Қазақтың халықтық педагогикасының даму кезеңдерi (шартты түрде)
Бiрiншi дәуiр Б.д.д.
Екiншi
дәуiр
Б.д.д.
Үшiншi
дәуiр
Төртiншi дәуiр
Бесiншi дәуiр
Алтыншы
дәуiр
Жетiншi дәуiр
Сегiзiншi
дәуiр
тас, қола
заманда-ры
ҮII-IIIғғ. Б.д. Ү ғ. дейiн
ҮI-IХғғ. аралығы
Х-ХҮғғ. Аралы-ғы
ХҮ-ХҮIIIғғ ара-лығы
ХҮIIIғ.-дан
ХХ ғ. 20 ж дейiн
1920-1990
жж
аралығы
1991жкейiн-гi еге-мендi ел
Алғашқы қауымдық құрылыс кезiндегi тәрбие
Сақтар мен ғұндардың жауынгерлiк тәрбиесi
Ұлы Түрiк қағанаты кезiндегi тәлiм-тәрбие
Араб Шығыс мәдениетi, орта ғасыр ойшылдары-ның тәлiм-герлiк ой-пiкiрлерi
Қазақ хандығы кезiндегi ұлттық тәлiм-тәрбие көрiнiстерi (жыраулар поэзиясын-дағы тәлiмдiк ойлар)
Қазақ-стан Ресейге қосылу
кезiндегi
ұлт-азаттық қозғалысымен ағарту
шылық-демократиялық
бағыттағы тәлiм-
тәрбие
Кеңестiк дәуiрдегi ғылыми педаго-гиканың қалып-тасуы
Тәуелсiз Қазақ
стандағы ұлттық
тәлiмтәр-биенiң өркен жаюы
Сақтар империясының құрамына массагет, исседон, савромат, аримаспы, дайлар, турлар, арийлер және басқа да тайпалар кiрген. Сақтардың көсемдерi Африсиап, Томирис сол кездегi iрi мемлекет Парсы империясының патшалары Кирге, Дайриге, Александр Македонскийге қарсы күрес жүргiзу барысында әскери-көшпелi тұрмысты қалыптастырған.
Металл өңдеп, әлемдiк маңызы зор “скифский зверийный стиль” атты зергерлiк бұйымдар, қару-жарақтар мен киiмдер жасай бiлген. Жылқы жануарын өте қатты қадiрлеген, мал баққан. Осы тұрмыс-тiршiлiктерге байланысты, сақтар өз ұрпақтарын дене, еңбек және эстетикалық тәрбие принциптерi негiзiнде тәрбиелеп өсiрген. Сол замандарда өмiр сүрген, Тәңiр дiнiнiң негiзiн салған данышпан Заратуштра сақтар мен парсыларға ортақ әлемдегi тұңғыш “Авеста” кiтабын жазған. Заратуштра сол кездiң өзiнде (Аристотельдiң замандасы) рухани-танымдық, тәлiм-тәрбиелiк мәндi ойлар айтқан. Сақтардың қайратты, жауынгер халық екенiн атақты тарихшы Ксенофонт (б. д. д. 434-355 ж. ж.) былай деп суреттейдi: “Персидский царь устроил конные ристалища для всадников, представляющих разные народы. Когда начались бега, то какой-то молодой сак вырвался вперед и достиг финиша.
Персидский царь предложил царю царство в обмен на коня, но тот отказался заявив, что отдал бы коня лишь в обмен на благодарность храброго человека…”, — деген екен (61, 27).
Ғұндар б. д. д. III ғасыр мен бiздiң дәуiрiмiздiң I-II ғасырлары аралығында сақ тайпалары мекендеген территорияның мұрагерлерi болды. Сол кезеңдердегi үйсiн, қаңлы, жу-жу, дунку тайпалары ғұн империясының құрамына кiрдi, ғұндар металл игердi, мал шаруашылығымен айналысты. Бiрақ олардың ең негiзгi кәсiбi әскери-жауынгерлiк өнер едi. Олар өздерiнiң ұрпақтарын ер жүрек, алғыр, ептi болуға және зергерлiк бұйымдар жасауға тәрбиеледi.
Ғұндардың Еуропаға жасаған жорығы Шығыс пен Батыс халықтары арасындағы этнолингвистика мен ассимиляцияның үлкен өзгерiстерге ұшырауына негiз болып, дүние жүзi тарихында Шығыс халықтарының Батысқа жасаған ұлы қоныс аударуы (Великое переселение с востока) атты тарихи оқиға тудырды. Ғұн көсемi Атилла (Едiл) бастаған халың қол ұлы Рим империясына қауiп төндiрiп, ақыры құлауына әкеп соқтырды.
V ғасырда өмiр сүрген атақты тарихшы-географ Аммиян Марцеллин әскери-көшпелi тұрмысты былай суреттеген: “…кочуя по горам и лесам они с колыбели приучаются переносить холод, голод и жажду. Они плохо действуют в пеших стычках, зато… сидя на коне они исполняют все обычные свои дела и сокрушают все, что попадается на пути…” (50).
Ұлы Түркi қағанаты орта ғасырларда адамзат өркениетiнiң қалыптасуына аса зор үлес қосқан, сол дәуiрлердегi дамыған мемлекет болған.
Қағанаттың пайда болуы бiр-бiрiнен ыдырап, бөлшектенiп кеткен дала халықтарының, тайпалардың бастарын қосты, тұрақты мәдениетi мен ғылымы дамыған бүгiнгi түркi тектес халықтарға ортақ мәдениеттiң қалыптасуы мен жасалуына, сонымен қатар әлемдегi аса қуатты, саяси империяның қалыптасуына ықпалын тигiздi.
Қағанат сол кездегi өркениеттi Византия, Араб Халифаты жөне Қытай империяларымен дипломатиялық қарым-қатынас жасап отырды. Ұлы Түркi қағанаты бүгiнде Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрiкменстан, Ресейдегi — Татарстан, Башқұртстан, Якутия (Саха), Чувашия т. б. Қытайдағы Шығыс Түркiстан (Шынжаң өлкесi), Еуропадағы Венгрия, басқа да Шығыс Еуропа территориясын мекендеген халықтардың бастарын қосып, шығысында Алтай таулары, батысында Карпат таулары, солтүстiгiнде Сiбiр жондары, ал оңтүстiгiнде бүгiнгi Қытай қамалына (Темiр қақпа) дейiнгi орасан зор территорияны иеленген.
Бiздiң ойымызды Әзiрбайжанның белгiлi түрiктанушы-ғалымы 3.Наджип: “…түркi тiлдес халықтардың көне жазба әдебиетiн қалыптастыруда бүгiнгi татар, башқұрт, өзбек, қазақ, қарақалпақ, түрiкмен, әзiрбайжан халықтарының ата-бабалары белгiлi дәрежеде үлес қосты”,— деп, дәлелдей түседi (56). Ал белгiлi ғалым Айдаров: “…Орхон ескерткiштерiнен түркi тайпаларының тарихы, мәдениетi, тiлi мен әдебиетi, әдет-ғұрпы, салт-санасы жөнiнде толып жатқан деректер табылады…”,— деп, ұлттық салт-дәстүр мен тәлiм-тәрбие жөнiнде маңызды пiкiрлер тұжырымдайды (1, 7).
Көне мұралардың iшiндегi бiзге кеңiрек мәлiм болғандары Орхон-Енисей бойынан табылған, тасқа қашап жазылған VI-VIII ғ.ғ. ескерткiштер: түркi көсемi Бiлге қаған, Күлтегiн батыр мен ақылгөй Тоныкөк құрметiне қойылған құлпытастар. Оларда ұлы Түркi қағанаты халықтарының тұрмысы мен салты, мәдениетi мен жауынгерлiк жортуылдары айшықты да мәнерлi тiлмен өсиет сөз үлгiсiнде баяндалады. Бұларда қазiргi қазақтардың сөз саптау үлгiсiне жақын шешендiк өнердiң дәстүрлi формалары айқын байқалады. Орта ғасырлық түркi тiлдi әдебиеттiң таңдаулы туындыларынан да ұшыраспайтын бұл жазуларда тәңiрiнiң “Жарлығымен” болатын бектер мен қара халықтың қағанға адал берiлгендiгi, қағандардың қараларды билеп-төстеуi жайында сөз қозғалады. Мәселен, “Егер сен, түркi халқы, өз қағаныңнан, өз бектерiңнен, өз отаныңнан жырақ кетпей, бiрге жүрсең, сен өзiң де бақытты өмiр сүресiң, өзiңнiң отбасыңда болсаң, ешнәрседен мұқтаждық көрмейсiң…” деп, бек пен қара халықты бiрлiкке шақырады. Түркi халқына қамқорлық жасау мәселесi де тас жазулардың өзектi арқауы (“Ер жұрек халық, күштi халық”, “Бiзге жеңiс әперген жер-суымыз (Отанымыз)) деп бiлу керек” т. б.
Тәлiмдiк тұрғыдан, “құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойланып, толғаныңыздар, өлiмнен ұят күштi… Адам ұлының бәрi де өлмек үшiн туады… Менiң ағам менi адам еттi” дейтiн жолдар көңiл аударарлықтай (29, 18).
Ежелгi түркiлердiң ауызекi поэзия дәстүрi бiзге IX ғасырда ғұмыр кешкен әншi, әрi сазгер небiр тамаша күй шығарған Қорқыт атаның есiмiн жеткiздi. Ол адамзат өмiрiнiң соншалықты қысқалығына наразы болып, пенде атаулыны ажал кұрығынан құтқармақ болды. Қорқыт өзiнiң жанын жегiдей жеген ой-сезiмдерiн қазалы жанның үрейiн, өлiмнен қашып құтылудың амалын қобыздың азалы кұйiмен, поэзиялық көркем тiлмен баяндайды. Ол эпос үлгiсiндегi поэзиялық мұра ретiнде бiздiң дәуiрлерiмiзге жеттi. Онда Сыр бойын мекендеген көшпелi тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын, дiни наным-сенiмдерiн бейнелейтiн мәлiметтер көптеп кездеседi. Олар тәлiмдiк жағынан да аса қызықты дерек болып табылады. Мәселен, “Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман… Менмен, тәкаппар адамды тәңiрi сүймейдi… Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ… қонағы жоқ, қараша үйден құлазыған тұз артық.. Әйелдiң төрт түрi болады: оның бiрi ниетi қара әйел, екiншiсi — нысапсыз әйел, үшiншiсi — үйдiң құты болған әйел, төртiншiсi – кесiрлi әйел…” деп келетiн Қорқыттың нақыл сөздерi өз мәнiн күнi бүгiнге дейiн жоймай келедi (51, 7—9).
IX—X ғасырларда ұлы Түркi қағанаты бiрнеше мемлекеттерге (қарлұқ, Түркеш, Қарахан, Қыпшақ, Ұйғыр, Хазар, Қимақ т.б.) бөлiнiп, Араб Халифаты империясының Орта Азия мен Қазақстан территорияларына үстемдiк жүргiзулерiне әкелiп соқты. Арабтар ислам дiнiн уағыздаумен бiрге ғылым мен бiлiм де әкелдi. Нәтижесiнде түркi халықтарының ұлы ғалымдары: Фараби, Фердоуси, Авиценна, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Яссауи, Баласағұн және басқалары араб тiлi мен мәдениетiн меңгердi. Оның үлкен прогрессивтiк маңызы болды. Көптеген шаһарларда дiни медреселер ашылды, ғылым мен бiлiм деңгейi артты. Медреселер дiни iлiмдермен ғана шектелiп қалмай, арифметика, медицина, жақаннама (философия), дiнтану, астрология сияқты әлемдiк маңызы зор дәрiснама берудi басты мақсат еттi. Бұл жерде қазақ топырағындағы Отырар қаласында дүниеге келген, Шығыстың екiншi Аристотелi атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидiң (870-950) еңбегiне ерекше болды. Ол математика, музыка, логика, философия, психлогия ғылымдарының негiзiн салды. Өмiр бойы ғылым жолына берiлiп өмiрiнiң көбiн Сирия, Дамаскiде өткiздi. Ол бiрнеше ұлттардың тiлiн бiлген, ғылым-бiлiм жолында бар өмiрiн сарп еткен ғалым.
Адамгершiлiк, азаматтық жолды, ғылым-бiлiмдi мақсат тұтқан ғалым шетте жүрсе де атамекенiн бiр сәт естен шығармаған шынайы патриот азамат болды.
Iзгiлiк, имандылық, адамгершiлiк қасиеттердi паш еткен Жүсiп Баласағұнидың “Құтты бiлiк”, Ахмет Жүинекидiң “Ақиқат сыйы”, Махмұт Қашқаридiң “Түркi сөздерiнiң түсiндiрмесi”, Қожа Ахмет Яссауидiң “Диуани хикмет” атты еңбектерiнiң ХI-ХII ғ.ғ этикалық-педагогикалық мән-мағынасының зор болғаны, бұл еңбектердiң он ғасыр өтсе де өзiнiң тағылымдық қадiр-қасиетiнiң бiр сәт төмендетпейтiнi сөзсiз.
Қазақстан мен Орта Азия елдерiн ХIII ғ. басында Шыңғыс ханның жаулап алуы мәдениеттiң тоқырауын тудырды.
Көне мәдениет көздерi – Отырар, Сығанақ, Исфиджаб қалалары жалынға оранды. Қалалар қиратылып, мешiт, медiреселер, сауда дүкендерi, кiтапхана қорлары талқандалып жоқ болды.
Алтын Орда ыдырап, қазақ даласы Ресей қол астына қарағанға дейiн (1731) қазақ жерi кескiлескен шайқастардың, қанды майданның аренасына айналды.
Моңғол шапқыншылығына Алтын орданың ыдырауына дейiнгi аралықта (ХIII-ХҮ ғ.ғ.) түркi тiлдерiнде едәуiр жазба мұралар жасалды. Мәселен Р.Хорезмидiң “Махаббатнама” поэмасы, ақын Сайф Сарайдың “Гүлстан” аты дастаны атты еңбектер адалдықты, әдiлдiктi, махаббаты марапаттады.
Дiни медреселерде Шығыс халықтарына ортақ “Чөр кiтаб” атты тәлiмдiк-танымдық педагогикалық туынды дүниеге келдi.
Атақты астроном Ұлықбектiң әлемде тендесi жоқ обсерваториясы ортағасырлық үлкен ғылыми жетiстiк болып саналды.
Алтын Орда мемлекетiнiң кезiнде пайда болған “Бабырнама” (“Бабыр дастаны”), ал Хорезмидiң “Мухаббатнама”, Саиф Сарайдың “Қырық бiр батыр жыры”, “Гулстан бит турки”, Құтыптың “Хусрау Шырын” сияқты туындылары сөзсiз жас ұрпақтарға тәлiм-тәрбиелiк ықпалын тигiздi. Бұл кезеңдердегi тәлiм-тәрбие көрiнiстерi негiзiнен әскери-жауынгерлiк бағытта өрбiдi. Ел қорғау мәселелерi ұлы ойшылдар мен ақындар шығармаларының өзегi болды. Ата-аналар ұрпақтарының ең алдымен қайратты, ептi және намысқой, өнерлi болып өсулерiн талап етiп отырды.
Қазақ хандығының құрылуы — ХIҮ-ХҮ-ғасырларда, Алтын Орда мемлекетi мен Ақсақ Темiр империясының өзара бақталастықтарының нәтижесiнде әлсiреп, ыдырай бастаған кезеңдерге тура келедi. Қазақ хандығы — сөзсiз кешегi ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндардың, ежелгi түркiлердiң, Шыңғыс хан мен Алтын Орда империяларының заңды мұрагерлерi болып саналады.
Алтын Орда империясының ыдырауы — Русь мемлекетiнiң отаршылдық бұғаудан босанып, өз тәуелсiздiгiн алуына әкелiп соқты. Шыңғысхан мен Алтын Орда империяларынан саяси тәжiрибе жинақтаған Русь мемлекетiнiң тәуелсiздiк алуы — қайта өрлеу дәуiрiне (14—16 ғ.ғ.) дөп келдi.
Тарихтың бұл бетi — Шыңғысхан империясының тарихымен бiрге өрбидi. Бiр кезде Шыңғысхан, Бату, Жошы, Тоқтамыс, Ақсақ Темiр империясының отар елi болған Ресей, кейiн сол империядан ыдырап, бөлiнiп шыққан халықтарды (өзбек, татар, ноғай, Сiбiр (Көшiм), Қырым, Астрахан хандықтарын) өз империясының отар елiне айналдырды.
Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасуы барысында (1470-1718 ж.ж.) 250 жылдай тәуелсiз ел болып, дербес өмiр сүрдi. Бiрнеше ауыр қасiреттердi, жойқын соғыстарды басынан кешiрiп, тiптi жер бетiнен жойылып кете жаздады.
Қазақ жерiнiң байлығына қызыққан Ресей мен Қытай империялары құпия келiсiм-шарт жасасып, қытай — жоңғарларды, ал Ресей — қалмақтарды бiзге қарсы айдап салды.
Осындай саяси оқиғалар қазақ халқының әлеуметтiк-экономикалық дамуын тежедi. Көне ғасырлардан берi қалыптасып келе жатқан ғылым мен бiлiмнiң, тарих пен мәдениеттiң одан әрi дамуына қажеттi жағдайлар туғыза алмады.
Қазақ халқының өзiндiк мәдени, рухани, әдеби ұлттық дәстүрi қалыптасты. Қазақ ұлтының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан хандар мен сұлтандар, билер мен жыраулар, батырлар мен ақындар: Жәнiбек, Керей, Асанқайғы, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қасым, Есiм, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Қазтуған, Ақтанбердi, Шал, Әнет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әбiлқайыр, Абылай, Бұқар, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Сырым т.б. көптеген адамдар болды (37). Аузы дуалы ақылгөй жыраулар мен шешен билер жалпы жұртқа өнегелi сөздерiмен, өлең-жыр толғауларымен зор ықпал етiп, халықты ел болуға, берекелi бiрлiкке шақырып, қоғамдық өмiр сахнасына шыға бастады.
Қазақ жырауларының толғау тебiренiстерi, билердiң шешендiк- қанатты сөздерi өзiнiң тәлiмдiк шарапаты жағынан ғана емес, сонымен бiрге рухани, эстетикалық, отаншылдық мәнi жағынан да аса маңызды болды. Жыраулар жауынгерлiк заманда хандар мен бектердiң, қолбасшы батырлардың ақылгөй кеңесшiсi болып, жорыққа бiрге аттанды, ру-тайпаларына басшылық еттi, сұрапыл қанды майдан көрiнiстерiн жырға қосты, ерлiктi мадақтады, шейiт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлiстi.
XV-XVII ғасырлардағы жыраулар шоғырынан өздерiнiң тәлiмдiк идеяларымен Асанқайғы, Шалкиiз, Жиембет, Бұқар жырау секiлдi дала философтары ерекше көзге түскен едi. Халқының қамын жеп, оның береке-бiрлiгiн, келешектегi бағытын, келер күнiн аңсаған Асанқайғы (XV ғ.) өз отандастарының алдағы тағдыры не болмақ деген толғаныспен күн кештi. Содан да болар, ел аузында оның есiмiне “қайғы” деген ат қосақталып, аңызға айналды.
Қазақтың халық педагогикасының ең алғашқы iргетасының қалана бастауына негiз болған Асанқайғының, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қазтуған, Шалкиiз, Үмбетей, Сыпыра, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Марғасқа т.б. көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын атап өткен жөн (39).
XV-XVII ғасырларда өмiр сүрген қазақ ақын-жырауларының поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-дәстүрiн, ой-арманы мен тiлек мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткенi, жыраулар толғауларынан халықтың небiр нәзiк сырлары, мұң-мұқтажы, ой-толғанысы, қуаныш-сүйiнiшi, келер ұрпаққа айтар өнегелi өсиетi өзектi орын алған. Яғни, олар халықтың тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұлағатты ұстаздарының рөлiн атқарды.
Қазақтың тәрбие мектебi — ақын-жазушылар мен билердiң өсиеттерi, ғибраттары және халық мақал-мәтелдерi, тыйым сөздерi мен ұлттық салт-дәстүрлерi, әдет-ғұрпы десек артық болмайды. Халықтық осы қағидалар шын мәнiсiнде жас ұрпақ түгiлi, ересек адамдарға да үлкен әсерiн тигiздi, ұлттың сана-сезiмiн оятты, тәлiмдiк-тәрбиелiк, танымдық мектебiне айналды. Жалпы ХV-ХIХ ғ.ғ. акын жыраулар поэзиясын сөз еткенде олардың халық үшiн еткен еңбегiне, ой қиял өрiстеу өресiне, қимыл, әрекет-iсiне қарай үш топқа бөлiп: жауынгер жыраулар:(Доспанбет, Жиенбет, Ақтамбердi, Махамбеттер); мәмiлегер (Асанқайғы, Сыпыра жырау, Үмбетей, Бұқар); тәлiмгер (Шал, Базар, Майлықожа) жыраулар деп шартты түрде жiктеуге болады. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен де, өнегелi iсiмен де халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы, тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi.
Тәуке ханның “Жетi Жарғысы”— бүгiнгi Қазақстан Республикасы қабылдаған Ата Заңымыздың (Конституциямыздың} негiзгi iргетасы болып саналады. Сондай-ақ сол кезеңдерде дұниеге келген Мұхаммед-Хайдар Дулатидың “Тарихи-и-рашиди”, “Жаханнама”, Қадырғали Қосынұлы Жалайыридың “Жамиғат тауарих” (Жылнамалар жинағы), халық туындылары: “Наурыз бәйiтi”, “Нысабнами казах” (“қазақтар шежiресi”) т.б. ұрпақ танымы үшiн аса зор тәлiмдiк мәндi шығармалары едi.
Бұл дәуiрде мал шаруашылығы, егiн шаруашылығы, ою-өрнек пен зергерлiк бұйымдар жасау, кiлем, алаша тоқу, ер-тұрман, құмған, ыдыс-аяқ (керамика) жасау, музыкалық аспаптар жасау сияқты кәсiптер жедел дамып, еңбек және эстетикалық тәрбие берудiң негiзгi құралына айналды.
1650—1730 жылдар арасындағы қазақ-жоңғар соғысы қазақ хандығын өте-мөте әлсiреттi. XVIII ғасырдың басында Тәуке хан өлгеннен кейiн қазақ елi үш жүзге бөлiнiп, үш хан сайлап, бiртұтас қазақ хандығының бiрлiгi мен қуатын әлсiретiп, жоңғарларға жем болды. Кiшi жүздi — Әбiлқайыр, Орта жүздi — Сәмеке, Ұлы жүздi — Жолбарыс хан билеп, әрқайсысы ұлы хан болуға таласып, ақыры “Ақтабан шұбырынды” атты қайғылы жағдайға душар етiп, халықты зор қырғынға ұшыратты.
1730 жылы Кiшi жүздiң ханы Әбiлхайыр өз билерiмен келiсе отырып, қазақ халқын сақтап қалу мақсатында, Ресей империясына бодан болуға мәжбүр болды. Көптеген хандар мен сұлтандардың қарсылық бiлдiргенiне қарамастан, Ресей қазақ жерiн отарлап алу саясатын әрi қарай жүргiзе бередi. Қазақ жүздерiнiң бастарын қосуда қазақ халқының атақты, данышпан ханы – Абылай хан өте үлкен саяси-дипломатиялық күрес жүргiздi.
Бұл жайында “қазақтың көне тарихы” атты кiтапта: “XIX ғасырдың 20-жылдарында Ресей өкiметi қазақ арасында хандық үкiметтi бiржолата жойып, ел басқарудың жалпы ресейлiк тәртiбiн жақындатуға тырысты…”,— деп, қазақ елiнiң отар елге айналғаны жайында әңгiмелейдi.
Қазақ жерiне қоныстана бастаған орыстар шұрайлы егiстiк жерлердi, мал жайылымдарын заңсыз тартып алды, бағынбағандарды жазалады. Мектептер мен шiркеулер салынып, балаларды шоқындыру мен орыстандыру саясатын жүргiздi. Патшалы Ресей бай-сұлтандардың балаларына арнап орыс-қазақ мектептерiн ашты.
Осындай мақсаттағы оқу орындары Қазақстанда 1789 жылы Омбы қаласында “Азиатское училище” және 1841 жылы Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасында қазақ бай-феодалдарының мектептерi ашылды. Орыстандыру, отарлау саясатын қатты сынаған Мұрат Мөңкеұлының, Шортанбай Қанайұлының, Дулат Бабатайұлының шығармалары халық арасында кең тарады. Отарлау саясатына қарсы Сырым Датұлы, Исатай Махамбет, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерiлiсi Қазақстан даласында 15-20 жылға созылды.
XIX ғасырдың екiншi жартысында Қазақстан даласында Ресейдiң алдыңғы қатарлы демократиялық ой-пiкiрдегi (Герцен, Белинский, Радищев, Чернышевский, Ушинский т.б.) оқымыстыларының жолын қуушы А.Янушкевич, Ф.Достоевский, Э.Михаэлисс, Н.Долгополов, С.Гросс, Т.Шевченко т.б. зиялы-демократтар жер ауып келiп, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев сияқты қазақ демократ-ағартушыларымен достасып, олардың саяси-идеялық, ағартушылық көзқарастарының қалыптасуына игi әсерiн тигiздi (44, 6).
Қазақ даласында бiлiмнiң дамуы мен қалыптасуына белгiлi қоғам қайраткерi, педагог, этнограф, жазушы және ағартушы Ыбырай Алтынсарин өте үлкен еңбек сiңiрдi. Ы.Алтынсарин патшалы Ресейдiң орыстандыру, шоқындыру және байлардың балаларына жеке мақсаттары үшiн бiлiм берудi| көздеген саясаттарын батыл айыптады. Орыс-қазақ мектептерiн ашу туралы мәселелердi насихаттаумен қатар, Алтынсарин тәрбие жұмысы барысында қазақ халық ауыз әдебиетiнiң үлгiлерiн пайдалануды қуаттады. Осы принцип негiзiнде құрастырылған өзiнiң “Қазақ хрестоматиясын” (1879 ж.) жазып, ұсынды.
Халық ағартушылары, қоғам қайраткерлерi: Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Құрманғазы Сағырбаевтар ұлттық ғылым мен өнердiң, мәдениеттiң, философияның негiзiн салды. Шоқанның ашқан ғылыми жаңалықтары, Абай өлендерi мен қара сөздерi және Құрманғазының музыка өнерi жас ұрпақтарды жетiлдiрiп төрбиелеуде зор ықпалын тигiздi.
XX ғасырдың барысында империалистiк патшалы Ресейдегi саяси-әлеуметтiк жағдайлар шиеленiсе түстi. Халықты қанау басым сипат алды. Ел арасында толқулар басталды.
Ресей империясының құрамында болып келген Қазақстанның зиялы қауымы осы мәселелер төңiрегiнде саяси-демократиялық қозғалыстарға белсене араласты. Олар патшалы Ресейдiң отаршылық және “орыстандыру саясатын батыл айыптады, қазақтардың шұрайлы жерлерiн қайтарып беру және жастардың бiлiм алуларына жағдай туғызу, мектептер салу туралы талаптар қойды.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Хәлел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, т.б. қазақтың зиялы қауым өкiлдерi ұлттық сана-сезiм мен тәлiмдiк идеялардың көсемдерiне айналды.
Қазан төңкерiсiне дейiн шыға бастаған “Дала уәлаяты” (1889-1902 ж.ж.), газетi “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетi (1911-1916 ж.ж.) және басқа да басылымдар қазақ халқының ұлттық ерекшелiктерi, мүмкiндiктерi, мәдениетi, ғылымы, тарихы мен этнографиясы хақында аса маңызды ой-пiкiрлер жариялап отырды.
Бұл орайда, белгiлi қоғам қайраткерi, ғалым-түрiктанушы Ахмет Байтұрсынов “Қазақ” газетiнде былай деп жазады: “…қазақ жерiнде өндiрiс жоқ, шикiзатын сатады, ал сол шикiзаттан жасалған өнiмдi 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл надандықтан келген кемшiлiк — бiлiм-ғылымнан қалыс қалушылық. Ал қалыс қалуға үлкен себеп – қазақ жерiнде мектептер өте аз…”, — дедi (“қазақ” газетi, 1913 жыл, N 26, 15 тамыз).
1917 жылы Ленин бастаған коммунистiк партия Ресей патшасын тақтан құлатып, тарихқа белгiлi Қазан төңкерiсiн жасады, әлемде жаңа империяның негiзi қаланды. Қазақстан ендi орыстар басқарған бұрынғы Ресей империясының мұрагерi жаңа Кеңес Одағының (КСРО) құрамына кiруге мәжбүр болды.
Бұл кезең қазақ халқына тиiмдi және тиiмсiз әсерiн тигiздi. Қоғам проблемаларының аса күрделi саласы — сауатсыздық жойылды. Көптеген маңызды кәсiпорындар, электр станциялары, су жолы каналдары салынып, жұмысшылардың жағдайлары едәуiр жақсарды. Мектептер, бала-бақшалар және арнаулы орта, жоғары оқу орындары ашылды. Әлемдiк тәжiрибелерге негiзделген кеңестiк ғылыми педагогика мен психология ғылымдарының негiзi қаланды.
Мектептегi оқу-тәрбие жұмыстары, негiзiнен, орыс тiлiнде жүргiзiлуi талап етiлдi. Әрине, орыс тiлiнде бiлiм беру прогрессивтi роль атқарғанымен, онда қазақ мектептерiнiң оқу-тәрбие жұмыстарына қайшы келген жағдайлар көп болды.
Кеңес Одағы кезiнде қалыптасқан педагогикалық тәжiрибелер “коммунистiк идеологияға” негiзделiп, “коммунистiк тәрбие беру” атты саяси-педагогикалық, диктатуралық жүйеге ұласты.
1937—1938 жылғы жүргiзiлген Сталиндiк жаппай қудалаушылық пен 1941-1945 жылдардағы соғыста қазақ халқы өте ұлкен қырғынға ұшырады. Ұлттық тәлiм-тәрбиенiң дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы азаматтары жеке басқа табынудың құрбаны болды. Мұның өзi ұлт мәдениетiнiң өсуiн үлкен тежелуге әкелiп соқтырды.
Соғыстан кейiнгi жылдары жаппай орыстандыру мәселесi қолға алынды. Қазақстанның тың жерлерiн игеру мақсаты отаршылық принципке негiзделiп, өкiмет тарапынан жүзеге асырылып отырды. Мемлекеттiк басқару жұмыстары, iс қағаздары, қоғамдық жиындар бiрыңғай орыс тiлiнде жүргiзiлдi. Шеттен келген басқа ұлттардың Қазақстанға қоныстануына мәжбүр еткiзген өкiмет саясатының нәтижесiнде көптеген қазақ мектептерi, бала-бақшалары, жоғары, арнаулы оқу орындарындағы қазақ бөлiмдерi қысқартылды.
Халық педагогикасы жөнiнде ғылыми-зерттеулер жүргiзуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәурлердi дәрiптеу санадағы ескiнiң сарқыншағы деп бағаланды. Мектеп, мектептен тыс мекеме және балалар мен жастар ұйымдарының тәрбие жұмыстары коммунистiк идеологияға негiзделдi. Оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдар орыс тiлiнiң аудармасы негiзiнде пайдаланылды. Қазақ тiлiнде оқу-тәрбие жұмыстарына арналған әдiстемелiк нұсқаулар жазу назардан тыс қалды.
Дегенмен, ұзақ ғасырлардан берi келе жатқан қазақ педагогикасының қоғамдық өмiрдiң қажеттiлiгiне айналуына бағытталған туындылар: М. Жұмабаевтың “Педагогика”, А. Байтұрсыновтың “Оқу құралы”, “Сауат ашқыш”, “Тiл құралы”, “Ж. Аймауытовтың “Тәрбиеге жетекшi”, “Психология” атты еңбектерi, С.Көбеевтiң, Н.Құлжанованың, М.Әуезовтiң, М.Дулатовтың, Қ.Жұмалиевтiң, Е.Смайыловтың, М.Ғабдуллиннiң, Ә.Марғұланның т.б. шығармалары жас ұрпақтың бойына ұлттық сана-сезiм көзқарасын қалыптастырды.
Кеңестiк дәуiрде педагогика, психология ғылымдары саласында М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, Ш.Әлжановтың, Р.Г.Лембергтiң, А,П.Нечаевтың, И.Л.Стычинскийдiң, Т.Тәжiбаевтың, Ә.Сембаевтың, Ә.Сыдықовтың, Қ.Бержановтың, Е.Суфиевтiң, А.Темiрбековтiң, А.Асылбековтың, Қ.Б.Жарықбаевтың, Т.Сабировтың, К.Құнантаеваның, М.Мұхановтың, А.Мәдиннiң, С.Мусиннiң, Ә.Б.Сейтешевтiң, Т.А.Умановтың, Н.П.Хмельдiң, А.Көбесовтiң т.б. әлденеше монографиялық еңбектерi жарық көрдi. Педагогикалык ғылыми-әдiстемелiк “Қазақстан мектебi” журналы (1925) шығарылып, онда мектеп мұғалiмдерi мен педагог ғалымдардың еңбектерi үнемi жарық көрiп отырды. Педагогикалық, психологиялық оқулықтар ана тiлiнде шығарылып, ғылыми терминдерi қалыптасты.
Сөйтiп, педагогика, психология және әдiстеме ғылымдары жеке ғылым болып шықты. Алайда Кеңестiк педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарында халық педагогикасына терең мән берiлмей, көп жағдайда коммунистiк тәрбие тұрғысынан зерттеу талап етiлдi. Балалар мен жастарға жан-жақты тәрбие беруде үлкен жауапкершiлiктi мойындарына алған пионер-комсомол ұйымдары негiзiнен коммунистiк тәрбие принциптерiне сүйендi.
Қазақ мектептерi, негiзiнен, ауылды жерлерде орналасқандықтан, оның материалдық-техникалық базасына көп мән берiлмедi. Мектептегi оқу-тәрбие жұмысының бағдарламалары, әдiстемелiк нұсқаулар ұлттық тәлiм-тәрбиенiң ерекшелiктерiмен санаспаған, орыс тiлiнде жазылған еңбектердiң аудармалары арқылы жүзеге асырылды.