Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сәдуақас Т. С 28 Шығармалар жинағы. Алматы: «Сораба» қоғамдық қо



Pdf көрінісі
бет2/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#2223
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

ҚАРАТАУ
Ұрпаққа мұра қылған баба қауым
О, менің қара шаңырақ, дара отауым; 
Шертетін шерлі күйім, шежірем сен, 
Көне көз көпті көрген Қаратауым.
Бір кезде заңғар төбең биікке асып, 
Қияңнан қыран түлеп, киік қашып; 
Тұрдың-ау, көк аспанды көтерісіп, 
Жүрдің-ау, ұлылармен иықтасып.
Шұбалып көшің талай, астың дәуір, 
Тоздырып, тонап өткен тасқын, дауыл; 
Ел өткен «Елім-айлап», қойнауыңда, 
Сыры бар салмағындай тастың да ауыр.
Жаңғыртып сақтап келген салтың елді, 
Тарихқа дүбірлетіп даңқың енді; 
Ертеңге мирас еткен асылыңды, 
Ақтарып алып жатыр халқың енді.

25
ОҚЖЕТПЕС БЕЙНЕСІ
Құлпырған бояуымен көктеменің,
Бұлқынған «Айнакөлдей» өр кемерің;
Сияқты сұлулықтың баламасы,
Оқжетпес, сен не деген көркем едің?!
Үлбірер ақша бұлттар айдарындай, 
Керім тау, кербез қойнау қайда мұндай? 
Оқжетпес тастан құйған пирамидам, 
Қасқиған қазағымның айбарындай!
Өзіңді аңсап келген жат-танысым, 
Қуанып қызығыңа батқаны шын. 
Аңыздай тарап кеткен ел аузында, 
Оқжетпес, сенсің менің мақтанышым!
Қырандар қиясынан көп түлеген,
Оқжетпес – кіші Парнас деп білем мен.
Ол – Даңқ, олқысынба, ал даңқтың,
Шыңына көзің жетпес көк тіреген!..
ЖАНАРТАУ
Олжас Сүлейменовке
Жанартаулар, сен бір құт жер үсті үшін, 
«Теріс» кісім, о мейлі, теріс түсін! 
Везувийдей айтарым кесірлі емес, 
Жанартаулар – керемет кенішті шың.
Жанартаулар, арының арқырасын, 
Лапылдаған лаваға шарпыласың. 
Өздеріңсің табиғат домнасындай, 
Қайнатқан жер астының балқымасын.
Гейзерлерің шипалы бу атқандай, 
Нұр беретін ГЭС-терге шуақ таңдай; 
Кен қопарып тереңнен текшелеген, 
Бойыңдағы о сенің, қуат қандай?!
Селк етпесе, селк етпес самарқаулар, 
Жалықпашы жалының жанар, қаулар; 

26
Қазыналы кеніңді ақтара бер, 
Буырқанып бұлқынған жанартаулар!..
ШАЙТАНКӨЛ БАСЫНДА
Көрдің бе?!
Көлден де ірі, ойлан ақын,
Кім екен Шайтанкөл деп қойған атын;
Секілді ол телескоптың шарайнасы,
Қарасаң қағып-қағып ой қанатын.
Жарқыным, деме, бұл қай жаңалығың, 
Бабамның білсең көне даналығын: 
Жартастар ғұламадай ойға шомған, 
Есептеп ай мен жердің аралығын...
Еткен сол ұлы ойларды астан-кестен, 
Тарихтың сұмдығын ел тастар ма естен; 
Қаңбақтай ұшқан желге қанша тағдыр
Күніміз қандай ауыр бастан кешкен.
Көктемнің өртке оранған көктеріндей,
Келмеске кемел ойлар кеткенің бе, ей;
Бетпақ та тақыр қалып,
Сарыарқа да,
Сарғайған сол тарихтың беттеріндей.
Кесіліп тілің солай мылқау далам, 
Төсіңде көш түзедік жылқы аунаған. 
Тоз-тоз боп тозып қалам, тоналса да ел, 
Бермеген жерін жауға, жұрты аумаған.
Сан ғасыр содан бері алмасқалы, 
Тот болмай келген ар мен алдаспаны. 
Ғарышқа самғап ұшса қырандары, – 
Жаңа ойдың көне арманмен жалғасқаны.
Қасқиған қарағайлар тіні мықты,
Жетелер бір үмітке бір үмітті:
Олар да қазағымның өр рухындай,
Таратқан тамырымен ұлылықты!..

27
ОҚЖЕТПЕС ӨРІНДЕ
Туған жердің самал желі тербеген,
Жас кеудені арман, шаттық кернеген;
Сол бір сәттер есіңде ме, досым-ау,
Оқжетпестің биігіне өрлеген?...
Көз тіктік-ау Көкшеге біз нұр тұнған, 
Қайран Көкше, қалыңдықтай құлпырған. 
Достық жайлы өнеге айтып тұрғандай, 
Екеумізге ертеңге енді ұмтылған.
Мөлдірімнен бір ғибрат көр деген,
Айнакөлдей айдын жатты көлбеген:
Достар солай ақ көңілмен аңқылдап,
Бір-бірінен сыр жасырып көрмеген.
Аспан ару алтын кірпік, күміс тән,
Елжірейді Бурабайға гүлстан:
Достар солай бір-біріне іңкәр боп,
Бір-бірімен дайым іштей ұғысқан.
Қайсарлықты Жұмбақтас тұр ұқтырып, 
Қанша сынды қарсы алған-ау тік тұрып; 
Достықта да болу керек тап сондай, 
Мың жылда да мыңқ етпейтін мықтылық.
Қиып өсіп қия шыңды нән, алып, 
Қарағайлар тасқа шыққан таралып; 
Берік біткен достықтың да тамыры, 
Тұрар солай тым тереңнен нәр алып.
Оқжетпесің жеке-жеке жартас та, 
Азаматтан айнымайтын марқасқа. 
Мерейі үстем, мәртебесі биік боп, 
Достар солай иықтасып қалмас па!..
ЖЕР ЖАННАТЫ
Уыз берген оған, саған, маған да,
Туған жердей жер жаннатын табам ба;

28
Өмірді – ана, бақытты – еңбек, туған жер, –
Махаббат пен арман сыйлар адамға!
Сәулетіндей салтанатты сарайдың, 
Менің де бар Көкше деген арайлым. 
Сондықтан мен мынау заңғар әлемге, –
Оқжетпестің биігінен қараймын.
Жанарында жаңа арманның жалқыны, 
Жайсаң тірлік жасап жатқан халқы ұлы; 
Жасампаздық табиғатын білем мен
Ер Көкшемнің еңбекші елі арқылы.
Нұр жайлаған, гүл жайнаған паң қыры, 
Жасыл бақтан жұпар исі аңқыды: 
Әсемдігін бағалаймын әлемнің, 
Бурабайдың сұлулығы арқылы.
Төрінде – қу, көгінде – қаз қаңқылы, 
Маржан шашып ерке айдыны шалқыды:
Сырын ұғам дүниедегі пәктіктің, 
Айнакөлдің мөлдірлігі арқылы.
Сексен көлім ағытып сыр тиегін,
Бергеніне шүкірлік қып иенің; 
Көкшемді мен жақсы көру арқылы, 
Ұлан-ғайыр туған елді сүйемін!
ӨЗІҢДЕ ӨТКЕН КӨП ДУМАН
Аймалап құшқан ұлыңды, Арайлап атқан таңдарың; 
Аңқылдап балғын жырымды, Туған жер, саған арнадым.
Өзіңде өткен көп думан, Базарлы балалығым бар. 
Есімде достар доп қуған, Есімде – қара бұрымдар.
Құйғытқам талай таласа, Құрықпен ұстап құр аттар. 
Қалушы ед мәз боп балаша, Құрысын жазып қыраттар.
Жандарың жайсаң жүректі, Жаралған бейне құрыштан. 
Түрініп палуан білекті, Тұрғызған тауды ырыстан.

29
Мамыржай мырза орманың, Қойыны толы құлпынай. 
Жұпарын шашқан жондарың, Бұлағың бал ма, шіркін-ай!
Жәудіреп жатқан жанарың, Мөп-мөлдір Шортан, Шабақ көл. 
Иіс су – ескен самалың, Айналдым сенен абат төр.
Ырғалып жатқан белесте, Маржанды масақ, ақ сұлың. 
Жаннат жер өзің емес пе, Тасқаным емес, тап шыным.
ӨЗІҢДЕ АЛҒАШ
Кербез Көкшем, келбетіңе теңбе-тең,
Келетұғын керім өңір кемде-кем;
Болса да, – деп, – жиһан жалпақ, кең мекен,
Асыл айтқан, Қасым айтқан, мен бе екен?!
Көгілдір көл, көкпеңбек тау, көк шынар, 
Көсегеңді көгертер жан көп шығар. 
Мен де сенің перзентіңмін шын сүйген, 
Желден жігер, найзағайдан от сұрар.
Өзіңде алғаш қара жерге қаз басқам, 
Өзіңде алғаш қаңқылдаған қазды аспан; 
Өзіңде алғаш бесігімді күй тербеп, 
Әже әні мен әлдилеген саз, дастан.
Құрық алып қуыппын да қашаған, 
Өзіңде алғаш тентектік те жасағам. 
Өзіңде алғаш, шөгір еніп табанға, 
Ақсақалдың қолынан ет асағам.
Қызбенен де қырында алғаш таныстым, 
Жаны жарқын достарыммен табыстым. 
Сондықтан да сені жырлау парызым
Қанат қағып кетсем-дағы алыс тым.
Байғазың боп мұншама жыр, мұншама ән, 
Арналыпты, ару Көкшем бір саған. 
Өлең қылып өтейін мен өзіңді, 
Көкпеңбек боп, көктем боп тек тұршы әман.

30
КӨГІЛДІР ӘЛЕМ
Өңірің өңшең өрім гүл, Көлдерің – күміс, көгің – нұр; 
Көргенде сені көңіл дүр, Көгілдір, Көкшем, көгілдір.
Аңқыған әтір айналаң, Жасарып жылда жайнаған. 
Қойнауың еңбек қайнаған, Қайнаған еңбек бай далам. 
Еңбекпен өскен ер елің, Тасытқан табыс кемерін; 
Төскейі – төлді, белі – егін, Жер едің, неткен, жер едің.
Самғаған талмай дүлдүлің, Сайраған тынбай бұлбұлың; 
Сен дер ем ән-үй кіндігін, Гүлгүлім, Көкшем, гүлгүлім.
Кеудемді кернеп керім жыр, Менің де шалқыр жерім бұл; 
Көңілдің бұлты-ау, көгілдір, Көгілдір жырды төгілдір!..
СҰЛУЛЫҚ
Қарашы анау қайсар мінез құздарға, 
Қабақ шытпас қаншама аптап, ызғарға. 
Көкше деген нар жігіт қой, нар жігіт, 
Нар жігітке наз артпайтын қыз бар ма?!
Белден ескен безілдек жел күйменен, 
Биші қайың – бикештері билеген. 
Көкше деген қас ару ғой, қас ару, 
Қас аруды қай жігітің сүймеген?!
Бақтарында бұлбұл конып талдарға,
Күннің сүтін қылқ-қылқ жұтқан таңдарда;
Көкше деген бүлдіршін ғой, бүлдіршін,
Бүлдіршінді аяламас жан бар ма?!
Құрсағы – құт, 
 
күн келбетті, ай мүсін, 
Тең бөліскен елдің шаттық, қайғысын; 
Көкше деген әз ана ғой, әз ана, 
Ал, анасын ардақтамас қай кісің?!
Көктем келсе жер көрмесі болатын, 
Қыр, белеңі қызғалдаққа толатын; 

31
Көкше деген сұлулық қой, сұлулық, 
Сұлулыққа сүйсінбейтін жоқ ақын!
КӨКШЕГЕ КЕЛСЕҢ КӨКТЕМДЕ
Көкшеге келсең көктемде, Көресің жарқын жарасым. 
Рахман нұры өпкенде, Рахаттанып қаласың.
Көп бұлбұл бүгін сайрады, Көк пүліш жауып өңірін. 
Қырлары қыздай жайдары, Киіпті кәмшат бөрігін.
Сұлудай қайың, терегі, Сыр аңдап таққан сырғасын. 
Сыпайы келін дер едің, Сылаңдап аққан жылғасын.
Аспаны құсты баураған,  – Ағылып тынбай келеді. 
Ақанның әні аумаған, – Асқақтап кете береді.
Көз жібер егіс жаққа бір, – Көсілген еңбек парады: 
Агрегаттарға жоқ дамыл, Арқырап кетіп барады.
Мейрамды Көкшем өзіңді, Мейрімді жүзбен қарсы алған. 
Сиқырлап ой мен сезімді, Сыйлайды саған қанша арман.
Бауларын көрсең – көк теңбіл, Тауларын көрсең – көк сеңгір. 
Көксетіп жеткен көктем бұл, Көркейіп кеткен Көкшем бұл!
ШОРТАНЫМ
Сөз жетпестей өлкесі бар, Шортаным, 
Оқжетпестей өркеші бар, Шортаным. 
Көкше таулы, көк мұнарлы, Шортаным, 
Ғашық болған көп құмарлы, Шортаным. 
Құралай тән, құлын мүсін, Шортаным, 
Мәңгі жайнар гүлімбісің, Шортаным. 
Аққуларын сұңқылдатқан, Шортаным, 
Сыршыл күйін сылқылдатқан, Шортаным. 
Самалынан әтір ескен, Шортаным, 
Ақын өскен, батыр өскен, Шортаным. 
Ақ қайыңдар – алқасы нән, Шортаным, 
Қырларынан дән тасыған, Шортаным. 
Төрт түлігі өріс тұнған, Шортаным, 

32
Өрендері өр іс қылған, Шортаным. 
Жұлдыздардан жақұт таққан, Шортаным, 
Адамдары бақыт тапқан, Шортаным. 
Айнакөлі айнадайын, Шортаным, 
Асып туған айналайын, Шортаным, 
Аяулым боп жайна дәйім, Шортаным!
КӨКШЕМДЕ  БОЛДЫМ  БҮГІН
Көкшемде болдым бүгін, Көксеткен көптен бері; 
Көркімен көктемдегі, Көз тартқан көк белдері.
Көңілім көлдей тасып, Көгалда бұлғақтадым. 
Көп бұлбұл тыңдатты әнін, – Көктемнің ырғақтарын.
Сарғалдақ тердім сосын, Сары гүл босқа алмадым; 
Сабырсыз тосқан жаным, Сағынған досқа арнадым.
Қырымның қыдырдым көп, Қызығы қызған бағын. 
Қымбатты қызға арнадым, Қырмызы қызғалдағын...
КӨКТЕМ
Шабытпен шүлпілдеткен көп кемерін
Күндер-ай, тебіренген көктеменің. 
Жасаулы қыздай жайнап көз тартады, 
Ақ қайың, ару тал мен көк терегің.
Келбетін шуақ жуып, шарпыған нұр, 
Манаурап тәтті ұйқыға балқыған қыр. 
Бу тарап буынына бел-белестің, 
Исі-ай, әтіріңнің аңқыған бұл.
Айшықтап әйбәт тау мен әз далаңды, 
Аруың абат бақтар назданады. 
Көліңнен әуелейді шартарапқа, 
Күміс көмей құстардың жазған әні.
Төріңе төсеп кілем – мақпал сағым, 
Көктемде түлеп мынау жатқан шағың: 
Тойың ба, топ жарған бұл салтанат па, – 
Кел, төрлет, жан досымдай қатты аңсадым!..

33
ЕГІС ДАСТАНЫ
Жасампаздық шығады шын тектіден,
Танап – парақ, қаламдарың көк түрен: 
Тебіреніп жүрген осы сәтіңде, 
Диқан, сені дарынды ақын деп білем.
Толғап жүрген егісіңнің дастанын, 
Шабытыңның шын ұғындым асқағын: 
Биыл тағы қуантуға халқыңды, 
«Миллиардыңның» прологін бастадың!..
АРМЫСЫҢ, АҚҚУ АРУЛАР
Салып бір сыршыл сарынға, Сусылдап қондың қалыңға; 
Сағынып туған өлкені, Айдынды аңсағаның ба?
Мауқыңды басып мөлдірге, Иректеп өрнек өрдің бе? 
Тербетіп сендей бөбегін, Кетіпті-ау, иіп көл мүлде.
Жағасы жайлау жасыл от, Ананды айнал, асыл, өп; 
Жеттің ғой жырлап көктемді, Келдің ғой керуенбасы боп.
Сен өзің айдын сәнісің, Ырғалған қандай «вальсің»; 
Құстардын сенсің патшасы, Сұлулық пайғамбарысың!
Аппағын айтам тәніңнің, Аумаған өзі арымның. 
Сезімнің сенсің серісі, Сырысың махаббаттарымның.
Базары болып көлімнің, Ажары болып өңірдің; 
Мазалы мына көңілдің, Ғазалы болып төгілгін.
Өтсін деп бізде бал айың, Аялап арда бағайын. 
Армысың, акқу арулар, Армысың, аппақ ағайын!
АЙДЫН ЖАҒАСЫНДА
Арала дала көрмесін, Өмірден бір сәт түңілсең;
Қозғаған көңіл пернесін, Сыр қанша көлге үңілсең. 
Шарқ ұрған көктем келгелі, Қарашы кербез кемерге. 
Сүңгуір үйрек – сеңдері, Кеткендей сүңгіп тереңге.

34
Бұрымын қара – жар асқан, Бұлқынып аққан бұлақтар. 
Бантигі қандай жарасқан, Бұрандап өскен құрақ, тал.
Жатқандай наз ғып ол әлі, Жанында жартас жігітке. 
Жымыңдап қарап қояды, Жанары толып үмітке.
Жігіттің ауған аңсары, Сүйгісі тіпті келеді; 
Сұлудың толқын саусағын, Өзіне тарта береді.
Толқындар неткен қызба бұл, Бұлдағы іңкәр сезім бе, ей?! 
Ғашық боп сондай қызға бір, Беймаза болған өзімдей.
Жатқанда асып-тасып көл, Дауылдан көрсек, бекер ғой; 
Ұқсаған іңкәр ғашыққа ол, –
 
Жүректің өзі екен ғой!..
АЙНАКӨЛ ТОЛҚЫНДАРЫ
Ардақты дос, Айнакөлде болып па ең, 
Көл бетіне көз жіберіп көріп пе ең? 
Жұмбақтасқа қарап па едің – сымбат тас, 
Көздің жауын алған ғажап көрікпен.
Оны көрсем теңеу іздеп бір тыңнан, 
Сезім баурар жүрегімді бұлқынған. 
Ойға шомып қалған мұнда мүсін боп, 
Ботакөздің өзі емес пе, ей, бұл тұрған?
Білсең оны Ботакөзге балап біл, 
Алтын күннен дидарына тарап нұр; 
Ойлы көзбен ерке айдынға – ертеңге, 
Қайсар жүрек қазақ қызы қарап тұр...
*   *   *
Көкшенің көлге тұнған даласында, 
Көз алдың көрме десем, нанасың ба?! 
Сексен көл сексен қаздай саңқылдаса, 
Айнакөл – аққу сынды арасында!
Көкше осы – көк мұнарға дала тұнған,
Аспандай көк бояудан жаратылған.

35
Сексен көл – сексен жұлдыз жарқыраса,
Айнакөл – толған айдай дара тұрған!
Өй, мынау, өңім бе еді, түсім бе еді, 
Аңқыған әтір, әйбат мүсіндері: 
Сексен көл сексен сұлу серуендеген, 
Айнакөл – Ақтоқты ару ішіндегі!
*   *   *
Өреніңе өнеге боп о баста-ақ, 
Толқындарың көрмеген-ау, толастап. 
Құлагердей құйрық атып құйғытқан, 
Көк айдында көп толқының өр, асқақ.
Қашан көрсең қалпыңдасың көк теңбіл, 
(Қашан көрсең лайланбас көл неткен бұл).
Біржан әні сияқты мың ырғақты,   
Қуың қандай, суың балдай, мөп-мөлдір!
Мағжан, Сәкен самғаған сан аспаның, 
Тереңіңдей толғап терең дастанын. 
Соларға ұқсап, өзіңе ұқсап шалқыған, 
Мен де өзімше толқын ата бастадым.
Сапарым бар сан асудан әрі аспақ, 
Қатарым бар көкпар сында таласпақ. 
Ендеше, Айнам, жыр жазайын өзіңдей, 
Әрі мөлдір, әрі терең, әрі асқақ!
*   *   *
Айдының кең, айбының өр, Айнакөл,
Дәл өзіңдей мөлдіреген қайда көл?!
Астауында асыр салып асыл нұр, –
Жылт-жылт етіп, жымияды жай ғана ол.
Кең сарайдай ішінде көк мұнардың,
Бикештердей билеп мың сан бұралдың.
Ақша бұлттар айналсоқтап айнаңа,
Көкке құмар көңіліңді ұғар кім?!

36
Қыздырғандай жәрмеңкесін құстардын,
Қызығыңнан қайтіп сенің тыс қалдым?
Шат күліскен ортасында достардың,
Мен де өзіңдей ізгілікке құштармын.
Көкше таулар айналаңда мұнартып,
Көп қараймын айдыныңа құмартып.
Құс қонбаған борсыған көл болғанша,
Өзіңе ұқсап шалқып өткен мың артық!
Шаттанамын шарасы кең бейнеңе,
Шарқ ұрмаймын өзіңе ұқсап, беу, неге?
Саған келсем күмбір-күмбір күйменен, –
Толқын-толқын саз келеді кеудеме.
Қазан айы қазаныңды сапырып,
Қаңтар өтер қабаққа мұз қатырып.
Қарашада қара шашың дудырап,
Құсыңды іздеп құса болдың аһ ұрып.
Жанымды ұқпай кейде досым жүрсе аулақ,
Мұң менің де кеудемді алар құрсаулап.
Мен де мәзбін абзал жандар ішінде, –
Аспанымнан тұрғандай боп нұр саулап.
Өршеленген дауылға ықпас өжетсің,
Өжет күндер мені, мейлі, мезі етсін!
Тебіреніп жатасың сен, баршаны
Іңкәр еткен тереңдікке не жетсін!
Шүпілдейсің, шүпірлейсің тынбастан,
Сыбдыр-сыбдыр кезің бе ол сырласқан?
Шалқып-толған сәтіңдей сол, менің де
Шабыт буып, кеудемде ескен жыр-дастан.
Тұлпар толқын күдірейтіп шоқтығын,
Лықсып, шалқып жатқан сенде жоқ тыным.
Ертеңді аңсап арман қуған менің де, –
Толастамай өтіп жатыр көп күнім.
Шаттанамын шалқып толған бейнеңе,
Шарқ ұрмаймын өзіңе ұқсап, беу, неге?

37
Саған келсем күмбір-күмбір күйменен,
Толқын-толқын саз келеді кеудеме!..
*   *   *
Айнакөл, айналайын шырайлы анам,
Шыға алмай айдыныңнан шыр айналам.
Өмірдей өзі терең, өзі мөлдір, –
Жан оңбас жалтырыңды ылайлаған.
Өмірдің өрге жүзсем белесінде,
Өзің бұл дәтке қуат бересің де.
Жанашыр жандай болып жырақ кетсем, –
Жүресің ұмытылмай сен есімде.
...Баламыз, баламын ғой ол күнде мен,
Басасың асау көңіл өртін немен?
Жартастан суға қарғып ойнаушы едік,
Жағада жалдап ақжал толқынменен.
Шарасын шалқар Айна сапырады,
Шарла деп айдынымды шақырады.
Кім білсін, өжетті өрге асырады,
Жасықты әлде терең батырады?!
Құлшынсаң құлаш ұрып кемеріме,
Бойлап көр дей ме әлде тереңіме;
Топшыңды бекітейін толқыныммен,
Ынжықтың дей ме маған керегі не?!
Жас жаным тоят таппай келбетіне,
Жүзсем деп жүз ұмтылам көл бетіне:
Күмп беріп сүңгіп кеттім әлгі екпінмен,
Көміліп көк толқынға сол бетімде.
Көп толқын бері итеріп, әрі ысырып,
Көрінді әрі сұсты, әрі суық;
Қақалып-шашалсам да малтығалы, –
Тал қармап талпынамын жан ұшырып.
Бойласам бойымнан да барады асып,
Үрей мен ыза бойда араласып;

38
Ойнайды арсалаңдап, сақ-сақ күліп
Көк толқын көңілімді ала қашып...
Сорыма секірдім бе қара басып?!.
Арбаумен алды-артымнан ойқастады,
Жағаға жетсем деген ой бастағы.
Әйтеуір малтып кеттім қысылғанда,
Тірелді-ау табаныма қойтастары.
Толқынмен толқып жаным тыншымады,
Бастықпай бала көңіл құлшынады;
Сол тұста қала берді-ау, балалығым,
Өмірлік сабақ болып бұл сынағы!
Көсіліп көкжиегі көрінбеген,
Япырмау, осы ма еді өмір деген!
Теңіз бұл толқын атқан толы сынға,
Шарқ ұрып кете бардым төрінде мен!..
*   *   *
Көктемде кербез сұлу, жазда керім,
Көкседім сексен көлдің сазды әлемін.
Көліңді, Көкшем, көптен жазбап едім,
Көрік боп көкірегім мазда менің!
Көңілім көп жауынды көксеп еді,
Кеткендей түбі түсіп көк шелегі:
Нөсерлеп қалың бұлттың өтсе легі,
Беу, сосын жұпарыңның өпсе лебі!
Айнакөл, жағаңда елтіп өскен едім,
Көркіңді жырына енді қосты өренің.
Бір қызды дәл өзіңдей дос көремін, –
Аңсатып қойған мені қос кемерім!
Сағынтты сол бір сұлу торғын бұрым,
Сол ғой деп білем сексен көлдің бірін.
Тағатсыз жолға шықпақ болдым бүгін,
Билетті алып қойғам он күн бұрын!
Жатыр ма тулап қазір көктемгі арнаң,
Қалқамен гүл теруші ек бөктерде алуан.

39
Кешіксем деп жүрмей ме «өкпем қалған»,
Көксеткен көңілдегі көптенгі арман.
Өңірің қызғалдаққа толған өндір,
Айнакөл, сен де мөлдір, ол да мөлдір!
Аққу-қаз жүзеді ойнап айдыныңда,
Менің де аққуымды қолға қондыр!..
*   *   *
Аяулым менің! 
Арқарлы белден асқанда-ақ,
Алдымнан шықсаң қаламын сәтте аспандап.
Мен де бір жылғаң, 
 
бұлақ боп енді басталмақ,
Мен де бір құсың, көліңнен ұшқан қасқалдақ.
Сағынып келдім, сәлемімді ыстық ал бүгін,
Айнашым менің, 
 
жаралған егіз тағдырым.
Көгілдір мұнар, көк желек нуың, жаңбырың,
Хош иіс ауаң, аңсадым соның барлығын!
Баурайда қалған балдырған жылым, бал айым,
Жидекті белге, үйректі көлге барайын.
«Шортанкөл» барып шомылып рахат табайын,
Тұйықтау өскен тұрғылас едім, ағайын.
Құмартып еді қызғалдақ сынды қыз біткен,
Достарға жетем, кезіміз жоқ қой сыр бүккен;
Сағынған сайын дос көңіл мынау  үздіккен,
Аяулым, сені аңсайтын болдық біз тіптен.
Айтатын ылғи ажарлы сөз бен аталы ой,
Аман-cay ма екен ақсақал қарттар батагөй.
Аналар абзал: 
 
«Үйге кір,  деп,  дәм тата ғой»,
Амандық сұрап, аңқылдап әман жатады-ой!
Жондарың пүліш, 
 
қойнауың ырыс шалқыған,

40
Алаулап жүзі шаттықтың нұры шарпыған.
Түлегің қанша түлеткен сені мәрт ұлан,
Тұлғаңа ұқсап биікке мен де талпынам.
Береке тұнған өзіңдей ғажап өлкенің,
Көгінде қунап, төрінде өскен ерке едім;
Құтайып елің, құлпыра өсіп өркенің,
Шапағат нұрға шомыла берсін ертеңің!
*   *   *
Айнакөлім  күйтабағы аумаған,
Күйсандық боп елестейді тау маған.
Жел елгезек жүгіреді ән салып,
Көк толқыны көңілімді аулаған.
Кең алаңға көз қиығын салсаң бұл,
Баурап алар биімен бір ансамбль:
Бұл атақты  «Биші қайың», беу, қыздар,
Биле, биле, бұраң белім, тамсандыр!
Алақанын шапалақтап жапырақ,
Ақан әнін айтатындай атырап.
Тебіреніп қосыласың сол сазға,
Табиғаттың тамашасын бақылап.
Міне, міне, тағы да әнге басты көл,
Елтіп қапты аспан, орман, тас түгел:
Салтанаты сынды мынау өмірдің, –
Өнерлі елде өтіп жатыр гастроль.
*   *   *
Жағажайда жалғасқан бұл бақ керім,
Жаздай, Айнам, бір қызыққа батты елің.
Аққу қыздар айдынында, беу, қандай,
Құралай көз, кептер кеуде, тәтті ерін!
Қонақ келсе қошеметтеу салтың шын,
Мөлдіріңе тас атқанды ант ұрсын.
Сәулетіңе күнде көріп ғашықпын,
Қиырдан кеп құмар болған жан тұрсын.

41
Серуен құрып келген жандар сейілмен,
Сенен табар сері мінез, пейіл кең.
Ана болып қарсы аласың аңқылдап,
Қарсы аласың бәрін ыстық мейірмен.
Айнакөлім, шабытты өлке, шатты өңір,
Сенде өйткені сәнді тұрмыс, тәтті өмір;
Алауыздық болмас та еді адамда, –
Болса егер де бәрі сендей ақ көңіл.
*   *   *
Сексен көлдің бірі 
сері, шырайлы һәм,
Өзің жайлы өзімше айтам сыр, Айнам,
Моншақ шашып жатқандайсың маңайға,
Шағырмақпен шағылысып шыны  айнаң.
Мөлдіредің, мөлдір едің, ой неткен,
(Асқан бұдан айна бар ма, бойжеткен)
Бұлт арулар босатпайды алдыңды,
Бұрымы ойнап, 
 
бүрмелі аппақ көйлекпен.
Сауық болар көк мұнарың  Сарайға,
Сол арулар көп келуді қалайды, ә?
Сән түзесіп қайта-қайта қарай ма,
Әтір сеуіп әлсін-әлсін маңайға.
Бір кірпияз адамдайсың зерделі,
Ұялтатын қарау көңіл пендені.
Мөлдірсің сен! 
 
Пенделер бар құр қалған, –
Тереңдік пен мөлдірліктен сендегі.
Аузыңды ашсаң көрінгендей жүрегің,
Сен сияқты абзал досты білемін:
Алыс кетсем,
аңсай бердің шарқ ұрып,
Жолға шықсам, сәтті сапар тіледің.

42

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет