Қазіргі қазақ балалар прозасында бала характерін ашудағы пейзаж көрінісі



Дата17.10.2023
өлшемі19,13 Kb.
#116919
Байланысты:
Мақала проза (копия)


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ «Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ» КЕАҚ
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 – курс студенті Шірнебай Аружан Ғылыми жетекші: Филология ғылымдарының кандидаты, ассц. проф. Кажибаева Г.К. E – mail:
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ПРОЗАСЫНДА БАЛА ХАРАКТЕРІН АШУДАҒЫ ПЕЙЗАЖ КӨРІНІСІ
Аннотация: Мақала қазіргі қазақ балалар әдебиетін жан - жақты зерттеуге негізделген. Зерттеудің негізгі мазмұны - балалар прозасындағы пейзаж көрінісі арқылы баланың характерін ашуды зерттеу. Берілген образ бен табиғатты суреттеудегі өзара ұқсастықтар жайында сөз қозғалады. Сонымен қатар, қазіргі қазақ балалар әдебиетінің жай – күйі жайында пікірлер ұсынылады.
Кілт сөздер: әдебиет, балалар әдебиеті, проза, әдеби характер, табиғат.
Қазақ балалар әдебиеті - қазақ әдебиетінің мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған саласы. Оның қайнар көзі қазақ фольклорынан бастау алады [1]. Атадан балаға, ауыздан ауызға мұра болып қалған бұл әдеби шығармалар өзіндік қызықты оқиғаларымен және тәрбиелік өнегелерімен ерекшеленеді.  Тілі жеңіл, түсінікті, айқын әрі әсерлі болуы, жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамытуға, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке т.б. ізгі мұраттарға баулуға тәрбиелейтін әдебиет әлемі. Қазіргі кезеңдегі балалар әдебиетінің дәрежесінің даму жолында жүздеген, көптеген қаламгерлердің еңбегі бар. Әр көркем туындының жазылуы, әсіресе балаларға арналған шығармалар жан – жақты шығармашылықты талап етеді. Осындай туындыларды жазу барысында автор табиғат пен тіршілік иелерінің өзара байланысу ерекшеліктерін зерттеп барып, көркем туындыны жазатыны мәлім. Біз білетініміздей, ақындар өзінің лирикалық өлеңдерін жазу барысында көбінесе табиғат құбылыстарымен параллельдер келтіру арқылы көңіл – күйлерін, сезімдерін бейнелесе, жазушылар табиғат пейзаждары арқылы адамның көңіл-күйімен қатар, оқиға байланысты мінезін бейнелеп көрсете алады. Бұл бейнелеуде “әдеби характер” характер ұғымы алға тартылады. Кейіпкердің мінезі, адамның бойына, психологиясына,әрекеттеріне тән сан түрлі қасиеттердің  бірігіп, біте қайнаған тұтастығын танытатын мінез - құлық өзгешелігі [2]. Кейде жазушы характер ашу жолында өмірде бар адамның мінез қырларын пайдалануы мүмкін. Бірақ оның қиялымен жасалған мінездеу өмірді тану, оны бағалау мақсатымен ұштастырылатынын естен шығармауымыз керек. Шығарманың көркемдік идеясына, мазмұны мен түріне характер сомдаудың ерекше қатысы болады. Мәселен қазіргі қазақ балалар әдебиетіндегі бір туындыны алып қарастырып көрелік. Талап Сұлтанбековтың “Көшпелі алтын” ғылыми - фантастикалық әңгімесін талдасақ, әңгіме өз оқырманына әрі ғылыми бағытта, әрі таңғажайып табиғат құбылыстарын суреттеу мақсатында жеткізіледі. Бұл тарапта кейіпкердің де сауатты сомдалғанын көруге болады. Зерттеу нысанымызға сәйкес автор пейзажды суреттеу арқылы баланың характерін ұтымды ұсынады. Бұл тарапта Сәмен атты баланың жұрт сөзіне сенбей, алдына мақсат қойып, табиғат сырларын ашуға ұмтылғаны суреттеледі. Қайтпас мінезі арқылы мақсатына жетті. Әңгімедегі мынабір жолдар бас кейіпкердің танымдық бағытқа жақын екендігін дәлелдейді. “Ертеден келе жатқан, туған мекені жайындағы аңыз оқушы Сәменді де баурап алады. Дегенмен ғылыми-танымдық әдебиеттерді көп оқитын Сәмен бәрін өзі тексеріп көруді ұйғарады. Досы Қажытаймен бірге «алтын сапарына» аттанады” [3,66 - бет]. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі заманның балалар әдебиетінің негізгі даму жолдары ғылыми бағытқа сүйенген фантастикалық шығармалардың өріс алғандығын байқауымызға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, балалар әдебиеті мектепалды жасындағы және мектеп жасындағы балалардың барлығына арналған екендігін айтыы өткен болатынбыз. Осыған байланысты Жүніс Сахиевтің “Айдағы жасырынбақ ” әңгімесін алып қарастырайық. Бұл сюжетте де әңгіме желісі табиғат құбылыстарына негіз болып жүріп отырады. Айға сапарға аттанған, ондағы тылсым құбылыстардың куәгері болған екі дос Сартай мен Мергенді бұл құбылыстар қызықтырмай қоймайды [4,160 - бет]. Бұл шығармада айдың ерекше пейзажына назар аударған балалардың әдеби характері олардың іс – әрекеттері арқылы беріледі. Олардың айдың табиғатындағы құбылысты дұрыс түсініп, қызығушылық танытқаны сипатталады. Табиғат пейзаждары арқылы баланың характерін танытатын тағы бір шығармалардың бірі – Асқар Алтайдың «Кентавр» туындысы. Бұл шығарма мифтік сюжеттердің көрініс табуы арқылы сипатталады. Жартылай ат тұлғасындағы баланың дүниеге келіп,оның табиғатпен өзара байланысы ерекше сипатталып жеткізілген. “Қыс өтіп, көктем келді... Тарбағатай тауларының терең бір түкпірі — Боранбай шатқалының «Қубас жусаған» атты ұры қолтығына көктем де кешігіп жетті. Кешікпей-ақ мамыр балаусасы желкілдеп, дүние жасарып шыға келді. Көктеммен бірге құлын-сәби де көкпеңбек әлемге тұяқ тигізді. Құлындай ойнақтап, сәби күлкісімен сықылықтап, қозы-лақ қуалап асыр салды. Құлын-таймен тебісіп, жарыса шапқылады” [5]. Автор табиғат пейзажын суреттеумен бірге құлын – сәбидің аяққа тұрып шауып келе жатқандағы еркіндігін, оның табиғатпен болатын өзара байланысын көркем түрде жеткізе білген.
Мәселен, мынабір үзінді арқылы оның табиғатпен ерекше байланысы суреттелген. Тірі пендеге жоламай, көзіне түспей жырақ өмір сүріп жатқан Кентаврдың батылдығы мен батырлығы дәл осы үзіндідее байқалады. “Тап осы бір мезетті күткендей, бұл зор зобалаңға шыдай алмаған, екі құлағы тас бітіп, тек қос шырағы шырадай жанған, долы ашу кернеген Басарыс ақыра шапқан. Ол түйетайлы биіктегі түйе жартас иінінен қарды омбылай ұмтылды” [5]. Мұндағы бар мақсаты аюларды құтқарып қалу еді. Асқар Алтайдың бұл әңгімесі де әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Біріншіден – адам мен табиғат арасындағы өзара байланысты суреттеп, адамның характерін бейнелесе, екіншіден – қазіргі күнге дейін өзінің зиянын әкеліп жатқан полигон мәселесінің салдарын да суреттегенін байқауымызға болады. Қорытындылай келе, балалар әдебиетіндегі үлгілер халық аузындағы фольклордан бастау алса, қазіргі таңда фантастикалық, мифологиялық жайттармен қатар әртүрлі ғылымдарды зерттеуге қатысы бар туындылардың өрісі кең жая бастаған көре аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1. Қазақ балалар әдебиеті — Уикипедия (wikipedia.org)
2. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1998. - 384 б.
3. Зайкенова Р., Нұрланова Л.Н./ Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбының жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық./ – Нұр-Сұлтан: «Арман - ПВ» баспасы, 2019. – 128 бет.
4. Ақтанова А.С. т.б. Қазақ әдебиеті. Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 8 - сыныбына арналған оқулық/А.С. Ақтанова, А.К. Жундибаева, Л.К. Жұмекенова. – Алматы: Атамұра, 2018. – 192 бет
5. https://bilim-all.kz/article/7640?ysclid=lfuthgf9t0544534321

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет