Ұлт рухының дамуы Ұлт бірлігінің үшінші негізгі қағидаты - біріктіруші және бекітуші бастау ретінде Ұлт Рухын нығайту және дамыту. Рухани бастау - Ұлтты бір тұтастыққа біріктіретін күш. Халықтың рухы күшті болған сайын, оның мемлекеттілігінің де болашағы зор. Бұл - тарихтың және тағдырымыздың басты қозғаушы күші. Тап осы Ұлттық Рух кез келген елдің бет-бейнесін айқындайды, бағыт-бағдарын нұсқап, дамуына серпін береді. Біздің Ұлттық Рухымызды көтеру үшін негізгі басымдықтар мыналар: дәстүр мен отансүйгіштік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухы. Ұлттың рухы халықтың өзіндік санасының бір бөлігі болып табылатын мыңдаған жылдық дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке, тілге сүйенеді. Осы тіл, дәстүрлі құндылықтар мен қайталанбас төл мәдениетіміз халыққа жүздеген жылдар бойы демеу болып, оны тарих жолында тарап кетуден сақтап қалды. Бұлар бүгінде де бізді өзгелерден айырып, ерекшелейді. Әрі қайталанбас бір тұтас руханиятымыздың іргетасы болып табылады. Сондықтан да мәдениетті, дәстүр мен тілді жаңғырту мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту - мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты. Оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл - шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы. Сонымен қатар мемлекет тарапынан Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностың мәдени, рухани және тілдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Қоғамның рухани негізі болып табылатын дәстүрлі құндылықтарды арқау ету (тіл мен мәдениетке құрмет, имандылық, отбасы, ұрпақтар сабақтастығы, отансүйгіштік және сыйластық) қазіргі әлемде біздің бірлігіміз бен өзіндік ерекшелігімізді нығайта түсудің сүйенішіне айналуда. Қазіргі әлем күн өткен сайын елдер мен ұлттарға қатал талап қойып отыр. Олардың ішінде түпкі дәстүрлері мен құндылықтарын жоғалтпаған, үнемі жаңаруға, модернизацияға, бәсекелік басымдықтарын күшейтуге ұмтылатындардың ғана дербес болашақтан үміті бар. Бұл - уақыт талабы, оған енді біз лайықты болуымыз шарт. Дәстүрге сүйенген модернизация мен бәсекеге қабілеттілік біздің ұлттық рухымыздың ХХІ ғасырдағы өркендеуіне негіз болады. Тек қана ғаламдық деңгейдегі асқаралы міндеттерге ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу Ұлт Рухының ең маңызды бөлігіне айналуы шарт.