ҚАЗҰУ ӘЛЕМДІК QS РЕЙТИНГІНДЕ 175-ОРЫНДА: БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS рейтингінде 175 - орында. Бұл рейтингте әлемдік жоғары оқу орындары қалай бағаланады? Қандай өлшемдері бар? Сонымен қатар, ҚазҰУ қандай отандық рейтингтерде көш бастап тұр? «Ойталқы» бағдарламасының ХІІ-шығарылымы осы тақырып төңірегінде өрбімек. «Farabi media» телестудиясына «Стратегиялық даму орталығының» директоры, педагогика ғылымдарының докторы Гүлшарат Салауатқызы мен «философия және саясаттану факультеті» деканының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты Әлия Өмірбекқызы арнайы келіп, өз пікірлерін ортаға салды. Жүргізуші: Гүлшарат Салауатқызы, QS-те ЖОО рейтингісі қалай бағаланады, оның қандай өлшемдері бар?
Гүлшарат Салаутқызы: QS рейтингі әлемдік рейтинг, өзінің бірнеше номинациясы бар, соған байланысты түрлі сарапшылар баға береді. Мысалы, ЖОО-ны бағалайтын бірінші номинациясы QS world university rancing деп аталады. Бұл номинация 6 критерий бойынша бағаланады: алдымен академиялық сарапшылар, одан кейін жұмыс берушінің ішінен таңдап алынған сарапшылар баға береді, содан соң ЖОО-да қанша шетелдік студенттер оқиды, солардың саны, оқу орнындағы шетелдік ғалым, профессорлар саны және оқытушы мен студенттердің ара қатынасы, яғни бір оқытушыға қанша студенттен келеді осы жағдайлар ескеріледі және соңғысы біздің ғалымдарымыздың ғылыми мақалаларына қанша сілтеме жасалынады, сол да есепке алынады. Нақтырақ айтқанда, университет оқытушыларының Scopus базасындағы журналдарға шыққан мақаласына қанша сілтеме жасалды, соны бағалайды.
Біздің, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы QS world рейтингінде 175-орынды иеленді. Негізі, біздің университет әлемдік рейтингтерде жоғары көрсеткішке қол жеткізуді негізгі мақсат етіп қоймайды. Оқу ордасының басты мақсаты даму бағдарламалары бойынша алға жылжып отыратын кешенді үдерістің жетістікке жету нәтижесі ретінде қабылдау керек. Яғни, даму барысында қандай ЖОО-мен қатарлас немесе қайсысынан кейін келеміз, осы мәселелерді өзіміз де сараптап отырамыз, талдаймыз. Оның ішінде қай критерий бойынша алдамыз, қайсысынан артта қалып келе жатырмыз, осының бәріне, бүге-шігесіне дейін сараптама жасап отырамыз. Рейтингтің пайдасы осы, өзіміздің жұмысымызды талдауға, саралауға мұрындық болады.