Үмітім – балаларым
Бір атадан қалған тұяқ, жалғызбын мен десем де,
Осы күнде ұрпағым бар, жалаңаш емес маңайым,
Бір қолдың бес саусағындай, бес арыс – балаларым
Тамыр жайып қоршаған, ықтасын болып тоғайым.
Бір күндерде сендер үшін жел өтінде тоңғамын,
Аптап күннің ыстығында талай мәрте қалғамын,
Соның бәрі болмағандай, қашан болар бәрі ұмыт?
Балаларым «ақтай ма» - деп мен етемін көп үміт.
Балаларыма сыр
Балаларым, тыңдаңдар,
Ойларыңды бұрмаңдар,
Әкелерің толғасын
Жүректегі жырларын.
Ұзақ жылдар сақталған,
Көкейдегі сырларын,
Зейін салыңдар өмірге,
Ұғыңдар ой-қырларын.
Айтамын өткен туралы,
Басымда болған мұңдарым,
Болып едім бір кезде
Әкеден жалғыз бір басым.
Жалғыздық ақсатты,
Өмірде әр жақты,
Бөгеді жарлылық
Мұқалтты жауыздық.
Болса да қажымай,
Талпындым еш талмай,
«Қайтсем де жеңем» деп
Әйтеуір бір қоймай.
Айтылған бір сөзде:
«Жалғыздың үні шықпас» -
Десе де бой бермей
Алыстым, көнем бе?
Із-түзсіз жоғалмады,
Сол еңбек түбінде.
Белдестім өмірде,
Киліксе бір қасым,
Домалады өрге,
Етектегі тасым.
«Бабаларым қолдады,
Саяқып қожа – тегім де» -
Деп есептеймін мен
Осы жай тегін бе?
Шарықтап тұрмасақ та,
Аспанның көгінде,
Әйтеуір тауыппыз
Ырыздықты бізде.
Сендер келіп өмірге,
Көтерілдік біз төрге,
Аналарың Макежанмен
Қол ұстасып бірге.
Ер жетіп келесіңдер,
Жыл сайын сендер де,
Сол-дағы көп демеу,
Марқайды көңіл де.
Иә, тәуба, қанағат,
Ризамын Тәңірге,
Құрармыз салтанат
Сәтті бір күнінде.
Айтамын рахмет,
Туған жер, еліме,
Дос, жолдас ағайынмен
Әрқашан мен бірге.
Қиыншылық болса да,
Бақыттымын өмірде,
Қолпаштаған, қолдаған,
Ризамын бәріңе.
Болашақ күндерде де,
Сендерді шын сүйемін,
Арманым, бар үмітім де
Орындалар деп сенемін.
Ой
Күнделікті жұмыстан үйге қайтып келе жатамын,
Ұшығына жете алмастай ойға да кейде батамын,
«Ой дегенің түпсіз шыңырау, тұңғиық» - деседі ол,
Тереңіне түсіп мүлде, шыға алмай қапамын.
Күнделікті үйден жұмысқа кетіп бара жатамын,
Ойыма алып өмірдің қағидасын, жан ашымас қаталын,
Қанша мықты десек те, адамзат та бір кезде,
Мойындауына тура келер баз-базында өзінің сәл осалын.
Достарыңызбен бөлісу: |