Бағдарламасы Әдістемелік бірлестік отырысында қаралып, талқыланған



бет1/10
Дата11.04.2023
өлшемі200,12 Kb.
#81551
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

«Мағжантану» авторлық бағдарламасы

Әдістемелік бірлестік отырысында қаралып, талқыланған

Жалпы орта білім беретін мектептің 8 – сыныбына арналған

Авторы: Атамбекова Толқын Орынбасарқызы


Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір жазған: Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті,


Жоғары Оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің
директоры, филология ғылымдарының кандидаты
Сапарбекова Гүлнар Жайдарқызы

ХХ - ғасыр зиялыларының көрнекті өкілдерінің шығармаларын бүгінгі ұрпаққа меңгерту болашақ еншісіне берілген аманат. Олай дейтініміз, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек сынды қайраткерлеріміздің өмірі, шығармашылығы өмір философиясынан алынған дүниелер, құнды жәдігерлер. Бүгінгі біздің бағдарламаға арқау болар Мағжан Жұмабаев. Ол көркем сөздің шебері. Көргенін, сезгенін, айтайын деген ойын салқын ақылға салып, жалаң сөзбен дәлелдеп жатпайды. Көркем бейнелі сөзбен суреттеп, көз алдыңа әкеліп, көңіліңе қондырады. Оның өлеңі сезіміңді қозғап, Абай айтқандай, «жүрекке жылы тиіп», «бар тамырды қуалайды».


Атамбекова Толқын Орынбасарқызының «Мағжантану» авторлық бағдарламасы Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұрасын түгел танып, тәлімдік мәні бар шығармаларын терең оқытуға арналған.
Қазіргі заман талабына сай қазақ тілі мен әдебиетін жете меңгеру үшін өз ұлты мен тіліне деген оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру үшін бағдарламаның маңызы зор. Бұл бағдарламаға ақынның әр жылдарда жазылған өлеңдері, поэмалары, прозалық шығармасы, аудармалары, ғылыми еңбектері мен мақалалары енгізілген.
Арнаулы курста М.Жұмабаев шығармашылығының барлық саласы түгел қамтылды деуге болады. Оқушыларға Мағжан туралы терең білім беруге, ой-өрісін кеңейтуге негізделген.
ТҮСІНІК ХАТ
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазіргінің талай елін қайран қалдырған осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады»,- деп атап көрсетті. Біздің міндетіміз ұлттық әдебиетті ұлттық философияның өмір сүру формасы ретінде түсініп, жеке тұлғалардың поэтикалық мұрасындағы философиялық мазмұнды ашып көрсету.
Мағжан Жұмабаев жырларының тек қазақ халқы емес, бүкіл түркі әлемі зиялы қауымының санасы мен сезімін жаулап алып, аймақтық, тіпті, әлемдік мәдениеттегі ерекше құбылысқа айналғанын байқаймыз. Расында, Мағжан шығармаларында айтылған қағидалар мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де өз мәнін жойған жоқ. Жалпы қазақтың киіз туырлықты үйінде дүниеге келіп, әлемдік мәдениетке ерекше құбылыс болып қосылған Мағжан Жұмабаев шығармашылығының қайнар бастаулары қайда жатыр?!
Мағжан ақынымыз қазіргі заманда шыңыраудан шыңға көтерілді. Сондықтан да оның әдеби асыл мұраларын мектеп қабырғасынан бастап оқушы санасына ұялату, тереңдете оқыту – абыройлы міндет. Осы орайда мен ескірмес, өлмес жырларымен поэзияның алтын қазынасын толтырған Мағжан Жұмабаевтың өмір тарихын, шығармашылығын негізге ала отырып, «Мағжантану» курсы бойынша бағдарлама жасадым. Бұл курс аптасына бір рет, барлығы – 34 сағатқа жоспарланған. Ол жеті тараудан тұрады:
- Ақын және оның ғасыры;
- Ұлт рухының жаршысы;
- Жыр жұлдызы;
- Мағжан поэмалары;
- Мағжанның прозалық шығармасы;
- Мағжан аудармалары;
- Мағжанның ағартушылық еңбектері;
Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, жаңа белеске көтерген, заман туғызған көшпелі дәуірдің ақыны, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев шығармаларының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Ақын шығармалары – мектеп оқушыларын оқытып, тәрбиелеуде қолданатын баға жетпес құрал. Ақындығымен қатар ұстаздықты мұрат еткен қазақтың біртуар ұлының: «...берік денелі, түзу ойлайтын, дәл пішетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, баланың дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы» деген қағидасының бүгін өміршең екендігіне көзіміз жетіп отыр.
Ақын өнерін сан қырлы дарын иесі Жүсіпбек Аймауытов былай бағалайды: «Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін қазаққа аударды, өлеңді күйге айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты». Мағжан тек қазақ әдебиеті тарихында емес, бүкіл қазақ халқының тарихындағы үлкен де ерен құбылыс. Сыршыл, суретші, сөз ұстасы, түршіл ақынның кез келген шығармаларын оқысаң не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың, еріксіз сезім туғызады. Суретті, кестелі, көркем сөз Мағжаннан табылады. Сондықтан бұл бағдарламаның басты мәселелерінің бірі – оқушыларды Мағжан өмірі, шығармашылығы арқылы тәрбиелей отырып, олардың Мағжан шығармаларын оқуға деген құштарлығын, белсенділігін арттыру, дамыту.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Қоғамның негізгі мақсаттарының бірі – мектеп қабырғасында қабілеті анықталған жастардың талаптарын дамыту» керек екені айтылған. Осы орайда Мағжантану курсын жүргізудің қазақ әдебиеті пәні бойынша болашақта білімін жалғастырғысы келетін мектеп оқушылары үшін мәні зор. Білімге, білуге құмар кез келген шәкірт зор талабы арқылы терең білімімен, жауапкершілігімен өз алдына мақсат қоя алатыны анық. Бұл үздіксіз іс-әрекет пен бағдарлы, мақсатты ізденісті талап етеді. Нәтижесінде төмендегі іс-әрекеттер жүзеге асады:
- Оқушылардың рухани дүниесі байып, өмірді, оқиғаны бағалап, пайымдай білуге дағдыланады, аяқталмаған ойды ауызша және жазбаша жеткізе алуға үйренеді;
- Топпен жұмыс істей отырып, оқушылар керекті мәліметтерді табуға, түрлі дерек көздерін пайдалануға үйренеді;
- Тіл байлығы кеңейеді, жатқа айту, мәнерлеп оқу дағдылары жақсарады;
- Мазмұн бойынша түсінігін айта алады, өз ойларын әдеби тілмен өрнектей біледі;
- Көркем шығарманы талдау арқылы тіл мәдениеті қалыптасады;
- Салыстырады, талдайды, сұрақтарға ұтымды жауап бере алады, оны дәлелдей алады;
- Әр тұлғаның жеке кітапханасы пайда болады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет