ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
"СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТІ" КеАҚ
Қазтуған толғауларының тақырыптық ерекшелігі
Пән атауы: Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет
Орындаған:Тоқташева Айгерім Мұратбекқызы
Тобы:КЯЛ-101
Пән мұғалімі: Кадыров Айбар Кабыкенович
2023
Кіріспе
Жоспар:
1. Автор бейнесі
2. Шығарма ерекшелігі
3. Ақындық, қуатты шығармасы
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиет тізімі
Поэзиялық шығармаларда, автор негізінен, лирикалық тұлға ретінде танылады. Лирика ақынның ішкі сыры, толғанысы, яғни, авторлық тәжірибесі басқа жанрларға қарағанда айқын бедерленеді, өмір шындығын оқырман лирикалық тұлға поэзиясындағы автордың көзімен қарап, танып біледі. Лирик ақын өзі туралы айта отырып, өмірлік жайларды толғайды.
Қазтуғанның ақындық қуатын танытатын шығарма – оның туған жермен қоштасу жыры.Бұл толғаудан кейін бүкіл қазақ поэзиясына азық болған образдарды ұшыратамыз.
«Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт! »
Бұл жолдарда оқушысын баурап алатын ерекше бір күш бар сияқты. Адамды елжіретер түйдек-түйдек сөз тізбектері,жыр жолдары арқылы туған жерінен еріксіз үдере көшкен ел көрінісі елестейді. Аңдап қарасақ өзгеше ештеңе де жоқ, қарапайым сөз тіркестері. Алайда, осы қарапайым сөздердің өзінде адамды елітер, ерітер қаншама сезім жатыр десеңші!
«Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болған барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт…»
Адамға ең ыстық – Отан, ата-бабасының ғұмыр кешкен, өзінің туып, өскен елі, жері.Сондықтан да Еділ қымбатты, сондықтан да Еділді қиып тастап кету мүмкін емес. Жыраудың туған жерге деген махаббатында шек жоқ,бұл сезімде тіпті, фәнилік емес бірдеңе бар.
Қазтуғанның Еділ өзенін жағалап, Ақтұба, Бозан бойын жайлаған қазақ, тайпа рубасы, көсемі, қолбасшысы, әрі атақты батыры болғаны мардымсыз тарихи аңыздар арқылы белгілі.Осы қоштасу өлеңі оның 15 ғасырдың екінші жартысында өз қарамағындағы руларды бастап Еділден еріксіз ауып,Қазақ мемлекеті құрамына өткенінен сыр шертеді.
«Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менім ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жер,
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған…
Шиыршық атып, шымырқанған тебіреністен туған бұл теңеулер батыр жыраудың туған жерге сағынышын,шексіз махаббатын білдіріп, ақындық қиял ұшқырлығы мен өршіл романтикалық шығармашылық шеберлігін дәлелдей түседі.
Қазтуған поэзиясы – табиғат аясындағы көңілі таза сәби көшпендінің поэзиясы. Бұл поэзия номадтың санасының қаншалық дәрежеде болғандығын көрсетеді, оның өзін қоршаған, әлі адам қолы бүлдірмеген таза табиғат туралы түсінгенінен елес береді, өмірге қозқарасын білдіреді. Табиғат аясындағы ақкөңіл номадтың қиялы өзінің ұшқырлығымен, кеңдігімен, сонымен қатар балаңдығымен бізді таң қалдырады. Жырау туғызған кейбір суреттер мен образдарға біз кішкене баланың құмнан соққан құрылыстарына қараған үлкен кісінің сезімімен қызықтай қараймыз, бірақ күлмейміз, - сүйсінеміз.Бұл сезім кейде бас ұруға дейін жетеді. Өйткені Еділ жөнінде айтылған:
«Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас»
деген жолдар қас суреткердің қолынан ғана шығуы мүмкін еді.Сүйкімсіз шөп шырмауықтың қалыңдығы,адамға тыныш ұйқы ұйықтатпайтынына бақа-шаянының көптігі де жырауға соншалықты ыстық. Туған жердің қасиеттілігінің бір белгісі іспеттес. Бірақ біз жатырқамаймыз, тыжырынбаймыз – суреткердің қиялына таңырқай, алдымызда орта ғасырдың поэзиясы, ортағасырлық көшпенді..
Тамаша толғауы:
«Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт», -
деп, Еділ бойында қалған түрік тектес руларға бақыт,береке,тыныштық тілеумен аяқталады.
Сүйінішұлы Қазтуған негізін салған көнеден келе жатқан толғау жанрының дамуына үлкен үлес қосты,жауынгер ақынның дала поэзиясына тән өр рухты, дауылпаз үнді, асқақ қанатты сөздерге толы,көркем тіркестерге бай жырлары қазақ әдебиеті тарихына өшпейтін із қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |