АҚЫН МҰРАЖАЙЫ
Роза Иманғалиқызы АСЫЛБЕКОВА,
С. Сейфуллин мұражайының директоры
Ақын Сəкен!
Жазушы Сəкен!
Ағартушы Сəкен!
Ғалым Сəкен!
Осыған қазақ жұртының «Қазан төңкерісінен» кейін
басқа қоғамдық формацияға көшуіне байланысты яғни
«ұжымдастыру», «өндірістендіру» науқанынан бастау алып,
социализмге қарай нық қадам жасаған кезеңдердегі уақыт
тудырған «Қоғам қайраткері» деген атты қоссақ, бүгінде
аймаңдай ардагер ағамыздың «Ел басы» деген құрметті
атағына еріксіз мойын ұсынарымыз ақиқат. Аталарымыздың
«Сегіз қырлы, бір сырлы» деп іс-əрекетімен, үлгі-өнегесімен,
тəлім-тəрбиесімен ерекшеленген азаматқа бұдан артық
берер бағасы болмаса керек.
Ия, қанша кемелденгісі келгенімен созылмалы дерт-
ке ұшыраған «социализмнің» «коммунизмге» жетпей жел-
кесі үзілді дей тұрсақ та, «қазанымызды» төңкерілмей
«тұр ғанда діні бөлек, пиғылы жат, пейілі алдамшы орыс
алпауыттарынан құтылудың бір ғана жолы. Ақ патшаның
тағынан тайып, қара тобыр халықтың бостандыққа ұмтылған
сəтінен жылт еткен үміт отын көрген зерек Сəкен елімізге
ғасырлар бойы еркіндік аңсаған ата-бабалар армандарының
орындалар уақытының туғанын бəлкім, сезген болар.
Бұған дəлел – С.Сейфуллиннің 1914 жылы жазған «Нұра»
өлеңінде:
Сағынып Нұра мен келдім,
Бұрынғы иең байғұсың
Айырылған сенен көп елдің
324
Жатырсың көрмей қайғысын
Мекен болдың бір уақыт
Көшіп жүрген қазаққа
Айырылып сенен бейбақыт
Сорлылар қалды мазаққа! –
деп орыс империясының қазақ жерін отарлау саясатына
назаланады. Жас ақынның елі үшін, туған халқы үшін
жанының шырқырай күйзелуі оның сол тұстағы саяси-
қоғамдық өмірге көзқарасының қалыптасуына ықпал жасап,
болашақ күрескерлік жолын айқындағанды. Сондықтан
болар ол:
Айтпасаңда білем мен,
Ішіндегі сырыңды
Қайғыдасың бүгін сен,
Айтпайсың бірақ шыныңды
Хош Нұра тағы көргенше
Есендік берсін бір құдай
Енді қайтіп келгенше
Ескі иең жүрер құр жылай
Бұрынғыдан қайғылы
Кұстарыңда сайрайды.
Қолдан келер еш не жоқ,
Жүрек от боп қайнайды! –
деп іштей болса да қарсылық білдіреді.
Одан кейін, яғни 1917 жылдың ақпанында патша тақтан
құлап, жер-дүниені дүр сілкіндірген ұлы дүрмектің арты
Қазан төңкерісіне ұласып, пролетариаттың көсемі Ленин
идеясына имандай сенген ақ жүрек Сəкен, туған халқының
болашағын сол сара жолдан көргендігі айдай анық жəне сол
саражолдан ауытқымай жаңа қоғам құруға жанын сала ат
салысқандығы да баршамызға аян.
Ықылым заманнан тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігі,
əдет- ғұрпы қалыптасқан көшпелі елдің өмірін астан-кес-
теңін шығарған жаңа заманды қалың жұртшылық қабыл-
дамай, шошына қарағандығын, соның салдарынан түсін-
беу шіліктің болғандығын, тіпті жер-жерлерде наразылық
туып, қандастарымыздың ереуілділігін кемеңгер Сəкен
білмеді емес, білді. Сірə солақай саясатшылардың бүлдіргі
325
іс-əрекеттеріне тойтарыс бере алмай, өзі имандай сенген
коммунистік партияның алған бағыт-бағдарламасына түсіне
алмай, талай таңды көз ілмей атырған да шығар? Қалай
десек те, туған халқының алдында көңілі кіршіксіз, ниеті
ақ, ары таза есіл Сəкеннің сыры бізге беймəлім, өзімен кетті.
Алайда, қыршын кетсе де, қайран елінің жарқын күніне
деген сенімі бүгінде толығымен ақталды. Өзі шексіз сүйіп
өткен кең байтақ Қазақ елі, Ата жұрты аты алты алашқа
мəшһүр Сəкендей ұлының 100 жылдық торқалы тойын
тойлағалы жатыр. Солардың ішінде Акмоладағы Сəкен
Сейфуллин мұражайы да бар. Өйткені, Ақмола Сəкеннің
саяси Отаны. Оның жастық шағы, азамат болып
қалыптасуы, алғашқы əдеби шығармаларын жазып,
қоғам жəне мемлекет қайраткері ретінде танылуы осы
қаладан басталған. Сондықтан да, азаматтың ғасырлық
осынау тойы біз үшін өте қымбат.
Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1988 жылдың 20-шы
ақпанындағы шешімі бойынша Акмолада Сəкен Сейфуллин
мұражайы ашылған болатын. Бұл мұражай қазақ халқының
сүйікті ұлдарының қатарынан құрметті орын алған ақын,
жазушы, публицист, мемлекет жəне қоғам қайраткеріне
арналған тарихи ескерткіш. Мұражайдағы қайбір зат бол-
масын С.Сейфуллиннің шығармасына тікелей қатысты,
өзіндік сыры бар құнды дүниелер. Олар ардагер азаматтың
өмір сүрген, көркем шығармаларын тудырған уақыт келбетін
көз алдымызға əкеледі.
Қаламыздағы XIX ғасырдың сəулет өнерінің сақталып
қалған жұрнағы іспеттес ағаштан қиып, əшекейленіп са-
лынған еңселі ақын мұражайы – Октябрь мен Революция
көшесінің қиылысында орналасқан. Мұражай ұйымдасқан
жылдың кезеңінен бастап Сəкен Сейфуллиннің сирек кез-
десетін кітаптарын, фотосуреттерін, құжаттар мен мұ-
рағат материалдарының фото жəне ксерокөшірмелерін,
тұ тынған заттарын жинастыруда тəжірибеміз аз болса да
ша малы мерзім ішінде тың деректерді іздестіріп Мəскеу-
дегі кинофотоқұжаттар мұрағатында, Алматыдағы мем-
лекеттік мұрағатта, мұражайларда, Сəкен ұстаздық
кыз мет атқарған республикамыздың бұрынғы астана-
сы – Қызылордада, Ташкент қаласында, туған жері
326
Жезқаз ғанда (Жаңаарқа, Ағадыр аудандары), өзі жы-
рына қосқан Көкшетауда болдық.
Əлі көзі тірі, Сəкенді көрген азаматтармен кездестік.
Нəтижесінде мұражайдың негізгі қорында 1552, ал қосым-
ша ғылыми қорда 2222 құжаттар мен экспонаттар тіркел-
ген. Бұл материалдарды табу оңайға түскен жоқ, себебі,
1937 жылы Сəкен Сейфуллин «халық жауы» деген жаламен
ұсталғанда үйінен қолжазбаларын, хаттарын, кітаптарын,
жиһаз-мүліктерін, басқа да тұтынған заттарында алып
кеткен. Біз де ол жөнінде хаттаманың (протокол) көшірмесі
сақталған.
Ақынның заты түгілі атын атаудың өзінен қорқатын
сонау алмағайып кезеңде көптеген дүниелердің қолды бол-
ғаны өкінішті-ақ, əйтседе кейбіреулерінің сақталып қа-
луы көңілге медет. Мəселен – мұражайда ақынның 1936
жылдары киген костюмі, 1934 жылы Өзбек достары сый-
лаған тақиясы, шапаны, Америкада ем алғанда сатып
алған чемоданы, жолға шыққанда қолға ұстайтын сак-
вояжы, отбасының ұстаған ыдыс-аяқтары, екі кілем ше
төсеніш, қабырға сағаты бар. Бұдан басқа құнды зат
– Сəкеннің өзі жатқан ақ керуеті. Бұл керуетті 1926
жылы Қызылордада тұрған кезінде алғандығы туралы
өзінің болашақ жары Гүл баһрам Батырбековаға жазған
хаты бізде сақтаулы. Мұражайда Сəкеннің Гүлбаһрамға
жазған 10 хаты бар, оларды бізге ақын өмірін зерттеуші
ғалым, профессор, жер лесіміз Тұрсынбек Кəкішев табыс
еткенді.
Кезінде Гүлбаһрам апай 1958 жылы ақталғанға дейін
аман-есен оралар деген үмітін үзбей Сəкеннің ұстаған біраз
заттарын көзінің қарашығындай сақтап келіпті. Тіпті кейін,
мұражай ашыла қалса, соған бермекші болып өзінің екі
бөлмелі пəтерінде ұстаған. Өкінішке орай ол кісінің көзі
тірісінде мұражай ашылу бұйырмады. Гүлбаһрам апай 1973
жылы дүниеден өткенде ардақты, ағамыздың сол заттары
түгелдей дерлік Алматы мұражай қорына өткізіліпті. Соның
10 шақтысы атап айтқанда:
Гүлбаһрам апайдың салғызған Сəкеннің майлы бояулы
портреті, визит карточкасы, саквояжы бізге берілді. Ал
орталық мұражайда ақынның бас киімі, мойын шалмасы, иіс
май құйған құтысы, алтын қол сағаты, аяқ киімі сақтаулы.
327
1990 жылдың желтоқсан айында аруақты ағамыздың
туған інісі Мəжиттің əйелі Əмина апай, қыздары Рымжан
жолдасымен, София, Бағдат мұражай үйіне келіп тағзым
етті. Көп жариялана қоймаған сирек фотосуреттер мен
Мəжиттің жекелеген заттарын тапсырды. Бүгінде есімі əйгілі
ардағымыздың өміріне қатысты бағалы, құнды деректер
əдебиеттік, мұрағаттық материалдар баршылық. Олардың
біразы мұражай қорына жинақталуда. Ал, көпшілігі, атап
айтқанда Сəкеннің өмірін, шығармашылығын, адамгерші-
лік, азаматтық қасиеттерін бейнелейтін Сəбит Мұқанов-
тың, Серік Қирабаевтың, Тұрсынбек Кəкішевтің, Сейділ
Талжановтың, басқа да белгілі ақын-жазушыларымыздың
еңбектері, замандастарының, Сəкенді көрген адамдардың
естеліктері жинақталып, экспозицияға қойылған.
Мұражай құрылғаннан бергі мерзімі ішінде қыз-
меткерлеріміз айтарлықтай ауқымды істер тындырды. Қа-
сиетті шаңырағымызға келген 100 мыңдай құдайы қонақ-
тарымызға танымы мен тағылымы мол мəдени қызмет
көрсетіп кəсіпорындар мен мекемелерде, институттары
мен техникумдарда, кəсіптік-техникалық училищелер мен
мектептерде, ауыл-ауылдарда С.Сейфуллиннің өмірі жəне
шығармашылығы туралы 400-ден астам лекция оқып,
көптеген көрмелер ұйымдастырдық.
Атқарылған ұлағатты істеріміздің ішінде – мұража йы-
мыздың беделі мен мерейін өсірген «Достық» атты əдеби
қонақжайымыздың жұмысы.
Əдеби конақжайымыздың белсенді мүшесі əрі рухани
қамқоршысы, мұражайымыздың жандануына ат салы сып
жүрген жанашыры, белгілі ақын, жазушы, «Сарыарқа»
журналының бас редакторы Нұрғожа Оразовтың тіке лей
басшылығымен «Сəкен біздің мақтанышымыз», «Абай
поэзиясы» поэзия көгінде жарқ етіп көрініп, мезгілсіз сөнген
қазақ қыздарының алғашқы қарлығашы – ақын Шолпан
Иманбаева, жерлесіміз, қаламы қарымды белгілі жазушы
Ілияс Есенберлиннің 75 жылдығына орай оның өмірі мен
шығармашылығы, Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы, «Алек-
сандр Затаевич – композитор, этнограф», «В.Маяков ский
жəне біздің заман» туралы тақырыпта көптеген əсерлі де
қызықты кездесу кештері өткізілді.
Қорыта айтқанда, мұражай қызметкерлері ақынның
өміріне қатысты деректер жинау жұмыстарын үздіксіз жал-
ғастыру үстінде.
Сонымен жалған жаланың жазықсыз құрбаны болған,
алайда сол аз ғана ғұмырының ішінде сүйікті елінің, туған
халқының –
Ақын Сəкені !
Əн Сəкені !
Саз Сəкені !
Сəн Сəкені !
Əсем Сəкені – өзінің ғасырлық мерейтойын Тəуелсіздік
таңының арайлы шапағының нұрына малындыра қарсы
алуда.
Тойымыз торқалы, еліміз ерікті, халқымыз ынты-
мақты, тірлігіміз берекелі болсын, ағайын!
«Сарыарқа» журналы.
1994 жыл. №3.
329
ҚҰПИЯНЫҢ КІЛТІ КІМДЕ?
(тағдыр)
Қуаныш АХМЕТОВ,
«Қазақ əдебиетінің» тілшісі
1990 жылдың ақпанның 9-ында «Казахстанская правда»
газетінде Қарағанды қаласында тұратын Иван Николаевич
Мудров ақсақалдың 1938-1939 жылдары халқымыздың аяу-
лы ұлы Сəкен Сейфуллинмен бірге Магаданда айдауда бол-
ғандығы жайлы əңгімесі жарық көрді. Мудров былай дейді:
«...Магаданнан 600 шақырым жерден Горький атындағы
кенішке бізді əр машинаға 40 адамнан отырғызып, 9 маши-
намен жеткізді. Келе салысымен дереу жұмысқа салды. Бір
аптадан өткен соң біздің бригадиріміз Мостовой маған:
«Мудров, мұнда сенің жазушы жерлесің бар», - деді. Осыдан
кейін біздер таныстық. Ол өзінің фамилиясы Сейфуллин
екендігін, Алматыда тұрғандығын айтты. Белгілі жазушы
болған. Біз жиі-жиі кездесіп əңгімелесіп жүрдік.
Мен кейіннен Сейфуллиннің суреттерін көргенде оны
бірден таныдым. Айырмашылығы лагерьде мұртын қыр-
ғызып тастаған. Бейнесі əлі күнге көз алдымда. Орта
бойлы сымбатты жігіт еді. Кейінірек, əбден жүдеп-жадады
ғой. Орыс тілінде өте таза сөйлейтін. Оның орысша сауат-
тылығына Мостовойдың өзі қызыға қарайтын. 1939 жыл-
дың қысында аяқ астынан Сейфуллин қашып кетті, –
деді Мостовой. Сол үшін бригадирді отырғызып қойды.
Көктемде, 1940 жылдың көкегінде, құмды шайып жатқан-
да Сей фуллиннің денесі табылды. Оны маған Мостовой
хабарлады. Бұл кезде мен ерікті адам едім.
Сəкен Сейфуллинді арнайы бригадир жерледі. ...Табытқа
салынған жоқ. Аяғына фамилиясы мен туған жəне қайтыс
болған уақыты жазылған тақтайша байланды. Мен кеніш-
ті жəне оған жақын маңдағы Сейфуллин зиратын жақсы
330
білемін. Ешқандай белгі болмаса да таба алатындығыма
сенімдімін... Менімен бірге Горький атындағы кеніште
С. Сейфуллиннің болғанына еш күмəнім жоқ. Өтірік
айтудың маған қажеті қанша?»
Осыдан соң белгілі жазушы «Қазақ əдебиеті» газетінің
сол кездегі бас редакторынын орынбасары Оралхан Бөкей
тосын деректерді зерттеумен шамасы жеткенше айналысты.
Бұл шаруадан нақты мағұлмат беретін тағы бір мақала дан
(«Қазак əдебиеті», 15.02.1991 ж. ) үзінді келтірейік:
«...Мудровты тауып алып, сөйлесуді мақсат тұтып Қа-
рағандыға аттандық. Келісімен ол кісімен жолығып, үйін-
де болып əңгімелесіп, айтқандарын түгелдей диктафон
таспасына түсіріп алдық. И.Н. Мудровпен жолықпай тұр-
ғанда ойымыздың сан-саққа жүгіргені рас. Өйткені мұндай
нық сенімде Сəкеннің жерленгенін өз көзіммен көр дім деу,
егер өтірік болса – жүйкесі ауру, не бас пайдасын көздеген
жанның ісі, ал егер шын болса, онда бүкіл қазақтың
алғысына, қадір-құрметіне бөленетін адам деп ойладық.
Жүздесіп, əңгімелесу барысында Иван Николаевичтің
ақыл-есі түзу (сонау айдауда жүргендегі кезінде бірге бол-
ған адамдардың аты-жөнін, уақытын, жер аттарын əлі де
жатқа біледі), ешқандай атақ-даңқ іздеп жүрмеген адам
екеніне анық көзміз жетті. Жетпістен асып, денсаулығы
нашарлаған (əрең жүріп-тұрады) Иван Николаевич біз Сəкен
жөнінде келдік дегенде көз жасына ие бола алмай қатты
жылады. «Сəкендей асыл азаматтың сүйегі өз топырағына
əкелінбей қала ма, шындық ашылмай кете ме деп жүрмін.
Менің ең басты қайғым осы. Сендердің ондай азаматты
іздеп жүргендеріңе рахмет» – деп егілген еді. «Ақшасын
тауып мені апарыңдаршы, ақынның жерленген орнын айсыз
қараңғыда табар едім. Əлі күнге көз алдымда тұр» – деп
қатты өтінген болатын...»
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің барлық құжат-
тарында Сəкен Сейфуллин 1938 жылдың ақпанының
25-де Алматы қаласында атылған деп үзілді-кесілді
атап көр сетіліп келе жатыр. КСРО Жоғарғы Сотының
əскери кол легиясының 1957 жылғы наурыздың 21-дегі
44-025644/56 санды шешімінде де ақынның жазаланған
күні ретінде осы уақыт көрсетілген. 955729 санды
Сəкенге байланысты «қылмысты» істен де тергеудің
МХК-нің Алматыдағы Ішкі түрмесінде жүргізілгендігін
көреміз.
331
Жалпы, ақынның ұсталып, қамалғаннан кейінгі тағ-
дырына байланысты МХК-нің «Сəкен Сейфуллин 1938
жылдың ақпанынын 25-де атылды» деген анықтамасы ның
аясынан алшақ түсіп жатқан деректер жетіп артылады. Со-
лардың басты-бастыларына тоқталып өткеніміз жөн шығар.
Ақмоладағы ақын мұражайына 1957 жылы маусымның
12-де Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық азаматтық хал
актілерін тіркеу бөлімінің (АХАТ) І-ФІО сериялы 205690
санды қаза куəлігі (свидетельство о смерти) сақтаулы тұр.
Онда «Сакен Сейфуллин (Садвакас) ) умер 09.10.1939 года»
деп жазылған. Мөр басылып, қол қойылған осындай ресми
құжатқа кім не алып, не қоса алады? Жауапты қағаз жайдан-
жай жазыла қоймайды. АХАТ еліміздің айтулы азаматы-
ның тарихи тұлғаларының бірінің ақырғы демі бітетін
мезетін айқындайтын қаза куəлігін толтырғанда қажетті
деректерді аспаннан алған жоқ, олар МХК-нен алғандығы
сөзсіз. Осы куəліктеп көрсетілген уақыт мұндай құжаттың
бар екендігінен мүлдем хабары жоқ. Мудров ақсақалдың
айтқанына дəл келіп тұрған жоқ па? Бұл кездейсоқтық па,
əілде басқаша бір сыр бар ма? Əзірге бұл сұрақтарға жауап
жоқ. Бəрі құпия құрсағында жатыр...
1993 жылдың қысы. Жаңа жыл қарсаңы. Жезқазған-
нан іссапарға таң ата машинамен шыққанмен ұзақжол-
дың бой ында көлігіміздің тұмсығы сансыз аққалалардың
бірінен соң біріне тіреліп, Жарық темір жол станциясына
(1937 жылға дейін Сəкен деп аталған – Қ.А.) таяқ тастам
жер қалғанда күн де ұясына қонып, аласұрған ақ боран
алды мызды аштырмай, жол жиегіндегі «Бұрма» кеңшарына
бұрылуымызға тура келді.
Біз кеңшар директоры Марат Ахметовтің үйінде об-
лыс тық прокуратура қызметкері Манат Мұшановқа жо-
лықтық. Ол да біз сияқты ақ боранның астында ұзақ жол
жүріп, жаңа ғана осы үйіне кіріп отыр екен. Жылы үйде
Мұраттың жұбайы – Дəмештің шын көңілмен құйған қою
шайын рахаттана іше отырып, əңгіме үстінде қыстың
ұзақ түнінің əжептəуір бөлігінің қалай өтіп кеткендігін де
байқамай қалыппыз.
«Бұрма» кешегі қасірет мекені Карлагтың «Алжир
«(Ак молинский лагерь жен изменников родины) деп
аталған 26-шы нүктесінің ең негізгі бөлімшесі болған жер.
332
Сəкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сұлтанбек Қожанов,
Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов
сияқты халқымыздың қайраткер ұлдарының əйелдері
Гүлбаһрам, Күнжамал, Күлəндам, Əзиза, Дəмеш, Айыш
аналарымыздың отбасы-ошақ қасынан бала-шағаларынан
тірідей айырылып аңырап жүріп қой баққан өңірі осы.
Ақмола – Қарағанды даласында,
Қой бағам Батық, Жарық арасында.
Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,
Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды.
Алыста жылай-жылай бала қалды,
Жүрген жер Ақмола мен Қарағанды
Қайран ел сені көрер күн бар ма екен,
Мұңымды алыс-жақын тыңдар ма екен.
Бұл Күлəндам Қожанованың көзі жұмылғанша азапты
өмірін ұмыта алмай, қамығып отырып айтатын əні «Батық,
Жарық арасында» деген тіркес аяулы анамыздың сол кездегі
қыстағы осы «Бұрманың» тұсында болған-ау деген тұжы-
рым туғызады. Өйткені, «Бұрма» Жарықтан – 8, Батықтан
– 25 шақырым жерде, екеуінің ортасында орналасқан. Не
керек, қайраткер ағаларымыздың жұбайларының əрқай-
сысы осы төңіректе он жылдай азапты өмірлерін өткізсе де,
олардың нақты тұрақтарын айқындауды ойлап жүрген ешкім
жоқ. Əлі күнге дейін Күнжамал анамыздан басқаларының
жұрттары белгісіз.
1990 жылдың күзінде «Купка» деген жерді іздеп «Батық»
кеңшарына келгенмін. Осы «Купкада» Күнжамал Май-
линаның қой баққандығын көптеген дəлел-деректер айқын-
дайды. Шаруамды біліп, көмекке құлшына кіріскен ауыл
басшыларына риза болдым. Кеңшар директоры Жағыпар
Əлімханов – белгілі сазгер. Ауылдық кеңес төрағасы Марат
Шапкин – дарынды ақын. Жанары нəзік басшылар жай-
барақат қалмады. Соғыс жылдарында лагерьде бақауыл
болған Трофимов деген орыс шалының көрсетуінен қой
қора сының, жертөлесінің орындары жермен жексен
болып кеткен Күнжамал анамыздың жұртын да таптық.
Таспен шегенделген құдық жартылай ғана көміліпті. Күл
үйіндісінің көлемі əжептеуір. Бойымызды мұңды сезім
билеп, жанарларымызға жас үйіріліп, аяулы анамыздың
333
тоғыз жыл айдалада аңырап жүріп жаққан отының күлін
қайта-қайта алақанымызбен сипалай бердік, сипалай бердік.
Сол жолы кеңшар басшылары осынау əрі қасыретті, əрі
қасиетті жұртқа, Күнжамал анамыздың əруағына бағыштап
бір белгі орнатпаққа пəтуаласып еді. Одан бергі уақытта
кеңшар тарады. Бірақ замана қыспағы жуанды жіңішкертіп,
жіңішкені үзіп, қаншама қиыншылық əкеліп жатса да,
Жағыпардай азаматтар жер басып жүргенде бұл істің орайы
келетіндігіне сенім мол.
«Алжир» деген атының өзі-ақ көңіліңді мұңға толты рып,
көзіне жас үйілдіретін мекенде, оның ішінде «Батық, Жарық
арасында» отырып, 1937 жылдан басталған халқымыз-
дың қаймағын қалқып əкеткен, қайғы қасіреті мен ойран-
опаты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан»кем түсе
қоймайтын кезеңді еске алмау мүмкін емес. Сондықтан
болар, Манат, Марат үшеуіміздің əңгімелеріміздің арна-
сы да елім деп еңіреген ағаларымыздың өмір жолдарына
қарай ойыса береді. Əсіресе, осы өңірге қапталдас жатқан
Қарашілікте кіндігі кесіліп, тал бесікте тербетілген, іргеде
тұрған Иманақ тауының бөктерін тайға мініп тасырлатқан,
өндіріс өрістей бастаған. Өспенде орысша сауатын ашқан
Сəкен аға өміріне байланысты сан сырдың саңлаула рына
санамыздың жеткенінше үңіліп, талай деректің дүда-
мал тұстарын көңіл көзілдірігінен өткізгендей болдық.
Манат ағамыз қалтасынан қойын кітапшасын алып, Сəкен
Сейфуллиннің 1938 жылы Қызылжар (Петропавл) түрме-
сінен жолдаған «Көкшеге сəлем» атты өлеңі екен деп, мына
төрт шумақ өлеңді оқып берді:
Сəлем айт Көкшетаудың биігіне,
Бауырында еркін өскен киігіне.
Күшімен кереметтің шөгіп қалған,
Сəлем айт Ақбураның сүйегіне
Сəлем айт Оқжетпестің биігіне
Бауырында мекен еткен киігіне
Ішімде ат басындай алтын кетті,
Өртеніп халық жауы күйігіне.
Елімді сатқаным жоқ, сатпаймында,
Халқыма оқ атқаным жоқ, атпаймында,
Жүргенім əділетпен бəріңе аян,
Бұл жолдан қайтпаймын деп айтпаймын да
334
Шын жау деп халқым мені ойламасын,
Байқасын сабырменен істің артын.
Сенемін əділетпен тексерер деп,
Коммунист партиясы күш-қуатым.
Өлең Сəкен шығармаларының сарынына (стиліне) ке-
леді. Түнерген түрме түнегінен шыққан өршіл ұл, туған
жерге деген мөлдір махаббат пен ақиқатқа деген шексіз
сенім Сеифуллин жырларына тəн адуын арын мен озбырлық
отынан көкіректі кеулеген жалынға оранып қалған. Көкше
өңірінде өскен Манат ағамыздың құлағына жастайынан
сіңген мəліметке сүйенсек, бұл өлеңнің түп-нұсқасы
соғыстан бұрын Көкшетау облысындағы «Колхозстрой»
тресін басқарған Дінисламов деген ағамыздың қолында
болған. Манат ағамыздың өзі оны соғыс жылдары Көкшетау
облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған Əлімжан
Баймұқановтың аузынан жазып алыпты. Дінисламовтың
Көкше жағында тұратын Сара есімді жалғыз қызы бар
көрінеді. Өлеңнің түпнұсқасы сақтала қойса, сол Сарада
болуға тиіс...
«Көкшеге сəлем» де ойланған адамның санасында сансыз
сұрақ туындатады. Алматыда тергеліп, Алматыда атылғаны
рас болса, Сəкен Қызылжар түрмесіне қалай келген? Бұған
да жауап жоқ. Алайда бүгінде жасы 87-ге қараған Қаражал
қаласында тұратын Омар Бексұлтанұлы ақсақалдың өзіміз
арнайы іздеп барғанда айтқан əңгімесі «Көкшеге сəлем»
төңірегіндегі деректерді толықтыра, жандандыра түседі.
Омекеңнің əңгімесін қысқартып келтірейік:
«1937 жылы қарашаның 20-да байдың баласы, халық
жауы деген жаламен Ақмолада ұсталдым. Сол жылы
желтоқсанның аяғында 300-дей адамды күзетпен жаяу
айдап, Қызылжарға əкеліп, 16-шы түрмеге қамады. Онда
Кулен атты жасы жетпістен асқан ақмолалық қартпен бір
камерада отырдым. Біздерді Сібірге жібереді деп естідік.
1938 жылдың басында тұтқындарды сапқа тұрғызып вокзал
алаңына əкелді. Онда жылы вагонда кімді қайда жіберуді
шешетін қызыл жағалы лауазымды адамдардан тұратын
үлкен комиссия отырды. Сəкенді бұрыннан танитын едім,
сол жерде сапта тұрғандардың арасынан көрдім. Көзбен
көрісіп ыммен амандастық. Жалғыз мен емес, көпшілік
қазақ Сейфуллинді бірден таныды. Оларды Сібір жаққа
335
жүретін жабық жүк вагондарына мінгізіп жатты. Мені аш-
арық, Сібірге жарамайды деп, Мəскеу маңындағы Рыбинск
электр станциясының құрылысына жіберді. Кулен ақса-
қалды кəрі деп ешқайда алмады. Атын білмеймін. Өзім 1947
жылы лагерьден босадым».
Бұған не дейміз? Осы əңгімені Омар ақсақал Сəкен
ақталғаннан бері талай адамға айтып кетеді. Бірақ мəселе
түбіріне тереңірек үңілуге ешкімде де мүмкіндік жоқ...
Шет аудандық «Заман» газетінің редакторы, жазушы
Кəмел Жүністегі өрімдей жас кезінде 1960 жылы («Есеп»)
«Елін сүйген ерлер партиясы» мүшесі ретінде ұлт-
шыл деген айыппен саяси лагерьге қамалып, Сібір сы-
нынан өткен азамат. Бұл қазақтың басына не тауқымет
түспеген, сол кезеңде ол 1928 жылы бай ретінде ұсталып
(ағылшындардан кейін Жолымбет алтын кеніне иелік
еткен), содан соңғы 33 жыл ғұмырын Колыма-Печора-
Сахалин-Абакан-Тайшеттердің саяси лагерьлерінде өткіз-
ген түп негізі көкшетаулық Құнанбай Бейсенұлы ақса -
қалға түрмеде кезігіпті. Бүкіл «саясилар» Бабай деп
құр мет тейтін Құнекеңнің беделінің шарапаты торға түскен
сары ауыз балапандай Кəмелге де аз тимеген. Кəмелдің
Құнанбай Бейсенұлы жайлы тебірене жазған мақалалары
ақсақалдың суреттерінен қоса «Жас алаш «жəне бұрынғы
Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газеттерінде жариялан-
ды. «Тайшеттегі бір лагерьден Сейфолланың Сəкенін көр-
дім, бұрын Ақмоладан білетін едім, тілдесуге мүмкіндік
болмады, оны тез басқа жаққа ауыстырып əкетті – деген
Құнекеңнің сөзі əлі күнге құлағымда тұр, – дейді, Кəмел.
Бұл деректің де Сəкен тағдырына байланысты əңгімелерді
толықтыра түсетіндігі сөзсіз.
1992 жылдың жазында И.Н. Мудровтың мағұлматы
негізінде Оралхан ойға алған шаруаны сол кездегі Жезқазған
облыстық Кеңесінің төрағасы Шəріпбек Шардарбековтің
шапағатымен іске асыруға мүмкіндік туды. Жезқазғанда
жасақталған экспедиция 82 жастағы Мудровты алып,
Магадан облысындағы Горький кенішінде болып қайтты.
Елу жылдан астам уақыт өтсе де айдауда мерт болғандардың
қорымын қарағандылық ақсақал жаңылмай тапты. Жер
бедері өзгерген. Қорым тұрған бұрынғы алаңқайды бүгінде
қалың ағаш басып кеткен. Жетпіс бес қабірдің ішнен біреуін
«мынау Сəкендікі» деп нақпа-нақ айта алмай əбден налыған.
Мудров жылап жіберді. Мəңгі тоң құрсауында жатқан
көп қабірлерден Мудровтың нобайы бойынша бір қабірді
айтудың өзіне бірнеше күн уақыт кетті. Бəрі шындық.
Өліктің аяғына атын-жөні туған, өлген жылдары жазылған
тақтайша байланған. Бірақ Сəкен емес. Ізденісті əрі қарай
жалғастыруға қыспағы қатты мына заман қолбайлау болды.
Барлық қабірді ашып, тексеріп шығу үшін орасан зор кө-
лемде қаражат керек. Мудровтың дерегін магадандық
Лазуткин, Ленинград облысының Луга қаласында тұратын
Ведерников сияқты азаматтар қосымша растап отыр. Олар
1939-1940 жылдары Горький алтын кенішінде белгілі қазақ
ақынының отырғандығын білетіндіктерін, тек оның аты-
жөнін ұмытып қалғандықтарын айтады.
Мудров 1937 жылы Қарағандыдағы N34 шахтада
болған апаттан соң халық жауы деп айыпталып, Қызылжар
түрмесінде отырған. Содан Колымаға жөнелтілген. Ол
сол Горький кенішінде Сейфулиннің өз қолымен жазған
арызының арқасында ақталғандығын айтады. Ақынның
осы бұлтартпас қолтаңбасы табылса, Сəкеннің Колыма
қойнауында ақырғы демі үзілгендігі даусыз анықталады
деген үмітпен жүргізілген іздестіру жұмыстары да су аяғы
құрдымнан бір-ақ шығарды. МХК хабарына қарағанда,
Мудровтың ісі мүлдем жойылып кеткен. Қандай себеппен
екендігі, əрине, белгісіз.
Біз Сəкеннің түрмедегі тағдырына, оның ақырғы демі
үзілген сəтіне байланысты өзімізге жақсы таныс, шама-
шарқымызша сараптап-саралаған деректердің біразын қалың
оқырмандар алдына жайып салып отырмыз. Осылардың өзі-
ақ бұл мəселенің төңірегінде Колыманың сірескен тоңынан
да қалың құпия жатыр-ау деген ойға жетелейді, көңілге
сейілмес күдік пен күмəн ұялатады. Ал МХК болса, Сəкен
Сейфуллин 1938 ақпанның 25-де Алматыда атылды деп,
бет қаратпайтын адуынды анықтамасын алға тарта береді.
Сəкенмен тағдырлас басқа арыстарымыздың ақтық демі
үзілген сəттеріне байланысты дəл осылар сияқты əңгімелер
жоққа тəн. Аңыз бен ақиқаттың ара жігін ажыратар бізге
белгісіз құпияның кілті кімде?
Астана қаласы.
«Қазақ əдебиеті» газеті,
22 қаңтар 1999 жыл.
337
Достарыңызбен бөлісу: |