Шығарма мәтінінің көлемі – 2-сыныпта 25-35 сөз, 3-сыныпта 35-55 сөз, 4-сыныпта 55-70 сөз.
«Қазақ тілі» оқу пәнінің 2-сыныпқа арналған базалық мазмұны: Тіл және сөйлеу: сөйлеудің адам өміріндегі маңызы мен қажеттілігі; ауызекі және жазба тілде сөйлеу туралы түсінік; дауыс күші, сазы – ауызекі сөйлеудің мәнерлеуші құралдары; ауызекі сөйлеу кезіндегі қимыл мен ым-ишара; диалог; монолог;
Сөйлеу мәдениеті: түрлі жағдаяттарға байланысты сұхбаттасын тыңдау, сөйлеу мәдениетін сақтау; амандасу жағдаятында қолданылатын сөздер; амандасу, өтініш білдіру, алғыс айту жағдаятын құрастыру;
Фонетика: У дыбысы; сөз ішінде у дыбысының бірде дауысты, бірде дауыссыз болып келуі; У әрпінің емлесі: дауыссыз дыбыстан кейін келген у әрпінің алдында ү, ұ дыбыстары естілгенімен, жазылғанда олардың орнына у-дың өзі ғана жазылатыны, дауысты ы, і әріптеріне аяқталған сөздерге у әрпі қосылғанда, ы, і әріптерінің түсіп қалатыны; И дыбысы. И – дауысты, й –дуыссыз дыбыс екені. И – дыбысының бірде жуан, бірде жіңішке болатыны; И, Й әріптерінің емлесі; Я, ю әріптерінің жазылуы; дауыссыз дыбыстардың қатаң, ұяң, үнді болып бөлінетіні; Б, п дыбыстары; Б және п әріптерінің емлесі; Қ, ғ және к, г дыбыстары; Қ, к дыбыстарына аяқталған сөздерге дауысты ы, і дыбыстары жалғанса, олардың ғ, г дыбыстарына айналуы; Л, р дыбыстары. Л, р әріптерінің емлесі. Н, ң дыбыстары; олардың бір-бірінен айырмашылығы және емлесі; сөздерді, дыбыстарды орфоэпиялық нормаларға сәйкес дұрыс айту: Бүгін – бүгүн, түтін – түтүн, көсек – көсөу);
Мәтін, мәтін туралы түсінік: жеке сөйлемдерден мәтіннің өзгешелігі; мәтіннің тақырыбы және ондағы негізгі ойды анықтау; мәтінге, сюжетті суреттерге ат қою; тақырып (мәтіннің аты), тірек сөздер арқылы мәтіннің мазмұнын болжау; тыңдаған мәтін бойынша түсінбеген сөздерін белгілеу; тыңдаған мәтін мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру; тыңдалған материалға өз пікірін білдіру; оқыған мәтін мазмұны бойынша сұрақтар ұұрастыру және жауап беру; берілген тірек сөздерді қолданып ауызша әңгіме құрау;
Мәтіннің құрылымы (басы, ортасы (негізгі), соңы (қорытынды) туралы ұғым: негізгі ойды беру формасы сөйлем; мәтіндегі азат жолдың рөлі; мәтіндегі сөйлемдердің байланысы; дұрыс құрылмаған мәтінді қайта құру;
Мәтін түрлері: әңгімелеу, сипаттау, пайымдау: заттар мен құбылыстар туралы әңгімелеу, сипаттап айту; мәтіннің тақырыбы және ондағы негізгі ойды анықтау; мәтіндерге салыстырмалы талдау жасау;
Сөйлем: сөйлем туралы түсінік; сөйлемнің мәтіннен өзгешелігі; тұтас мәтінді сөйлемдерге бөлу, сөйлемдердің ара жігін ажырату; айтылу мақсатына қарай сөйлем түрлері: хабарлы сөйлем, сұраулы сөйлем, лепті сөйлем; сөйлемсоңына қойылатын тыныс белгілер (нүкте, сұрау, леп белгісі);
Сөйлемдегі сөздердің байланысы: сұрақ қою арқылы сөйлемнің ішінен бір-бірімен байланысып тұрған сөздерді табу; сөздердің орналасу тәртібін ескере отырып, сөздерден сөйлем құрау; сұрақ бойынша сөйлемді толықтырып жазу; үлгі, сызба, суреттер бойынша сөйлем құрап жазу; дұрыс құрылмаған сөйлемді түзеп, қайта жазу;
Сөз және оның мағынасы: сөз және оның мағынасы туралы түсінік; мәтіндегі синоним, антоним, омоним сөздердің мағыналарын ажырата білу; берілген тақырып, сұрақ бойынша қажетті ақпараттарды іріктеп алу үшін дереккөздерді (сөздік, анықтамалық, энциклопедия) қолдана білу;
Сөз құрамы: сөздің түбірі мен қосымшасы туралы алғашқы түсінік; түбір мен қосымшаның бір-бірінен айырмашылығы; қосымша түрлері: жұрнақ пен жалғау, олардың белгіленуі;
Сөз таптары: заттың атын, сынын, қимылын білдіретін сөздер туралы түсінікті қайталау; сөз табы туралы түсінік; зат есім, оның мағынасы, сұрақтары; жалқы есім және жалпы есім; жалқы есімнің жазылу емлесі; зат есімнің жекеше және көпше түрлері; зат есімнің көпше түрін сөз құрамына талдау, көптік жалғаулары, оларды дұрыс қолдану; етістік, оның анықтамасы, сұрақтары; дара және күрделі етістіктер; сын есім және оның анықтамасы,сұрақтары; сын есіммен зат есімнің байланысы; дара және күрделі сын есімдер; сан есім және оның анықтамасы, сұрақтары; сан есімнің зат есіммен байланысып айтылуы; дара және күрделі сан есімдер;
Шығармашылық жұмыс: оқыған, тыңдаған және аудиовизуалды материалдарға байланысты сұрақтар мен жоспар бойынша мазмұндама жазу; Тірек сөздерді, суреттерді пайдаланып постер құрастыру; жеке сурет немесе сюжетті суреттер негізінде шағын сипаттау, әңгімелеу мәтіндерін құрап жазу; үлгі бойынша қарапайым хабарландыру, хабарлама және нұсқаулық жазу; құраған мәтінінде жіберілген қателерді (орфографиялық, пунктуациялық, әріптік) мұғалімнің көмегімен тауып түзету; дұрыс құрылмаған мәтінді түзеп, қайта жазу; жазба жұмыстарын каллиграфиялық талаптарға сай жазу;