Әже мен немересінің әңгімесі - Бүгін автобуста жантүршігерлік оқиғаға куә болдым.
Жап-жас балақайлар, мектепті енді бітірген балалар болса
керек, бір келіншектің сөмкесіне қол салып, тонап жатқанын
көріп айғайлап бердім. Аялдамаға таяған кез болғандықтан
тұра қашып, автобустан шығып зымырап жүгіріп кетті. Қан
қысымым көтеріліп мен де сыртқа шықтым. Қол аяғым
дірілдеп өз-өзіме келе алмай аялдамада біраз отырдым.
Бесіктен белі шықпаған балалардың мұндай тірлігіне ішім
сыздап, бір жағы мұндайды бұрын көрмегендікі ме, жүрегім
дүрсіл қағып қоя берді. Ақыры үйге бір таксиге мініп келдім.
Неге адамдар мұндай опасыздыққа барады екен?!- дей
бергенінде әжесінің бетінен сүйген немересі сөзін іліп:
- Тәрбие көрмегендікі шығар әже! Өз басым солай
ойлаймын. Тәрбие көрген бала ондайға бара қоймас. Есіңізде
ме, мен мектептен байқаусызда бір баланың қаламын алып
келгенімде қаншама рет жазғырып, біреудің затын рұқсатсыз
алудың, ұрлаудың дұрыс емес екенін миыма құйып жіберген
едіңіз. Сіздің тәрбиеңіздің арқасында ешкімнің ақысын
жемейтін, ешкімге қастандық етпейтін азамат болып өстік.
Кішкентай кезімізде де айтқан аңыз-әңгімелеріңіз, үйреткен
тәлімдеріңіз әлі күнге дейін есімізде. Оң иығымыздағы
періштелер жақсылығымызды жазады. Сол иығымыздағы
періштелер жаман амалдарымызды жазады. Әр істі бастағанда
«Бисмилләһ» айту керектігі, атамыздың бізді дәрет алғызып
айт намазы, жұма намаздарына алып барған кездері, «Раббың
кім? Дінің не? Кімнің үмбетісің? Кітабың не? Құбылаң қайда?
Сенімде және амалда мазһабың қандай?» деген сұрақтар
мен жауаптарын үйретуі, осының бәрі бізді тәрбиеге салды
емес пе?! Сіздерге алғысымыз шексіз әже. Әр намазда сізге
дұға етіп жүреміз, атамызға Құран бағыштап жүреміз,- деді.
Көзінің жасын сүртіп отырып әжесі:
- Өркенің өссін балам, Аллаһу та’ала әрдайым көзіңді
ашық қылсын!-деп дұға етті.