Гүлшарат Салауатқызы: Университетте соңғы уақытта оқу бағдарламасы толық сараптамадан өтіп, күрделі, ауқымды жұмыс жүргізілді. Оқу ордасының бір ерекшелігі, бізде қосдиплом беретін оқу бағдарламалары бар. Оны шетелдік оқу орнымен бірігіп жасаймыз. Шыны керек, бұрын бұл бағытта қай оқу орны келіссе, солармен жұмыс істейтінбіз. Қазір басшылық мынадай міндет қойып отыр: біздің бірлесе жұмыс істейтін оқу ошағымыз халықаралық рейтингтерде алғашқы 200-ге кіретін оқу орны болуы керек. Бұл біздің дамуымызға, бұдан да биік межеге жету үшін қажет. Ал өркендеуге деңгейі, әлеуеті жоғары, өзімізден де көрсеткіші мығым, алғашқы 50, 100 университет қатарына кіретін білім ошағы болса, біз де соған сәйкес сондай жетістікке жетуге талпынамыз. Осыған орай, қосдиплом беретін ағылшын тіліндегі оқу бағдарламалары қолданылады. Мұның бәрін біз студенттеріміз үшін жасап жатырмыз. Солар жақсы білім алса екен, жақсы маман болып шықса деген ниеттен туындаған игі істер. Мысалы, еуропалық студенттер еркін қозғалыста. Бірінші курсты Лондонда оқыса, екінші курсты басқа бір елде оқиды. Сол сияқты Германияда оқуын бітірсе, Аустрияға барып жұмыс істейді дегендей. Осындай жағдайды біз де студенттерімізге жасағымыз келеді. Соның нәтижесінде, қосдипломды таңдау мүмкіндігі құрылды. Біздің ел 2010 жылдан бастап, Болон процесіне қосылды. Мұндағы басты мұрат та сол, студенттерге сапалы білім беріп, жақсы жағдай жасау.
Әлия Өмірбекқызы: Ағылшынтілді бағдарламалар көбейетін болса, шет елден де бізге студенттердің көбірек келуіне жол ашылады. Бұл, әрине академиялық ұтқырлыққа, қосдипломдық бағдарламаны дамытуға мүмкіндік береді.