79. Қазіргі қазақ поэзиясындағы түркілік сарын Түркілік сарын бағытында жазып және жетістіктерге жетіп жүрген ақындар ретінде Т. Медетбек, . Есдәулет, Н. Айтов, С. Ақсұңқарұлы, Н. Мәукенұлы, Е. Раушанов тағы басқалармен қоса Ж. Әскербекқызын атауға болады.
Тоныкөктің толғауы ретінде берілетін келесі бөлімде жыраулық үлгідегі сөз саптау бар. Жалпы Төныкөк «қазақтың жыраулық дәстүріндегі Бұқар жырауды, Қорқыт атаны, «Оғыз қаған жырындағы» Ұлық түрікті еске түсіреді» . «Ол – Білге қаған кезінде төбе би болған, Білге қағанға қызын берген қайын атасы. Алтайдағы қара Ертісті жайлаған қарлықтардың Сәбек тайпасынан шыққан. Жасында Тауғаш елінде тәрбиеленген». Жанат ақынның туындысында Тоныкөктің монологы былай берілген:
Кердең де кердең басқан күн,
Кеудеміз жаудан асқан күн,
Қағаным таққа мінгенде
Қай дұшпанымнан жасқандым?
Қызыл да тілді жебелеп,
Алқалы топтан асқанмын.
Қылыштай сөзбен қын тылып,
Тауды да бұзып, тас жардым
Тоныкөк қағандарға ақыл беруші дана ретінде көрінеді. Қазақ тарихында ханға сөзін өткізген ақылман қария қаншама болған. Жанат ақында оның осы ерекшелігін көрсету үшін жыраулық дәстүрде толғауын өрген. Толғауының соңында келтірілетін:
Жерімізге тыныштық,
Жерімізге ырыс-құт,
Тұрақтап қала ма деген
Тәңірге қояр сұрағымыз еді,
– деген жолдарда ақынның оның абыз ретіндегі бейнесін толық танып-түсінуінен туындаса керек.
Түркілер әдебиетінің өкілі Иоллығтегін өлеңнің буын, бунақ, тармақ, ырғақ жүйені пайдалана отырып, ерекше бір сарынды, сазды беруге тырысқан.
Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төртбұрыштағы халықты
Көп алған екен, бәрін бейбіт еткен,
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген
Бабалар жырының бұл сарыны Жанат Әскербекқызының шығармаларында былайша жалғасын тапқан:
Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік.
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні - жоқ қылдық.
О, түрік-сір жұрты!
Басымнан бақ тайды ма,
... Өртенеді өзек,
Жақыным жаттай мына
Ажал тұр оғын желкеме кезеп
Басталған жолдарынан-ақ ақынның көне түркілер сарынын терең түсініп-танығаны байқалады. Іргелі поэманың «Бұрынғы әуен» деп аталатын бөлімінде «Білге қағанның бақұлдасуы», «Күлтегіннің қаһары», «Тоныкөктің толғауы», «Иоллығ-тегіннің аманаты» атты тараулары топтастырылған.
Бұрынғы әуеннің соңғы бөлімі Иоллығ-тегіннің аманаты ретінде берілген. Шығарманың құрылымдық желісі бойынша жоғарыда келтірілген монологтардың барлығының авторы ретінде Иоллығ-тегіннің көрінуі байқалады. Бұл туралы жырда «Бұл жазуды жаздырғанның аты Иоллығ тегін» деп көрсетілсе, Жанат Әскербекқызының шығармасында:
Мәңгіліктің
Қағанаты - жыр,
Шықпасын деумен
Жаманат бір,
Шежіре шерттім
Тас кеудесіне,
... Иоллығ-тегіннің
Аманаты бұл,
– деп айтылған. Жалпы алғанда Ж. Әскербекқызы өз туындысында бабалар сөзінің асыл қасиеттерін сақтай білген. Сол арқылы көркемдік қуаты зор, жаңа сипатты шығарма жазып шығарған.
Ж.Әскербекқызының «Тастағы таңба» атты өлеңінде:
Көк тастың тәніне қашалған,
Көне сыр жұмбағын аша алман.
Құлпытас тіліңді тістейсің,
Күрсінер шежіре тасыңнан,
Уақыт өзіңе сүйеніп,
Кеңістік көзіне жас алған.
Көктүріктер құйғытып күлікпен,
Көрінсе, күллі жау үріккен,
Көк сүңгі жол ашар қару боп,
Күдікті түйреген үмітпен,
Осынау даңқыңнан бабалар,
Тек таңба қаларын біліп пе ең?