Бағдарламасы бойынша жарық көрді Кітапты жүйелеп, баспаға əзірлеген немересі Нəзік Мəми Айтхожа М



Pdf көрінісі
бет6/13
Дата27.03.2017
өлшемі4,59 Mb.
#10437
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Шекарашы
Қауіптен сақтандырып ел-ананы,
Күзетіп сен келесің шекараны. 
Өзіндей қырағы ұлан тұрған шақта,
Еркіндеп табиғат та демалады.
Арқалап жүргеннен соң заман жүгін,
Көңілде болған шығар алаң күнің.
Дүбірі басылмаған жер шарының,
Тілейсің бүтіндігін, амандығын.
Жатса да тұтас тауды сызық бөліп,
Мен оған қарамаймын қызық көріп...
Тыныстап бipқиырда қыран отыр,
Аспанын шегараның жүзіп келіп.
Иə, біздің өміріміздің сəні де, мəні де бəрі тыныштықтың 
арқасы! Тыныштық бар жерде бəрі де табылады!..
1973 жыл

210
Марфуға АЙТХОЖА
ШАЛҚАР ДАЛАНЫҢ САЙЫНЫ
Мен  өмірде  екі  Сайынды  білдім.  Біреуі – ақын,  партизан 
Жұмағали  Саин.  Екіншісі  жазушы,  өзімнің  Мəскеудегі  бірге 
оқыған  сабақтасым  Сайын  Мұратбеков  еді.  Ақын  Саинның 
жырларымен  сұлу  күннің  шығысы,  көгілдір  таулардың  ар 
жағында,  Құлжада  жүргенде  оқып,  ерте  таныстым.  Кейін 
мен  Алматыға  келіп, 1959 жылы  КазГУ-де  оқып  жүргенімде 
алғашқы өлең-жырларым газет-журналдарда жарық көре бас-
тады.  Сонда  ең  алдымен  аяулы  ағамыз  ақындық  мейіріммен, 
ағалық  жылы  сезіммен  жырларыма  көңіл  қойып,  сəт-сапар 
тілеп еді. Сөйтіп, бұл кісі мені көп ұзамай «Қазақ əдебиетіне» 
жұмысқа  шақырды.  Өкінішке  қарай,  ақын  ағамыз  дүние  сал-
ды.  Соғыстың  ауыр  зардабынан  азап  шеккен  ақын  жанның 
қаршығадай кескіні, ойлы да өткір жанары күні бүгінге дейін 
көз алдымда тұрады...
«Келіннің  бетін  кім  ашса,  сол  ыстық»  деп  атам  қазақ 
айтпақшы,  бүгінгідей  емес,  ол  кездерде  шеттен  келген  аты 
бар адамдардан жұрттардың көбі сыртқа байқатпаса да, іштей 
сескене, сезіктене қарайтын заман еді. Өмір қадамын енді ғана 
аттасақ та, атажұртқа деген талбесіктің құндағынан санамызға 
сіңген ерекше ыстық сезіммен сағынышқа бөленіп өскен біздер 
үшін Қазақстанның ақын-жазушылары тұрғай, оның тауының 
түйір тасы да көзімізге оттай басылатын... Мүмкін, ата-анамыз 
құлағымызға құймадай құйған осынау туған ел мен жерге деген 
шексіз махаббаты, сүйіспеншілігі, елге деген алапат аңсау сезімі 

211
мені ақындықтың қиын соқпағына жетелеген шығар. Біз Сайын 
екеуміз 1969 жылы  Жазушылар  одағының  жолдамасымен 
Мəскеуге  оқуға  бірге  аттандық.  Бұған  себепкер  болған 1968 
жылы Алматыда өткен қаламгерлердің Республикалық кеңесі 
еді.  Сонда  Мəскеуден  бір  топ  орыс  ақын-жазушылары  келді. 
Солардың  арасында  сонау  ұлы  Абайдан  бастап,  қазақтың 
көрнекті  ақын-жазушыларын  аударып  жүрген  Татьяна 
Кузовлева  мен  Влади мир  Савельев  те  (ерлі-зайыптылар)  бар 
болатын.  Жиын  барысында  біз  олармен  жақсы  таныстық.  Ол 
кезде  менің  үш  өлең  жинағым  жарық  көрген  болатын.  Міне, 
Татьяналармен  сол  таныстықтың  соңы  үлкен  сыйластық  дос-
тыққа  айналды.  Олар  менің  шығармаларыма  қызығушылық 
танытып: «Мəскеуге оқуға кел, бірақ университет бітіргеніңді 
айтпай-ақ  қой.  Құлжадағы  гимназия  бітірген  дипломыңды 
жіберсең  жеткілікті», – деді.  Оның  мəнісін  кейін  түсіндім. 
Біз сөйтіп Сайын екеуміз екі жылды Мəскеуде бірге өткердік. 
Мəскеудің бұлт торлаған жаңбырлы күзі мен көктемін, əппақ 
ұлпа қар бұрқаған аязды қысын бірге өткердік. Тек табиғаттың 
ғана емес, өміріміздің көктемі мен күзі бірге өтті...
Бір  қызығы,  біз  Татьянамен  бірге  оқыдық.  Сайын  жəне 
қырғыздың  талантты  ақыны  Жолон  Мамытов,  Татьяна 
төртеуміз  бір  партада  отыратынбыз.  Сол  жылғы  курсанттар 
ерекше  жандар  болатын.  Одақтың  бүкіл  республикаларынан, 
қала  берді,  Болга рия  елінен  келіп  оқыды.  Олардың  көбі 
қаламдары  ұшталып,  елге  танылған  ақын-жазушылар  еді. 
Солардың  бəрімен  бір  кісінің  баласындай  жақын  болып 
кеттік.  Біз  кейін  оқу  бітірген  соң  да  олар мен  үнемі  қарым-
қатынаcта  болдық.  Бүкілодақтық  əдебиеттің,  поэзияның 

212
жиындарында  жиі  кездесіп  жүрдік.  Оқу  бітіріп  келген  соң 
Сайын басшы қызметтерде жұмыс істеді. Ол қайда жүрсе де, 
дос-жараны мол, қарым-қатынастарының ауқымы өте кең бо-
латын. Сайынды бəрі де қатты сыйлайтын. Бірге оқып жүрген 
кездерімізде талай қызық оқиғалар болды. Мұның бəрін айтып 
жату  мүмкін  емес.  Сайынның  əзілі  шыңға  бергісіз,  көндіріп, 
нандырып қоятын. Юморы да орашолақ орыс жігіттерін талай 
сүрінткені, күлкіге қандырғаны өз алдына бір хикая. Осындай 
тілектес,  шынайы  дос-жараныңның  болуы  адам  үшін  ең 
үлкен бақыт қой. Əзіліміз де, достығымыз да аса жарасымды 
болды.  Татьяна  мен  Володя  менің  ең  жақын,  жанашыр 
қамқоршым  болып  кетті.  Сөйтіп,  екі  жыл  ішінде  олар  менің 
көптеген  өлеңдерімді  орысшаға  тəржімелеп,  бүкіл  орталық 
басылымдарда  дүркін-дүркін  жарияланып  жатты.  Орысшаға 
аударылған  жеті  кітабымның  төртеуі  Мəскеуде  шықты.  Ең 
алғашкы  «Бір  уыс  топыраққа»  Жұбан  Молдағалиев  алғы  сөз 
жазса, 1985 жылы  «Художественная  литературадан»  жарық 
көрген «Укроще ние коня» атты бір томдық таңдамалыға Олжас 
Сүлейменов ағынан жарыла отырып, алғы сөз жазды. Осыған 
орай,  көптеген  басылым дарда  орыстың  зиялы  қаламгерлері, 
сыншылары  жылы  пікірлерін  ортаға  салып,  мақалаларын 
жазып  жатты.  Осындай  сəттерде  Сайын  қатты  қуанатын. 
«Мінеки, Мəр-аға, оқуға келгеніңнің зияны болған жоқ. Бүкіл 
Одақ  көлеміндегі  оқырмандарға  танылып,  орыс  тілін  былай 
қойғанда, шетел тілдеріне де аударылып жатырсың», – дейтін. 
Жасыратыны  жоқ,  менің  шығармашылық  жетістіктеріме 
біреулер ағынан жарылып қуанып жатса, ал біреулер қызғана 

213
қарайтын.  Елге  демалысқа  келген  кездерде: «Марфуға,  осы 
сен  қазақ  ақынысың  ба,  жоқ  əлде,  орыс  ақынына  айналып 
кеттің  бе?» – деген  кекесінді  сұраулар  да  қойылатын.  Өмір 
ғой, өйтпесек қазақ боламыз ба? Жаным жəбірленіп, мұңайған 
сəттерімде  мұңымды  Сайынға  шағатынмын.  Сонда  ол  терең 
күрсініп  алып,  артынша  сүйкімді  жылы  жымиып: «Əй,  Мəр-
аға-ай,  ешнəрсеге,  ұсақ-түйекке  көңіл  бөлмей,  өлеңдеріңді 
бұрқыратып жаза бер, сонда олардың аузына құм құйылады»,– 
деуші еді. Қайран, Сəкем-ай!
Жақсылыққа  қолымыз  кештеу  жетсе  де,  Сайынның  сөзі 
шындыққа  айналды.  Мəскеуде  өткен  жылдар,  толғанысты 
ойлар  өлеңнің  үлкен  өрісіне  айналды.  Кітаптарым  Алматы, 
Мəскеуде  алма-кезек  шығып  жатты.  Амал  не?!  Келген  соң 
екі қолға бір жұмыс бұйырмады. Іште ширыққан ащы шердің 
бəрі  де  өлең  жолдарына  айналды.  Мүмкін,  менің  пешенеме 
жазылған  тағдыр  солай  шығар.  Олжас  Одаққа  хатшы  болып 
келген соң, біраз тынысым кеңігендей болды. Рухани жағынан 
жасалған  қысымдықтардан  құтыла  бастадым.  Соңымнан 
аңдыған «үнсіздер де» із кескендерін тыйылта бастады.
Жазықсыз жəбір көрген жылдарды қалай ұмытарсың. Менің 
«Туған елін аңсамайтын жан бар ма» дейтін өлеңімді «мынау 
Мағжан тектес ақын, Алматыда отырып, Қытайды аңсап өлең 
жазады» деген домалақ арыздар да түсіп жатты. «Аққа Құдай 
жақ» дегендей, сол өлең кейін шетел композиторларының жазған 
əніне айналды. Қазір Моңғол халық артисі, Қазақстанның еңбек 
сіңірген  өнер  қайраткері  Қабылаш  Əбікейдің  орындауында 
айтылып жүрген бүкіл ел сүйетін əнге айналды.

214
Сайын  Мұратбеков  аса  мейірімді,  жаны  жылы,  балажан 
адам болатын. Оқып жүрген кезде балаларын сағынғанын жиі 
айтып, сабақтан, жазудан қолы қалт ете қалған кездерде: «Мəр-
аға,  уақытың  болса  бірге  барып  балаларға  киім  алайықшы» 
дейтін еді. «Сəке-ау, сен несін алаңдайсың, балаларға қарайтын 
Мəриям  бар,  көңілің  тыныш,  мен  болсам  ғой,  екі  баламды 
жетектеп  апарып,  мектеп-интернатқа  беріп  кеттім.  Не  боп 
қалды  деп  соларды  ойлап  түн  ұйқым  төрт  бөлінеді.  Қолыма 
қалай стипендия тиісімен Алматыға ұшып кететін де себебім 
содан.  Менен  басқа  ешкімдері  жоқ  қой», – дейтінмін.  Сайын 
көбіне қадалып отырып жазу жазатын. Сабаққа бармай қалатын 
кездері  де  болушы  еді.  Ондай  кез дерде  мен  оның  жазып 
отырғанын білетінмін. Кейде 7-қабатқа көтеріліп, «Сəке, қалың 
қалай?»  деп  сұрағанымда: «Бұрылуға  шама  жок,  Мəр-аға, 
осы  бір  бастаған  ойымды  аяқтауым  керек»  дейтін.  Артынша 
біздің бөлмеге келіп, ас-су ішетінбіз. Менің бөлмемде домбыра 
тұратын.  Ол  маған  қарап  қойып,  домбыра  жақты  ымдайтын. 
Екеуміз қазақтың қайдағы бір мұңлы əндерін айтып, соңынан 
ағыл-тегіл жылайтынбыз. Ол іштей толғанатын. Заман жайлы, 
ел  жайлы,  көп  нəрсені  елеп-екшейтін  аса  зерделі,  білімді, 
зиялы  жан  еді.  Біз  кейде  екеуміз  Жазушылар  одағына  (ЦДЛ-
ге)  баратынбыз.  Онда  мүйіздері  қарағайдай,  атышулы  ақын-
жазушыларды  көруші  едік.  Олардың  бастары  қосылған  кезде 
шараптың желігінсіз-ақ дауыстарын көтере сөйлеп, қарқылдай 
күліп, бірін-бірі арқаға қағып отыратын. Атақты қалмақ ақыны 
Давид  Кугульдинов,  малқар  ақыны  К.Кулиев,  авар  ақыны 
Р.Ғамзатов,  басқа  да  мəскеулік  орыс  ақындарымен  жиі  бас 
қосатынбыз.  Кейін  келе  сол  атышулы  ақын  аталарымызбен 

215
үлкен поэзия кештерінде бірге өлең оқудың сəттері түсті. Олар 
көбіне өлеңді жатқа оқитын. Мен де кейін өз өлеңдерімді жатқа 
оқуға дағдыландым. Олардың достығына, сүйіспеншіліктеріне 
таңданатынмын.  Шіркін-ай,  біздің  ортамыз  да  осындай  тату-
тəтті болса ғой деп ойлаушы едім...
Сайынның көп жақсы қасиеттері бар еді. Ешкімнің көңілін 
жықпайтын,  адам  жанын  жəбірлеп,  қатты  қайырып  сөз  де 
сөйлемейтін.  Жаны  жібектей  жігіт  еді.  Өзінен  үлкен  ақын-
жазушыларға аса ілтипатпен қарап сыйласа, ал өзінен кейінгі та-
лантты жастарға мейлінше жанашыр, қамқор болды. Олардың 
көбінің  тұңғыш,  тырнақалды  дүниелерінің  жарық  көруіне 
Сайын  себепкер  болды.  Мəскеуде  оқып  жүргенде  Сайынға 
Алматыдан келген жолдас-жоралары соқпай кетпейтін. Əсіресе, 
Əкім  Тарази,  Асанəлі  Əшімов,  Əнуар  Əлімжанов  ағамыз  жиі 
келетін.  Ондай  сəттерде  Сайын  мені  де  шақырып  алушы  еді. 
Елді сағынып жүрген біздер үшін бұл үлкен демалыс болатын. 
Əкім Тарази «Қыз Жібек» операсын жатқа айтып, бізді қыран-
күлкіге бөлейтін. Бұл да бір орны бөлек, қызықты дəурен екен. 
Үлкен орталарда Əнуар, Олжастармен бірге жүргеніміз атақты 
ақын-жазушылармен  араласуға  себепкер  болды.  Біздерді 
жақсылық пен жаңалықтарға, зиялы ортаның ойлы, салиқалы 
пікірлерін  көкейге  түюге,  жақсылықтарға  бастап  жүрді. 
Сайын екеуміз Мəскеуде оқып жүрген студенттермен жиі бас 
қосатынбыз.  Сайын  көбіне: «Мəр-аға,  ана  балалардың  қарны 
ашып  жүрген  шығар.  Оларға  қарағанда  біздің  стипендиямыз 
қомақты  ғой.  Шақырып  дəм  татырып  жіберейік», – дейтін. 
Қайран,  Сəкем-ай!..  Жақсы  əдеттері,  жақсы  мінездері,  қайы-
рымдылығы мол еді. Тек өзіме ғана емес, басқаларға болсын 

216
дейтін.  Оның  атақ-даңққа  кешігіп  қол  жеткізген  себебі  де 
содан  болар.  Жүгірмейтін,  ешкімнің  алдын  орамайтын,  өзі 
үшін жанын салып өңмеңдемейтін. Жымиып бір күліп қойып, 
жүре беретін.
Сайын жаны қиналып төсек тартып жатқан шағында аяулы 
жары  Мəриямның  көп  еңбегі  сіңді.  Ол  өзі  дəрігер  болғаннан 
кейін Сайынды алақанда аялап, оның өмірінің əрбір сəті үшін 
жанталаса  күресті.  Соңғы  кезде: «Мəке,  мына  бауырыңның 
күн  сайын  халі  нашарлап  барады.  Келіп  кетсең  болар  еді», – 
деді.  Мен  жанұшырып  бардым.  Төсекте  жатыр  екен.  Қалың 
көрпені қымтап қойыпты. Иін тірескен кітап сөрелері, сол кітап 
сөресінің  дəл  қасына  орналастырыпты  төсегін.  Өзі  көңілінде 
сағынып  жатқан  ақын-жазушыларды  көзімен  шалып  жатсын 
деген  шығар.  Жазушының  жары  ақылды  болса,  ая улы  болса, 
сүйген  жарының  қас-қабағынан  не  айтайын  дегенін  сезіп 
отырса, бұдан артық бақыт бар ма. Сайынды соншама өбектеп, 
өзі аяғынан əрең қозғалып жүрсе де, шыбын жанын шүберекке 
түйіп, шырылдап жүрген Мəриямды көргенде Сайынның оны 
неліктен  қадірлеп,  қастерлейтініне  көзім  жеткендей  болды. 
Осындай бір сəттерде дарынды ақын, өлең-досым Жұмекеннің 
келіншегі  Нəсіптің  бір  сөзі  есіме  оралды: «Ай,  Марфуғаш, 
мына Жұмекен Мəскеуде сен оқып жүргенде неге бармады екен 
оқуға», – деді. Мен аңтарыла оның бетіне қарап қалдым. Іштей 
неге  бұлай  айтты  дегенімше  болған  жоқ,  Нəсіп  маған  жақын 
келіп,  қолымнан  алып, «Сен  адал  да  қамқорсың  ғой.  Біздің 
сонау «Шаңқайда» тұратын бір бөлмелік жаман үйіміздегі тар 
темір төсекке қалай сыятынымызды, Жұмекен екеуіңнің ұзақ 
таңға темір пештің жанында отырып, кезек-кезек өлең оқитын 

217
үңдеріңді есіме алып жатырмын. Егер Жұмекен сенімен бірге 
жүрсе, сен оған қамқор болар едің. Оның жүрегі ауырмас еді 
ғой», – деп  көзіне  жас  алып  күрсінгенін  кей  сəттерде  ойлап 
отырамын. Адамға, досыңа адал, сенімді болып, олардың саған 
үміт артқанынан артық не бар.
Менің  қимас,  ақын-жазушы  достарым  өмірден  ертерек 
кетті. Тағдырға не амал бар? Сайынның ажалын тездетуге оның 
жанындай  жақсы  көретін  қызының  кенеттен  қайтыс  болуы 
себепкер болды ма деп ойлаймын. Содан кейін-ақ оның иіні түсіп, 
еңсесі көтерілмеді. Төсек тартып қалды. Нағыз кемеліне келген 
шағында қаншама айтар ойларын айта алмай, жазатын дүниесін 
аяқтай алмай кетті-ау, қайран, Сəкем-ай! Бірақ, жақсының өлімі 
де  ерекше  сый-құрметке  бөленеді  екен.  Мен  өзім  бара  алмай 
емханада  жатсам  да,  қыс  ішінде  қыруар  жұрттың  жиналып, 
ақын-жазушылар  тұрғай,  бүкіл  қала  халқының,  ойдан-қырдан 
ағылған  Сайынын  сыйлаған  ел-жұртының  қалың  шоғырын 
теледидар арқылы көргенімде көңілім қатты егілді.
Miнe, көзді ашып-жұмғанша бір жыл да өте шықты. Жыл-
дар  өткенімен,  Сайын  сияқты  біртуар  азаматтың,  қарымды 
қаламгердің  жастайынан  соғыс  зардабын  тартқан  ауылдағы 
аналар  мен  өзі  сияқты  жетімдердің,  жесір  жеңгелерінің  көз 
жасын  құрғатып,  соларға  қолғабысын  тигізген,  ауыл  өмірін 
ерекше жырлаған, ұлы даланың «Жусан исі», «Жабайы алма-
сын» мəңгі-бақи көгертіп, көктеттірген, оның жемісін қазақтың 
қалың оқырман жұртшылығына жеткізген Сайын қалың қазақ 
оқырманының көкейінде мəңгі сақталады.
«Қазақ əдебиеті», 8 ақпан 2008 ж.

218
ҮШ ЖИЫРМА БЕС
(Кеңес Аухадиевке)
Бірінші жиырма бес
Тепсең темір үзетін жігіт шағың,
Кербезіңмен қарсы алдың үміт таңын.
Жастық шақтың оранып жалынына,
Жұртқа мəлім, 
Еңбекпен шыныққаның.
Тепсең темір үзетін жігіт шағың,
Тым ертерек өмірдің ұғып мəнін.
Елін қорғап,
Ерлікпен жанын қиған,
Жан əкеңнің арманын ұмытпадың.
Кешіп жүріп қаңтардың суық қарын,
Қиындыққа жол бермей,
Құрықтадың.
Тілеп алған ата-ана жалғызы едің,
Жан-Ана қабағына шаң жуытпадың.
Екінші жиырма бес
Қанат қағып Жетісу шыңдарынан,
Асқар Алатауыңнан тыңдадың əн.

Туған ел сенім артқан шаққа жеттің,
Сүрінбей өтіп тағдыр сындарынан.
Алас емес, биіктен көрінді өрең,
Ер жігіт сендей болар,
Елім деген!
Димекеңдей Батырдың баулыды өзі,
Ел ықыласы өзіңе төгілді ерен...
Үшінші жиырма бес
Сияқтанып шыңда өскен биік шынар,
Атандың сен жақсы əке,
Сүйікті жар.
Жақсының жақсылығын айтқызбай-ақ,
Алатын орны дəйім биік тұрар.
Кеңес бауырым, қай тұсқа қарасаң да,
Елің бар,
Аялаған алақанда.
Отырсың үш жиырма бесті тойлап бүгін,
Тау баласы, биік бол,
Аласарма!

Қорытынды
Біреуі өзің көп толғанар ойлының,
Тектен-текке өткен жоқ қой ай-күнің.
Жолдас-жора,
Жұртың мынау жиналған,
Ал бауырым, 
Бəрін де ұмыт қайғының.
 
Үш жиырма бес келсе жайып желкенін,
Ақын жанын толқыту да сан сезім.
Ақкербезің сыйлап өткен тірлікте,
Тілеуіңді тілеп отыр,
Ел сенің.
Алматы, 27.12.2013 

221
КЕРЕКПІН МЕН ЖҰРТЫМА
Керекпін мен жұртыма, керекпін мен,
Керектіктен –
Жыр жаздым өр екпінмен.
Керектіктен –
Кеудемді тік көтеріп,
Керектіктен –
Сырластым зерек түнмен.
Тартпасын деп тіледім жұртым күйік,
Алау отын жырлардың жүрсің құйып.
Өздеріңе туған ел сенгендіктен
Қажымаймын, қашан да,
Рухым биік!
Пендемін ғой, бар шығар кемшілігім,
Желпі мені самал-жыр,
Желпі бүгін.
Құлазысам жаныма қуат берген,
Құдіретті жыр шығар ма сенсіз үнім.
Тарылғанда тағдырдың кең өткелі,
Жүресіңдер сыртымнан демеп мені.
Теңесеңдер аққуға, демек мені,
Оның дағы бар шығар,
Себептері...

Садақасы деп келем жаным ардың,
Жыр жазудан қалайша,
Жалығармын.
Жүрегімді сыздатқан сағыныштан,
Жұмылғанда жанарым арылармын.
Керекпін мен жұртыма, керекпін мен,
Керектіктен –
Жыр жаздым өр екпінмен.
Керектіктен –
Кеудемді тік көтеріп,
Керектіктен –
Сырластым зерек түнмен.

ЖЫР АҚҚУЫ – МАРФУҒА
(естеліктер, құттықтаулар)

224
ЛЕБІЗДЕР
Əбділдə ТƏЖІБАЕВ:
Мен  Марфуға  Айтхожаның  алғашқы  өлеңдерін  оқи  баста-
ғанда  ол  əлі  балауса  жас  қыздардың  бірі  еді.  Сол  жылдары 
мен  Марфуғаның  алғашқы  өлеңдер  жинағы – «Балқұрақ» 
атты өлеңдерін оқып қуанғанмын.
Марфуғаның жылылыққа, махаббатқа толы ақ ниетін, əсем 
сезімін сұлу əуенділікпен ақтара салатын өлеңдері мені өзіне 
еріксіз туыстырған.
Марфуғаның  туған  жері  Шыңжаң  өлкесі  болғанмен,  поэ-
зиясы өркендеген, өнер көрсеткен жері – үлкен Қазақстан ғой. 
Екі мемлекеттегі елдің төл баласы боп өскен ақынның осын-
дай болмысты ақындықпен тануы да тамаша:
Туған топырақ –
Адамның Жер-анасы,
Тұтасқан татулықпен ел арасы
Араны бөлгенменен қызыл сызық,
Көңілдің болмайды екен шекарасы.
Ақын  өз  атынан  ғана  емес,  бəріміздің,  бүкіл  қазақтың 
атынан қазақ сөзін сөйлей алған.
Осыдан  отыз  жыл  бұрын  балғындықты  əндететін  ақын  
бүгін халық қамқоршыларының бірі болып жырлайтын үлкен 
ақынға  айналған.  Адал  еңбек  еткен,  əділ  сөз  айтудың  биік 
дəрежесіне көтерілген.
1992 жыл

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ:
Мен  Марфуға  Айтхожаны  отыз  жылға  жуық  білемін. 
Оның алғашқы Қазақстандағы жинағын да өзім жарыққа шы-
ғарғам. Сонан соңғы жиырмаға тарта талай кітап, таңдамалы 
жинақтарын  да  қадағалап  оқып  жүремін.  Шын  таза,  тума  та-
лант,  жан-жүрек,  қиял,  ой,  сезім  иірімдері  саналуан,  сан  өр-
некті, лирик ақын екеніне көзім анық жеткен. Бір өлеңі болса 
да анық қанағаттанып оқитын ақындарымның бірі.
1992 жыл

226
Əзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, 
Қазақстанның халық жазушысы
ШАЛҚАР ШАБЫТ ИЕСІ
(Ақын Марфуға Айтхожаның 
«Аңсау» жыр кітабы туралы)
Марфуға  Айтхожаның  «Аңсау»  деп  аталатын  өлең-дер, 
толғаулар,  поэмалар  жинағын,  бір  сөзбен  айтқанда,  жыр 
кітабын  түгелдей  қызыға  да  құмарта  оқып  шықтым.  Үш 
бөлімнен тұратын кітап кім-кімді де қуанышқа бөлеп, бүгінгі 
поэзияның  биігі  қандай  деген  сұраққа  жауап  беретініне  көз 
жеткіздім. 
Тағдырға  шүкір,  қазақта  ақын  жағы  баршылық.  Көпшілігі 
талантты  ақындар.  Ондай  ақындар  қай  заманда  да  болған. 
Жəне халқымыз ақынды əулие санап, дəріптеп, əлпештеп, төбе-
сіне  көтерген.  Ол  тегіннен-тегін  емес.  Себебі,  ақын  аузынан 
шыққан жалғыз сөз, егер ол орнымен, шебер, əрі тауып айтылса, 
ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
Ақындардың тасқа қашалып, ақ қағаз бетіне түскен өлең-
жыры түгіл, оқыста аузынан  шығып  кеткен жалғыз ауыз  сөзі 
мəңгілік ел есінде қалған. 
Бүгінде ақындық асқар биіктің шыңына шыққан, шашасына 
шаң  жуытпас  Марфуға  ақынның  жыр  жинағы  оқыған  жанды 
өзекті ойға бастап, мың толғандырып, мың толқытатын ойлы 
да нұрлы жырлардан тұрады. Қазақ елінің дəл бүгінгі келбетін 
де,  кешегісін  де,  болашағын  да  жыр  тілімен  қағаз  бетінде 
айшықты  өрнектеген.  Небір  жанды  суреттер,  əсем  бояулар, 

227
көңілді  тербетер  көрнекті  көріністер,  жүректі  тулатар  ойлар 
жинақтың өн бойынан табылады. Шебер қолдан шыққан жез 
қамшыдай  өрілген  шымыр  да  ширақ  шумақтар  нағыз  інжу-
маржандай жарқ-жұрқ етеді. Мысал келтірейік:
Жұртым сенен ойымды жасыра алман,
Жезкиіктей кеудемнен –
Жосыды арман!
Нұр үстіне нұр жауып,
Тасып арнаң,
Жақсы күндер тұрса екен
Тосып алдан! – 
дейді ақын «Көктем жыры» өлеңінде ерекше еміріне шалқып.
Келесі бір өлеңінде:
Жанымды жырмен тербеп шуақты күн,
Кеудеме келе жатыр,
Құлап бір үн.
Қуатты, құдіретті, Ғасыр үні ол,
Өмірге қайта келген сияқтымын!
Ақын  сезімі,  тіл  қуатты  ғой,  шіркін!  Жанын  шуақты  күн 
тербейді, əлдилеп, аялайды, еркелетеді. Кеудесіне басқа жұрт 
ести алмас, сезе алмас ғажап бір үн құлап келе жатады. Ол не? 
Қандай үн? Ол тек ақын ғана сезініп, ақынның ғана жүрегінен 
жарылып шығатын құдіретті де ғажап үн – ғасыр үні.
Қазақ даласына келген Тəуелсіздікті айғақтап, бүкіл əлемге 
жар салған жиырмасыншы ғасыр мен жиырма бірінші ғасырдың 
тоғысқан  шағы.  Бір  ғасыр  аяқталып,  екінші  ғасыр  басталып 
жатыр.  Кең  байтақ  қазақ  даласына  еркіндей  келіп,  жайдары 
пейіл танытуда. Дəл осындай сəттерде жан тебіренісін жасыра 
алмаған ақын өмірге қайта келген сияқтанады.

228
Елі еркіндікке қол жеткізіп, туған жұрты қуаныш құшағына 
бөленіп жатқан шақта, əрине, ақынның шалқуына, өмірге қайта 
келуіне, қуаныштан басы айналып, өзгелерге асқақ та, биік те 
қарауға  хақысы  бар!  Оның  үстіне  бұл  жолдардың  авторы – 
адамды  жаратушы – жыр  Тəңірі  əйелдердің  бірі,  əйгілі  ақын 
ана  Марфуға  Айтхожа  болса!  Айтхожаның  одан  əрі  былай 
шалқуы да орынды:
Тұрғандай шоғырланып жарық біткен,
Бұл сəтті –
Сабыры мол халық күткен.
Еңселі, егеменді қазақ елін,
Бар əлем, жатқан жоқ па,
Танып тіптен!
Марфуға  ақын  қашанда  уақытпен  үндесіп,  заманға  үн 
қосып  отыруды,  тұтас  елдің,  халықтың  бостандығы,  қуаныш 
пен мұңын, жетістік пен теңдігін, жырға арқау етуді өзіне басты 
борышы  санаған.  Ешкімге  жалтақтамаған.  Қандай  жағдайда 
да  ақын  мейлінше  ақтарылып,  төгіле  жырлайды.  Оның  бүкіл 
тыныс-тірлігі,  шаттығы  мен  күрсінісі,  қандай  тақырыпты 
жырласа да кібіртіктемей емін-еркін, кең көсілетінін аңғарамыз. 
Бұны əр жинағынан, əр өлеңінен көріп білеміз.
Не жетсін, шыншылдыққа, адалдыққа,
Жүрегіңді – жүрекпен
Жаман ба ұқса?!
Кіндік кескен жеріңнен шалғайды өмір –
Қалай да, өтеді екен, алаңдықта!..
Бұл  ақынның  бүкіл  жан-дүниесінің,  жүрегінің  күрсінісі, 
ішкі күйзелісі. Ешбір бүкпесіз ақтарылған шыны. Тек Марфуға 

229
сияқты ақиық ақындар ғана ақтаратын мұң. Дүниенің төрт құ-
быласына кешегі қызыл империяның кесірінен тоз-тоз болып 
тарап  кеткен  əр  қазақтың  жүрегінде  жүрген  ащы  запыран. 
Кіндік  кескен  туған  жерді  де  қимайсың,  ұлы  атамекеніңді  де 
аңсайсың! Бұл  – шетте жүрген əр азамат, əр адамның басында 
жүрген күйзеліс...
Марфуға Айтхожаның «Аңсауын» оқи отырып, қазақ елінің 
талай ғасырлық тағдырын көз алдымызға əкелеміз. Үш жүзге 
аты мəлім Қарасай батыр мен оның ұрпақтарымен сырласып, 
ұлы  Абылаймен  тілдесіп,  оның  дара  шоқтығын,  дана  да 
кемеңгер  бейнесіне  тағзым  етіп,  бір  ғасыр  жасаған  Жамбыл 
Ата есімін мақтаныш етеді. Қазақтың біртуар арысы Міржақып 
Дулатұлының жалғыз тұяғы Гүлнəрға, қазақ ақын қыздарының 
анасындай  болған  Мəриям  Хакімжановаға  арналған  өлең 
жолдарын толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес.
Асулар, өткел бермес өрді көрдің,
Ығысып, өзің шеттеп, 
Төрді бердің...
Мұңымды енді кімге шағамын мен,
Анасы ең,
Жердегі бар шерлілердің! – 
дейді Мəриям ақынға арналған өлеңінде. Оны оқығанда  еріксіз 
күрсінесің.  Көзіңе  жас  келеді.  Өзінің  аналық  келбетімен, 
ақындық  болмысымен,  қазақы  қалпымен  жеке  тұрып, 
төңірегіне таланттар мен дарабоздарды топтастырып, қолынан 
келген  қамқорлығын  аямаған  өзім  емес,  соңымнан  ерген  іні-
сіңлілерім озсын деп өткен Мəриям ақынның бейнесі шынайы 
көрсетілген.

230
Марфуғаның  өлең-жырларын  оқи  отырып,  Қытай  еліне 
саяхат жасап, ондағы талантты ұлдарымыз, олардың атамекенге 
деген  сағынышына,  ұлттық  келбеттерін  жоғалтпаған  рухына 
ерекше  сүйсінеміз.  Іленің  əппақ  айдынына  шомылып, «Құл-
жаның құпиясын» сезініп, сұлу Сайрамның тұнық толқынына 
сүйсіне көз жіберіп, жұпар иісі аңқыған алуан түсті гүлдерін 
құшырлана, құмарта иіскеп, мөлдір ауасын жұтқандай боламыз. 
Онда  өмір  кешіп  жатқан,  атажұртын  аңсаған,  армандаған, 
қазақ екенін өмірі ұмытпаған, қайтсе де ұрпағын ұлы мекенге 
аттандыруға  əрекет  етіп  жүрген  ағайын-туыстардың  көңіл-
күйін түсініп, солардың басындағы қайғыға қиналамыз. 
«Жетісу  суреттері»  деп  аталатын  көлемді  дастаны 
деректілігімен,  Жетісу  өңірінің  ғажайып  келбетін  жанды 
бейнелеуімен  құнды.  Ақын  бұл  шығарманы  туған  жерге, 
атамекенге,  ата-бабалар  рухына  арнаған.  Сондықтан  да 
Марфуғаның шындап шалқуы, ақындық ұлы құдіреттің шырқау 
шыңына шығып алып, мен осынау сұлу өңірдің өр ұрпағының 
бірімін деп бүкіл əлемге тегеурінді жырмен жар салуы заңды 
да табиғи. 
Иə, Марфуға ақын «Аңсау» жыр жинағымен нағыз шалқар 
шабытты  шақта  екенін  танытыпты.  Өлеңдерінің  құрылысы 
да,  ойдың  құйылысы  да,  көтерген  тақырыбы  да,  оқырманға 
ұсынып  отырған  мəселелері  де  жан-жақты,  кең  тынысты, 
көркем  де  шабытты!  Қазақтың  басынан  өткен  мол  да  бай 
тарихын кең тыныспен тебірене жырлайды. Ал, соңғы он жыл 
ішіндегі қол жеткен жетістіктерін асқақ та əсем, көркем тілмен 
суырыла  сұлу  суреттейді  дей  отырып,  Марфуғаның  өзіне  сөз 
соңында былай дегім келеді. 

231
Иə,  бұл  менің  оқырмандарға  арнап  өз  кітабым  туралы 
жазған  пікірім.  Сыйлық  беруді  таразылайтын  комиссия 
мүшелеріне құлаққағысым.
Байқаймын,  тəуелсіздіктің  он  жылдығынан  кейінгі  ұлы 
бəйгеге ылғи сəйгүліктер қосылған екен. Бірақ, «Ат шаппайды, 
бап  шабады»  деген  сөз  бар.  Кімнің  бағы  жанып,  бағасы 
көтеріледі,  оны  білмеймін.  Өйткені,  бəйге  жолы  оқтай  түзу 
болмайды.  Бұрма-бұлтарыстары  көп.  Солардың  бəрінен 
шашағыңызға  шаң  жұқтырмай  жетіңіз,  көмбеге  алдымен 
келіңіз.  Бір  кезде  менің  «Махаббат,  қызық  мол  жылдар» 
романым  бəйгеге  қосылғанда  (онда  Олжас  Сүлейменов, 
Иван  Шухов  жəне  мен  үшеуміз  түскенбіз),  алда  келе  жатқан 
менің  сəйгүлігімді («Махаббат,  қызық  мол  жылдарды») 
соңғы  бұрылыста  бір  досым  айбалта  сілтеп,  көмбеге  жетпей 
құлатқан. Сізде сондай айбалташы ағайындарыңыз болмасын 
деп  тілеймін.  Бірақ, «Махаббат,  қызық  мол  жылдардың» 
жарасы  жазылып,  отыз  екі  жылдан  бері  халыққа  қызмет  етіп 
келеді.  Жақында  қазақтың  қазіргі  атымтай  жомарты,  атпал 
азаматымыз Мұхтар Құл-Мұхамедтің араласуымен  «Атамұра» 
баспасы оны 10 мың дана таралыммен қайта басып шығарды. 
Мен осы романымның сыйлық алмаса да ұзақ өмір сүріп келе 
жатқанына шүкіршілік етемін.
Сіздің  жүлделі  жүйріктердің  қатарынан  табылуыңызға 
тілектеспін.  Ал  «бап  шаппай»  қалса,  бақытсызбын  деп 
есептемеңіз. Атақты ақын болып жүрудің өзі – ұлы бақыт.
«Егемен Қазақстан», 
06. 11. 2006 (№260)

232

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет