Киберқауіпсіздік ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ("Қазақстанның киберқалқаны") Мазмұны
1. Кіріспе
2. Ағымдағы ахуалды талдау
3. Халықаралық тәжірибе
4. Мақсаты, міндеттері, күтілетін нәтижелер және іске асыру кезеңі
5. Негізгі қағидаттар мен тәсілдер
6. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
1. Кіріспе Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы ("Қазақстанның киберқалқаны") (бұдан әрі – Тұжырымдама) Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі бойынша "Қазақстан-2050" Стратегиясының тәсілдерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауына сәйкес әзірленді.
Тұжырымдама мемлекеттік органдарды ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру, "цифрлы" экономиканы дамыту және өнеркәсіптегі өндірістік процестерді технологиялық жаңғырту перспективалары, ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету аясын кеңейту саласындағы ағымдағы ахуалды бағалауға негізделген.
Тұжырымдама электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен телекоммуникация желілерін қорғау, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі – АКТ) қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі бағыттарын белгілейді.
Тұжырымдама мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мониторингіне, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін, оның ішінде әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, төтенше немесе соғыс жағдайларын енгізу жағдайларында алдын алу және жедел ден қою тетіктерін жасау тәсілдерінің бірлігін қамтамасыз етуге арналған.
Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды әзірлеу және пайдалану саласындағы көшбастаушы мемлекеттердің, сол сияқты әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына жету үшін оларды қолдану саласын кеңейтуге ұмтылған елдердің ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қорғау тәсілдерін қалыптастыру саласындағы халықаралық тәжірибе зерделенді.
Осы Тұжырымдаманың орындалуы қазақстандық қоғамды одан әрі жаңғыртуға қызмет етеді және Қазақстанның БҰҰ-ның Киберқауіпсіздіктің жаһандық бағдарламасын іске асыруға қосқан үлесі болады.