5.2. Ы.Алтынсариннiң тәлiмдiк мұралары (1841-1889).
Жоспар:
1. Ы.Алтынсариннің тілмаштық кезеңі.
2. Ы.Алтынсариннің орыс достары.
3. Ы.Алтынсариннің қазақ халқының салт-дәстүрін зерттеуі.
1.Ыбырайдың атасы Балғожа бидiң тәрбиесiнде болуы, оны Балғожаның өз орнына әкiм етiп тәрбиелеудi көздеуi. Орынбор шекара комиссиясы жанында 1850 жылы ашылған орыс-қазақ мектебiне берiп тiлмаш, писарь етiп шығаруы.
2.Ыбырайдың ауыл-ауылды аралап елден қаржы жинап 1864 ж. Торғайда тұңғыш орыс-қазақ бастауыш мектебiн ашуы. Әсiресе соңғы 10 жылда Торғай облысында мектеп инспеторы болып, оқу-ағарту iсiмен айналысуы. (Торғайда, Ырғызда, Тобылда, Қостанайда, Красноуфимскiде орыс-қазақ мектептерi, Қостанай, Торғай, Ақтөбеде қолөнер училищесiн, қыздар пансионатын ашуы).
3.Ыбырайдың “Мұсылмандық тұтқасы” атты (1884) оқулық жазып, дiндi тәрбиенiң құралы ретiнде пайдалануы, шала молдаларға қарсы күресi.
4.Ыбырайдың проф. Н.И.Ильминскиймен достық қарым-қатынаста болуы, оны өзiнiң ағартушылық iсiн алға апаруға пайдалануы, астыртын миссионерлiк саясатқа қарсы күрес ашуы, отарлау саясатына қарсылық бiлдiруi.
5.Ыбырайдың К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой еңбектерiн басшылыққа ала отырып екi оқулық (Қырғыз хрестоматиясы – 1879, Қазақтарға орыс тiлiн үйретудiң әдiстемесi – 1879) жазуы. Ол оқулықтардың үш түрлi ерекшелiктерi: бiрiншi – халық ертегi-аңыздарын пайдалануы, екiншi – орыс, батыс жазушыларының дидактикалық сарындағы еңбектерiн аударып енгiзуi, үшiншiден – өзiнiң ақыл-нақылға құрылған қысқаша әңгiмелерiн енгiзуi;
6.Ыбырайдың Ресей географиялық қоғамының Орынбор өлкетану бөлiмшесiнiң тапсыруы бойынша “Орынбор ведмоствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу, ас беру дәстүрлерiнiң очеркi” мен “Орынбор ведмоствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерiнiң очерктерi” (1870) атты еңбектерiн жазып ұсыну:
Онда қазақтың құда түсу, жетi атаға дейiн қыз алыспау рәсiмдерiнiң елдi бiрiктiрудегi прогрессивтiк мәнiн ашып көрсетуiмен бiрге әмеңгерлiк зияндылығын айыптауы;
Молдалардың неке қиюдағы жас қыздарға жасайтын қиянатын, некенiң ерiксiз қиылатыны айыпталады.
Сондай-ақ өлген адамдары жерлеу рәсiмдерiне талдау жасай келiп, молдалардың өлген адамның күнәсiн “сатып алмақ” болып, мал-мүлкiн тонау сияқты жексұрын әрекеттерiн әшкерелейдi.
Жоқтаудың тәлiмдiк мәнiн аша келiп, өлген адамның жетiсiн, қырқын, жылын, асын беру, бейiт тұрғызу салттарын жан-жақты талдап баяндайды.
Өлген адамға асты 63 жасқа (пайғамбар жасына) келген атақты бай, билерге беретiнi, аста көп мал сойып, аста төк жасайтыны, ысырапқорлыққа жол берiлетiнi айтылады. Күрес, ат бәйгесi, т.б. ұлт ойындары ұйымдастырылатыны, аттың бәйгесi мен күрестiң бәйгесiн рулы елдiң талап алып кетiп, балуан мен ат иесiне түк тимейтiнi, мұның бiр жағы мақтаншақтық-даңғойлық екенi айтылады.
7.Ыбырайдың қазақ халқының салт-дәстүрлерiн зертеудегi мақсаты дәстүрлердiң шығу тарихына ғылыми талдау жасай отырып, озығы мен тозығын ажырату, тәлiмдiк мән-мағынасын ашу, озық дәстүрдi тәрбиенiң құралы ету едi. Сонымен бiрге қазақ мәдениетiн орыс достарына бiлдiрудi мақсат еттi. Ол сол кездегi орыс чиновниктерi ойлағандай қазақтардың “ұры”, “тағы, көшпелi, жабайы халық” емес, өзiндiк мәдениетi, өнерi бар халық екенiн бiлдiрудi көздедi.
8.Қазақтың салт-дәстүрлерiн жинап зерттеумен бiрге, әр ауыл, болыс сайын мектеп ашып, мектеп жанынан монша, кiтапхана салып, қайтсем қазақ елiн мәдениеттi елдердiң қатарына жеткiземiн деп арпалысты. Ол өзiнiң орыс досы В.В.Катаринскийге жазған хатында “Қазақ халқы оқу-бiлiмге сусап отырған халық, әттең, бұл iске оқыған адамдардың (орыс чиновниктерiнiң – С.Қ.) жаны ашымайтыны есiңе түскенде, кейде күйiнесiң” кейбiр ақылдысымақтардың “қазақ тентек, қанiшер халық” деулерi мәңгi-бақи тек қағаз бетiндегi мағынасыз сөз болып қала бермек… Қазақтарды оқыту жөнiнде бастықтарымыздың бекiнiстер жанынан мектеп салудан гөрi, үйлерiнiң онсыз да қызыл төбелерiн боятқанды, онсыз да ақ қабырғаны ақтай түскендi тәуiр көредi” деп ел билеушi әкiмдерге ренiш бiлдiредi.
Ыбырайдың Орынбор генерал-губернаторы Проценко тарапынан қуғын көрiп, оның Ыбырай ашқан мектептердi жауып, өзiн инспекторлық қызметтен босатпақ болып, iсiн сотқа беруi, ақыры орыс достары Н.И.Ильминский, В.В.Катаринскийлердiң ара түсуiмен аман қалуы осы кез едi.
9.Қалың елi қазағының қамын ойлап екi бiрдей қара күшпен (бiрiншi - қазақ арасындағы қожа-молдалармен, екiншi орыс миссионерлерiмен) алысып баққан Ыбырай Алтынсарин небәрi 49 жас жасап, 1889 ж. июнь айында жүрек ауруынан қайтыс болады.
10.Ыбырайды мәңгi есте қалдыру мақсатында Қостанайдағы қазақ мектеп-интернатына, Торғайдағы пединститут пен Алматыдағы Қазақ Бiлiм академиясына оның аты берiлдi. Осы мекемелер жанынан Ыбырайға арналған мұражай ұйымдастырылды. Алматы, Торғай, Қостанай қалаларында оның атында мектептер, көшелер бар.
Ыбырай мұраларын зерттеу iсiмен Ә.Сыздықов, Т.Тәжiбаев, Қ.Б.Жарықбаев, Ә.Молдашев, К.Жұмағұлов, С.Қалиев т.б. айналысты.
Достарыңызбен бөлісу: |