Б. Б. Жахина «Жоғары мектеп әдістемесі»


-дәріс Ахмет Байтұрсынов – әдіскер-ғалым



бет16/30
Дата10.02.2023
өлшемі0,85 Mb.
#66910
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   30
Байланысты:
zhogar mektep adistemesi

3-дәріс
Ахмет Байтұрсынов – әдіскер-ғалым

Қазақ даласында мектептің негізін салушы Ы.Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы» десе, А.Байтұрсынұлы «Зат есім» деп атайды. Ал, «Имя прилагательное», «Имя числительное» деген сөз таптарына Ыбырай «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары» деп баламаласа, Ахмет «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді. «Местоимение» деген терминді алғашқы ағартушы «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса, кейінгі әдіскер «Үстеу», «Демеу» дейді. Бүгінде бұлар қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдарды білдіретін пәнсөздер. Осылайша, қисын-ережелер қалыптасып, алдыңғы буын өкілдері жіберген кемшіліктер кейінгі ұрпақтың түзеп-түрлеуі арқылы қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының заңдылықтары дамып жүйеленіп отырған.


Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы қазақ әліпбиін 1924, 1931 жылдары «Байтурсуновская графика», «Байтурсуновский алфавит» деп атап, түркі елдері арасындағы «ғылыми жүйеленген ірі жетістік» екенін мойындаған. Мәселен, 1931 жылы Мәскеудің «Литературная энциклопедия» жинағына ғалым реформалаған әліпби «Казахский (Байтурсуновский) алфавит» енгізілген. Ал, біздің бүгінгі жетілген қазақ тіліндегі 40 (жуан, жіңішке белгіні есептеу шарт емес) әріптің түп негізі – Ахаң емлесі негізінде қайта жасалғанын ескере бермейміз…А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Қазақша алифба» оқулығы 1912 жылы Орынборда жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибратын оқулықтың беташары ретінде ұсынады. Кітаптың әріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Би-исми-иллаһи-рахмани-раһим» шырағдандай орналастырылған. Әрі қарай қазақ әріптері рет-ретімен беріледі де, әрбір харіптің тұсына таңбасы және сол таңбаның атауы жазылады. Және төменгі жағына оқытушыға нұсқаулығы қатар ұсынылады. Сонымен бірге, соңына қысқа әрі нұсқа оқушының ұғымына сай, түсінігіне ылайықталған қысқа мәтіндер. Туысқан-туған атаулары; Тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары; Ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары және ас-тағамдары; Дене мүшелері т.б. қамтылады. Оқу құралының 2-ші кітабы жалғасты оқулық ретінде толықтырылып, 1913 жылы шықса, «Әліппе – астары» әліппеге жетекші құрал ретінде 1924 жылы жазылған. Оқулықтардың бала сауаттандырудағы қажеттілікті өтеудегі зор қызметіне, оның 1912, 1913, 1914, 1916, 1921, 1922 (2 рет), 1923, 1925 жылдары жиі басылым көруі айғақ. Ағартушының «Тіл – құрал» оқулығы негізінен, үш жылдыққа арналып, әр жылғы сыныптарға жеке-жеке жазылған құрал. Бірінші тіл танытқыш кітап: Дыбыс жүйесі мен түрлері (1914), екіншісі: Сөздің жүйесі мен түрлері (1914-1915), үшіншісі: Сөйлем жүйесі мен түрлері (1923). Әдіскер ұстаз оқулықтың не себепті үш жылға бөлінгенін түсіндіре отырып, 1-ші жылы оқытылатын бөлім тілдің негізі болғандықтан, оқытушылар алғашқы жылы балаларға харіпті нық үйретулері керектігін ескертеді. Бірінші оқулықта әріптер, буындар, әріп туралы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары оқытылса, жеткілікті екенін айтады. Дүниедегі жұрт тілінің негізі үшке: Түбіршек, жалғамалы, қопармалы болып бөлінетіні, ал, қазақ тілінің қай топқа жататынын әрі оның негізгі ережелерін түсіндіріп береді. Сонымен қатар, қолданылуға тиісті әдіс-тәсілдердің қандай жолмен оқытылуы керектігін өте жеңіл ұғынықты етіп түсіндіреді. Оқулықтың тақырыбы қарапайымнан күрделіге қарай оқыту тәсілі сатылана қолданылып, кітаптың екінші, үшінші жалғасы жазылды.
1995 жылы Абат Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» атты ғылыми зерттеу еңбегінде ағартушы әдіскердің еңбектерінің жазылу тарихы, әліппе мен оқулықтарының әдістемелік негізі, жалпы сипаттамасы жөнінде сараптамалық салыстырмалы талдаулар жасады. Зерттеуші еңбегінде «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы» екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шығып, ағартушының әдістемелік оқулықтарының бүгінгі қазақ тілін оқыту ісінің негізі әрі сабақтастығын, тарихи тұлға мұрасының өміршеңдігін жазды. Әдіскер ұстаздың «Байаншы» әдістемелік құралы мектеп мұғалімдері үшін жазған нұсқаулығы. Кітап 1920 жылы жарық көрген. Ағартушы-ұстаз өзінің 14 жыл бойы бала оқытқан тәжірибесіне сүйеніп, сол тұстағы заман талабы жаңа оқу жолымен (усул сотие) қалай оқыту керектігіне: «Қазақ тіліндегі дыбыстар һәм олардың жазылу белгілері», «Дыбыспен жаттығу» деген аңдатпалық мағлұмат береді. Мұнан басқа «Тіл – жұмсар» атты екі бөлімнен тұратын әдістемелік көмекші құрал жазған. 1-ші кітап 46 бет (1928), екіншісі 90 бет (1929). Нұсқаулықтың кіріспе орнына берілген «Дәйектемесінде» құралдың қажеттілігі туралы, бұрынғы құралдардан айырмашылығы жаңа жолмен үйретуге ыңғайланып шығарылғанын айтады. Бұл кітаптың басты мақсаты – баланы сауатты сөйлеуге, оқуға, жазуға, жаңа емлені қиындықсыз қабылдауға дағдыландыру. Яғни, сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы таныту, үйрету.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет