Пластинкалы сүйек ұлпасы да сояу талшықты сүйек ұлпасы сияқты клеткалар мен клеткааралық заттардан тұрады. Пластинкалы сүйек ұлпасының негізгі клеткалары – остеоциттер. Остеоциттердің ұзындығы 20 мкм-ден 55 мкм-ге жетеді, ені 5 мкм мен 15 мкм аралығында болады. Остеоциттердің бір ерекшелігі оларда клетка орталықтары болмайды, сондықтан да бұлар митоздық жолмен бөлінбейді. Пластинкалы сүйек ұлпасы өз кезегінде босаң пластинкалы сүйек ұлпасы және жинақы пластинкалы сүйек ұлпасы болып бөлінеді.
Босаң пластинкалы сүйек ұлпасы әр түрлі бағытта орналасқан сүйек пластинкаларынан және түтікшелерінен тұрады. Мұндай босаң пластинкалы сүйек ұлпасы түтік сүйектердің эпифизінде болады.
Жинақы пластинкалы сүйек ұлпасы негізінен түтік сүйектердің диафизінде болады. Жинақы пластинкалы сүйек ұлпасы бір-біріне өте тығыз орналасқан сүйек пластинкаларынан тұрады. Жалпы сүйектің құрылысын түсіну үшін түтік сүйектің диафизінің көлденең кесіндісін қарастырған жөн.
Сыртқы дәнекер ұлпалы сүйек қабықшасын сүйекүсті немесе периост деп атайды. Ол коллаген талшықтары өте мол тығыз дәнекер ұлпасынан тұрады. Периосттың ішкі қабаттары салыстырмалы түрде сирек орналасқан коллаген талшықтарынан тұрады. Олардың арасына көптеген қан тамырлары, нервтер орналасқан. Осы қабаттарда клеткалардан фибробласттар, остеобласттар, перициттер болады. Сонымен бірге осы қабатта эластин талшықтары да кездеседі. Сүйекке сіңірлер бекіген жерлерде периост сүйек ұлпасымен коллаген талшықтары арқылы тығыз байланысады. Сүйек ұлпасының өте қатты болатын себебі, оларды негізінен құрайтын сүйек пластинкалары бір-бірімен әр түрлі бұрышта байланысқан. Коллаген талшықтары бір-бірімен аморфты заттар остеомукоидтармен бекиді. Периосттың астына сыртқы қоршау пластинкасы орналасқан. Ол сүйек сыртына параллель орналасқан сүйек пластинкаларының бірнеше қабатынан тұрады. Оның астына көптеген остеондардантұратын остеон қабаты орналасқан. Остеон орталық каналға паралллель орналасқан бірнеше қабат сүйек пластинкаларынан тұрады. Остеон қабатының астына ішкі қоршау пластинкасы орналасқан. Ол да сүйек сыртына параллель орналасқан сүйек пластинкаларының бірнеше қабатынан тұрады. Ішкі қоршау пластинкасының бетін іш жағынан эндоост қаптап жатады. Ол остеобласттар мен жіңішке коллаген талшықтарынан тұрады. Олар біртіндеп сүйек миының ретикулярлы талшықтары мен стромасына ауысады. Остеондар қабында остеондар бір-бірімен көлденең түтікшелер арқылы байланысқан.
Остеондар мен оларды бір-біріне байланыстырып тұрған түтікшелерге қан және лимфа тамырлары, нервтер орналасады. Олар арқылы ұлпа сұйықтары да алмасып отырады.