«Бактериялық обырдың таза штамын алып ағаш тектестерге инфекциялық белсенділігін in vitro жағдайында зерттеу»
Тезис Топырақты нәрлендіретін, көп мөлшерде оттегі бөлетін, тығыз және алуан түрлі тың ормандардың болуы - әр мемлекеттің көркі. Қазақстанда ағаш түрлерінің бактериялық обыры жиі кездеседі, бұл табиғи ресурстарға үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі уақытта мұндай ауру Башқұртстанда, Балтық жағалауы елдерінде, Татарстанда, Адыгея Республикасында, Ресейдің еуропалық бөлігінде, сондай-ақ Брянск және оған жақын облыстарда, Қазақстанда да жиі кездеседі. Осыған байланысты бұл ауруды зерттеу өте өзекті, өйткені ағаштың зақымдану ерекшеліктеріне, аурудың диагностикасына, орман шаруашылығына салық салу және ландшафттық жағдайларға байланысты оның таралуы толығымен зерттелмеген.
Зерттеудің мақсаты Нұр-Сұлтан қаласын қоршай отырызылған Жасыл белдеу орман шаруашылықтарында өсетін, бактериялық обыр (водянка) белгілері бар сүйелді қайыңның (Betula рendula Roth.) діңінен өзек үлгілерін алып, олардан бөлініп алынған бактерия өсінділерін қоректік орталарда өсіріп, ауру қоздырғышының таза штамдарын алып, рибосомдық РНҚ 16S нуклеотидтік тізбегінің молекулалық идентификациясын жасау. Сонымен қатар, алынған бактерия штамдарының молекулалық сипаттамаларын Халықаралық Gene Bank базасындағы типтік Dickeya dadantii түріне сәйкес келуін анықтау.
Бактериялық обыр — орман алқаптарының арасында кең тараған жүйелі бактериоз. Бұл фитоауру өсімдіктің тек бір ғана бөлігін зақымдамайды, ол өсімдіктің онтогенез барысында дамитын бүкіл организмнің ауруы, бактериялық обыр барлық өсімдік ұлпаларын, яғни флоэма, ксилема, камбий, ағаштың діңін, бұтасын, тамырын, өсімдіктің генеративті мүшелерін толықтай зақымдайды.
Аурудың сыртқы белілеріне келетін болсақ, ағаш діңінде және бұталарында болатын шырышты сұйықтық аққан некротикалық дымқыл жаралар мен ажырақтар. Бактериялық обырдың ішкі симптомдарына келетін болсақ, діңдегі дымқыл домалақ, жұлдызша тәрізді патологиялық ядро, бұталарды, тамырды да зақымдап, қатты күшпен жиналған газ арқылы діңдегі жаралар мен ажырақтар арқылы сыртқа шығады.
Зерттеу материалдары маршруттық бақылау барысында Нұр-Сұлтан қаласын қоршай отырғызылған жасанды Жасыл белдеу орман шаруашылықтарынан алынды. Жасыл белдеу шаруашылықтарында қайың ағаштары көптеп отырғызылған және олардың жас шамалары әрқалай (15–30 жыл). Өзек үлгілерінен ауруға шалдыққан ағаш діңінің қабығынан (тоз, перидерма) бастап камбийдің, сүректің, ондағы трахеялық элементтердің (флоэма, ксилема), сүректік талшықтар (либриформа) мен паренхиманың және өзектің зақымдалатынын көруге болады. Бұл аурудың түтікті-паренхималы індет екенін дәлелдейді. Соңғы кездері жарияланған мәліметтерде Қазақстан жерінде қайың ағаштарындағы обыр қоздырғыштары жайлы алғашқы әдеби мәліметтерде келтірілген грамтеріс факультативті аэробты бактерия Erwinia multivora емес, басқа Pseudomonas sp., Enterobacteriaceae sp., Pectobacterium caratovorum және Dickeya dadantii сынды бактериялар анықталғандығы келтірілген. Қайың ағашының сырғасын Dickeya dadantii штамымен зақымдау барысында бастапқы таза суда орналастырылған дәндер өзгеріссіз қалады, зақымдалған дәндердің түсі бактериялық обырға шалдыққан қайың ағашы діңіндегі жара көздерінің түсімен сай келеді.
Нұр-Сұлтан қаласын қоршай орналасқан Жасыл белдеуде өсіп тұрған қайың ағаштарында кездесетін бактериялық обырдан бөлініп алынған бактерия штамдарын молекулалық гендік зерттеулер нәтижесінде және халықаралық Генбанктегі сәйкес түрлермен салыстыра талдау негізінде Pectobacteriaceae тұқымдасының Dickeya туысына жататын түр — D. dadantii екені анықталды. Бактериялық обырға ұшырамаған қайың ағаштарының жапырақтары мен сырғаларын in vitro жағдайында өзімі бөліп алған Dickeya dadantii штамдарымен инокуляциялау патогеннің тәжірибеге алынған қайың популяциясына толықтай вируленттігін, яғни инфекциялық белсенділігін көрсетеді. Сонымен, молекулалық гендік және in vitro жағдайында жасанды зарардау тәсілдерімен жүргізілген тәжірибе жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласын қоршай орналасқан Жасыл белдеуде өсіп тұрған қайың ағаштарында анықталған бактериоз — бактериялық обыр, екінші атауы сулы бактериоз, ал оның қоздырғышы D. dadantii екені дәлелденді.