Бағдат Оралбайұлы «Тегімізді тануға талпыныс»



бет40/153
Дата06.01.2022
өлшемі11,37 Mb.
#12762
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   153
Байланысты:
Шежіре

Хақиқатсыз мағрипатқа бата алмадым,

Жолы қатты пірсіз қалай өтер, достар, -

деп толғаса, ұлы бабамыздың сөзінде иненің жасуындай да жалғандық жоқ. Қазір егемен ел болу үшін бізге де осы төрт нәрсенің бірлігі ауадай қажет. Қаншама жыл бойы ділсіз де, дінсіз де өмір сүрдік, не таптық, арақ іштік, шылым шектік, өтірік айттық, ұрлық істедік. Қылмайтын істі қылып, істемейтін жұмысты істедік, аздық, тоздық. Ұл – атаны, қыз – ананы сыйламайтын, «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» дейтін кезеңнен кер заманға кез болдық. Ал осындағы тарихымыздан да айырылып қала жаздағанымыз жасырын емес. Тіпті, басқаны былай қойғанда, әз Төле би, Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке билердің де қай жылы туып, қай жылы өлгенін анық біле алмаймыз, кейбір құжаттар мен шежірелерге ғана сүйеніп, әзер дегенде анықтаған сияқтымыз. Біз бұл жерде шежіренің құнын түсірейік деп отырған жоқпыз, басқа өркениетті елдер секілді кезінде тасқа басылған мәліметіміздің болмағанына күйінеміз.

Енді хақиқатқа тоқталсақ, бұл да аса ірі дүние. Адам баласының бойында шындыққа жанасатын бір тәуір нәрсе болмаса, ол тіптен қиын, ондай жан өзіңді кез-келген уақытта жарға жығып, батпаққа батырып кете береді. Сол үшін ақиқатқа жүгінетін жандарда иман да, ұят та болады. Осы айтылған нәрселер бір басында тоғысқан адам Алланың сүйген құлы, Мұхаммедтің шын үмбеті болары сөзсіз. Осы себепті ұлы Абай:


Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол – Алланы, жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және де хақ жолы деп әділетті, -


деп, бостан-босқа айтпаған. Кімнің бойында әділеттік болса, ол хақиқатқа жақын, ал шындықты сүйген адам – Алланың сүйген құлы.

Алайда, шариғат та, тарихат та, хақиқат та мағрипатсыз (ғылым-білім) еш нәрсеге аспайды екен. Оны да бізге сонша терең әрі дәл түсіндірген осы атамыз Қожа Ахмет ғұлама. Оның айтуынша, шындыққа апаратын бірден-бір жол – ғылым жолы. Ақынның осы аталған кітабы негізінен қара өлең үлгісімен жазылған, екінші сөзбен айтсақ, төрт жолдан тұратын он бір буынды байырғы дүние. Бұл асыл туындыда егіз жолмен бірге шалыс ұйқастардан жасалған хикметтер де кездеседі. Осы шығармадағы шумақтардың соңғы жолы үнемі басынан-аяғына дейін қайталанып отырады. Мысалы, «Сол себептен хаққа сыйынып келдім, міне» немесе «Надандардан күдер үзіп келдім, міне» немесе «Насихатын халыққа айтып кетті, достар» - деп хикметтің өнбойында, тұтас шумақтардың соңында осылай қайталанып отырады. «Диуани хикметтің» ешбір шығармаға ұқсамайтын мұндай өзіндік ерекшелігіне қарағанда, бұл еңбектің айрықша ішкі ырғаққа, сазға, үнге, әуенге, әуезге, мақамға құрылғаны байқалады. Аталған кітаптағы мұндай оқшау қасиет оның көп адам алқа-қотан отырып, бірлесе айтуына да лайықталған сияқты.

Құл Қожа Ахметтің барлық өмірі бір Алланы сүйіп, соған құлшылық етуге арналған. Бұл кісі ішсем-жесем, кисем-мінсем демеген, бір ғана тілегі – халайық-қауымға құдіреттің кереметін, пайғамбардың шапағатын түсіндіру еді. Сол жолда бар күш-жігерін, қажыр-қайратын аямай жұмсаумен болды. Ол:

Жаназамның артынан тас атыңдар,

Аяғымнан ұстап сүйреп көрге атыңдар,

Хаққа құлдық қылмадың деп тепкілеңдер,

Сол себептен хаққа сиынып келдім, міне, -
деп толғаса, өмірінде бес уақыт намазын, отыз күн оразасын қаза қылмаған. Аллаға құлшылығы күннен-күнге артпаса, кемімеген жанның осыншама кішіпейіл сөйлеуі – бұл күнде мейманасы асып, көкірегі шалқып-толқып тұрған кейбіреулерге сабақ секілді. Өлеңдерінде қаншама кішілік, кісілік, парасат, тіпті ерлік деуге татырлық дүние жатыр. Өлеңнің өлшемінде, көркемдігінде, ішкі ырғақ, әуезділігінде қылаудай мін жоқ. Содан кейін аса ғұлама жан бір Алланың жүзін, нұрын, дидарын көруге соншама асық, соншама ықыласты.
Көзім жұмып-ашқанша жетті алпыс,

Белім буып мен қылмадым бір жақсы іс.

Ертелі-кеш бейғам жүрдім жаз және қыс,

Бір және жарым, дидарыңды көремін бе, -

деп шабыттана жырласа (мұнда «Бір және жарым»деп Алланы айтып отыр) бізге бәрі де түсінікті, уақыттың құстың қанатынан да ұшқыр екені, кешегі баланың демде ата жасына жетуі, екінші сөзбен айтсақ, пайғамбардың тұғырына келуі. Бір қызығы, «бар өмірім босқа өтті» дегенді «Қыс пен жазым бейғам өтті» деп беруі, адам баласын таң қалдырарлық құбылыс.

Осы аталған хикметті қанша қарасаң да, қайта-қайта оқи бергің келеді, бұл туындының құдіреті шымырлаған шындығында жатыр. Аласыз, ақ көңіл, адал пейілмен жазылған дүниеде кіршік болушы ма еді, өне бойыңды дірілдетіп, өзіңді басқа күйге, бөтен бір ортаға алып кеткендей сезінесің, содан кейін тағы да шұқшиясың.

Ақын:
Саған жаза, жаратқанға жалбарынбадың,

Алланы айтып, түнде тұрып еңіремедің.

Хақиқаттан сөз сөйледім, естімедің,

Залымдардың қолын ұзын қылдым, міне, -


деп күллі қауымды жаратқанға жалбарынып, құлшылық етуге шақырады, бұл жай ғана тағзым ету деп түсінсек, біз қателесеміз. Адам – пенде, сондықтан оған тазару, жаңару, сілкіну керек. Ол үшін жаратқан иеңді таны, біл, оған құрмет ет, оның өзіңдей құлдарына қолыңнан келсе көмегіңді аяма, алайда жамандық жасай көрме. Адам баласының бір-біріне деген қиянаты көбіне мал-мүлікке қатысты болады, дүние-нәжіске ұмтылған жандар обал-сауапты түсінбейді. Қожа Ахмет атамыз:
Ей, бейхабар, хаққа көңіл жүгіртпедің,

Дүние харам, одан бойың суытпадың.

Нәпсіден безіп, бір Алланы толғамадың,

Бұл нәпсі үшін зарлап, қайран болдым, міне, -


деп екі аяқты, жұмыр басты пенденің хас жауы сыртта емес, адамның өз ішінде екенін терең түсіндіреді. Ата-бабамызда: «Алланы тану үшін алдымен өзіңді таны» деген мәтел бекер айтылған ба?! Ұлы ойшыл құр нәпсінің ешнәрсеге тоймайтынын, қайта алған сайын арыстандай аранының ашыла беретінін айтады.
Жаннан кешіп, жалғыз хақты жанға қостым,

Одан кейін дария болып, толып тастым.

Ламкенді төсек қылып әнге бастым,

Дүние қызығын жүз мың талақ еттім, міне!


Расында, өмірінде ешбір қызыққа берілмеген, қанағатшылдықты дүниенің бәрінен жоғары қойған абзал жан Қожа Ахмет бабамыз, жұмбақ дүниенің қатпар-қатпар сырын білуге, адам баласының ішкі жан сарайын терең сезінуге құштар. Өзі жеті жасынан бастап әулиелердің ағасы Арыстан бабқа шәкірт болып, Алланың ақ жолына біржолата түсіпті. Құдай кішіпейілді, қанағатшылды ұнатады, сондықтан осы екі жақсы мінезді өзіне бойтұмардай тұтынған. Өзі ғана қанағат етіп қоймай, бұл бір игілікті істі көпке де ұсынады.
Хикметімнен баһра алған көзін сүртсін,

Ықыласпен көзге сүртіп, дидар көрсін.

Шарты сол дүр, қанағатқа мойын сұнсын,

Жан пида етіп, жаңаны көрдім, міне.


Ақын өзінің де, өзі жазған хикметінің де аса бағасын жақсы біледі, енді бұл қасиет пен киеге толы, тек жақсылықты жырлайтын асыл дүниесінің бағасын жұрт та білсе екен, сезінсе екен дейтіндей. Ол тек бүгінгі өзі өмір сүрген мезгілді ғана емес, болашақты да көріп тұрғандай, түу алыстан соққан ызғардың ауыр үскірігін айнытпай, асырмай сол қаз-қалпында жеткізіпті.
Үлкен-кіші адамдардан әдеп кетті,

Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.

«Ұят барда – иман бар» деп Расул айтқан,

Арсыз қауым бүлдіріп кетті, достар.

Мұсылман мұсылманға болды қатал,

Нақақ істеп, хақ жұмысын бұзды олар.

Мүрит пірге жылы жүзбен болмай жақын,

Ғажап сұмдық замана болды, достар.

Туысқан мен ағайында қайырым жоқ,

Патша мен уәзірлерде әділет жоқ.

Дәруіштердің дұғасында қасиет жоқ,

Түрлі бәле халық үстіне жауды, достар.

Ақырзаман ғалымы залым болды,

Ізгі тілегін үзбеген ғалым болды.

Алланы айтқан дәруіштің жолы болды,

Ғажап сұмдық замана болды, достар.

Қиямет күн жақындады, қалғаны жоқ,

Құл Қожа Ахмет сөзінде жалғаны жоқ.

Өзін-өзі көтеріп мақтаған жоқ,

Насихатын халыққа айтып кетті, достар.


Бұл үзінді әдейі алынып отыр. Енді-енді бас көтеріп, жаңадан ғана ес жинап келе жатқан елімізге бірлік пен береке, мейірім мен шапағат балы тамған татулық қажет-ақ. Сырты ғалым, іші залымдар, аузынан шын сөз шықпайтын, жазықсыз жандарды орға да, торға салып қойып, сыртынан күлетіндер қаншама?! Олар да бір сәт ойлансын, бір басты, екі аяқты пенде Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбеті екенін сезінсе екен.

Сайрам – байырғы ислам орталығы. Оның халқы негізінен Шаһтар әулеті, әмірлер мен Әзіреті Әліге барып тірелетін қожалар әулетінен тұрады. Ахметтің әкесі Ыбырайым Сайрамдағы атақты ғұлама болған. Ол ұстазы Мұса шайхтың қызы Қарашаш анаға (Айша) үйленіп, одан Гауһар-Шаһназ деген бір қыз, Садыр және Ахмет атты ұл көреді.

Қожа Ахмет Йассауидің ата-бабалары (үлкен бабасы Ысқақ баб, өз әкесі Ыбырайым шайх) Сайрам қаласының маңайында тұрған. Ақын да осы қалада дүниеге келген. Академик В.А.Гордлевский Қожа Ахмет Йассауидің арғы аталары Имам Әбу Ханифаға барып қосылатынын (Әбу Ханифа Хазіреті Әлінің баласы) айтады. Ақынның арғы тегінің Хазіреті Әлінің Мұхаммед Ханафиясынан басталатынын ертеректе Ақсақ темірдің жорықтарын баяндаған ирандық Шараф ад-дин Әли Йазди «Зафарнама» кітабында жазып кеткен. Кітапта Ақсақ Темірдің Сейхуннан өтіп, Ахангаран, Шыназ төңірегінде қыстау үшін әскеріне арнап үй салдырғаны айтылады. Ақсақ Темір осы сапарында Йассауи бейітіне зиярат етіп, оның басына ескерткіш орнату жөнінде бұйрық берген. Онда сәулетті кешеннің құрылысы қандай болу керектігі ашық айтылған. Қожа Ахмет жастай шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалып, өзінен 10 жас үлкен Гауһар-Шаһназ атты апайының қолында өседі. Әдепкіде әкесінен оқып, сауатын ашса, ислам дінінің шарт-қағидаларын үйреніп-білуіне әйгілі ұстазы Арыстан баб елеулі үлес қосады. Жасында Арыстан бабтан бата алады. Кейін атақты ғұлама Жүсіп Хаманадидан сабақ алады.

Бабамызды бір деректе Сайрамда дүниеге келді деп айтылады. Өйткені әкесі Ыбырайым да, шешесі Қарашаш та осында жерленген. Әлі күнге ел арнайы алыстан келіп, олардың басына зиярат етеді. Ал осы ғұламаның жарық дүниеге келген жылы жайлы әлі де зерттеушілер бір тоқтамға келе қойған жоқ. Дегенмен, қайтыс болған мерзімінің 1166-67 жылдар екеніне ешкім де шүбә келтірген емес. Мәселе оның алпыс үштен кейін пайғамбар жасынан әрі қарай жарық дүниені көру күнә деп жер астына (қылуетке) түсіп кетуінде. Бұл туралы:


Аппақ таңда дүйсенбі күн жерге кірдім,

Мұстафаға қайғы тұтып кірдім, міне.

Алпыс үште сүннәт деді естіп, білдім,

Мәңгілік деп жер астына қадам қойдым,

Жарық дүниені талақ етіп, хақты сүйдім, -
дейді.

Мінеки, қай жасында жердің астына түсті, қай жасқа келді бәрін де өзінің атақты хикметінде сайрап айтып тұрса, біз бұған қалай сенбейміз, осыншама қасиетті жанға қалай ғана шүбә келтіреміз? Шынында, ғалымдардың айтқанындай, бұл кісінің қайтыс болған жылы 1166-1167 жыл екені рас болса, онда Қожа Ахметтің туған уақыты 1103 жылға сай келері белгілі.

Қожа Ахмет мешітін салдырған – Ақсақ Темір. Осы тұрғыда Жүсіпбек Аймауытов. «Әзірет Сұлтан» атты мақаласында «1397 жылы мешітті салдыра бастап, үш жылдан кейін өзі өліп, мешіт бітпей қалған. Мешітті салушы шебер қажы Құсайын Ширази деген адам екен» («Жаңа әдебиет» 1929, №1). Ал осы ғажап ғимараттағы киелі Тайқазан жайында да Ж.Аймауытов аталған еңбегінде: «Жүз кісі болмаса, қозғай алмас дегізгендей кесе түптес он екі құлақты дәу қола қазанның жан-жағы бұрандалы шүмек, үстібасы оюлы машихы жазу. Қазанның биіктігі кісі бойы, қол ұсыным. Қодастың желкілдек қара жүнін таққан құрықтарының басын мосылып байлап, қазан үстіне келтіріп қойыпты» десе бізге бәрі де түсінікті. Сол бір Тайқазан қайта оралған соң, елге қызыр дарып, құт қонған сияқты. Кешегі хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен бағландарымыздың жоғын жоқтап, тойын тойлап жатқан сыңайымыз бар.

Түркістан ертеден-ақ ер түріктің қара шаңырағы екені айдан анық. Біздің ұлы бабаларымыз: «Аспанда көк тәңірі, жерде көк түрік, дүниеде екеуінен құдіретті ешнәрсе жоқ» - деп есептесе, Ақсақ Темір сол арғы ата-баба астанасы Түркістанға Қожа Ахметке алтынмен аптап, күміспен күптеп заңғар ескерткіш орнатты. Өткен заманда Төле биден бір білгір адам Әмір Темір көреген жайлы сұрағанда ол: «Біз бүкіл ұрпағымызбен Ақсақ Темірге алғыс айтамыз және оның әруағының алдында қарыздармыз. Ол біздің елге, даламызға жаңалық әкелді: Қожа Ахмет Йассауидің күмбезін салды. Мұндай ғажап күмбез бұрын-соңды жұртымызда бой көрсеткен емес. Бұған дейін даламыз өлі секілді еді, Ақсақ Темір сол өлі даламызды шырт ұйқыдан оятып, екінші Мекке салды» - деп өте дұрыс айтқан. Расында, екінші Мекке тек қазақ жерінде, Түркістан шәһәрінде екені көпке ертеден бері аян. Атақты Ақсақ Темір туралы Мұхтар Әуезов кеңінен толғай келіп: «... Ақсақ Темір бар табысын Самарқанға тасыған. Халық үстіне ауыр-ауыр салық салып, Самарқан қаласын салтанатты сарайлармен, зор ғимараттармен безендірді. Жеңген елдердің көбінен ғимарат салатын ұсталар, оюшы-суретшілер, дәрігер білімпаздар - сияқты жандарды сол Самарқанға жиды» - деп біз «жауыз, қанішер» деп келген Әмір Темір көрегеннің ұлылығын Мұхаң ешкімнен қорықпай, үрікпей, жасқанбай, жалтақтамай әділін айтады. «Зер қадірін зергер таниды» деген халқымыз қандай данышпан!..

Ендігі біраз сөз, Қожа Ахметтің кісі мінезі туралы тоқталғанда, әсіресе, өсекші алаяқтардың екі дүниеде берекесі де, тұрмысы да оңбас депті. Ондайлар бір-екі адамды ғана емес, бүкіл бір ұжымды, тіпті елді, қауымды алатайдай бүлдіріп кетпек. Сол үшін оларды халық: «Құдай қарғаған, әруақ ұрған» деп іштей қатты жек көріп отырады делініпті.

Мінеки, тіпті күнделікті өзіміз қолданып, айтып жүрген мақалдың да түп төркіні Қожа Ахмет атамызға келіп саяды екен.

Біреулер мұны әшейін айта салынған аңыз дер. Солай-ақ болсын, бірақ әрбір айтылған аңыздың арғы тегінде ақиқат жоқ деп кім айта алады? Оның үстіне, бұл материалды жазған Мәшһүр араб, парсы, шағатай, өзбек тілін өзінің ана тіліндей жетік білген оқымысты.

Қожа Ахмет жайлы қалам тербеген М.Әуезов, А.Тоқмағанбетов, Х.Сүйіншәлиев, Р.Бердібаев, Қ.Мұхамеджанов және басқалар әркез ой-пікір қозғап, тың деректер келтіреді.

Ислам дінін бүкіл халқына толық жеткізу, түсіндіру, уағыздау, таратуда ғұлама жан Қожа Ахмет Йассауидің еңбегі ұшан-теңіз. Ислам тарихында, соның ішінде түркі жұрты үшін бұл жағдай ғажап құбылыс, қайта өрлеу кезеңі, жаңа бетбұрыс, жаңа дәуір болып саналғаны белгілі. Себебі, Орта Азияда ғылымның дамуы, қалыптасуы тек «Диуани хикметтен» кейін ғана іске асты.

Ұлы ақын әлемге әйгілі хикметінде аса күрделі ұйқастар мен ішкі үндестіктері бір-бірімен қабысып, шебер үйлесім тапқан, бір дыбысы мен екінші дыбысы қосылғанда қоңыраулатып үнді саз шығаратын, өзіндік мақамымен, әндетіп оқылатын асыл туындысын біздерге, біздің болашақ ұрпаққа қалдырды. Халық аңызында: «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты сөз бар. Біз ел-жұртымыздың аман-есен алдағы аппақ арманына шаршап-шалдықпай жетуі үшін «Алладан тілейік, Қожа Ахметке түнейік», ин ша Аллаһ, сонда тілегіміз қабыл болар!..





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   153




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет