2.3 Бастауыш сыныпта дамыта оқыту технологиясының тиімділігі Психолог Л.С. Выгодскийдің айтуынша «Бала дамуының ең шарықтау шегі- бұл тіл мен ойдың шығармашылығы». Оқыту барысында жаңа технологиялық әдістерді пайдалану шәкірттердің ойлана білу қабілеттерін дамытады, олардың білім сапасын жақсартады, ой өрісін кеңейтеді, есте сақтау қабілеттерін өсіреді. Оқыту мен дамыту әдістерінің екуіде жеке тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін маңызды айғақтар болып саналады. Дамыта оқытуда оқушының ойлау, ізденушілік, зерттеушілік қабілеттері артып, талдау арқылы белгілі бір шешімге келуге, оны дәлелдей білуге, оқушының өз ой-пікірін айтуға мүмкіндік беріледі. Бастауш саты- бұл оқушы тұлғасы мен санасының қарқынды дамитын құнды, қайталанбайтын кезеңі. Сондықтан бастауыш мектеп – оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Президент жолдауында: «Ұлттық бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте білім деңгейімен анықталады»- деген байламы жеке адамның құндылықтарын арттыру, оны дайындайтын ұстаз жауапкершілігінің өсуі, тынымсыз еңбек, сапалы нәтиже деген ұғыммен егіз.
Бастауыш сынып оқушыларын оқытуда негізінен дамыта оқыту технологисы басшылыққа алынады. Себебі қазіргі оқулықтар дамыта оқыту технологиясы негізінде жазылған. Сондықтан әрбір бастауыш сынып мұғалімі «Дамыта оқыту» технологиясындағы сабақтың құрылымын, әдіснамалық негіздерін толық меңгеріп, өз іс-тәжірибесінде шығармашылықпен қолдана білу тиіс.
Оқу – адамның психикалық дамуының формасы, элементі. Кез келген оқыту белгілі бір мөлшерде адамды дамытады. «Даму» ұғымы сөздікте «... мөлшерлік өзгерістердің белгілі бір өлшем шегінен шығып, сапалық өзгерістерге айналуы» -деп түсіндіріледі. «Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы – жаңарту процесі жаңаның өмірге келуі, ескінің жоғалуы деген мағынаны білдіреді. Оқыту мен дамытудың арасында тығыз байланыс бар екенін психология ғылымы жеткілікті дәрежеде дәлелдеп берді деп айтуға болады. Бұл мәселені түбегейлі зерттеп, бала дамуындағы оқытудың рөлін, алар орнын анықтаған көрнекті психолог Л.С Выгодский.
И.Я Лернер «Даму» деген ұғымды педагоикалық заңдылықтарға негіздей отырып, адамның әртүрлі қиындықтардағы мәселелерді шеше білуге дайындығы деп түсіндіреді. Мұндай анықтама интеллектуалдық іс-әрекетті жоғары орынға шығарады. Мәселе қаншалықты күрделі болса, оны шешуге жұмсалатын ақыл- ой қызметі де соншалықты кең, аумақты, демек даму деңгейі де жоғары болады.
Л.В. Занков ақыл –ой қызметінің төмендегідей көрсеткіштері дамуды іске асырады деп есептейді. Олар байқампаздық, өз ойын еркін жеткізе білу, практикалық іс- әрекетті атқара білу. В.В. Давыдов ақыл ойдың дамуының көрсеткіші ретінде жинақтай, қорытындылай алу дағдысын есептейді.
Тұтас алғанда барлық авторлардың даму туралы ойлары оқыту барысында баланың психикасының жаңа сапалық деңгейге көтерілуі дегенге келіп саяды және оның басты шарты ретінде әрекет алынды.
Метеп оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі факторы олардың білімі мен дағдыларының дәрежесі ғана емес, сонымен бірге, баланың маңызды психикалық қызметтерін, ақыл –ой жұмысының тәсілдері қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу процесін жолға қою керектігі саналады. Оқушының шығармашылық қабілеті де оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Ойлауға үйрететін сабақтарды дамыта оқыту сабақтары деп білеміз.
Дамыта оқытуды ұйымдастыру, балаға ақыл-ой әрекетін меңгеруге жағдай жасау деп қарастыру керек. Дамыта оқыту сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.