Бұрынғы өткен тегіңді ұмытсаң,
Аруақтардың азасына қаласың.
Бүгінгімен ғана өмір сүрсең,
Болашақтың табасында боласың.
Автор.
Кіріспе
Өткен тарихымызға көз жүгіртсек талай «тар жол, тайғақ кешуді» халқымыздың бастан өткергені ақиқат. Кеңес өкіметі кезінде: «Қазақ халқы зор өрлеу мен өркендеуге қол жеткізді» - деп жағымыз талғанша айттық емес пе. Ал шындығында, өз елімізде азшылыққа тап болып, рухани жағынан шідерленгеніміз, ұлттық санамыздың мүлгіген жағдайда қалғандығы, «идеологиялық отаршылдықтың» жымысқы арбауына шырмалғандығымыз, тағы тағылар... ақиқат еді. Әсіресе, нақты тарихымыз бұрмаланды. Осы тарихымыздың үлкен бір саласы, тармағы болып табылатын шежіре тарқатуды да шектеді. Кеңес өкіметі кезінде: «Бір ғана Совет халқы болуы керек» - деген принцип ұсталды. Зымиян саясат осылайша түп-төркінімізді ұмыттырмақ болды
Ал, шындығына келер болсақ, шежіре тарқату - жұртымызды бауырмалдыққа, туысқандыққа, ағайындар арасында сыйластыққа баулитын асыл тәлімдеріміздің бірі. Ендеше, ешкімді сыртқа теппейтін бауырмал халқымыздың өз тарихы мен тегін түгендеуге өлшеусіз пайдалы үлес қосатын шежіре тарқату ісін жандандырудың не сөкеттігі бар? Қайта бұл үлкен үрдісімізді ортақ игілікке айналдыруға үлес қосу сауапты іс, үлкен мұрат-парызымыз емес пе? Сондықтан, мен де осы дәстүр бойынша кейінгі жас-ұрпақтарымыз бұрынғы өткен тарихын, ата тегін, оның шежіресін біле жүрсін деген ізгі ниетпен білгенімді жазып қалдырсам, олар да бір керегіне жаратар-ау деген үміт. Бұл жерде, негізгі мақсат-ұлтымызды жікке бөліп, жіліктеп, ру аралық келіспеушілікті, дұрдараздықты туғызу емес, керісінше әркімге парыз саналатын өзінің шыққан тегін біле жүрсін деген ізгі тілек. Ескере кететін тағы бір мәселе - ел атауы мен рулар тізбесінің, адам есімдерінің арасында жүздеген, тіпті бірнеше жүздеген жылдар аралығы болуы әбден мүмкін. Демек, бұл тұрғыда «пәленшеден пәленше тууы керек еді» деп дәлдік іздеу қиын іс. Бұл жерде негізгі себеп - тиісті мәліметтердің жоқтығынан деп түсіну қажет. Осы шежірені жасағанда негізінен көп жылдардан бері әр түрлі шежірелердегі, кітаптар мен газет-журналдардағы мақалаларды оқи жүріп және көпті көрген, көкейінде түйгені бар қариялар мен зейінді жандардың ауызша айтқандарын немесе жинаған материалдарын сүзіп, зерттедім. Сонда да, бұл туындының «еш кемшілігі жоқ» деуден аулақпын. Қамтылмай қалған, шатасып немесе ауысып түскен сәттер бар болуы әбден мүмкін. Себебі, шежіреде өткен бір немесе бірнеше ғасыр бұрынғы болған уақиғаны баяндағанда сол уақиғаның кезінде өзіміз басы-қасында болғамыз жоқ, қолымызға түскен деректерге сүйендік. Сонымен бірге, кейбір ағайындар өз шежірелерін бергенде, нақты білмегендіктен шатастырып жіберсе немесе немқұрайдылыққа, салғырттыққа салынып, өздерінің ата-бабаларының шежірелерін бермегендіктен кітапқа кірмей қалса, кінәні өздерінен іздесін. Бір уақиғаны баяндағанда немесе ататекті таратқанда мүмкіндігінше қолыма түскен деректерге сүйене отырып, шамамның жеткенінше нақты, дұрыс шежіре жасауға тырыстым.
Ал енді, шежіреде немесе кесте-сызбада көрсетілген аталардың көрсетілмеген кейінгі ұрпақтарының шежіресін жалғастыруды әркім өзі қосып, толықтырар деп ойлаймын. Бұл істе сіздерге сәттілік тілеймін, ағайын!
Шежірелерді жинаудағы, сұрыптап құраудағы және оларды жазудағы мақсатым: өткен тарихты, ата тек тарихын, ата тегіміздің таралуын білу және оларды мүмкіндігінше келесі ұрпаққа жеткізу. Ата текті білу, ата-бабалардың есімдерін ұмытпай есте сақтау – олардың аруақтарын сыйлау деп түсінемін. Әркімніңі өзі ата-бабасын ұмытпай есіне алуы, сыйлауы әрбір ұрпақтың перзенттік, азаматтық міндеті, парызы деп білемін.
Достарыңызбен бөлісу: |