Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет7/11
Дата15.03.2017
өлшемі1,07 Mb.
#9883
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

МАМЫРӨЛЕҢ
Сұлулыққа сұқтана берем ұдай,
Жер­ананың жап­жасыл желегін­ай!
Қызыл, сары, ақ түсті галерея –
Гүлдестеге оранып келеді Май.
Көздерінен көгімнің жауыны еріп,
Бақшада жүр бағбан шал қауын егіп...
Ән сап жеткен ай келді айдынға аққу,
Аңсап жеткен 
Май келді тауына елік.
Он сегіздей өлеңім өрілуде,
Өр теңіздей өкпем жоқ сері күнге.
Айбергенов ақындай
Сағынышты 
Маздатады от кеудем көрігінде.
Сары даладан естідім сырнай даусын,
Буырқансын,
тереңнен жыр қайнасын.
«Май – махаббат айы!» – деп,
Мақатаев 
мауқын басып қайтатын қыр қайдасың?
Сұлулыққа өртеніп, 
жанып ерен,
Ғашық болу – жігіттің бағы дер ем.
Аспан асты... 
Жер үсті...
Тіл жетпейді,
Көздеріндей қыздардың – Мамырөлең!
14­266

210
Жұрт айтпаған тың тіркес тауып алып,
Жыр­жүректің жауады жауыны анық.
...Табиғатқа емес тек,
Санаға да
Мамыр еніп тұрса ғой ауық­ауық!..
 

211
        АУЫЛДАСҚА ХАТ
                  ...Ауыл деген аяулы, ә?
                                       Жарасқан 
Үкілеген үмітті ауыл, ауыл...
Секілді еді бәрі дос, бәрі бауыр.
Сағынышы сұрқай боп кеткеніне,
Арқасы емес, ақынның жаны жауыр.
Жайдақ мінген кезім­ай тайға менің,
Армысыңдар!
Қанатын жайған елім!
Жан ызғарын жібітер шежіре айтып –
Абыздарым ақсақал қайда менің?
Тереңімнен ақ тұма тұнба ақтарам,
Бал дәуреннің куәсі қымбат маған.
Сан шомылған
Сарысудың иірімінде–
Қиыршық құм қалыпты күн қақтаған.
Ұл­қызына ұямыз өкпелі ме,
Тас атқан кім көгілдір көктеміне?
Кім кінәлі...
Шилі арал, гүл қырқаның –
Ақ тақырға айналып кеткеніне?
Жыр тулаған жүректі мұңға малар,
Жер жылайды...
Көз жасын кім бағалар?
Мәрт бабамның базары –
Бозкөлімнің...
Аққу түгіл, сиқы жоқ тырна қонар.

212
Алмаған соң арайлы 
әнді ұшыра,
Жетімсіреп жүргендей 
жан құсы да...
Майлы ішекті,
ақпаршыл ағатайлар,
Ұрпақтардың қалмайық қарғысына.
Ауылдасқа кей­кейде кейідім де,
Біз шөлдесек – 
шөлдейміз мейірімге.
Сарысу мен Сөртінің өзеніндей
Бара жатыр тартылып пейілің де.
Түсер сәтте адамдық салты сынға,
Жан шуағы жанынды шарпысын да.
Мен аяймын есепшіл езбелерді –
Ақсақалдық қонбаған алпысында.
Алау­сезім бермейді жанбай тыным,
Жүрек – 
көпір ертеңмен жалғайтұғын.
Қайдан шыққан безбүйрек құлқын үшін
Әкесінің сәлемін алмайтұғын?
Өксік толып шықты өлең көмейімнен,
Шынарына шындықтың берейін дем.
Жаутаңкөзін жапанның жартылыққа 
Сатып жүрген туысқа не дейін мен?
Майдан ашқан мәңгіге ғажап әнім,
Жырыма айтып сырымды тазарамын.
Туған ауыл!
Жүрегім жалау тіккен –
Сенде менің өз мұңым, 
өз Аралым.

213
Жасқа жеттік болмыстан жай ұғатын,
Жалғандық пен шындықты айыратын.
Кеудесінде күні бар ағайынның –
Құлы болып кетуге дайын ақын!
                                           1984

214
 ГҮЛГҮЛ  АЙЫМ
Үміт болып жанатын шырақ барда,
Оздырады ойларым мұратты алға.
Көктеменің көгілдір көз жасындай,
Мөлдірейді ақ бастау бұлақтар да.
Әр жүректің өз оты маздауы үшін,
Тұлпарлардан тұғырдың озбауы үшін
Туған айдай толықсып толу керек,
Болу керек, замандас, 
өз дауысың.
Жапырағын жайғанда сырлы қайың,
Мезгіл айтқан мәуелі жырды ұғайын.
Мөлдіреген табиғат тамшысындай,
Гүлгүл айым, келдің бе, 
бұлбұл айым!
Сәні болып сайранды құба белдің,
Әні болып ерлікке мұрагердің.
Көктем көрік қыздардың көздеріне
Бақыт болып, сұлу май, 
тұна келдің.
Мамыр айы!
Бастағы бақ күн едің.
Аққу өлең қанатын қақты керім.
Күнге бетін түзеген керуеннің
Сапарына, ару май, 
сәт тілегін.

215
Арай таңды аялар халқым дәйім,
Қанатынан құстардың ән тыңдайын.
Тірлігімнің әні мен сәні болып,
Гүлге оранып жеттің бе, 
жарқын майым!

216
* * * 
Өкпе артар жай жоқ ғаламға мына
Жаутаң да жаутаң жанары.
Жаныңның Балқаш, Аралдары да
Тартылып неге барады?..
Ойнаса ғажап санаңда жасын,
Жасынға жастан құштармыз.
Апатқа бастар Адам баласын –
Көңіл көлінен ұшқан тұз.
Заман­ай, заман!
Жалқын жыр едің,
Босаттым ойдың көгенін.
Аңқылдай соққан Алтынкүрегің –
Өмірсерігім – өлеңім...

217
 * * *
Бір ойымды бір ойым ноқталады,
Күні өткенде күміс те тоттанады.
Оқ болады...
Қорғасын қалыбында,
Жанып бітсе сексеуіл шоқ болады.
Күнпарақтар жұқарып, 
жылжыды ма ай,
Сайра, сайра,
Кеудемнің бұлбұлы ұдай!
Тырнауыштың тісіне ілікпеші –
Шырмауықша шатысқан шындығым­ай.

218
* * * 
Жыр­аятпен алақанды жайдым мен,
Қара түнде қара түнек қайғыммен.
Адалдықты темірқазық еткелі,
Адамдықты өмірге азық еткелі,
Тас ғасырда тас шайнадық, мұз қармап.
Асфальтта өсіп тұрса қызғалдақ...
Тау ән салып, ит бала болып сөйлесе –
Жаратқанның тартуы да бізге арнап.
Еһ,жалықтым, жалықтым...
Кешір мені, меңіреу түн, жарық күн!
Артын бағып отырам деп әліптің –
Арты ашылып қалған бүгін ғаріппін.
Ақынсынып жоқты барға теңейміз,
Абайыма,
ағайын, ә,
не дейміз?
Біз қазақпыз – 
Байқоңырмыз, 
Аралмыз,
Аруақтарға ат ойнатқан Семейміз,
Ән орнына өксік толған көмейміз.
Шынжырланып елдігіміз,
ырқымыз,
Стаканмен дос боп кеткен ғұрпымыз.
«Қалың елім, қайран жұртым, қазағым...»
Ұстарасыз жидіп түскен мұртыңыз.
Ұлы баба!
Сен қарама аларып,
Тарихымның жанарынан қан ағып –

219
Онсыз­дағы дертті болған жанымды
Жегідейін жеп барады қара құрт.
Еркексінген тарап бес тал кекілді,
Әкім аға,
айтшы, бүгін не тынды?
Желбіреме зар илеген халықтың
Жасын сүртер орамалы секілді.
Жарық жұлдыз бір жарқ етпей қанша ақты,
Мансап қуған жаңсақ демес жаңсақты,
Сығандардың алдап сатқан атындай –
Сайтан мінез, 
сайқал сөздер шаршатты.
Кейіме дос,
аласа боп туыппыз...
Арман емес,
албастыны қуыппыз.
Керегесі қақыраған орданың
Шаңырағына шаншылатын уықпыз!..
Солай, солай,
ортақ шығар наламыз,
Келер күннің есігін біз қағамыз.
Құйын күлін көкке ұшырған ошақтың
Орнындағы сөнбей қалған шаламыз!..
Зілзаланы ұмытқыр,
Ей, атар таң, 
күліп кір!
Отыз екі...
Отыз жеті...
Қырық бір...
Өткенімнен қара боран  ұлып тұр.
...Сен көретін той алда...
Әлди, ұлым!

220
Ұйықта алаңсыз оянбай.
Түн баласы кірпік ілмей жүр әкең –
Қаламсабын қарш­қарш шайнап,
Ой, Алла­ай!..
                                          1989

221
   ЖҰЛДЫЗ-ҒҰМЫР
(Күй-толғау)
                                                                                  
Ауғанстанда    қаза    тапқан  Ұлтытау  ұланы                                                             
Ғибадат Құттыбаевтың рухына
                                                                                                  
                       
Тиек немесе 
Ұлытаумен сырласу 
Мұнар, мұнар, мұнартып,
Бауырында өскен шынар тік.
Ата қазақ баласы
Баба тауға құмартып.
Бағзы­бағзы уақыттың
Құрдасысың – Ұлытау.
Бастауында бақыттың,
Жыр басысың – Ұлытау!
Түнек таңды жұрт ойлап,
Сестенетін кез болған.
Көшкен сайын бір тайлақ
Бос келетін кез болған.
Зар­запыран заманға
Ұрпақтардың өші бар.
Ата тауы аманда
Арқар ауып несі бар?
Үміт жібі үзілме,
Тұманданба таң нұры.

222
Ақ семсердің жүзінде –
Аққу елдің тағдыры.
Дүлдүл болып есегі,
Бұлбұл болып бақасы.
Ер арыған деседі –
Алшы тұрмай сақасы.
Тепкіленбе, жыр­тілім,
Тектілерге тұғыр бар.
Бір талындай шырпының –
Жанып­сөнген ғұмырлар.
Арай шашса ғажап күн,
Қыран самғар қияны.
Ұлытауым – қазақтың
Ақ ордасы зиялы.
Асанқайғы бабамның
Жорамалы секілді.
Жас кеппеген жанардың
Орамалы секілді.
Қасиетті баба тау,
Сен несіне жасисың?
Алатау мен Қаратау
Бөркін алып бас исін.
Тулақ болған тірлікте
Ер жүгінген жаны алау.
Алты алашты бірлікке
Бастап берген данам­ау!
Ахмет ишан түсі едің,
Қорқыт абыз күйі едің.
Кәусарыңнан ішемін –
Батаңды бер, киелім!

223
Құлақ күй немесе батырлыққа бас ию
Сарыарқада – Сарлықта ауылдары,
Тау тұлғалы екен ғой тау ұлдары.
Қайсарлықты қастерлеп қанаттанған
Боздақ Баубек ағаның бауырлары.
Жәннатымның жұртқа аян арман әні,
Арман әні тербеген сар даланы.
Едігеден басталған ер дәстүрін –
Аманкелді ардағым жалғағалы.
Ақберен жыр,
айтар сөз аталысын,
Жасалмайды ерліктер атақ үшін.
Еңку­еңку күндерде семсер сертпен
Атқа мінген азамат Отаны үшін.
Майланбаған, шиқылдық, қырсық арба,
 Бетпақ күндер, дау айтып, үн шығарма!
Ел тағдыры түскенде талапайға –
Текті туған бөрікті ұл тыншыған ба?
Қорғасыннан – құмалақ құйған оқтар,
Күміс күнде көкейге күй қонақтар.
Он сегізде бір гүлі ашылмаған
Бейбіт күннің батыры – Ғибадаттар.
Тірлік­толқын жарға ұрған қайықты да,
Әр мінберде орын бар лайықтыға.
«Ауғанстан... – қателік...»
дейміз бүгін,
Қателікке қыршындар айыпты ма?
Ауғанстан,
сен үшін жасын ғайып,
Ажал болдың арманға, жасырмайық.

224
...Қос бүйірін таянып көнбіс күндер –
Аңырайды Ана­Жер шашын жайып.
Мамыр тумай тасымас мейманасы,
Адамзаттың атар таң кейуанасы.
Ауғанстан...
Қаралы Ауғанстан –
Жиырмасыншы ғасырдың бейдауасы.
Тоғыз перне толғайды 
  
І
Ұсынылмай гүл қалды қалқа қызға,
Ән салмайсың сен енді ортамызда.
Қарсы алмайсың көгілдір көктемдерді,
Жар салмайсың жыр етіп өткендерді,
Мәңгі алауға айналдың он тоғызда.
Жыр бағынан бойына нұр дарыған,
Ерлік күткен Ұлытау ұлдарынан.
Бір тойың боларына сенген елің,
Теңгелерін әзірлеп жеңгелерің.
...Кім құтылған ажалдың тырнағынан?
Жігіт едің қаныққан арлы ұғымға,
Қаламымды маламын зарлы мұңға.
Қадіріне тірліктің жет дегендей,
Шырша сынды мәңгілік көктегендей –
Тас мүсін боп тұрсың сен Сарлығыңда.
ІІ
Күнім, тіл қатсын ғалам,
Жырын тыңдатсын далам.
Өмір, өткеніңнен де –
Бүгін қымбатсың маған.
...«Өмір қымбатсың маған».

225
Шерлі ән шертеді құсым,
Баубектің келте өмірісің.
Он тоғыз! Өр теңізімсің,
Жастығым – ертегімісің?
ІІІ
1988 жылы 6 қаңтарда КСРО Жоғарғы Советі Прези-
диумының Указымен Ауғанстанда интернационалдық бо-
рышын өтеу кезінде ерлікпен қаза  тапқан қатардағы жа-
уын гер Ғибадат Қуанышұлы Құттыбаев «Қызыл Жұлдыз» 
орденімен наградталды.
Үлгермеген  бұйдалап жыр үлегін,
Таңғы түстей тәп­тәтті ғұмыр едің.
Аламанды аңсаған арай шақта –
Кішітаудың кекілді құлыны едің.
Жарқын жырын ағаның жалғар інім,
Алтын жібі қиылды арманының.
Ішегі үзіліп шешен тіл домбыраның,
Қайырмасы шырқалмай қалды әнінің.
Айта алмаймын... тағдырдың тілі өткен бе?
Түйіліп ең тұйғындай түнектерге.
Ғибадаттың ғұмыры ғибратты –
Жауқазындай жайқалар жүректерде.
ІV
Мың жырын ақ таң жырлатып,
Бұлбұлын бақтан тыңдатып,
Бақсыздың жасын құрғатып,
Тайғақты кешіп көрмеген,
Құрсанып көк мұз түн қатып.
Бауыры бүтін күндер­ай,
Армандай адал, жарықтық,
15­266

226
Шомылдыратын нұрлы арай,
Ақ шыраймен жарық құт.
...Адалдық жырын ағыттық.
Көрмеген қайғы тіл қатып,
Қабағымызға мұң қатып,
Жазира толған жыр­жақұт,
Ерлікке әзір ұрпақтың
Өкілі болу – шын бақыт.
V
Азамат деп атаса ел атыңды,
Қияларға қағасың қанатыңды,
Келтелігін кім білген ғұмырыңның –
Еркелігің есте жүр бала күнгі.
Саған жақын нөсердің жауған әні,
Қызғалдақтың қырқада қаулағаны.
Сезіп өстің табиғат тылсымдарын –
Кезіп өстің ақ бастау, тау, даланы.
Сан бояудан тұратын жырың ерен,
Ақ қағазбен сырластың түніменен.
Ұлытауды әлемге танытпақ ең 
Сиқыр сазды суреттің тіліменен.
Өткермеген өмірде күнді қаяу,
Жүрегі жаз жігіт ең, 
тірлігі ояу.
Сеніміңнің сұңқары сергек еді,
Көңіліңнің іңкәрі – түрлі бояу.
Туған таудың аймалап таңы, лебі,
Үміт отын алдыңнан жағып еді. 
Сапар дәмін Сарлығың ұсынғанда
Мамыр еді, 
дариға­ай, мамыр еді.

227
Ойлар, ойлар, 
жүректі жаншыма ауыр,
Ақ тілегін арнап тұр алтын ауыл.
Алма бетті Алма қыз,
Жүздескенше –
Апа, көке, арманшыл алты бауыр!

Ауғанстан...
Мешеу елдің басында дауыл, кермек,
Жан азабын бауырдың бауыр көрмек.
БТР­да мерген боп майдан кешті
Өрімталы өмірдің жауынгер боп.
Бастан ұшып жалқы бақ, ырысты күн,
Ауған елі ұмытқан тыныштығын.
Жарқырамай шығады азалы күн –
Алтын арай шашпайды күміс нұрын.
Аһ ұрумен ататын таңы қандай,
Бір салқын сыз жаныңды қарығандай.
Ей, адамзат...
Жүрсің бе дұшпансырап,
Намысыңның семсерін жанып алмай.
Керуен­күн
көп ерді сынаққа алған, 
Сенім барда жеткізер мұратқа АРМАН.
Ғибадат та есейіп сала берді
Қанды қырғын, түйінсіз сұрақтардан.
VІІ
Гүлбоһарда
1
 жаз бойы гүл өспеді,
Гүл өспеген өлкеден жыр еспеді.
1
Гүлбоһар – провинция атауы

228
Ақ шабытқа аққу­қаз арқау болып,
Ақша бұлтқа ақ сағым ілеспеді.
«Огонь!»
Командирдің естілсе бұйрық үні,
Дайындасын дұшпанға «сыйлық» іні.
Жауға ажал боп жауып тұр
Ғибадаттың 
Он тоғызға жетпеген күй­ғұмыры.
– Құттыбаев, қаймықпа, тағы, тағы...
Өзгерген жоқ дұшпанның бағыты әлі. –
...Тажал орын – ұяны нысанаға ап
Ажал оғын Ғибадат ағытады.
Ұлытаудың тұлғасы...
Таңғы әдемі,
Елес берді ауылы, арман елі...
Оқшантайға соңғы рет қол созғанда
Жау қарасы сиреп­ақ қалған еді.
...Таза едім ғой қарғыс пен кінәраттан,
Таптап өтем...
арамыз бір­ақ аттам.
Санадағы сәулесі...
Жалын құшты
БТР­ға дәл тиген гранаттан.
Соңғы сәуле...
Сарыарқа кештері ме?..
Ел сенбейді көктемнің көшкеніне.
Ұлытау мен Кішітау елес беріп –
Ақтық рет қыраным қош деді ме?
Бұл фәниден ғұмырың толық ауды,
Бақилықсың...
Құлыным қоңыраулы,
Гүл етеміз аялап есіміңді –
Жыр етеміз жас жуып омырауды.

229
VІІІ
Ер туса еліне құт еді,
Құт еді менің де жарығым.
Анашың бір хабар күтеді –
Далалық почтадан әлі күн.
Мәз емес қарыны тойғанға,
Азамат ақ екен, арлы екен.
Ел­жұртың ескерткіш қойғанға
Баладай босады жан көкең.
Ауыл бар Кішітау бойында,
Бауырлар базарлы өлкеде.
Билеуді жазбапты тойыңда
Ботакөз бауырың Еркеге.
Жетуді жазбапты тілекке,
Бір сыр бар мен білер, қызарма.
Үңіліп сен салған суретке –
Жанарын сүртеді қыз Алма.
Тірліктің тарқамас тойы әлі,
Күн барда аққуға айдын көп.
Ұлытау күрсініп қояды –
Өзіңді ең соңғы қайғым деп.
                ІХ
Ғибадат!
Шынарлар шыңда өседі,
Бүгін жоқ және кешегі.
Тіршілік мынау алмасқан
Өсегі, мұңы, есебі.
Ақиқат аты көшелі,
Бақсыздың соры бес елі.
Абыздар өлең­өмірді
Бір күндік сәуле деседі.

230
Соңынан күннің күн келер,
Арнадан асып жыр кемер.
Сай ұлы туар заманға –
Шайыры туар жүлдегер.
Уақыт деп жырды төгейін,
Естіртпе, өмір, өгей үн.
Алауға айналған ардағым –
Алдыңа келдім, не дейін?..
Көктемдей көркем көңілден
Жыр сембесін деп кеттің бе?
Өтерде мынау өмірден –
Күн сөнбесін деп кеттің бе?
Айналар мәңгі жасынға,
Жыр­жүрек жігіт, күй қанат.
Сен тірі екенсің, расында,
Ұлытау ұлы – Ғабидат!
Егіз ішек немесе тірілер
 үшін түйін
Жақсыны да жаманды уағыздаған,
Ақын да адам, дүние­ай, жауыз да адам.
Өмір дейміз, өмір ме ақиқаты –
Бауырларын бауыры бауыздаған.
Адам­Ата, Хауадай бір анадан
Нәр алғанбыз, қырғынға кінәлі адам.
...Ұлы Гете жаралған топырақтан
Гитлерді бұл әлем сұрамаған.
Сау болыңдар, адамдар, арманы елік,
Үзілгенді жүретін жалғап, өріп.
...Жыр Шыңғыс жүр бүгінге тірлік сеуіп –
Бір Шыңғыс жүр тарихта қанға жерік.

231
Достар, достар, 
келмейді сыр жасырғым,
Ұлы мәңгүрт семейлік құрдасымның.
...Хиросима, 
Чернобыль қайғысынан
Көз жасы әлі кепкен жоқ бұл ғасырдың.
Тағылымына тарихтың ел сенеді,
Ұрпақ азып, атомнан жер семеді.
...Адам ойы жасаған қателіктер
Қыршындардың қанымен өлшенеді.
Ертең үшін егеді ел тал шыбығын,
Жұлдыз болып жарқырап жаншы, жырым.
Сенен менің жоқ, Отан, 
сырым бүгер
Өлеңдерім –
өлімге қарсылығым.
*  * *
Адамдар, 
армысыңдар!
Жаттап өстік құс үнін, 
бұлақ әнін,
Айналайын, 
ақмаңдай жыр алабым.
Ақ дария, аман бол, 
айдын көлдер,
Аққулардың атынан сұранамын.
Қарт Ұлытау!
...Ғибадаттай замандас, ғұрыптасқа
Қоймақ едім ескерткіш ұмытпасқа.
Жазып бер деп бір шумақ өтінді елі
Мәңгілік құлыптасқа:

232
«Күнім, тіл қатсын ғалам,
Жырын тыңдатсын далам.
Өмір, өткеніңнен де
Бүгін қымбатсың маған».
«ӨМІР, ҚЫМБАТСЫҢ МАҒАН»...  
                                                                            1988

233
АҒЫНДЫ ДАРИЯДАЙ...
Сұм ажал сырттарыңнан билеген де,
Ұқсайтын бірі жоқ ең күйрегенге.
Ағынды дариядай даналығы
Қарттар­ай,
қатарларың сиреген бе?
Өлшенген қасиет көп нар бойыңа,
Қиынның қарсы тұрдың қандайына.
Бөктеріп кетті жылдар жас дәуренді,
Өшпестей салып ізін маңдайыңа.
– Өнерлі ұл туады өсер елден,
Ұлағат сөз қалады көшелі ерден... –
Дейсіңдер, сұңқар­көңіл асылдарым
Өмірдің  дода­сынын неше көрген.
Түйсік болса көкейде сезінесің,
Егілесің еріксіз, езілесің.
Әкеңнің әкесіне жеткен кезде
Хауа­Анадан басталған шежіресі.
Көрсетпей кәрілік­ит айналасын,
Қиын ғой аяқ­қолды байлағасын.
Сәлемдессең батасын қоса беріп,
Дейді бір мейірленіп: «Қай баласың?»
Сұрақпен төпеп алып тағы­тағы,
Содан соң ойы тыңнан бағыт алып,
Құймақұлақ табылса сөз түсінер –
Әңгіменің тиегін ағытады.

234
Амалсыз ойға батып қаласың да,
Ашқанда сырсандықты баласынбай...
Сәбидей – 
аппақ жаны аңқылдаған,
Кеңдігі – 
өзі туған даласындай.
Шарықтап шартарапты қиялы ұдай,
Жанынан жүрер дәйім күй арылмай.
Сөздері – 
қазынадай баға жетпес,
Өздері – 
тұлпарлардың тұяғындай.
Қарттар­ай, 
кешкен бастан қыран­ғұмыр,
Қайда әлгі қиқуы мол ұранды күн?
Әлі де тұғырыңнан таймағаның –
Арнаса ұрпақтарың жыр­ән бүгін.
Мәрт мінез ұлың барда өресі кең,
Шықпайсың, 
қажыма қарт, 
ел есінен.
...Жағалауға жетіп ең жасымай­ақ,
Тағдырдың толқын ұрған кемесімен.
«Өмір, қамшы сабындай келте ме едің?..»
Неге өкіндің?.. 
Сен өскен өркен едің.
Құдірет­ай, 
кезіксем өздеріңмен –
Кеп тұрады бала боп еркелігім.

235
Қуат алып күндерден алыстағы...
Жүрсеңдерші мініп ап намысқа бір.
Дерексіңдер өткеннен, керексіңдер,
Бақуатты болыңдар,
арыстарым.
                                                       1980

236
АЛСАҢ...
…Менiменен «өңкей нөл» алысып жүр.
Иран-Ғайып
Бiтiре алсаң аспанда Ай мен Күнге тiл,
Құдiрет боп қалмасыңа кiм кепiл?
Мен бiлетiн бiр ақын бар қазақта –
Ғұмыр бойы қиямет­қайым, қылкөпiр.
Қайманаға қайрап тiсiн алыстан,
Айдалада айбат шеккен арыстан.
Мен бiлетiн бiр ақын бар қазақта –
Өзi айтқандай, «өңкей нөлмен» алысқан.
Сарсаңменен сабылтатын сабырын,
Өле сүйген дүниенiң жарығын.
Мен бiлетiн бiр ақын бар қазақта –
Алдаспанын жарқыратқан Арының.
Емдегенге,
Араласып көнедi...
Зерлi өлеңге дара ғашық Зеренi.
Мен бiлетiн сол ақыны қазақтың –
Жалғанменен жағаласып келедi.
Бұқар баба,
Абай ата,
Жыр­Қасым
Айтпай кеткен әндi осы ағам шырқасын.
Сол ақынның сау басында сақина –
Сол ақынның маңайында бұрқасын.

237
Бiреулердi ұғыстырып қояды,
Бiреулердi ығыстырып қояды.
Жеңгемiздi ырысты ғып қояды,
Iнiлерiн жұмысты ғып қояды.
Көш түзеген Алатаудың басынан,
Кезiн көрдiм жасыған да...
Тасыған.
Сол ағаның айтқанына көнесiң –
Сол ақынның кете алмайсың қасынан.
Бiрде шуақ,
бiрде боран,
ызғар күз,
Саған қарап жылынармыз,
мұздармыз.
Өзiң айтқан «өңкей нөлге» қоспасаң –
Бұқар, Абай... өзiңнен соң бiз бармыз...

238
БАҚЫТЖАН ҚАНАПИЯНОВҚА
Жаны жаз бір ағасың, 
заты көктем,
Анасы ақ сүтімен ақын еткен.
Шыр етіп Сырымбеттің бауырында –
Мұхиттың ар жағына аты кеткен.
Басыңнан ақ шабыттың бұлты аунаған,
Нұр саудың өлеңіңе нұр таңдардан.
Кереку­Ертіс бойы – ата жұртың,
Арғы атаң Сұлтан төре сұлтан болған.
Өлеңнің өр шыңына өрлегесін,
Қияға қанатыңды сермегесің.
Музаңның мұхитына қайық салып,
Тербеліп толқындарда сен келесің.
Қара орман қазағыма бар қадірі,
Алаштың сен де, 
ағасы,
Арқар ұлы.
... Жыр жазсаң 
жер жүрегі бірге соғып –
Бүлкілдер дүниенің қан тамыры.
Тербетіп тарихың мен құса­мұңды,
Ақ бұлттың ар жағына ұша білді.
Алдыңа Бақытжандай жыршы келді –
Кереку, 
ашып таста құшағыңды.
Ақының сыр айтады, 
жыр айтады.

239
Сол өлең қуантады, 
мұңайтады.
Бағыма Бақытжандар болмағанда –
Бүгіннің бүтін сөзін кім айтады?!
18.01.2012

240

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет