. Қазақ ою-өрнегінің мыңжылдықтармен саналатын терең тарихы бар. Ежелгі Пазырық және тағы басқа Алтай қорғандарынан табылған бұйымдардағы ою-өрнектер қазіргі қазақ оюларымен ұқсас келеді. Осы тектес ою-өрнектермен Есік обасындағы «Алтын адам» киімі де безендірілген. Академик Ә. Марғұлан: «Бұл өнер туындысы (қазақтың ою-өрнегі – авт.) сақ, үйсін, ғұн, түркі, қаңлы, қыпшақ секілді көне көшпелі тайпалар өнерінің негізінде қалыптасты», – дейді.
Қазақ халқы тұрмысында қолданатын барлық заттарын: киім, баскиім, зергерлік әшекейлер, аяқкиім, ыдыс, күбі, қоржын, музыкалық аспаптар, ер-тұрман, ат әбзелдері, киіз үйдің ішін, үй жиһаздары, есік, қару-жарақ, шақша, бесік, сандық, қамшы, түкті және тақыр кілемдерді түрлі ою-өрнектермен әшекейлеп, безендіріп отырған. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұлттық ою-өрнек түрлері халықтың дүниетанымдық түсінігі мен тұрмыс-тіршілігін, санасы мен ұлттық болмысын айқындайды. Ою-өрнектер,негізінен, сипаты жағынан зооморфтық (аңдық стиль), космогониялық (қиял-ғажайып), өсімдік, геометриялық түрлерге жіктеледі. Кейде оларды бір-бірімен сабақтастырып, жарасымды етіп салған.
Ең жиі кездесетіні – зооморфтық ою-өрнектер. Қазақстанның кейбір аймақтарында әсіресе Батыс Қазақстанда, қабір үстіндегі құлпытастар бетіне де зооморфтық ою-өрнектер қашалған. Оның бірнеше түрлері – мүйіз, қосмүйіз, сынықмүйіз, сыңармүйіз кең таралған. Үй малына байланысты табан, түйемойын, қазмойын, өркеш т.б. өрнектер ұшырасады.
Өсімдік тектес: ағаш, жапырақ, үшжапырақ, шиыршық, гүл, жауқазын бейнелері бар ою-өрнектер бірлік пен келісім ұғымдарын білдіреді.
Космогониялық: күн, ай, жұлдыз тәрізді аспан әлемін білдіретін ою үлгілері.
Геометриялық ою-өрнек: сүйірбұрыш, төртбұрыш, үшбұрыш, айқышты, сопақша түрлері де кеңінен таралған.
Ою-өрнек салуда, әдетте, қанық бояу түстері пайдаланылады. Қазақ халқының дарқан мінезі мен парасаттылығы қанық және ашық түстерді таңдауға әсер етті. Көк түс – аспанның, қызыл түс – оттың, күннің, ақ түс – ақиқаттың, қуаныштың, бақыттың, сары түс – ақыл, парасаттың, қара түс – жердің, жасыл – жастық, көктемнің түсінігін танытқан.
Бекіту сұрақтары:
1. Көшпелі қоғамда таптық бөлініс (бай мен кедей) болды ма?
2. XVIII–XIX ғасырларда көшпелі қазақ қоғамына орыс зерттеушілері қызығушылығының арту себебі неде?
3. «Көшпелілер тек малшаруашылығымен айналысты, өздері өнім өндірмеді». Бұл пікірге қалай қарайсыңдар?
4. Қазақ қоғамындағы ауқатты көшпелілердің рөлі қандай еді?
5. Қазіргі уақытта республикамыздың қай өңірлерінде егіншілік басым дамыған?
6. Қазіргі уақытта қазақ халқының қолөнерін ұлттық тәрбиенің негізі ретінде жаңғырту мүмкін бе?
7. Қазақ халқы қолөнер бұйымдарының қандай ұлттық ерекшеліктерін білесіңдер?
8. «Ұлттық қолөнер бұйымдары кез келген халықтың шаруашылық ерекшелігіне байланысты қалыптасады» деген тұжырымға қалай қарайсыңдар?
9. Бүгінгі күнделікті өмірімізде ұлттық қолөнер туындылары қаншалықты пайдаланылады?
https://youtu.be/M4amAiq5eI4

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет