Бағдарламасы бойынша шығарылды Нұрғали Р. Шығармалары



Pdf көрінісі
бет29/41
Дата15.11.2023
өлшемі1,65 Mb.
#124058
түріБағдарламасы
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   41
Байланысты:
Аширов

Төртінші тарау
ҚАЗІРГІ ДРАМА
Қазақ драматургиясының бүгінгі жаңалықтарын, даму тен-
денциясын бағдарлағанда мазмұн мен форма арасындағы 
диалектикалық байланыс күрделілігін ерекше еске тұта 
оты 
рып, бірнеше салаға жеке-жеке назар аударып, түйінді 
мәселелерді арнайы бажайлау шарт. Көркемдік құралдар, 
әдеби дәстүрлер оп-оңай, тез өзгере салуға ырық бермейді, алай-
да суреткердің дүниетанымы, тақырыпқа келуі, бейне жаса-
уы – бұл орайдағы құбылыстар, түптеп келгенде, болмыстың, 
өмірдің ағымынан жырылып, томаға-тұйық қала алмайды.
Халық өнерпаздарының сан алуан буыны шыңдаған неше 
түрлі тамаша аңыздар, эпостық шығармалар, әбден арнаға 
түскен сюжеттер, дайын тұрған характерлер қазақ драма-
тургтерінің алғашқы буыны үшін байтақ қазына, кеніш, 
ырыздық болатын.
Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Ғабит 
Мүсірепов сынды қаламгерлер қалың елдің ықылым заман-
дардан бауырына басып келген дүниелеріне құр ие бола сал-
май, оларды биік зерделі дүниетаным, реалистік шеберлік, зор 
таланттың күшімен жаңғыртып, өрнегіне өрнек, бояуына бояу 
қосып, өнер жауһарларына айналдырды.
Ұлттық әдебиетіміздегі уақыт сынына төтеп берген, әсер 
еткіш қуатын жоймаған, ең үздік пьесалар – эпостық материал-
дар негізінде туған шығармалар. Бұл құбылыс өнердегі ха-
лықтық сарындар, ежелгі дәстүрлер өміршең екендігін, жаңа 
форма, жаңа қалып бір күнде, аяқ астынан туа салмайтынын 
тағы да айғақтай түссе керек.
Кейіпкер таңдау, сюжет қалау, өмір материалдарын 
сұрыптау проблемаларына келгенде, қазақ драматургтері өзде-
рінің алғашқы қадамдарынан бастап екі арнаны қатар алып 
жүрген: бірі – эпостың ізі, тарихи аңыздар, биографиялық 
сюжеттер, екіншісі – заман проблемасы, өмірдің көкейкесті 


198
күйлері. «Еңлік – Кебек» пен «Қызыл сұңқарлар», «Арқалық 
батыр» мен «Майдан», «Ақан сері – Ақтоқты», «Шернияз»,
«Шоқан Уәлиханов» пен «Достық пен махаббат» – осы тұ-
жырымның дәлелі.
Уақыт озған сайын қадым замандар дүниелерін өзек ете 
отырып шығарма жасау дәстүрі әлсіреп, өз кезеңінің мәсе-
лелерін арқау қылған туындылар саны молая түсті.
Қазақ драматургиясының бүгінгі дамуындағы жақсы бір 
құбылыс – адам психологиясын ашуға ұмтылу екендігіне Зейін 
Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасы жақсы айғақ бола ала-
ды. Талай сахналық шығармалар салған жерден диалогтан 
ақсайды. Бірінің бетін бірі жыртып, ұрсып, айғайлап қоя беретін 
кейіпкерлер сөзін естігенде мазасыз, кесірлі үйге еніп кеткендей 
боласың, Өмірден көріп, біліп, ұшырасып жүретін адамдарыңа 
мүлде ұқсамайтын шарқаяқ, бар сырын, бар ашуын қолма-қол 
ақтарып тастайтын даукес, қызыл өңеш персонаждар мезі 
еткендіктен де шығар, жұмбағы жан түкпірінің тереңінде жа-
татын, ашынса да кісіліктен арылмаған қаһармандарға бірден 
іш тартасың. «Ақын жүрегі» драмасы ең алдымен психологизм-
ге ден қоюмен қызықты.
Өнерпаз бейнесін жасауда қазақ әдебиетінде бірқыдыру 
тәжірибе жинақталған. Драматургиядағы Соқталы бейнелер – 
Шернияз, Сырым, Абай, Ақан сері – бәрі де ақындар. Әсіресе Сы-
рым мен Ақан серінің романтикалық серпінді әуенде жазылған, 
кемерінен асып төгіліп жатқан тентек толғаулары қазақ 
драматургтерінің көбіне стильдік жағынан ықпалды әсер 
еткені хақ. Шашкин пьесасындағы Жұмат монологтарынан 
осы дәстүр айқын аңғарылады. Сырын мәнермен, ырғақпен, 
ойын тұспалмен, астармен емес, шашып-төгіп, тебі реніп-теңселіп, 
жарқыратып-жайнатып, сыр мен ойды, сезім мен байламды 
қатар өрген ақын мінезі бар. Оның сөзі шұбыр та жөнелген төкпе 
жыршының термесі іспетті ұйқасып, айшықтанып, жұтынып 
шыға келеді. Бірақ қасындағы адамды көп елемей алып қашып, 
аспанға шығып кететін кездерінде пьесаның драмалық арқауы 
үзіліп, жалаң патетика дендеп қоя береді.


199
Суреткерлік талапты, әсіресе роман жанрында айрықша 
танылған Зейін Шашкиннің творчествосына тән сипат – фор-
ма жаңалығын қарастыру, бұрын із түсе қоймаған тақы-
рыпты оңтайлы қырынан алып бейнелеу талабы драмалық 
шығармаларында да жиі ұшырасады. Эпикалық туындыларға 
жарасымды келетін, кинода қолданылатын прологты автор 
«Ақын жүрегі» пьесасында орынды пайдаланған.
Тегінде, жол үсті адамды еріксіз ойландырады. Көз ал-
дыңнан бұлдырап өтіп жатқан тау-тас, өзен-көл, бұлт-сағым 
тіршіліктің де тұрақсыздығын, өтер-кетер фәнидің сырын мег-
зегендей; жалғыз болсаң мұндайда кешегі күндерің, базарлы 
шақтарың, қайдағы мұңың еске түсіп тұнжырайсың; сезімтал 
жолаушы кездессе, мұндайда шартарапқа көз салып, ой бөлісіп, 
сыр бөлісіп бір жасап қаласың.
Әрине, кексе ақын көлденең көк аттыға салған жерден 
ақтарыла салмақ емес. Жұматтың Нәзипаға кешегі соғыс сұ-
рапылындағы бастан кешкен хикметтерін айтып беруі – тебі-
реністен, ерекше толқудан туған хал. Жұматтың өткен күндерін 
көзге елестетер монологында талантты ақын, әйгілі партизан 
Жұмағали Саин өміріне ұқсас жәйттер мол. «Ақын жүрегі» 
деректі шығарманың саяз деңгейінде қалып қоймаған, мұнда 
өмір фактілері, жеке деректер автордың суреткерлік идеа-
лы тұрғысынан екшеліп, қорытылған. Драматург мақсаты 
Жұмағали Саинның биографиясын бейнелеу, ғұмырнамасын 
жасау емес, психологиялық тартыстар үстінде көрінген харак-
терлер арқылы өзегін жарып шыққан көкейтесті сырын айту.
Пьесадағы оқиға әр жерде өтпей, бір-ақ орында болса 
көрерменнің назар, ықыласы күшейе түспек деген қағиданы, 
классицизм әдісін ұстанған ертедегі драматургтер ғана емес, 
алып отырған өмірлік материалдың ыңғайына, шығарма идея-
сына сәйкес бүгінгі қаламгерлер де тәжірибеде қолданатынын 
«Ақын жүрегі» драмасынан көреміз.
Облыстық аурухананың бас дәрігерінің үйіне қонақ келмек. 
Алыс қырдың астында қалған жастық шақты бірге өткізген дос-
тар: ақын Жұмат, дәрігер Есен. Институт бітірген қызы бар, 


200
қырықтың жуан ішіндегі Шәрбан жүрегі алай-түлей: көзден 
кетсе де көңілден кетпеген ескі күндер тағы қытықтағандай. 
Шаңырақ иесі Нәби қоңыр қабақ, құшақ жая қарсы алар сыңай 
танытпайды.
Әрекетті қонақ келер алдындағы үй ішінің әбігер-сас-
қалаңынан сабақтап алған драматург шеше мен қыз арасында-
ғы қызықты диалогтардың үстінен түсіреді. Бүгінгі заман 
қалыбы, тіршіліктің көп сырын кітаптан, кинодан ерте біліп 
алу қазіргі жастар мінезіне ерекше сипаттар бітірген: бағзы 
біреулер әлеуметтік, азаматтық кәмелеттен гөрі жыныстық 
балиғатқа ерте жетіп, ес біліп етек жаппай тұрып аяғын дүниеге 
тез шалдырады, бағзы біреулердің жастық албырттығынан 
гөрі кекселік кемелдігі мол сүйіп, күйіп кетуінен гөрі есептеп 
өлшеуі, таразылап таңдауы басым жатады.
Мезгіл ырғағын сезгіш суреткер кейінгі буын өкіліне тән 
сарабдалдықты дәрігер қыз Нәзипа бейнесі арқылы көрсетпек 
болған.
Жастары алшақ жандар арасындағы сүйіспеншіліктің 
иірім сырларын Шекспир, Чехов, Хемингуэй сынды классик-
тер терең бейнелеген. Бір қуаныш, бір қайғы, бір романтика, бір 
трагедия қатар жүретін күйлерді суреттеу үшін хас шеберлік 
қажет.
Нәзипаның әкесімен құрдас, бір кезде шешесіне көңілі кет-
кен, қилы заманды бастан кешкен адамға ынтызары аууын 
өмірде кездеспейтін жәйт деу, бұл моральға кереғар нәрсе деп 
келте қайыру солақайлық болар еді. Келбетті, мүсінді, ойлы ер-
кекті бір көргеннен жүрегі тулап шыға келген қыздың алды-ар-
тына қарамай, тәуекелге бел буғандай қалпы бар.
Драматург Нәзипа мен Есен линиясын шағын көрініспен 
тиянақтағандай болады: жас сұлу есірік жігіттен егде еркектің 
ақылын зият санайды екен, өмірден татқан ащысы мол, түйген 
байламы көп жанды қалайды екен; бұла арудың тентек жүрегіне 
ие бола алмаймын деп қорқады екен егде еркек, әйтпесе неге 
қашсын?


201
Жұмат, Есен, Нәби, Шәрбан өмірлерінің ерекше мәнді 
кезеңіне қатысты өткен бір оқиға жотасы қайта-қайта қылтиып 
көріне береді. Кең жайылған дастарқан, ашық-жарқын әзіл-
күлкі, сый-сияпат – бәрі де оны ұмыттыра алмайды.
Өнердің ұзақ бәйгесіне енді түсем, бауырым жазылып, кеңге 
сілтеймін деп жүрген шағында еріксіз тұсалып қалған талант-
ты Зейін көп жылдар қалың тұманда адасып, шалғай кетіп, 
шет жайлап барып, өз үйіріне басқа жұрт белден асып кеткен 
кезде, өмірі енді еңкейе бастаған шағында қайта қосылды. 
Оның творчествосына тұтас көз тастағанда, талай уақытын 
өткізіп алған, енді қайтсем қарпып қалам деген жанның асығыс 
қомағайлығын, содан туған кейбір атүстілікті, тереңдетер, 
әшекейлер тұста жалғыз сызық, бір бояудың жетпей қалар сәт-
терін көруге болады.
«Ақын жүрегі» пьесасында драматург қатар жүріп, бірге 
ойнап, бірге күлген достардың басына өмір қатері төнгенде 
кім қалай басты, қайда тартты деген сұрауларға жауап іздеп 
қоймайды, адамгершілік сыналар тұстағы мінездердің құ-
былысын бейнелейді. Опасыздық пен сатқындық өлім мен өмір 
бетпе-бет келген соғыста ғана емес, бейбіт тіршілікте де болып 
жататынын көрсетеді.
Сырт қарағанда төрт құбыласы түгел жандар кездеседі, ба-
сында үйі, бауырында қазаны, алдында малы, аясында семья-
сы, жұмыр басты пенде бұдан артық не тілейді деп шүкірші-
лік қылады. Облыстық аурухананың бас дәрігері, заманында 
министрдің орынбасары болған, ізін басып өсіп келе жатқан 
қызы қандай, қырықтың үстінде ажары таймаған әйелін айт... 
Нәби бақыттылығын сипаттауға осылар да жетіп жатыр.
Сөйткен адамның рухани дүниесін бірер сағатқа келген 
қонақтары астан-кестен етті.
Мезгілсіз шақта бейкүнә күстәналанып итжеккен асып 
кеткен Есен соңғы түнді ұмытпайды. Жұмат айтқан сөзіне, 
оқыған өлеңіне, басқан қадамына шейін жадына сақтаған. 
Жалақор кім? Солқылдап өсіп келе жатқан өрімталды көктей 
орған кім?


202
Ешқайсысы Нәбиді көзге шұқып, басқа салып қалмайды. 
Жылдар өтер, буындар ауысар, біреу өрлеп шыңға шығар, біреу 
зымырап құзға құлар, сонда талай нәрсе кешілер, көп қиянат 
ұмытылар, бірақ тірлік жолына қол ұстасып бірге шыққан 
досыңнан көрген қиянат ұмытылмас та кешірілмес, бейдауа 
дертке айналып, жүрекке шемен боп қатып, о дүниеге өзіңмен 
бірге кетер.
Өткен күнде жасаған қылмыстың зіл батпан салмағы 
кеудесін езіп, жанын азаптаған күйге түскен Нәбиді ескі көз 
үзеңгілестері – Жұмат, Есен жүйелі сөзбен тұсап, еріксіз жерге 
қаратады.
Ауру жүрек шыдатпай, Нәби күнәкарлығынан ары күйген 
ақын Жұмат құлайды.
Пьесаның екінші бөліміндегі тартыс қолма-қол, асығыс 
шешім қабылдау керек шұғыл операцияға байланысты өрбиді. 
Кейіпкердің мінезі, адамдық келбеті осы қадамға қатынасына 
сәйкес көрінеді.
Бұрынғы зобалаңды еске түсіруге құрылған драмалық әре-
кетке енді өлім үстінде, ауру қыспағында жатқан адамға 
тәуекелге бел буып, басыңды қатерге тігіп, арашашы болу, яки 
қиындықтан, жауапкершіліктен қашып, басқаға сілтей салу 
пиғылдарының айқасы қосылады.
Өзі көзбен көріп, қолмен ұстаған дүниелер, тіршілікте мұрат 
тұтқан мамандық ерекшеліктері жазушы шығармаларында әр 
түрлі ыңғайда көрініс береді: ет жақын өмір объектісін тақырып 
етіп алып, кәсіп қалыбынан туатын психологиялық дара си-
паттарды дәл бейнелеу жиі кездеседі. Қазақ әдебиетіндегі 
бұл құбылысты ұзақ жылдар дәрігер болған Зейін Шашкин 
шығармашылығынан анық аңғаруға болады. Кәсіп орайына 
қатысты туған мінез-құлық тиянақты суреттелген.
Жүрек операциясына байланысты дәрігерлер – Нәзипа, 
Есен, Еркін, Генриэтта түскен әр түрлі сезім күйлерін драма-
тург бөгде адам аңғара бермес, тек маманның ғана көзі шалар 
дәлдікпен көрсетеді. Дәрігердің жұмыс үстіндегі қатқыл мінезі, 


203
сөйлеу ерекшеліктері, кәсіби қимыл-қозғалыстары сенімді бей-
неленген.
Операция кезіндегі қылығы арқылы Нәби характері 
жақсы ашылады. Ол үшін аруақты ақын Жұматтың тірі қалу-
қалмауынан гөрі өзінің амандығы, қызмет орнынан сырғып 
түсіп кетпеуі маңыздырақ. Хал үстіндегі адамды Алматыға 
әкетіңдер деген сөзді жаны ашығандықтан емес, жауап кер-
шіліктен қашып, не көрсе де басқа көрсін деп айтып отыр. 
Бұл – қара басының қамынан өзгеге селт етпейтін тоғышар, 
эгоистің кескіні. Іс оңға басайын деген кездегі қалпын көріңіз: 
«Тыңдап тұрмын. Иә, Нәби! Кім дейсіз? (Даусын өзгертіп) Ә, са-
ламатсыз ба, жолдас секретарь! Операция жақсы аяқталды. Оқ 
алынды. Ерлік дейсіз бе? Әрине, біздің бала да жанын салды-ау. 
Хирургтің алтын қолы өлім аузынан қайтарды деген осы».
Әуелде ат-тонын ала қашып, беті ары қарап кетсе пәлесіне 
қалмайын деген кісі енді абыройға еншілес, жақсы атаққа жар-
налас болмақ. Жұмат көз жұмғанда, Нәби тағы өзгеріп сала 
береді: «Осында құдайдың зарын қылдық: «Жасама, жасама 
операцияны!» деп. Құртты-ау мына қыз!.. Обкомға не деймін, 
бетім-ау?!.»
Драматург кейіпкерлер мінезін психологиялық тебіреніс-
тер арқылы ашпақ болған ниетіне үнемі жете бермейді. Егде 
тартқан ақын Жұмат пен салиқалы әйел Шәрбан арасында ай-
тылатын сөздер тым әсіре қызыл, мөлшерден артық жалт-жұлт. 
Кірпік қағуы қиындап кеткен сәтте Жұматтың үздігіп өліп-өшуі 
мүлде иландырмайды. Сахналық эффект үшін демесе, Жұмат 
ойын дауыс арқылы беру пьесаның драмалық материалына 
қабысып тұрған жоқ. Достық парызы, адамгершілік мұраты 
идеясын психологиялық арнада бейнелеген «Ақын жүрегі» пье-
сасы – бүгінгі қазақ драмасының ізденіс жолындағы бір үлгісі.
Драматургиядағы дәстүр жаңғыруы – ең алдымен қаһар-
манға қатысты әңгіме. Бұл мәселені «Сәуле» пьесасын талдау 
арқылы бірқыдыру пайымдауға болады.
Рас, кісінің адамдық деңгейі әсте мансап-дәрежесімен тепе-
тең күйде өлшенбесе керек, бірақ мамандық, қызмет орайы, 


204
жұмыс бабы жүктейтін салмақты мүлде ұмытып, оның мінезге, 
психологияға етер әсерін ескермесек, шындықтан шалғай 
кетеміз. 
Бүгінгі қазақ халқының рухани өміріндегі ерекше мағына-
лы құбылыстың бірі – әйелдердің қоғамдағы ықпалының артуы. 
Арғы төркіні нәсілдік жікшілдіктен шыққан шығыс елдерінде 
әйелдер мүлде көрсоқыр, пұшайман, қор болды дейтін теріс бір 
концепция көп уақыт орын теуіп келді. Тарихқа, әрбір дәуірге, 
әрбір халықтың дәстүріне қатысты пікір айтқанда нақтылыққа
фактіге, жүгінсек қана көп күңгірт жайлардың беті ашылып, 
тұман сейілмек.
Мұсылмандық догматтары, содан туған көп кесапат, қа-
наушылық, қалың мал кеселі қазақ әйелінің көзінен жас, 
жүрегінен қан ағызған, бірақ біз еліміздің халықтық қасиетінің 
бірі – әйелге, анаға деген құрметтің зор болғанын, бұл орайда 
тамаша дәстүрлердің мол өрістегенін, талай есті әйелдердің 
еркектермен бірге ел билегенін, тіпті тұтас тайпалардың 
әйелдер есімімен аталуын, ақын қыздардың, батыр қыздардың 
шыққаны – рухани тарихымыздағы мақтанышты фактілер еке-
нін айқындап, даралап айтуымыз шарт.
Бұл тұрғыдан Тахауи Ахтанов пьесасындағы түпқазық 
кейіпкер Сәуле бойынан бүгінгі замандас сипаттарымен қоса, 
исі қазақ әйеліне тән бірталай қырларды көреміз. Автор 
табысының өзі, тиянақтап келгенде, осы кейіпкер бейнесінде 
жатқаны хақ. Драматург бала тәрбиесі, күйеу күтімі, үй шаруа-
сымен ғана айналысатын, жеңіл-желпі жұмыс істейтін әйел 
емес, үлкен қызмет тұтқасындағы жанның басындағы сырлар-
ды көрсету арқылы шығармашылық марқаюға бет бұрғанын та-
нытты.
Пьесаның етек-жеңі жинақы, композициясы ширақ, тар-
тысқа қатысатын адамдар он шақты ғана. Драматургтің сахна 
заңдылығын, театр талаптарын ескергендігі аңғарылады. Ав-
тор адамдарды отырғызып қойып, ұзақ-сонар тәжікелестіретін, 
сөз қуғызатын кінәратқа бойын алдырмай, шағын әрекетті 
көріністерді ауыстырып отырады.


205
Кеңсе, кабинет емес, пьесаның бірінші бөліміндегі оқиға 
көру мүмкіндігі үнемі туа бермейтін обком хатшысының үйінде 
өтуінің өзі қызық. Қонақтардың келуі, жолаушылап кеткен 
Сәулені тосу бұл шаңырақта абыр-сабыр жүріс-тұрыс, қимыл-
қозғалыс тудырған. Осы үйге бірте-бірте жаңа ырғақ, жаңа 
екпін қосылып, кейіпкелер басындағы драма ашылады.
Ұзақ жыл отасқан ерлі-зайыптылар арасында уақыт қа-
лыптастырған сый-сияпат, пейіл-құрмет болса, Сәуле мен Ал-
даберген қабағы қатқыл, қарым-қатынастары сұрқай. Еркек-
тердің алды-артын орап, сөзден – жеңсік, даудан – есе, кар -
та дан – ұтыс бермей отырған Бөпежан күйеуі Құдайбергенді 
ғана билеп-төстейтін, бір ошақтың тас қайнатып, қазан көтерер 
тентегі емес, тумасынан ірі, табиғаты кесек, мінезі ерек жан 
екенін ұқтырады. Сырт қарағанда түк бітірмей, бос сенделіп 
жүргендей көрінетін жазушы Сапар көз алдында өтіп жатқан 
оқиғалардың астарына үңіліп, ертең өрнек болып бос қағаз 
бетіне төгілер сырлардың бояуын іздеп қиналады.
Астанадан лайықталған жұмысқа Сәуле келісім бермей кел-
ген, кетіп қалса, мұнда өзі бастап, әлі жеріне жеткізіп, байсал 
таптырмаған шаруалары қалып қоймақ. Тез, асығыс қайтуының 
тағы үлкен себебі бар.
Драматург көптеген шығармаларда қайталанған, таптау-
рын болып, сары жұртқа айналған бірінші бастық арасының 
шаруашылыққа байланысты кикілжің тартпағына түсіп кет-
пейді. Ділмарлық, білімдарлық таласы дендеп алған орай-
да сахналық шығарма әлсірейтіні, образ өзінің эстетикалық 
әсерінен айырылып, жалаңаштанып қалатыны хақ.
Автор өнер табиғатының қатал талабын ескеріп, Сәулені 
бірден дау-дамайға шым батырып жібермей, оның тіршілігін әр 
қырынан көрсетуге ұмтылады.
Сезім шарпыған жанның, әсіресе бұл күйге егде тартқан 
кезде тап болған әйелдің бойын күтуі, жүріс-тұрысын бағуы, 
киімге мән беруі – дағдылы әдет. Осындай өзгерістермен қоса 
Сәуленің жүрегін кештеп барып дірілдете бастаған жалынның 
лебі қас-қабағынан ғана емес, қысылып-қымтырылып, үзіліп-


206
құмығып шыққан сөздерінен ашық аңғарылады. Бұл – лаулап, 
лапылдап тұрған жас Еңлік, ару Ақтоқты бойларындағы бас 
асау сезімнен бөлек, тоқталған, белден асқан жанның кеудесін 
шымырлатқан тосын, ыстық, құпия сыр.
Осы сәтімен табылған әуез пьесаның ырғағына айналған. 
Бойжетіп қалған қызы бар обком хатшысы әйел үшін мұндай 
күйге түсу қандай ауыр?! Автор бір-ақ арнада, осы ізбен оты-
рып психологиялық шығарма жасауына болатын еді. Өмірдің 
ықпалды екпіні, азаматтық жауапкершілік Сәулеге тағат 
бермейді. Отбасымен, інісімен, қонақтарымен шүйіркелесіп 
те бітпей, өз үйінде обкомның бірінші хатшысы Сырдақпен 
кездеседі.
Араларындағы әңгімеден үлкен іске, келелі шаруаға екеуі 
екіұдай пікірде екендігі ашылады. Сырдақ сұсты, ызбарлы, 
салмақты. 
Мал шаруашылығының Сәуле ұсынған шаралары – көрер 
көзге көрнекті, естір құлаққа ұғынықты нәрселер. Бірақ Сырдақ 
сынды қызметкер үшін болашақ өріс, келешек кеніштен гөрі 
бүгін өзі рақатын көрмей, тек азабын арқалап, таяғын жейтін, 
ертең абыройын бөгде біреу иемденіп кетер іске талай дүние 
бұлтағын өткерген басымен күмп беріп түсіп кетпесі анық.
Шеше жанындағы күрт өзгерісті сезген Гүлжан көңілі 
өрекпиді. Әйелінің әлдеқандай толқынмен ағып бара жатқа-
нын ұққан Алдаберген жүрегі сыздайды. Апасының аласапы-
ран сезім бұрқағына бой алдырғанын көзімен көре бастаған 
жазушы Сапар тұнжырап ойға батады. Бұл тартыс арнала-
ры, психологиялық шытырмандар терең бейнеленбей, асығыс 
жағылған бір бояу, атүсті шертілген бір күй ретінде қалып 
қояды.
Сырдақ пен Сәуле арасындағы тартыс шаруашылық бас-
қарудың сипатына қатысты қақтығыстан өрбіп, қызмет-
кердің қазіргі типі деген өзекке ойысады. Бұл орайдағы қасаң-
сырдаң, тұтқыр диалогтарды ауыл әйелдерінің Сәуле үстіне 
басып кіру сценасы жандандырып жібереді. Айша мен Бикеш 
сөздері шайпаулық, көкдолылық ретінде танылмайды, автор 


207
айтылмыш көріністе сахналық эффекті күйттеп, күлкі тудыру 
ниетінде ғана болмағаны анық.
Айша – көкберен, Бикеш – жуастау. Айша өжеттігінің 
астарында қалада тұрғандық, қақ-соқты көргендік те жатыр. 
Бұға бермей, не салса соған көндім демей, қайратқа мініп, 
жарқылдап тұр. Тыңдап көріңіз: «Ау, басқармаға салсаң оның 
науқаны біткені ме? Бір жағынан егіні, бір жағынан малы, 
қой қырқу, пішен шабуы және бар. Оның үстіне келістіріп 
үй салатыны қайда? Шығынданып, еңбек сіңіріп салғасын 
бұрынғыша қазақпайский қылып салғымыз келмейді. Күшіміз 
болса – өнеріміз жетпейді. Сіз жасыңыз үлкен, затыңыз еркек 
болғанмен, ана кісінің қызметі үлкен. Баяғы заман емес, бүгінде 
сақалға қарамайды. Үлкен болсаңыз қайтейін, өзі білмейтін 
іске төтеннен килігіп, тілімді қышытқаны несі, өл де маған...» – 
Сырдаққа айтылған сөз. 
Шаруашылық таластары көбірек орын алып кеткен кез-
де пьесаның көркемдік қуаты әлсірей бастайды. Сырдақ ау-
ласында өтетін көріністердің күші диалогтардың астарында
психологизмде жатыр. Бұрын ауданда істеген, енді обкомды 
сағалаған, кісі қолтығына еніп ұпай жинап жүрген қызмет-
кер Әбілғазы Сырдаққа Сәуле туралы өз пікірін, жұрт бағасын 
жеткізеді. Сонда Сырдақ аузынан шығатын сөз: қалтқыны 
қалай байлау, сазанның түстен кейін тереңге кететіні, жемге 
құрттан шегірткенің жақсы болатыны, бірақ есіл-дерті, барлық 
ойы Сәулені тұқыртудың, қайтарудың амалын табуда. Қысқа 
ғана көрініс, артистер ойынына, режиссер шешіміне, көрермен 
қиялына кеңістік беретін психологиялық астары бар сцена.
Сырдақ – Сәуле арасындағы тартыс үстінде екі адамның ру-
хани сыры ашылады. Жарастың үлкен қаладағы жылы орны-
нан кетіп, сахара аптабына күйіп, қиындық кешіп, ғылым 
үшін еңбек етіп жүрген мінезін ұнатқан Сәуле. Қоңыр төбел, 
суырылып шықпас Алдаберген бойынан таппаған қайрат-
қажыр көргендей болған. Сөйткен Жарасты енді Сырдақ 
назарға іліктірген. Жазып жүрген мақаласы Сәуле ойларын 
құптайтыны, мұның арты ертең өскелі тұрған жігіттің үлкен 


208
мансабына пәле, кесел боп жабысатынын ұқтырған. Жарас қуа-
ты бір-ақ бұлқынысқа, ғылым жолындағы бір-ақ құрбандыққа 
жарапты, енді екінші қадамға баспайды. Төбесі көрінген ман-
сап ыстық секілді. Жырындылар қарсыласының жақынын, 
ауыл-аймақ, бота-тайлағын айналдырып, іштен шірітіп 
бітіруді бір тәсіл көреді. Мұның жолы көп: жүрегі елжіреп 
бара жатқандай өтірік бауырға тарту, аузы-мұрнынан шы-
ғарып асатып, тойдырып қолға түсіру, қасақана жауықтыру, 
өшіктіру, шырғалау. Сөйтіп түбірін қазып, бұтағын шауып 
алған соң жалғыз бәйтерек өзі де құламақ.
Сол қанды қақпанды Жарасқа құрып, дегеніне жеткен 
Сырдақ енді Алдабергенді шақырады. Ауыр сәт. Әлдекім әйе-
лінің ұрлық жүріс, жасырын көмбесін білем, соны өзің жария 
ет, арыз бер, мәселесін қарап бетін айдай қылайық деп тұрғанда, 
намыстан күйген еркек не істемек? Отелло ақ-қарасын екше-
местен Дездемонаны буындырып өлтірген.
«Жоқ, мен мәселе көтермеймін» – ызадан, қызғаныштан 
өртенген долы жүректің ашуын басып, бұлай деу үшін кексе 
ақылдың сөзін тыңдайтын салқын сабыр керек. Чемоданын 
қолға ұстап, Алдабергеннің басқа жаққа бет түзеуі сенімді. 
Сәулемен соңғы кездесуінде Жарас мінезі әбден ашылады: 
әуелде қырға келгенде алысқа секірер мансап баспалдағын 
көздеген екен ғой. Сәуле көкірегінде жылт еткен соңғы үміт 
осы сөздерді естігенде сөнеді. Сырдақ Сәулені жеңдім, тізе 
бүктірдім, енді бұл жерде мен ғана тұрам, оны басқа жаққа 
тайдырам деп есептесе, Сәуле үшін үлкен күрес енді басталған. 
Аз уақыт ішінде бір өртеніп, бір суып, алтын дегені мыс болып 
шығып, жасық дегені болат боп шығып, тірлік тартысында тағы 
жаңа өрге көтерілген қалпы бар.
Суреткердің шығармашылық марқаюы – әр түрлі ыңғайда 
көрінетін күрделі құбылыс: бұл өзекті тақырыпты тереңдей, 
жан-жақты қамтудан да, соны шеберлік кестелерінен де, өзге 
жанрға ауысудан да байқалуы мүмкін. Қазақ сахнасына бірнеше 
сапалы комедия әкелген драматург Қалтай Мұхамеджанов-
тың «Жат елде» драмасы автордың өзі үшін де, әдебиетіміз 


209
үшін де мәнді шығарма болды. Тарихи туындылар демесек, 
дәл дерек, факт негізінде жазылған пьесаларымыз сирек. Адам 
ойының, ғылыми-білімінің тереңдеуіне байланысты құр қиял, 
бекер болжам кейін шегініп, дәл нәрсе, цифр, болған уақиға 
қадірі артып, деректі шығармалардың бел алуы – бүгінгі әлем 
әдебиетінде айқын байқалған тенденция. Әңгіме, повесть, ро-
ман өз алдына, документке ғана сүйеніп жазылған туындылар 
драматургияда, тіпті поэзияда көбейіп барады. Қайткен күнде 
де өнер табиғатынан туатын заңдылық, көркемдік талаптары 
аяқ асты етілмесе керек, хас шебердің қолынан өтпесе, қандай 
мен мұндалап, айқайлап тұрған қызық материалдың өзі әдебиет 
дүниесі бола алмайды.
«Жат елде» драмасының өзегінде қандай деректер жа-
тыр? Шетелге қашқан эмигранттар ішінде Түркістаннан 
шыққан дар да бар-ды. Рас, бекерге үркіп, текке босқан талай 
жа зықсыз сор маңдайын тасқа соқты. Ал бес қаруын асынып, 
сенім-пиғылымен қарсыласқандар ішінде бір кезде Петербург 
университетінің заң факультетін бітірген Мұстафа Шоқаев, Бер-
лин университетінің ауыл шаруашылығы факультетін бітірген 
Уәли Қаюм сықылды оқығандар болатын.
Соғыс біткен соң әрекет басқа ыңғайға ауысты. Кезінде 
Ташкент университетінде оқыған Баймырза Хаит «Түркістан 
ХХ ғасырда» (1956), «Түркістан үлгісіндегі советтің шығыстық 
саясаты» (1962) деген кітаптар жазды.
Оларды Б. Тұрсынбаев, А. Нүсіпбеков, Х. Ипоятов секілді 
оқымыстылар сынады.
Осындай қалың қауымның өзіне жақсы мәлім фактілер-
ден бір қарағанда драмалық шығармаға арқау етерлік жүйе 
көрінбейтін секілді. Драматург белгілі оқиғалардың жетегінде 
кетіп қалмай, детективті іздемей, әлеуметтік-қоғамдық мәні 
бар идеяны құнттап, психологизмге ден қойған пьеса жазуды 
мақсат тұтқан. Фактіге негіздей отырып көркем шығарма жа-
сау талабы суреткер еркін-дігіне тұсау салмаған, қайта қиялға 
кеңістік, ойға өріс беріп, жанр мүмкіндігін жақсы пайдалану-
ға себепші болған. Белгілі адамдардың аты-жөнін өзгертіп, 
14-0195


210
олардың әрекетін қалаған орайда көрсету автордың бейне, об-
раз жасау мақсатын жеңілдетіп, кейіпкерлерді бір кісінің кө-
шірмесі етпей, топтың, ортаның психологиясын аңғартатын 
жинақтаушылық мәні бар тұрпатқа айналдырған.
Пьесаның «Есіру» деп аталатын бірінші бөлімінде жат 
пиғылды, суық түсті, сұмдық сөзді, шұбар топтың үстінен 
түсеміз. Әр ұлттың өкілі, қазақ, қырғыз, өзбек, неміс, амери-
кандық – әр ұлттың сатқыны. Бетке жылтырағанмен, белде-
ріне қанжар байлаған, біреуі қылдан тайып кетсе, екіншісі аш 
қасқырша тап беруге дайын тұр.
Бұл – соғыстан кейін жан-жаққа шашылып қалған, тімті-
ніп жүріп тірлік кешкен, шетелде қалғандардың басын қосып, 
«Түрік елі» деген ұйым құру әрекетінің жиналысы.
Идеологиялық диверсия үшін неше түрлі қулық-сұмдық, 
зұлымдық-жұлымырлық атаулыны түгел пайдаланатын ба-
тыс агентурасы ақшаны аткөпір төгіп, қашқан-пысқандардың, 
опасыздардың, сатылғандардың, адасқандардың қолымен от 
көсемек.
Драматург әрбір кейіпкердің аузына өзіне лайық сөз салу ды 
құптаған. Германияда білім алған, қаршадайынан тыңшы бо-
лып, қиын күндерде саптыаяқтан сары су ішіп, сәтті кездерде 
үлде мен бүлдеге бөленген Уәли Хасан тілінен өзбек мақамы, 
ескі шағатай дәстүрі арыла қоймаған: жоғары тұрған биік 
мансап иелерінің қолтығына кіріп, төменде жатқан пенделер-
ді үркіте, қорқыта сөйлеуі – сүйегіне сіңіп кеткен дағдысы. 
Кеңпейіл, ашық-тесік көрінгенсіп, басқаның істегенін өзі 
иемденіп, өтірікпен жамап-жасқап, жалған атақ шығарып 
қалудан қашпайды. Ең негізгі өзгермес сипаты, тірлікте берік 
ұстаған қасиеті – опасыздық. Құлқыны үшін, өңеші үшін сенім 
атаулыны, дос атаулыны сатып жүре береді. Отанды сатып кет-
кен Уәли Хасанның Мұстафа Шоқайға у беруі, христиан дініне 
енуі сөз емес, асылы, әкесін атып құлатқан жендеттің торғай 
өлтіргенге қолы дірілдемесе керек.
Уәли Хасан еліріп, желпініп, желігіп сөйлеп тұр, «совет-
тік шығыс елдерін азат етпек». Бақ-дәулет, береке-ырыс 


211
апармақ. Азаттықтың жарық күнін шығарып, қой үстіне 
бозторғай жұмыртқалатпақ Түркістанға. Бұл сөз, өзге түгіл, 
тобындағылардың да ішін жылыта алмайды:
«– 
О, шіркін-ай, сен ит болмасаң, алдақашан арам өледі 
екенбіз ғой, – деп қыңыратқиды Асан.
– Ез малтаңды! – деп теріс қарайды Құрбан».
Шұбар топтың басын қосқан сенім, идея, мақсат емес, аш-
тан бұралып өліп қалмау, талғажау етерлік бірдеңеге тырнақ 
іліктіру екендігі белгілі болады.
Ықылас, назарды дарақы, пәтуасыз жандардың берекесіз 
жиынының мылжың сөздерімен жасытып алмауды ойлаған 
драматург сахналық әрекетті кейіпкерлердің екеуара, үшеуара 
диалогтарымен, бірі жөніндегі басқалардың ойларымен жан-
дандырып, тартысқа қатысатын персонаждарды алғашқы сах-
нада түгел шығарады. Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл 
қарап отырған американ барлауының көкжалы, полковник 
Джон Грей Құрбанның қойнына Ева Бройер іспетті жылан са-
лып жіберумен көп шаруасын оп-оңай тындырып отыр. Кезінде 
жезөкшелер үйін адақтап біткен сайқалдыққа фашизмнің 
усойқы идеологиясы қосылған соң кімді оңдырсын? Джон Грей 
мен Ева Бройер оңашада нәсілдік пиғылдарын жасырмақ емес.
Олардың ойынша, мынау топ болып, топырласып жатқан, 
қаңғырған азиаттардың ақыл-ес қабілеті өздерінен көш төмен, 
бұлардан аршынды істер тындырып, ел бастайтын қабырғалы 
қайраткер шығады деп әсте ойламайды, аз күн пайдаланып, 
лақтырып тастау керек.
Тіршілікте қақ-соқты көп көріп, талай жер қауып қалған, 
талайды тақыр мұзға отырғызып кеткен Ева Бройер от пен 
өрттің, көп жендеттің ішінде жүріп, тас түйін мінез тапқан. 
Оның тілі удай. Тыңдап көріңіз: «Ақымақтық ұлтына, нәсіліне 
қарамайды» деген рас екен-ау, Европаның ақымағы да, Азияның 
ақымағы да – бәрі бір ақымақ», «Мемлекет басында өзің болсаң, 
қарауыңдағы адамды құртуға қай уақытта болса да үлгересің», 
«Әйел құмары әйелді таптағанда ғана тарқайды».


212
Мінездік даралығы жағынан пьесадағы сәтті бейненің бірі – Ева 
Бройер екендігін көрмеу әбестік болар еді, өйткені ол шықса 
болды, сахнаға әрекетті қимыл, уытты сөз, сайқалдық келеді. 
«Түркістан ұлттық комитеті» дейтіннің президенті атанған 
Құрбан енді іске кіріскен. Маңайындағы жырындыларды отқа, 
суға айдайды, сонда бітіретіндері – Кеңес Одағының шығыс 
республикалары жайлы эфир арқылы бүлінді-жарылды, 
қырылды-жойылды, бітті-тозды деп ақырзаманды орната ке-
летін өсек тарату, шикілі-пісілі, күлді-көмеш бірдеңелерді жа-
риялау.
Оқырман үшін, көрермен үшін батыс агентурасының мұн-
дай сұмдықтарды жасайтын көкжалдарының мінез-құлық 
ерекшеліктерін, психологиясын, дүние көзқарасын, пиғылын 
білу қажет. Бұл орайда Асан өзгелерден оқшау тұр. Өмірдің 
тәлкегіне түсіп, тентіреп жүрген сорлы деумен шектелсек, кел-
те қайырған болар едік. Қапыда жау қоршауында қалса да, 
құдіретті жырымен фашизмнің тас түрмесін бұзып шыққан 
Мұса Жалил сынды ақын еске оралады.
Пьесадағы Асан – маңдайының соры бес елі пақыр. 
Табиғаттың асыл сыйын, мыңның біріне әрең беретін кеніш 
бақытын басқа теуіп, сатқын тірлікке ауысқан, өрісі кесілген
қылтасы қиылған қазір. Төңірегіндегілерге қарағанда әлі де 
оның мойны озық, еңсесі биік, сөйлесе ірге бермей суырылып, 
бауыры жазылып сала береді. Тебіренсе зар илеп, жас төккен 
өлең ақтарылады. Халқының тағдырымен өмірін сабақтастыра 
алмай, ескілікті аңсап, қасқырлар ортасынан дос таппақ болған 
сормаңдай жыршы – трагедиялық бейне. Шәлкем-шалыс сөз, 
ұнатпағанды қиып түсу, лағып кету, мас боп ләйліп жүру – 
мұның бәрі Асанның ортасына жасаған қарсылығы. Гамлет 
тентектігіне ұқсас қырсықтық бір.
Әрине, драматург Асанның фашистер қолында қалай 
қалғанын, әлеуметтік-қоғамдық пиғылын тәптіштегенде об-
раздың бояуы айқындалып, салмағы ауырлап түскен болар еді.
«Жат елдені» бағалағанда автордың қазақ драматургиясы 
үшін тың тақырыпқа барғандығын, дұшпан ортаны, жау ішін 


213
бейнелеудің ерекше қиындығын ескере отыруымыз керек. 
Әйтпесе пьесадағы Сайыпты өмірдегі Баймырза Хаиттың па-
рапар бейнесі деп айта алмаймыз. Шығармадағы ұзын-жүлде 
тартысқа бел шешіп, белсене қатыспайтын Сайып әр жерде 
үзіп-жұлып айтқан сөздерімен жөнді есте қалмай, тез ұмыт бо-
лады. Көптеген кітаптарымен Европаны шулатқан мықтының 
тұрпатына мән бергенде, автор көп ұтатын еді. 
Шығармада персонаждың бәрі неге жұтынып тұрмайды, 
шайқалған жорға болмайды деген талапты ешкім де қоя алмай-
ды. Суреткердің ең басты мақсаты – әр түрлі бояумен, ырғақпен, 
әуезбен, көркемдік құралдармен өзекжарды ойын жеткізу. Бұл 
тұрғыдан «Жат елде» пьесасы мақсатын орындаған.
Аты дардай, заты құрдым комитеттің президенті болғанына 
бірғауым уақыт өтсе де түк өндірмеген Құрбан жем тастап 
отырған иелерінің ығына көшіп, сүйек-саяқтан айырылып 
қал мас қам ойлап, жастар фестиваліне келген Қазақстан де-
легаттарының тамырын басуға жіберген кісілерінің өзі сабын-
ша бұзылып қайтып оралады. Бұлардың ауызбірлігі, ынтымағы 
қоңды күнде екен.
Ауа райы өзгеріп, аспанды бұлт торлағанда арлан бөлтірігі-
не тап береді. Құрбан: «Хелло, хелло, Шмидт... Номері – 19 Б. 
Ие, ие, әрине, ана дүниеге». Сөйтіп, аласапыранда әке-шешеден 
айырылып, жөн білмейтін бармақтай кезінде фашистер қолына 
түскен Байбол енді елге қайтам дегенде, телефонмен айтылған 
бір ауыз бұйрықтан жер құшты.
Бірінің желкесін бірі қиып түсудің амалын іздеп, қастықпен 
аңдысып отырған жау топтың ішінен де күрескер жанды табуға 
болатын еді. Автор басқа жолды қалаған. Құрбанның қиялында 
көрінетін Ана бейнесі арқылы авторлық идеал, шығарманың 
патриоттық мұраты ашылады. Пьесаның күретамыр тартысына 
қатыспағанмен қысылтаяң, қиын-қыстау сәтте шығатын Ана 
опасыздар, сатқындар тұрпатына контраста алынған. Мұндай 
көріністерде ақ-қара бояулар бірін-бірі айқындай ашады.
Бұрынғы шығармаларында көбіне комедиялық ситуация-
ларды, күлкі тудыратын сөз айшықтарын күйттеген драматург 


214
айтылмыш драмасында тіл ұстарту арнасында ізденгенін, шай-
ырлы, қорғасынды монологтар жасауға ұста боп қалғандығын 
көрсетті, эпос қазынасына, халық қазанына, Әуезов байлығына 
ден қойып, стиль, мақамды байыта түскен. Абыз:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет