Алғы сөз Қазіргі заманның талабына сай, болашақ мамандардың білімі жан-жақты болуы тиіс, сонымен қатар олардың тәжірибесі мол және іскер болуы шарт. Осыған орай биология, биотехнология, экология мамандықтарында оқитын студенттер үшін химия пәні аса маңызды рөл атқарады, себебі әртүрлі технологиялық үдерістерде, тірі ағзадағы өзгерістерде және табиғаттағы тепе-теңдіктерде химиялық реакциялардың алатын орны ерекше. Химия пәнін игеруде зертханалық жұмыстарды орындау, олардың нәтижелерін түсіндіре білу басты орынға ие. Сол себептен ұсынылып отырған оқу құралында жалпы химия пәні бойынша жүргізілетін дәстүрлі зертханалық жұмыстардың әдістемелері (химиялық заттардың өзгерістері, химиялық реакциялардың энергетикасы, химиялық реакциялардың кинетикасы, сулы ерітінділердің қасиеттері, ерітінділер дайындау әдістемелері, тотығу-тотықсыздану реакциялары, тұздар гидролизі және т.б.) келтірілген. Сонымен қатар химиялық емес мамандықтар үшін, мысалы, биотехнология, экология, биология мамандықтарында оқитын студенттер үшін аса маңызды болып табылатын коллоидты ерітінділердің түзілуі, сапалық реакциялар, беттік құбылыстарды зерттеуге бағытталған зертханалық жұмыстардың әдістемелері орын алған. Әрбір зертханалық жұмыстардың алдында теориялық кіріспелер жазылып, соңында сұрақтар мен есептер келтірілген.
Оқу-әдістемелік құрал химия, биология, экология, биотехнология, сонымен қатар медициналық мамандықтарда қазақ тілінде білім алатын студенттер үшін аса құнды, пайдалы еңбек болып табылады.
1.Лабораториялық жұмыстарды орындау техникасы 1.1 Жұмыс тәртібі Химиялық лабораторияда жұмыс орындағанда, келесі ережелерге сүйену қажет:
Алдын ала оқулықтың жұмысқа сәйкес тарауларын, дәрістер конспектілерін оқып шығу және лабораториялық жұмыстың мазмұнымен танысу керек.
Тәжірибеге қажетті ыдыстар, құрал-жабдықтар, қондырғылар, реактивтердің барлығын тексермей тәжірибені бастауға болмайды.
Нұсқауда көрсетілген жұмыс ретін мұқият орындау.
Газ тартатын шкафтарда (тяга), жанғыш және қауіпті заттармен жұмыс орындағанда қажетті сақтық шараларын болжытпай орындау.
Жұмыс біткеннен кейін жұмыс орнын тәртіпке келтіру.
Тәжірибе біткеннен кейін барлық байқалған өзгерістерді, реакция теңдеулерін арнайы жұмыс дәптеріне жазу.
Дәптерге жұмыс орындаған айдың күні, жұмыстың тақырыбы, мазмұны (сызба-нұсқалар, қондырғының суреті), бақылау нәтижесі, реакция теңдеулері жазылады, есеп шығару жолдары көрсетіледі және қорытындылар жасалады.