Алтыншыдан, биржаның хеджирлеу немесе биржалық саудаға қатысушыларды бағаның қолайсыз ауытқуынан сақтандыру қызметін орындау үшін мәміленің арнаулы түрлерін және олардың жасалу механизмін қолданады. Биржа сатып алушы мен сатушыға нақты тауарды өздері таңдауға және бір уақытта тиісті биржалық саудаға не клиент, не қатысушы ретінде қатынасуға жағдай жасайды. Бұндай шаралар биржаға деген сенімді арттырады. Биржаның хеджирлеу қызметі фьючерстік шарт механизмін қолдануға негізделген. Бұл қызметтің мәні хеджир-сатушы (яғни, сақтанушы) бір мезгілде әрі тауар сатушы, әрі сатып алушы болуы тиіс. Бұл жағдайда тауар бағасының өзгеруі бейтараптанады. Себебі бір мезгілдегі сатушының ұтысы сол мезгілдегі сатып алушының ұтылысын көрсетеді, керісінше де болады. Мұндай жағдайға хеджир, мысалы, жай нарықта сатып алушы болып, ал фьючерстік шартпен биржалық нарықта қарама-қарсы жақта болып қол жеткізеді. Әдетте тауар өндірушілер өз өнімдеріне бағаның төмендеуінен сақтанса, ал сатып алушылар сатып алатын өніміне бағаның өсуінен сақтанады.