Ғылым – адамдардың табиғат, қоғам, ойлау туралы білімдерінің жүйесі. Осы үш саланың әрқайсысына қатысты ғылымдардың жеке салалары және олардың даму заңдылықтары бар.
Қазіргі заманғы ғылым – жаңа білім өндіру және мақсатқа сай оны беріп отыру жөніндегі әлеуметтік бағдарлы қызмет, қоғамдық өндірістің өзіндік түрі, жиынтығында дүниенің ғылыми бейнесін құрайтын білімдер жүйесі, аса маңызды әлеуметтік қару. Қоғамдық сананың түрлерінің бірі әрі ерекше қызмет бола отырып, ғылым, К.Маркс айтқандай, қоғамның идеалдық және практикалық байлығын білдіреді.
2. Ғылыми шығармашылық деп ненін түсінеміз, оның ерекшеліктері? «Шығармашылық» сөзі жалпыға мәлім іздеу, табу, бұрынғы жеке және қоғамдық тәжірибеде болмағанды жасау деген ұғымды білдіреді. Осыған сәйкес оқушылардың танымдық шығармашылық іс - әрекеті де дербес ізденіс және жаңаны жасау немесе құрастыру (оқушының жеке тәжірибесі негізінде оған жаңа белгісіз білім немесе әдіс, бірақ қоғамдық тәжірибеде ол бұрыннан белгілі). Яғни оқушының танымдық іс - әрекетіндегі шығармашылықтың негізгі критерийлері: дербестік, ізденіс және мақсатқа жетуде мүмкін варианттарды таңдау, мақсатқа жету үрдісінде жаңа өнімді жасау.
Шығармашылықтың дамуында жеке адамның ерекшеліктері өте маңызды
орын алады. Себебі, шығармашылық бар жерде қиял бар. Қиял шығармашылықтың негізгі бір психологиялық құрамы болып табылады.
3. Ғылыми жұмыстың мақсаты қандай? Ғылыми жұмыстың мақсаты – іргелі және қолданбалы міндеттерді шешу. Іргелі ғылым табиғат пен қоршаған әлемнің ғалами мәселелерін қарастырады, оның зерттеу пәні ретінде әлем мен бүкіл жаратылыс құрылымының жалпы заңы мен ортақ заңдылықтары табылады. Бұл ғылымның маңызы ешқандай критерийлермен өлшенбейді, одан алынған нәтижелерді жақын уақытта қолдану мәселелері қойылмайды.
Қолданбалы ғылым іргелі ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, өмірге жақын түсінікті міндеттерді қарастырады. Мұнда ғылыми нәтижелерді іс жүзінде пайдалану негізгі міндет болып саналады, сондықтан бұл салаға жататын зерттеулерді бастар алдында бұл кімге қажет ? деген сұрақтар қойылады. Іргелі және қолданбалы ғылымның арасында айқын шекара жүргізу мүмкін емес, себебі қолданбалы ғылым өзінің даму барысында және жетістіктерін қорытындылай келе бірте – бірте зерттеудің іргелі түріне айналады. Ал керісінше, іргелі ғылым тапқан жаңалықтарды пайдалана отырып, қолданбалы ғылым өндіріс пен шаруашылықтың ірі мәселелерін шешуге көп ықпал жасайды. Жүргізіліп отырған жұмыстың түріне қарай қолданбалы ғылым теориялық немесе эмпирикалық (тәжірибе) сипат алады.