1-тарау. Түсіндірме жазба 1. Көру қабілеті бұзылған балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 14 - баптарына сәйкес әзірленді.
2. Бағдарламаның мақсаты - балалардың жастық және жекелей мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкес арнайы түзетуші-компенсаторлық және әлеуметтік-бейімдік дағдылар мен икемдерді қалыптастыру; оқу, ойын, тұрмыстық іс-әрекеттің алуан түрлеріне өз бетімен қатысуға даярлау, әлеуметтік жағдайларға бейімдеу.
3. Бағдарламаның міндеттері:
1) әртүрлі құрылымы мен көріну дәрежесі көру патологиясы бар балаларға коррекциялық көмекті ұйымдастыруда дара-дифференциалды тұғыр қағидасымен қамтамасыз ету;
2) коррекциялық, алдын алу және дамытушы міндеттердің бірлігін қамтамасыз ету;
3) емдік-қалпына келтіру процесімен түзете-дамыту жұмысының өзара байланысын қамтамасыз ету;
4) қоршаған ортаны қабылдауда балалардың сенсорлы мүмкіндіктеріне адекватты коррекциялық-дамытушы ортаны құру;
5) тифлопедагог пен баланың жақын әлеуметтік аймағының ынтымақтастығы.
4. Бағдарама оқу-танымдық іс-әрекеттің мотивациялық компонентін қалыптастыруға, қоршаған әлемнің объектілеріне зерттеу тұғырын, ойлау іс-әрекеті мен сөйлеуді дамытуға ықпал етеді.
5. Күтілетін нәтижелер сабақтар бойынша оқыту мақсаттарының жүйесімен ұсынылған.
6. Бағдарламаның мазмұны балалардың дене және психикалық дамуының жас кезеңдерін қамтиды:
1) бірінші кіші топ - 2-3 жастағы балалар;
2) екінші кіші топ - 3-4 жастағы балалар;
3) орта топ - 4-5 жастағы балалар;
4) мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер тобы - 5-6 жастағы балалар;
5) жалпы білім беретін мектептегі, лицейдегі, гимназиядағы мектепалды даярлық сыныбы - 6-7 жастағы балалар.
2-тарау. Бірінші кіші топ (2-3 жастағы балалар)