Тәрбие әдістерінің жіктелуі. Тәрбие әдістерін топтастыру, жүйелеу, жіктеу, бөлу өте күрделі мәселе. Әр әдістің өзіндік ерекшелігі болады. Осыған байланысты педагогикада тәрбие әдісінің заңдылығы мен мәнін ашатын көлемді ғылыми қор жинақталған. Тәрбие әдісін жинақтау не үшін қажет. Ол тәрбие әдісін:
жалпы және жеке;
негізгі және кездейсоқ;
теориялық және тәжірибелік ерекшеліктерін айқындауға, бөліп қарауға көмектеседі;
мақсатты түрде әрбір тәрбие әдісін тиімді пайдалануға мүмкіндік жасайды;
әрбір тәрбие әдісінің өзіне тән белгісін және оның ерекшелігін, міндетін оның бір – бірімен байланысын айқындай түседі.
Педагогика ғылыми зерттеушілердің еңбектерінде тәрбие әдісі түрліше топтастырылады. Ғалым педагогтер Н.И.Болдырев, Н.К.Гончаров, Ф.Ф.Королев т.б. тәрбие әдісін классификациялауда сендіру, жаттығу, мадақтау және жазалау әдістерін жеке бөліп қарастырады. Ал, Т.А.Ильина, И.Т.Огородников т.б. тәрбие әдісін топтастыруда сендіру әдісімен қатар оқушылардың іс - әрекетін ұйымдастыру әдісін және олардың мінез – құлықтарын ынталандыру әдістерін қоса қалыптастырады. Г.И.Шукина өзінің оқулығында тәрбие әдістерін қазіргі теориялық негіздерге сүйеніп талдау жасайды. Ю.К.Бабанский, В.А.Сластенин тәрбие әдістерін мынадай төрт топқа бөліп қарастырады.
Бірінші топ – жеке адамның қоғамдық санасын қалыптастыру әдістері (көзқарасы, сенімі, идеясы).
Екінші топ – іс-әрекеттерді ұйымдастыру, қарым – қатынас жасау және қоғамдық мінез – құлықты қалыптастыру әдістері.
Үшінші топ – іс-әрекет пен мінез – құлықты ынталандыру әдістері.
Төртінші топ – іс-әрекетке бақылау жасау, өзін - өзі бақылауды ұйымдастыру және баға беру әдістері. Сонымен әр топтағы көрсетілген тәрбие әдістері екі жақты тәрбие әдістерін сипаттайды: бір жағынан бұл әдістер жеке адамның әлеуметтік адамгершілік ережелерді саналы меңгеруіне ықпал жасауды көздейді. Екінші жағынан, тәрбиеленушілердің әр түрлі іс - әрекетте, мінез – құлықта қарым – қатынас жасауда белсенді азаматтық позицияда болу қажеттігінен туындайды.
Педагогика теориясында тәрбие әдістерінің методологиялық және теориялық негізі ретінде адамның қоғамдық мәні мәселесі және жеке адамның қалыптасуында іс - әрекеттің ролі туралы ілімнің қағидалары алынған. Бала жеке адам тек іс - әрекет үстінде ғана қалыптасады. Бұл үшін баланың өмірі үнемі іс - әрекет арқылы ұйымдастырылуы керек. Ол іс - әрекет нақтылы мақсатты шешуге бағытталып, қажет болған жағдайда арнайы ситуациялық іс - әрекеттер де ұйымдастырылуы қажет.
Тәрбие әдісінің бірінші тобы – оқушылардың санасына, сезіміне, ерік – жігеріне жан – жақты ықпал жасауды қамтиды. Бұл әдістер оқушыларға сенімді қалыптастыруды және іс - әрекеттің бірлік принципін жүзеге асыруды көздейді. Бала жеке адам болып қалыптасу процесінде тек қана сыртқы әсер арқылы ғана емес, ішкі жан дүниесінің, жеке сананың әрекетінің ықпалы арқылы да дамып жетіледі.
Жеке адамның қоғамдық санасын қалыптастыру әдістеріне: түсіндіру, әңгімелер, лекциялар, пікірталастар, үлгі - өнеге жатады. Көптеген ғалымдар бұл топтағы әдістерді қалыптасқан дәстүр бойынша сендіру әдістері деп те атайды.
Мұндай көзқарасты, жалпы адамзаттық мораль талаптарына сай қасиеттерді қалыптастыру мақсатында тәрбиеленушінің сана – сезіміне, еркіне, мінез – құлқына ықпал жасау жолдары мен тәсілдерінің жиынтығы сендіру әдісі деп аталады.
Сендіру дегеніміз – оқушылардың ақыл – ойы мен сезімін жандандыру, адамгершілік жайлы түсініктер мен ұғымдарын қалыптастыру және жағымсыз қылықтарын жою мақсатында олардың санасына, сезімі мен ерік қайратына жан – жақты әсер етуді айтамыз.
Сенім – тек моральдық түсінік, ұғым ғана емес, ол адамның мінез – құлық, іс - әрекетінің тұрақты жетекшісі.
Сенім деген ұғымды анық дифференциялап алу керек. Мұнда сенім, біріншіден: жеке бастың психикалық сапасы – тәрбиенің жемісі, нәтижесі ретінде анықталады; екіншіден, сенім, сендіру жеке бастың санасына, еркіне сезіміне ықпал жасайтын әдіс, құрал ретінде анықталады.
Сендіру әдісінің негізгі қызметі, ерекшелігі – ол арқылы жеке бастың сенімі қалыптасады.
Сендіру – оқушының тек қана санасына, сезіміна ықпал жасау ғана емес, әрі оның мінез – құлқына, әрі әрекетіне де ықпал жасауды көздейді.
Сендіру әдісі жалпы адамзаттық моральдың нормаларын, ережелерін кеңінен түсіндіру, оны іс - әрекетпен байланыстыруды көздейді. Тәрбиеленушілердің белсенді позицияда болуын өз көзқарастарын қорғай білу, өзінің де, жолдастырының да мінез – құлқына, іс - әрекетін дұрыс баға беруді, талқылауды қамтитын әдіс. Сендіру әдісінің тиімділігі оқушының санасына әрі сезіміне, көңіл – күйіне ықпал етуді бірімен – бірі ұштастырылған жағдайда жоғарлай түседі. Сезімнің, эмоцияның көтеріңкі болуы ескерілмеген жерде мораль ережелеріне терең сенім тумайды.
Сонымен жеке адамның санасын қалыптастыратын әдістердің маңызы:
қоғамдық, моральдық, еңбек, эстетикалық т.б. күрделі ұғымдарды, түсініктерді, анықтамаларды, ереже нормаларымен нақтылай түседі;
әрбір іс, қимыл, әрекеттердің, тәжірибелердің оң дәрежеде, жағымды, көтеріңкі эмоциялық күйде болуына жағдай туғызады;
нақтылы міндеттердің анық мақсаты мен маңызы қоғамдық адамгершілік негізіарқылы айқындайды.
Тәрбие әдістерін қолдануда педагогикалық және психологиялық талаптар ескеріледі:
сөздің өте күшті сенім қаруы екенін түсіну;
оқушыға шын мәнінде белгілі ережені түсіндіру, жаңа мәліметтер беру немесе санасына әлдеқандай ерекше ықпал жасау қажет болған уақытта сендіру әдісін қолдану;
жеке бастың психологиялық табиғатын жақсы білу, сезімнің атқаратын ролін айқындау;
оқушының өмірлік тәжірибесіндегі алғашқы жинақталған ұғымдар, түсініктер қорына, мінез – құлық қасиеттеріне арқа сүйену, оның оң не теріс екенін айқындау, орын алған ситуацияларды баяндау, оған қорытынды жасау;
мұғалімнің, тәрбиешінің немесе ата – ананың әңгімесіне, түсініктемесіне баланың үнемі белсенділікпен, қызығушылықпен қатысуын ұйымдастыру;
әр баланың көңіл – күйін, ынтасын арттыратындай өз ісінің, мінезінің кемшілігіне қысылатындай, өзін - өзі тәрбиелеуге жігерлендіретіндей жағдай жасау;
сендіру әдісінің барлық салаларының бірлікте, жүйелі түрде, үздіксіз қолданғанда және балалардың сана – сезімі, тәжірибесі, білімі көзқарасы мен жас өзгешеліктеріне қарай біртіндеп жоғарылаған сайын әр әдістің мазмұнын күрделендіріп, түрлендіріп, дамытып отырғанда ғана тәрбие ісі нәтижелі болады;
үнемі бір әдісті қолдану оқушыларға әсер етпейді.
Тәжірибелі педагогтер тәрбие әдістерінің тұтас жүйесін пайдалануға ұмтылады, жеке бір әдісті қолданумен шектелмейді.
Түсіндіру. Оқушыға адамгершілік, эстетикалық, саяси, еңбек тәрбиесі ұғымдары туралы түсінік беріледі. Оқыту процесінде әр пәннің оқу материалына байланысты айтылумен қатар арнайы тәрбиешілік мақсат көзделіп, оқушыларға патриотизм, гуманизм, парыз, міндет, ар – намыс, парасаттылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, жауапкершілік, тәртіптілік, ынта – ықылас, ерік – жігер т.б. туралы түсіндіріледі.
Түсіндіру формалары алуан түрлі: әңгіме, көрсету, оқушылар шығармалары.
Өткізу методикасы тұрғысынан алғанда түсіндіру формаларының ең күрделісі – этикалық әңгімелер.
Этикалық әңгімелер – мораль мәселелері туралы кең түрде, еркін пікірлесуді көздейтін, оқушылардың санасына, сезіміне сөз арқылы ықпал жасайтын, тәжірибеде кеңінен қолданылатын сендіру әдісінің ең тиімді түрінің бірі. Этикалық әңгіме әдісінің негізгі мақсаты оқушыларды қоғамдық өмірде болып жатқан оқиғаларға, іс - әрекеттерге, әртүрлі жағдайларға баға беруге, соның негізінде өзін қоршаған әлеуметтік ортаға адамгершілік міндеттерге жауапкершілігін тәрбиелеу.
Әңгіменің негізінде қоғамдық өмірдің әлеуметтік адамгершілік немесе эстетикалық, еңбек т.б. салаларының әр қырынан ашып көрсететін деректер алынуы керек.
Әңгімелесудің тақырыбы, мазмұны танымдық, саяси, эстетикалық мәселелерге арналады.
Бұл әдістің негізгі мәні – теориялық қағидаларды баланың санасына жеткізу, сол арқылы өмірде меңгере бастаған мінез – құлық, іс - әрекеттерінің барысын талдау, жинақтау, баға беру.
Әңгімелесу әдісіне қойылатын негізгі педагогикалық – психологиялық талаптар:
таңдалған, іріктелініп алынатын тақырыптың көкейкестілігі, оның тәрбие процесінің міндетіне, оқушылардың мүддесіне сай болуы; таңдаған тақырыптың нақтылы сыныпқа, оқушылар тобына қажеттілігін дәлелдеу;
оқушылардың өмір тәжірибесіне, біліміне сүйену;
оқушылардың жас мөлшеріне қарай әңгімелесу барысын дамытып отыру;
әңгіменің мазмұын өте мұқият іріктеу – оқушылардың сезіміне әсер ететін тың жаңа деректерді, түсінікті, анық әрі қонымды материалды алу;
әңгіме тақырыптары мен мазмұны жоғары сынып оқушыларының жас өзгешеліктеріне және сынып ұжымының, оқушылар тобының ерекшеліктеріне сай болуы керек. Мәселен, жас өспірімдерге арналған әңгімелер, олардың өздерінің көзқарастары мен мінез – құлықтарына лайықтап, салыстыра алатындай, оның себептерін ашатындай, өзіндік ой туғызатындай мазмұнда құрылуы тиіс;
қарастырылатын тақырыптың қызықты болуын, оны оқушылардың ойлауын, өздігінен толғану қабілетін туғызатындай проблемалық сипатта қоя білу, олардың белсенділігін дамыту;
әңгімелесу барысында оқушылардың көңіл күйі көтеріңкі болуына жағдай туғызу; тәрбиешілердің оқушыларға сеніммен қарай білуі, олардың жауаптарына зейін қоя білу; дұрыс, кемшіліктерін өте ептілікпен түзетіп, дұрыстығын айту, реті келген кезеңде орынды әзіл, күлкі, сықақ сөздерді де пайдалана білу т.б.
әңгіме және әңгімелесудің тақырыбына байланысты көрнекі құрал және техникалық құралдарды, әдеби көркем шығармалармен бейнелеу өнері, музыкалық құралдарды пайдалану;
әңгіменің қандай жерде, қай жағдайда өткізілуінің де мәні бар. Мәселен, жоғары идеялық – адамгершілік қасиеттер туралы әңгімені жауынгерлердің, қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы айтылғанда, ескерткіштер мен тарихи орындарда өткізілгенде ғана оқушылардың сезіміне ықпалы зор болатыны белгілі;
әңгімеге, әсіресе әңгімелесу әдістеріне мұғалім жан – жақты әзірленуі қажет.
Пікірталас дегеніміз – пікір таластырамын, талқылаймын деген мағынаны білдіреді. Оның этикалық әңгімелерге біршама ұқсастау болғаныменөзіндік міндеті бар. Бұл өте күрделі, сонымен бірге оқушылар санасына тиімді ықпал ететін әдіс.
Пікірталас оқушылардың сенімдерін ой елегінен өткізуге, дербес пайымдауға үйретеді, оқушылардың ойын, сөйлеу логикасына негіздей білуге тәрбиелейді. Көкейкесті мәселелерді талқылау арқылы оқушылар өз көзқарастарының дұрыстығын не бұрыстығын түсінеді. Пікірталас әдісі көбіне жоғарғы сыныптарда кеңінен қолданылады.
Пікірталас арқылы жастардың саяси және адамгершілік, ізгілік, эстетикалық, құқықтық, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, әдебиет, көркем - өнер, жалпы қоғамдық проблемалар туралы түсініктер мен көзқарастарды қалыптастыруға болады.
Саяси қоғамдық, адамгершілік көзқарастарды жастар өздері батылдықпен дәлелдей алғанда ғана олар нағыз патриот болады және пікірталас әдісінің негізіне алынады.
Пікірталас әдісіне қойылатын талаптар:
пікірталасқа қойылатын мәселелер проблемалық сипатта болуы керек;
жастардың дүниеге өмір құбылыстарына өздерінің пікірлерін, ойларын білдіруге, оларды теріс пікірлер мен көзқарастарға баға бере білуге, талқыланып отырған мәселенің дұрыс шешімін дәлелді түрде негіздеуге үйрету.
Пікірталас өткізу қоғамдық пікірді айқындау, принциптік, қоғамдық міндет, парыз, жауапкершілікті сезіну, нақтылы іс - әрекеттерді байқай білуге қолайлы жағдай болып табылады. Жастардың ынтасын, белсенділігін арттырады, олардың өз біліміне, өмір тәжірибесіне, мінез – құлық ерекшелігіне сынмен қарауға тәрбиелейді. Сондықтан пікірталасқа оқушылардың неғұрлым көбірек қатысуын көздеу тәрбиенің пәрменді болуына мүмкіндік береді. Пікірталас шамамен мынадай тақырыптарда өткізіледі:
«Демократия дегеніміз не? Қоғамды демократияландыру дегенді қалай түсінесің?», «Замандасың туралы не ойлайсың?», «Армандау керек пе?», «Қызықты және қызықсыз еңбек туралы не ойлайсың?», «Адам атану оңай, ал нағыз адам болу қиын», «Өз мінезіңді өзгертуге бола ма?», «Интеллектуалдық дегеніміз не, ол не үшін қажет деп есептейсің?».
Дөңгелек стол басындағы ашық әңгімелер мынадай тақырыптарда өтуі мүмкін:
«Адам факторын жетілдірудің мәні неде?», «Еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттары туралы сіздің ойыңыз?», «Қандай адамды интернационалист деп есептейсіз?», «Қазақстан республикасы – біздің ортақ үйіміз», «Қос тілділік – достықтың белгісі», «Қасиеттілік дегенмізі не?», «Адамның қажеттілігінің шегі неде?», «Өмір қызығының мәні неде?», «Адамзат ХХІ ғасырдың қарсаңында», «Адамның қабілеті – адамзат құдіреті» бұл туралы не айтар едіңіз?
«Ана тілің – арың бұл»,
Ұятың боп тұт бетті.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметт, - деген тақырыптар.
Сонымен жеке адамныңқоғамдық санасын қалыптастыру әдістеріне пікірталастарымен қатар үлгі - өнеге лекциялары, кітап оқырмандары конференциялары, саяси хабарламалар т.б. адам санасына ықпал жасайтын әдістер жатады.
Тәрбие процесінде үлгі - өнеге тәрбиенің ықпалды әдістерінің бірі болатын себебі үлгінің тәрбиелік күші балалардың өзін қоршаған ортадағы үлкендерге, жолдастары мен ең жақсы достарына ұқсауға еліктейді. Сонымен қатар балаларға ұлы адамдардың өмірі мен қызметінің, сол сияқты еңбек, соғыс ардагерлерінің, оқу озаттарының, көркем әдебиет, өнер, кинофильм, бейнефильм (видеофильм), театр кейіпкерлерінің өнегесі зор орасан зор әсер етеді.
Тәрбие процесінде Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметі, еңбегі үлгісіне тәрбиелеу, жастарды ұлы идеялық, реф\волюциялық мұрасымен таныстыру, балалардың азаматтық, табанды әрі белсенді ынта – ықыласын, өмірлік позициясын нығайтуда, олардың қоғамдық сенімділігін қалыптастыруда маңызды орын алады.
Жеке адамның қоғамдық санасын қалыптастыру әдістерін қолдануда формализм болмауын еске алу – қазіргі кезеңнің маңызды проблемаларының бірі. Мектеп тәжірибесіне зер салсақ, әдетте тәрбие жұмысының кеңінен жүргізілетін салалары: әңгіме, лекция, жиналыс, пікірталас, еңбек озаттарымен кездесу, экскурсия, кино – видеофильм көру т.б. орын алатыны белгілі. Бұл шараларды өткізудегі бұрыннан келе жатқан басты кемшілік – оқушыларды тек қана тәртіпті отыру және тыңдау талап етілетіндігі. Ал жоғарыда айтып дәлелдегеніміздей, адамның жеке басы тек қана іс - әрекет арқылы қалыптасады деген педагогиканың аксиомасы сендіру әдістерін пайдаланғанда ескерілмейді. Балалар көбіне тәтті сөздің жетегінде қалып қоятынына мән берілмейді.
Сондықтан этикалық әңгімелер азаматтық парыз, қоғамдық жауапкершілік, интеллигенттілік, парасаттылық, т.б. зиялы қасиеттер туралы пікірталастар тек жалаң сөз жүзінде қалмай балалардың күнделікті өмірлік және еңбек істерімен өзіне, айналасындағы жақын – туыс адамдарға, ұжымына, қоғамға қамқорлық жасауымен қалыстасып, жалғасуы керек.
Бүгінгі таңда педагогикалық ұжымның өте – мөте көңіл бөлетін міндеті – қоғамның қазіргі тобына жауап беретін, шығармашылықпен еңбек ететін, талапкер, ізденімпаз, жауапты іскер адамдарды тәрбиелеу.
Тәрбие әдісінің екінші тобына қоғамдық мінез – құлықты қалыптастыру және іс - әрекетті ұйымдастыру қарастырылады.
Бұл топқа педагогикалық талап, үйрету, жаттығу, тапсырма, тәрбиелеушілік ситуацияларды туғызу және қоғамдық пікір жатады.
Педагогикада жеке адамның қалыптасуы нақтылы іс - әрекет болған жағдайда ғана жүзеге асырылатыны дәлелденген. Іс - әрекет адамдардың өзін қоршаған ортаға белсене қатысуының негізгі формасы.
Бұл топтағы әдістің психологиялық тұрғыдан ерекшелігі – адамның іс - әрекеті жеке басының, ішкі жан дүниесінің көрсеткіші ғана емес, оның дамуының өздігінен жетілуінің шешуші белгісі екендігі.
Адамның санасы мен мінез – құлқын қалыптастыруға қарым – қатынастың түрлері елеулі ықпал етеді. Себебі іс - әрекеттен тыс нағыз тәрбиенің болуы мүмкін емес.
Тәрбие әдісінің бұл тобының мазмұны тәрбиешінің ұйымдастыру-шылық қызметіне А.С.Макаренконың берген бағасымен сипатталады. Бізге мәлім: тұтас педагогикалық процесте тәрбиеленушілердің іс - әрекеті мен қарым – қатынасының өзара байланысты болу сипаты – тәрбиенің ең негізгі заңдылықтарының бірі. Осыған орай, тәрбие әдісінің бұл тобы тәрбие процесіндегі әр салалы іс - әрекеттерді қамтиды. Мұнда, әсіресе таным әрекетінің, сонымен қатар ойын мен еңбек түрлерінің, көркемөнердің, спортпен шұғылданудың, табиғатпен қарым – қатынас жасаудың ықпалы зор.
Балалардың жағымды мінез – құлықтары мен қарым – қатынастары ең алдымен олардың әр түрлі іс - әрекеттері педагогикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған жағдайда ғана қалыптасады.
Қоғамдық мінез – құлықты қалыптастыру және іс - әрекетті ұйымдастыру әдістеріне қойылатын педагогикалық – психологиялық талаптар:
әрбір іс - әрекеттің алдына қойылған мақсаты анық, айқын белгіленіп, оның қоғамға, ұжымға пайдалы болуы және сол іске қатысатын жеке адамның өзіне де қажеттілігі, әрбір оқушының ынта – ықыласы, қабілеттілігі мен іскерлігі ескерілуі керек; мұнда оқушылардың ортақ мүдделі істі сезімталдықпен, орындауына қолайлы жағдайда орындайды. Себебі енжарлық, әрекетсіздік барлық жастағы балалардың табиғатына жат қасиет. Егер балалардың бірі салғырттық көрсетсе, оның себебін білу қажет.
Баланың мүддесі мен бейімділігін ескере отырып, оның көңілінен шығатын, шамасы жететін қоғамдық жұмысқа, еңбекке қатыстыру олардың өз еркімен, өздігінен әрекет ету тәжірибесін кеңейтеді. Бұл жағдай жастардың біртіндеп белсенді өмірлік позицияға көшуіне ықпал жасайды.
Іс - әрекетті дұрыс ұйымдастыру әдетте балалардың белсенділігіне байланысты. Жұмысты жоспарлау, жеке тапсырмаларды бөлу, оның нәтижесін тексеру т.б. міндеттерді балалардың білетін еңбекте көрсете және дамыта алады.
Жастарды өз күштерін ортақ істерге арнауға шақыру, өнегелі тәрбие беру жастарға жағымды сөздер сөйлеп, адамгершілік туралы ережелерді ұсыну, түсіндіру қажет. Бұл қағида педагогикалық талаптың негізі болып табылады.
тәрбиешінің басшылығы жұмыс барысында кеңес беру, балалардың ынтасын арттыруға бағытталуы керек. Жұмыстың мазмұны мен түрлерін, әдістерін жандандыратын материалдық және моральдық жағдайларды ұсынып отыру көзделінеді.
Оқушылар ұжымының қатысуымен қоғамдық пікірдің негізінде іс - әрекеттің нәтижесін қорытындылау.
Сонымен әдістерді қолдану арқылы тәрбиеленушілердің еңбекке жауапкершілік, қоғамдық мінез – құлық, тәжірибесі, қарым – қатынас жасау дағдысы мен белсенді өмір позициясы қалыптасады.