Бағдарламасы Түсіндірме жазба


Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту



бет13/187
Дата04.12.2022
өлшемі0,84 Mb.
#54738
түріБағдарламасы
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   187
Байланысты:
үлгілік ОҚУ бағдарламасы 2022 қосымша

Балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту

Тәрбиеленушілердің шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру, музыка ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, күн сайын ойын түрінде түрлі балалар әрекеттерінде іске асырылады.


Мақсаты: тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, шығармашылық дағдыларын, зерттеу қабілеттерін, көркем-эстетикалық талғамын дамыту үшін ұлттық мәдениетке баулу.
Міндеттері:
музыкаға, бейнелеу өнеріне қызығушылықты қалыптастыру, шығармашылық ойлауы мен қиялдауын дамыту;
бейнелеу процесі мен нәтижесіне эмоционалды жағымды қарым қатынас орнату;
бейнелеу әрекетін балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, ұйымдастыру, балаларға бейнелейтін заттарды өзбетінше зерттеуге мүмкіндік беру;
қарапайым заттарды, құбылыстарды, пішіндерді, түстерді, бөліктердің орналасуын бере отырып, бейнелеу дағдыларын қалыптастыру, көз бен қолдың үйлесімін дамыту;
балалардың қалауы бойынша материалдарды, бейнелеу техникасын (саусақпен, алақанмен, мақтамен, сазбалшықпен, ермексазбен, қағазбен және т. б.) таңдауға мүмкіндік беру;
қазақ халқының өнер туындыларымен, сәндік-қолданбалы өнерімен таныстыру;
өнер туындыларына, қоршаған шынайы әлемнің эстетикалық жағына қызығушылықты тәрбиелеу;
бейнелеу әрекеті барысында қауіпсіздікті сақтауға және еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа баулу.
Сурет салу
Көлденең және тік сызықтарды салу, олардың қиылысуын жүргізе білу, әр түрлі пішіндегі (көкөністер мен жемістер, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, жануарлар), дөңгелек пішінді (шарлар, бұлттар, күн) заттарды бейнелеу, бірнеше көлденең және тік сызықтардан тұратын заттарды бейнелеу.
Сурет салу кезінде қарындашты, қылқаламды қатты қыспай дұрыс ұстауды үйрету. Қылқаламмен бояуда оны бояуға ақырын батыруды, алынған артық бояуды құтының шетіне қылқаламды ақырын басынан басып, ағызып жіберіп бояуды, бояудың келесі түсін қолдану үшін қылқаламды басқа түске салмас бұрын жақсылап суға шайып алып қолдануды, жуылған қылқаламды жұмсақ матамен немесе қағаз майлықпен сүртіп кептіруді үйрету.
Бір заттың немесе түрлі заттардың суретін салуды қайталай отырып, қарапайым сюжеттік композициялар жасауға үйрету, тұтас қағаз парағына бейнені орналастыру, қызыл, сары, жасыл, көк, қара, ақ негізгі түстер мен олардың реңктерін (қызғылт, көгілдір, сұр) қолдану.
Қазақ ою-өрнектерінің қарапайым элементтерін қайталап салуға баулу.
Құмға таяқшалармен, асфальтқа бормен, өз бетінше ойдан сурет салуға мүмкіндік беру.
Сурет салуда қауіпсіздікті сақтауға, ұқыптылыққа баулу.
Күтілетін нәтижелер:
сурет салу техникасының бастапқы дағдыларына ие;
сызықтарды, штрихтарды, дақтарды, бояуларды ретімен қолдана біледі;
негізгі түстерді дұрыс атайды;
қарапайым сюжеттік композицияларды құрайды;
тұтас қағаз бетіне бейнені орналастыра алады;
пішіндерді бояудың бастапқы дағдыларын игерген;
сурет салудың дәстүрден тыс техникасына қызығушылық танытады;
сурет салуда салуда ұқыптылық танытады, қауіпсіздікті сақтайды.
Мүсіндеу.
Сазбалшықтан, ермексаздан мүсіндеуге қызығушылыққа баулу. Сазбалшық, ермексаз кесектерінен бөліп алу, домалату, ширату, созу, жаю тәсілдерін пайдалана отырып, көкөністер мен жемістерді, кейбір заттарды, азық-түлік тағамдарын мүсіндеуге үйрету.
Кесектерді алақандарының арасында домалату, есу, жаю тәсілдері арқылы заттарды мүсіндеу (ыдыстар, ойыншықтар).
Бірнеше бөліктерді қосу, қысу, біріктіру арқылы өсімдіктерді және жануарларды мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру.
Қазақ халқының әшекей бұйымдарымен (білезік, жүзік, балдақ, сырға, тұмар және т.б.) таныстыру. Мүсіндеу тәсілдерін қолдана отырып, өзіне ұнаған бұйымдарды мүсіндеу, оларды таяқшамен безендіру.
Жеке жұмыстарын ұжымдық композицияларға біріктіру дағдыларын қалыптастыру.
Мүсіндеу барысында қауіпсіздікті сақтауға, ұқыпты болуға баулу.
Күтілетін нәтижелер:
заттарды мүсіндеуге қызығады;
сазбалшықтың және ермексаздың қасиеттерін біледі;
мүсіндейтін затты зерттейді;
мүсіндеудің әртүрлі тәсілдерін пайдаланады;
мүсіндеуге қажетті негізгі техникалық дағдыларды игерген;
бірнеше бөліктерді қосу, қысу, біріктіру арқылы өсімдіктерді және жануарларды мүсіндейді;
қазақ халқының әшекей бұйымдарын біледі;
заттар мен бұйымдарды өзбетінше мүсіндей алады;
жеке жұмыстарын ұжымдық композицияларға біріктіреді;
мүсіндеу барысында қауіпсіздікті сақтайды;
жұмысты ұқыпты жасауға тырысады.
Жапсыру
Балалардың жапсыруға қызығушылығын арттыру. Қағаз бетінде көлемі, түсі, пішіні бойынша әртүрлі дайын пішіндерді белгілі реттілікпен орналастыра отырып, ойдан немесе берілген тапсырма бойынша заттардың бейнесін жасау, содан соң пайда болған бейнені қағазға жапсыру.
Желімдеудің техникасын үйрету: желімді қылқаламға, мұқият жағып алу, жаймадағы дайын үлгіге жағу, желімнің қалдықтарын сүртуге майлықты қолдану.
Қазақ халқының ұлттық ыдыс-аяқтарымен, тұрмыстық заттарымен таныстыру. Ұнаған дайын заттардың пішіндерін қазақ оюларының қарапайым элементтерімен безендіру. Заттардың пішіні мен олардың түсі туралы білімді бекіту.
Жапсыруда табиғи материалдарды және қағазды түрлендіру әдістерін қолдану (жырту, умаждау, бүктеу, қатпарлау).
Балаларды ересектер дайындаған ірі және ұсақ элементтерді қағаз бетіне орналастыру және жапсыру арқылы ұжымдық композиция құрастыруға баулу.
Геометриялық фигуралардың (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш) ортасына, бұрыштарына дайын ою-өрнектерді жапсыру арқылы киіз, кілем, көрпе, алаша орамал және т.б. жасау.
Жапсыру барысында қауіпсіздікті сақтауға, ұқыпты болуға баулу.
Күтілетін нәтижелер:
желімдеу техникасының бастапқы дағдыларын игерген;
бейнеленетін заттарға сәйкес түрлі-түсті қағаздардан дайын пішіндерді таңдай алады;
ересектер даярлаған ірі және ұсақ элементтерді орналастырады және желімдейді;
оюдың әсемдігін, оның орналасуын байқайды, олардың элементтерін бөліп көрсетеді;
қазақ халқының ыдыс-аяқтары мен тұрмыстық заттарын біледі;
ұжымдық жұмыстарға қатысады және оларды қызығып жасайды;
геометриялық фигураларды ажыратады, оларды ою-өрнектермен безендіреді;
желім қалдықтарын сүрту үшін майлықты пайдаланады.
Құрастыру
Балалардың құрастыруға қызығушылығын арттыру, конструкторлардың түрлерімен таныстыру.
Құрастыру дағдыларын дамыту, негізгі құрылыс бөлшектерін: текшелер, кірпіштер, цилиндрлер, үшбұрыштар, призмаларды ажырата білуге, атауға және қолдануға үйрету, бұрын алынған дағдыларды: төсеу, бекіту, қою қолдана отырып, жаңа ғимараттар салу.
Құрастырылатын құрылысты қарапайым сызбаларға, суреттегі үлгісіне қарап зерттеуге және кірпіштерді, тақтайшаларды тігінен қатарға орналастырып, бір-бірімен мықтап бекіту тәсілдерін қолданып, өзбетінше құрастыруға мүмкіндік беру, өзінің тұрғызған құрылысын талдауға баулу. Құрастырған құрылыспен сюжетті ойыншықтарды қолданып ойнату.
Ұжымдық құрылыс жасауға баулу, алдын-ала келісе отырып, құрылыс бөліктерін жеке дайындау, өздерінің құрастырған бұйымдарын біріктіре отырып, дайын болған құрылыспен бірге ойнату.
Құрастыруда бөлшектерді орналастыру және кірпіштерді қалау, пластиналарды тік бағытта және көлденең орналастыру тәсілдерін қолдану, ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан, үлгі бойынша, ойдан құрастыру.
Ойнап болғаннан кейін бөлшектерді жинауға, қауіпсіздікті сақтауға, ұқыптылыққа баулу.
Күтілетін нәтижелер:
құрастыруды қызығушылықпен орындайды;
құрастырылатын құрылысты қарапайым сызбаларға, суреттегі үлгісіне қарап, зерттейді;
құрылыс бөліктерін ажыратады және атайды;
әртүрлі түстегі және пішіндегі бөлшектерден қарапайым құрылыстар тұрғызады;
ұжымдық құрылыс жасауға қатысады;
өзі құраған құрылысымен ойнайды;
ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан, үлгі бойынша, ойдан құрастыра алады;
ойнап болған соң құрылыс бөлшектерін жинайды.
Музыка
Музыканы эмоционалды көңіл-күймен қабылдауға баулу. Музыкалық жанрлар ән, би, маршпен таныстыру.
Музыка тыңдау
Музыкалық шығарманы соңына дейін тыңдауға, музыканың сипатын түсінуге, музыкалық шығарманың неше бөлімнен тұратынын білуге және ажыратуға үйрету.
Музыкалық ойыншықтар мен балалар музыка аспаптарының (музыкалық балғашық, сылдырмақ, барабан, металлофон және т.б.) дыбысталуын ажырата білуді жетілдіру.
Түрлі сипаттағы әндердің мазмұны мен көңіл күйін қабылдай білуді қалыптастыру; әннің мазмұнын түсіну.
Әртүрлі аспапта орындалған әндерді тыңдауға, оларды есте сақтауға және білуге; шығарманы соңына дейін тыңдауға үйрету.
Музыкалық шығарманы иллюстрациялармен салыстыра білуді қалыптастыру.
Балалар аспаптарының, музыкалық ойыншықтардың дыбысталуын ажыратуға үйрету; оларды атай білу.
Ересектердің орындауындағы және аудио-бейнежазбадан музыка тыңдауға үйрету.
Музыкалық шығарманың көркем құралдарын: дауысы (ақырын-қатты), қарқыны (жылдам-баяу), көңіл-күйі (мұңды, көңілді және т.б.) байқауға үйрету.
Ән айту
Ән айту дағдыларын дамытуға ықпал ету: ре (ми) — ля (си) диапазонында, барлығымен бір қарқында әнді таза айту, сөздерді анық айту, әннің сипатын жеткізу (көңілді, созып, ойнақы айту).
Аспаптың сүйемелдеуіне, ересектердің дауысына ілесе отырып, олармен бірге ән айту, әнді бірге бастап, бірге аяқтау.
Музыкалық-ырғақтық қозғалыстар
Музыкамен жүру мен жүгіруді ырғақты орындау, шеңбер бойымен бірінің артынан бірі жүру және шашырап жүруге үйрету. Музыканың басталуы мен аяқталуына сәйкес қимылдарды орындау, қимылдарды өзбетінше бастау және аяқтау.
Би қимылдарын орындау сапасын жақсарту: кезек-кезек екі аяқпен және бір аяқпен секіру. Заттармен және заттарсыз музыкалық шығарманың қарқыны мен сипатына сәйкес бір-бірден, жұппен ырғақты қимылдар орындау.
Музыкалық шығармалар мен ертегі кейіпкерлерінің қимылдарын мәнерлі және эмоционалды жеткізу дағдыларын дамыту: аю қорбаңдап жүреді, қоян секіреді, құстар ұшады.
Қазақ халқының би өнерімен таныстыру. Музыкалық сүйемелдеумен қазақ би қимылдарының қарапайым элементтерін орындау, ойындарда таныс би қимылдарын қайталау.
Балалардың билейтін музыкаға сәйкес би қимылдарын өзбетінше орындауына, таныс би қимылдарын ойындарда қолдануына мүмкіндік беру.
Балалар музыкалық аспаптарында ойнау.
Балаларды музыкалық аспаптармен: сыбызғы, металлафон, қоңырау, бубен, сылдырмақ және барабанмен, сондай-ақ олардың дыбысталуымен таныстыру.
Балаларға арналған музыкалық аспаптарда және металлофонда (бір пластинада) ырғақпен қағып ойнаудың қарапайым дағдыларын меңгеруге ықпал ету.
Күтілетін нәтижелер:
музыкалық шығармаларды эмоционалды қабылдайды;
музыканы тыңдау дағдыларын меңгерген;
музыка жанрлары: ән мен маршты, биді таниды;
музыкалық шығарманы соңына дейін тыңдайды, музыканың сипатын түсінеді;
музыкалық және шулы ойыншықтардың, балалар аспаптарының дыбысталуын ажыратады, оларды атайды, қарапайым ырғақпен соғады;
әннің қарқынына сәйкес топпен қосылып ән айтады, әнді барлығымен бірге бастайды және аяқтайды;
сөздерді дұрыс және анық айтады, әннің сипатын береді (көңілді, мұңды, ойнақы, әуенді);
музыкалық сүйемелдеумен және сүйемелдеусіз ре-ля бірінші октаваның диапазонында ән айтады;
қазақ халқының қарапайым би қимылдарын біледі;
билейтін әуендерге сәйкес қимылдарды өзбетінше орындайды;
музыкалық шығармалар мен ертегі кейіпкерлерінің қимылдарын ойындарда мәнерлі және эмоционалды жеткізеді;
балалар музыка аспаптарын біледі, оларда ойнайды.
Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы ойын түрінде түрлі балалар әрекеттерінде күн сайын іске асырылады.


Мақсаты: тәрбиеленушілерді, оның ішінде ерекше балаларды оң әлеуметтендіру, оларды әлеуметтік-мәдени нормаларға, қоғам және мемлекет, отбасы дәстүрлеріне тарту, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Міндеттері:
балаларды қоршаған ортадағы заттардың атауларымен және олардың міндеттерімен таныстыру, таныс заттарды ажыратуға үйрету;
отбасына, туған өлкесіне, Отанға деген сүйіспеншілікке, ересектерге құрмет көрсете білуге, кішілерге жанашыр болуға тәрбиелеу;
еңбектің нәтижесіне құрметпен қарауға тәрбиелеу, көмек көрсету ниеттерін қолдау;
тірі және өлі табиғат туралы білімдерін байыту;
табиғатта қауіпсіздікті сақтау (саңырауқұлақтар мен жидектер жемеу, жануарларға тиіспеу және т.б.);
құммен, сумен, қармен, ұсақ заттармен ойындарда қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру (оларды ауызға алмау, құмды шашпау, заттарды құлаққа, мұрынға тықпау және т.б.);
табиғатқа сүйіспеншілікке және қамқорлық жасауға баулу.
Қоршаған ортамен таныстыру.
Бала, оның отбасы, үйі:
«Мен» бейнесін, өзінің және құрдастарының жыныстық тиістілігін, өзін балалар қоғамының бір мүшесі ретінде сезінуге үйрету, өз іс-әрекеттерін оң бағалау және өзін-өзі бағалауын, ойында туындаған мәселелерді шешу тәсілдерін дамыту.
Балаларды отбасы бейнеленген фотосуреттерді қарауға, отбасы мүшелерін, олардың іс-әрекеттерін атауға, өзінің отбасы, отбасылық қарым-қатынас туралы әңгімелеп беруге, жақындарына қамқорлық танытуға, оларға өзін жақсы көргені, қамқор болғаны үшін ырзашылық білдіруге баулу.
Заттық әлем:
Заттардың айырмашылықтары мен атауларын, олардың көлемін, түсін, пішінін қарастыру мен зерттеу дағдыларын қалыптастыру, заттардың сапалары мен қасиеттерін: сипап сезу, дәмін көру, есту арқылы тануды қалыптастыру.
Қазақ халықының тұрмыс заттарымен таныстыру. Заттар, ойыншықтар, кітаптар және ыдыстарға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу. Әртүрлі заттардың атауларын сөйлегенде белсенді қолдану, заттардың атқаратын қызметтерін түсіну, заттардың тобын білдіретін түсініктерді меңгеру.
Қоршаған ортаны қабылдау, кеңістікті бағдарлауға үйрету.
Көлік, байланыс құралдары
Көлік құралдарының түрлерімен және ауада ұшатын қозғалыс құралдарымен таныстыру. Жаяу жүргіншілерге және жолаушыларға арналған қарапайым ережелермен таныстыру.
Еңбекке баулу
Таныс мамандық иелеріне құрметпен қарау, олардың еңбек нәтижелеріне қамқорлық таныту. Балаларды ересектердің еңбегін бақылау негізінде ойын әрекетіне ынталандыру. Мүмкіндіктеріне қарай күтушіге, аула сыпырушыға көмек көрсетуді ұйымдастыру. Өзгенің еңбегінің нәтижесіне құрметпен қарауға тәрбиелеу, көмек көрсету ниеттерін қолдау.
Қарапайым тапсырмаларды өздігінен орындауға, түрлі балалар әрекетіне қажетті материалдарды, құрал-жабдықтарды әзірлеуге, қолданып болған соң ойыншықтарды, кітаптарды, заттарды орнына жинауға баулу.
Өзінің, құрдастарының шығармашылық жұмыстарының нәтижелеріне, суреттеріне, бұйымдарға құрметпен қарауға, оларға ұқыптылықпен қарауға баулу.
Адамгершілікке баулу
Балаларда жақсы және жаман әрекеттер, қылықтар туралы қарапайым түсініктерді дамыту, әлеуметтік және эмоционалды интеллекті тәрбиелеу: балалардың назарын адамның жеке қасиеттеріне (мейірімді, жанашыр, қамқор, сезімтал және іскер, еңбекқор, ұқыпты) аудару, жақсы және жаман әрекеттерді дұрыс бағалау тәжірибесін қалыптастыру.
Менің Отаным - Қазақстан
Балалар тұратын қала мен ауыл, Қазақстан Республикасының астанасы, мемлекеттік рәміздері туралы білімдерін қалыптастыру. Қазақ халқының дәстүрлі киіз үйімен таныстыру. Балаларды айналасындағы ересектердің жақсы көретінін, оған әрқашан қамқорлық танытатынын білдіре отырып, өзінің туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
Тірі және өлі табиғат заттары мен құбылыстарына қызығушылықтарын қалыптастыру.
Өсімдіктер әлемі
Туған өлкенің кейбір өсімдіктері туралы қарапайым түсініктерді қалыптастыру. Ағаштардың, дала гүлдерінің, кейбір көкөністер мен жемістердің, бөлме өсімдіктерінің 2-3 түрін тану және атау, өсімдік бөліктерін тану.
Жануарлар әлемі
Үй жануарлары мен олардың төлдері туралы білімдерін бекіту. Қазақстанды мекендейтін жабайы жануарлар жайлы түсініктерін қалыптастыру, табиғат бұрышын мекендеушілерді бақылау дағдыларын қалыптастыру.
Табиғаттағы маусымдық өзгерістер.
Ауа-райының жағдайын анықтау (суық, жылы, ыстық), табиғат құбылыстарын бақылау (маусымдық), бақылау күнтізбесінде жылдың қысқы, көктемгі, жазғы және күзгі мезгілдеріндегі ауа-райының жай-күйін белгілеу.
Күтілетін нәтижелер:
отбасы мүшелері мен өзіне жақын адамдардың есімдерін атайды;
сюжетті-рөлдік ойындарда отбасы мүшелерінің рөлдерін сомдайды;
қазақ халқының тұрмыстық заттарын атайды;
көлік құралдарын атайды;
балабақша және балабақша қызметкерлері туралы түсінігі бар;
тұратын қаласы мен ауылы туралы, Қазақстан Республикасының астанасы, мемлекеттік рәміздері туралы бастапқы түсініктерге ие;
қазақ халқының дәстүрлі киіз үйін біледі;
жақсы және жаман әрекеттер (қылықтар) туралы қарапайым түсініктерге ие;
тірі және өлі табиғат заттары мен құбылыстарына қызығушылық танытады;
туған өлкенің кейбір өсімдіктері туралы түсініктерді меңгерген;
кейбір көкөністер мен жемістерді дәмінен ажыратады және атайды;
үй жануарлары мен жабайы жануарларды таниды;
құстарды, жәндіктерді бақылайды және оларды таниды;
табиғатқа қамқорлық танытады;
табиғаттағы маусымдық өзгерістерді байқайды және атайды;
табиғатта қауіпсіздікті сақтайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   187




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет