Бағалы қағаздар нарығы қызметін қамтамасыз етуші ұйымдарға бағалы қағаздарды сатып алу-сатудан басқа қызметпен айналысатын ұйымдар, яғни қор биржасы, есеп айырысу орталықтары, тіркеушілер, депозитарийлер және т.б. ұйымдар жатады.
Бағалы қағаздар нарығын дамытудың қазіргі тенденциялары мыналар:
Нарықтың интернацоналдануы мен жаһандануы.Ол - әр елдің ұлттық капиталының өз шекарасынан шығуы, әлемдік бағалы қағаздар нарығының қалыптасуы, ал ұлттық нарықтың екінші деңгейге ығыстырылуы. Бұнда кез-келген елдің инвесторлары бос қаражаттарын басқа елдің айналыстағы бағалы қағаздарына салуға мүмкіндік алады. Бағалы қағаздар нарығы жаһандық сипатқа ие болады, басқаша айтқанда, бүкіл әлемді қамтиды. Ұлттық нарық - ол бүкіл әлемдік бағалы қағаздар нарығының құрамдас бір бөлігі ретінде қалады. Бұндай жаһандық нарықта сауда үзіліссіз, әрі жер-жерде жүргізіледі. Оның негізін трансұлттық компаниялардың бағалы қағаздары құрайды.
Нарықты ұйымдастырудың деңгейін көтеру және оны мемлекеттік бақылауды қатаңдату.Оның мақсаты - бағалы қағаздар нарығына сенімділікті арттыру, сонымен қатар көпшілік инвесторлардың нарыққа деген сенімін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бағалы қағаздар нарығының масштабы мен маңызы ұдайы өсуде. Егер бағалы қағаздар нарығы күйзеліске ұшыраса, ол экономикалық процестің және жалпы ұдайы өндірістің бұзылуына соқтырады. Сондықтан, ешбір мемлекет өз елінің немесе басқа елдің бағалы қағаздарын сатып алған өз халқының жинақ ақшаларының әлде қалай болған астан-кестен өзгерістердің (катаклизмы) немесе алаяқтықтың кесірінен жоғалып кету қаупі тууына жол бермейді.
Бұл процестің басқа себебі - фискальдық саясат. Нарықты ұйымдастыруды және оны бақылауды күшейту әрбір мемлекетке өзінің салық салу базасын және нарыққа қатысушылардан түсетін салықтың мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.